– Бірақ мен сені беталды қаңғыртып та жібергім келмейді.
Пішпектегі ауылшаруашылық техникумының бастығы – менің
танысым. Қаласаң, соған хат жазып берейін...
Мынандай жақсылыққа жалпаңдай жөнелмей, бала
ойланып қалды. Күйме үстін үнсіздік жайлады. Жолдың сол
жақ қапталынан, тау жақтан жылқылардың пысқырғаны,
жылқышылардың саңқ-саңқ еткен дауыстары, аңғар алқымында
отырған қойшы ауылдың иттерінің әупілі естіледі. Тау омырауына
тығылған лағыл алқадай болып, жағалай оттар жылтылдайды. Ел
орынға отырған шақ, қазан көтеріліп, жер ошаққа от жағылып,
адамдар сол қара қазанға көз тігіп, қыбыр-жыбыр тіршіліктен
тиылған сәт. Аспара басынан марғау көтерілген дөңгелек ай –
құдай-тағаланың жалғыз көзі сияқты. Аздап шелденіп тұр. Мына
жер бетіндегі итше ырылдасқан қу тіршілікті қатпар-қатпар,
жықпыл-жықпылына дейін көруге сол шел кесір келтіретін де
тәрізді. Әйтпесе, дәл қазір Тайтақайдың қазанында тек қана тас
қайнап жатқанын құдекең көрер еді ғой. Қаптың түбі қағылып,
жаңа астық пice қоймай, ауызға түсе қоймай, өзек талған осы
бір тұста Тайтақай кедей қазанға су толтырып, ішіне малта тас
салып, қайнатып отырған сияқты.
– Aпa,
қарным ашты, – деп қыңқылдаған балаларына:
– Шыда,
әлі піспей жатыр, – дейді Тайтақай.
Әйтеуір бірдеңе пісіп жатқанына көңілі алданған балақайлар
күте-күте, әлден уақыттан кейін ұйықтап кететін сияқты.
– Солай, Тұрар, тойға барамыз деп ойға қалдық. Ойланып
отырсың ғой. Ойлан, ойлан! Қаласаң, хат жазып беремін. Оқуға
қабылданасың. Туғаным емессің, нағыз чиновниктің көзімен
қарағанда, сен тіпті дүниеге адасып, әлдеқалай келіп қалған
түземсің. Бірақ айттым ғой, сенің жөнің бөлек... Кім біледі, –
Семашко мырза қиялданып қара күңгірт далаға қарап сөйлеп
келеді. – Мүмкін сен өсе келе менің жауым болып шығуың да
мүмкін, патшаға адал қызмет етерсің, ана Әзімхан, Жаңкин
ағаларың сияқты. Оны тірі болсақ, уақыт көрсетер. Кәне, қалай?
Бұл сұрақ – соңғы сұрақ екенін тез ұққан Тұрар енді
созбақтамай:
– Жарайды, Андрей Павлович, сізге алғысымды қалай айтып
жеткізерімді білмей отырмын. Пішпек болса – Пішпек болсын,
– деді.
– Жоқ, мен сені зорламаймын. Басқа жерге оқығың келсе –
өзің біл. Бірақ...
– Иә, бірақ менің басқа барар жерім, басар тауым жоқ, Андрей
Павлович. Рас, заң оқуына түссем бе деп едім, ондай оқу не
Әулие-Атада, не Пішпекте, не Верныйда жоқ дедіңіз. Қазаққа
ауылшаруашылық маманы да керек қой.
– Сенің қазақ деп отырғаның киргиз ғой, ауыл шаруашылық
мамандығы киргиздарға емес, ең алдымен ұлы Ресей
империясына, патша самодержавиесіне керек. Қарай гөр мұны:
«қазақ, қазақ» дей қалуын!
Кенет Тұрар өзінің тағдыры – аумаған қазақтың тағдыры
екенін осы сәтте түсінгендей болды. Апыр-ау, мұны Рысқұлов
деп атауға болмайтыны сияқты, қазақты – қазақ бола тұра, қазақ
емес – киргиз. Бұл не? Кездейсоқ ұқсастық па, жоқ заңдылық па?
«Жоқ!» – деп тістенді сонда Тұрар. Сонау бір жылы мұғалімдер
оқуға түсетін балалардың тізімін алып, ауыл аралап келгенде
атасы мұны «Қырғызбаев» деп жаздырып, содан бала бұзау
бағып жүріп, кешке жақын Аспара шыңына қарап тұрып: «Мен
Рысқұловпын!» – деп шыңғырып жібергені сияқты, дәл қазір
де айқайлап жібергісі келді. Мына Семашко мырзаға: – Қазақ
киргиз емес – қазақ! Мен Қырғызбаев емеспін, Рысқұловпын! –
деп айтып салғысы келді – айта алмады. Амалсыз тілін тістеді.
Аталы сөзді де айта білу лазым. Кімге, қалай, қай жерде айту
керек екенін аңдау лазым.
Сол жолы бұғанасы қатпаған бозбала бір нәрсеге қатты түйіліп,
тастай бекіді: ертең куәлік алғанда Қырғызбаев емес, Рысқұлов
болып жазылады. Содан соң...
Достарыңызбен бөлісу: