32. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдық туралы зерттеу еңбектерді талдаңыз. Шәкәрім XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің шежіресіндегі Абайдан кейін тұрған тұлғалы ақын. Ол ұлы Абайдың сөз өнеріне деген ықыласы мен пейілін көріп өсті. Содан да болар, ол о бастан-ақ ақындық, өнердегі өзінің биік нысанасын, асыл мұратын айқын сезініп қалыптасты. Халықтың мұңын жырлау, адам қасиеттерін қастерлеу оның шығармаларының алтын арқауына айналды.
Өзінің алдына:
Адамдық борыш, ар үшін,
барша адамзат қамы үшін.
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін,
- деп қатаң серт қояды ақын. Шәкәрім лирика жанрында Абай қалыптастырған реалистік дәстүрді жемісті жалғастырды. Өз туындыларына өзі өмір сүрген дәуірдің барлық шындығын тап басып суреттей білді. Ол сол кездегі қазақ даласынан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсы білді. Сол себепті де Шәкәрімнің шыншыл лирикасы сол дәуірдегі қазақ өмірінің айнасына айналды.
Шәкәрім жаңашылдығы - шығармаларында лирикалық тақырыпты қамту ауқымының өте кең болуы. Ақын мұраларының ішінде сезімнің нәзік сырларын шертіп, жастықтың жалынды шақтарын мөлдірете зерлеп берген махаббат лирикасын да, өз заманының бүкіл болмыс-бітімін барынша сезіне отырып, уакыт пен қоғам, тіршілік пен адам жайында шабыттана сыр ақтарған саяси-әлеуметтік лирикамен де, даланың әсем көркі мен жаратылыстың тамаша кұбылыстарын шебер өрнектеген табиғат лирикасын да, заттар мен құбылыстар, акиқат пен болашак,, тіршіліктің негізі туралы терең толғанысты ойлар ұсынатын азаматтық, философиялық лириканы да молынан ұшыратамыз.
Дегенмен де, Шәкәрім лирикасындағы Абай дәстүрінің іздері оның өлеңдеріндегі гуманистік, адамгершілік сипаттан да айқын көрінеді. Шәкәрім өлендеріндегі ең басты нысана - адам. Ол адамды үнемі жақсылыққа жеткізуге, оның бойында жаңаша қасиеттер қалыптастыруға ұмтылады. Осылайша Абай шығармашылығымен үндеседі.
Адамның мінез-құлқындағы салақтық пен еріншектік, жалқаулық пен мақтаншақтық қасиеттерді сынға алды.
Еріншектен салақтық
Салақтықтан надандық.
Бірінен бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық, - дейді ақын.
Шәкәрім лирикасының аса бір ауқымды саласы - оның Абай дәстүрінде жазылған ағартушылық сарындағы өлеңдері. Ол өзі өмір сүрген заманның барлық болмысын, бүкіл қазақ қауымының экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының дәрежесін жан-жақты түсінген қайраткер болды. Бұл тұста да ол Абаймен Үндесе келе Шәкәрім жырлары да адамды адал еңбекке, ғылым мен мәдениет үйренуге бағыттайды:
Күні – түні дей көрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артында адам атың,
- дейді ол.
Шәкәрімнің Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырудағы бір жемісті қыры - оның эстетикалық мәселелер, дәлірек айтқанда, ақындық өнер, өлеңсөз құдіреті жайындағы пайымдаулары. Бұл тұста ол Абай салған сокпақты, тамаша әдеби дәстүрді, көркемдік тәсілді басшылыққа алып қана қойған жоқ, өлең әлемінде, сөз патшалығында өзіндік қолын, өз бағытын табуға ден қойды. Шәкәрімнің көптеген өлеңдеріндегі ішкі үйлесім, ғажайып үндестік, сырлы бояу мен жаңаша түр оның осы бағыттағы жемісті ізденісін аңғартады.