Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет35/65
Дата03.12.2016
өлшемі10,78 Mb.
#3049
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   65

Кенесары Қасымов қозғалысы революцияға дейін де, кеңес жылдарында да қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі көрінісін бағалауда екі бағыт орын алып келді.

(Бірінші): революция қарсаңындағы демократиялық бағыттағы М.Сералин бастатқан зиялылар мен халықтың қалың көпшілігі Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық жағын басым көрсетті (бұдан кейін Қ.Жармағамбетовтің баяндамасындағы «халық өкілдерінің» «Топжарған», «Жасауыл қырғыны» дастандары мадақталып, Досқожа, Нысанбай, Көкбай сияқты «халық жауларының» дастандары мысалмен аталып өтіп, әшкереленеді).

Кенесарының және оның айналасындағылардың жалған ерлігін желеу еткен қазақ ұлтшылдары – феодализм мен Қазақстандағы хандық билікті әшекейлеушілер, социализмнің қас жауы, алашордашылар бұлардан да асып түсі. Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Жұмабаев, Дулатов, Байтұрсынов Кенесарының дәуірін алтын ғасыр деп бағалады, Кенесарының өзін қайталанбайтын батыр және халық бақыты үшін күрескен соңғы хан деп жырлады. Өздерінің контрреволюциялық насихаттарында халық жаулары – ұлтшылдар өздерінің алдына Кенесарының хандығын қайтарып әкелуді мақсат етіп қойды. Алашордашылардың Кенесарыны насихаттауы 1930 жылға дейін жалғасты. Алашордашылардың уағызының ықпалымен және олардың қолпаштауымен ақын Иса Байзақов «Қойшының әңгімесі» дастанын жазды, онда Кенесарының қарақшыларының бірі Ағыбайды әспеттеді. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазды, онда автор ұлтшылдардың ұстанымымен Кенесарының қозғалысын және оның қырғыз халқына шапқыншылығын басынан бастап аяғына дейін ақтап шығады»,– дей келіп абайтану және Абайдың ақындық мектебіне жанай шолу жасап, қаулының түсініктемесіне енгізе кетеді.

Оның бұл пікірін осы мәселеге қатысты тұста пайдаланатын болғандықтан да бұл арада назардан тыс қалдырамыз. Оның есесіне баяндамада қамтылмаған, әсіресе, Е.Исмаиыловтың мұның пікірін «жалақор» деп мойындаудан бас тартқанына шамданған Қ.Жармағамбетов оның «жаулығын әшкерелейтін тың деректер» келтіреді.



«ҚК(б)П Орталық Комитеті бюросының нұсқауын орындау барысында: әдебиет майданының қызметкерлері оқулықтар мен қазақ әдебиеті тарихының көп томдығын Кенесары Қасымовтың жалған қаһармандығы мен ерлігін мадақтайтын пікірлерден тазартуы тиіс, Кенесары Қасымов қозғалысының ұлтшылдық және реакциялық-монархиялық сипатын әшкерелейтін мақалалар жазып, баяндамалар жасауы керек, бұл мәселе жөніндегі өздерінің де қателерін партиялық салихалы сын мен өзара сын тұрғысынан бағалауы тиіс.

Бұл реттен алғанда алғашқы істер жүзеге асып жатыр. 1951жылы 4 көкек күні (яғни, мәжілістен он төрт күн бұрын – Т.Ж.) «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Ғұмарова жолдастың «Кенесары қозғалысының әдебиеттегі әспеттелуіне қарсы» атты мақаласында Кенесары қоғалысын бағалауда және зерттеуде қателіктер жіберген әдебиеттанушылардың қателіктері дұрыс сыналған. Ғұмарова жолдас Исмаиыловты: ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателер туралы» қаулысындағы тікелей Исмаиыловтың өзіне қаратыла – өзінің буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымын мектептегі оқулықтар мен әдебиет теориясы туралы және басқа еңбектерінде енгізіп, насихаттағаны үшін партиялық ескерту жасағанын, алайда оның партия-кеңес жұртшылығының мұндай батыл ескертуінен қорытынды шығармағанын – орынды сынаған. Мұның барлығына қарамастан қаулы шыққаннан кейін жылдан соң сол қатесін тағы да қайталап, «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томында Кенесарыны әспеттеді.

Менің ойымша, коммунистер мен жазушы жұртшылық Исмаиыловтан бір нәрсені сұрауға: ол буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттауын қашан доғарады?,– деп сұрауға толық қақы бар. Біз бұл сұрақты оның бетіне тура қарап тұрып: қазақ әдебиетінің тарихы мәселесін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғысынан көрсететін өзіңнің ұстанымыңнан түбінде бір қол үзесің бе, жоқ па?,– деп сұрақ қоюға міндеттіміз.

Ғұмарова жолдас өзінің мақаласында: біздің әдебиеттанушыларымыз өздерінің оқулықтары мен өзге де еңбектерінде – Кенесарының қарақшыларының тонаушылық шапқыншылығын тікелей немесе жанама әшкерелеген революцияға дейінгі шығармаларды қасақана айаналып өткенін –дұрыс көрсеткен. Мысалы, «Жасауыл қырғыны». «Топ жарған» дастандары талданбады, оның есесіне Кенесарының қарақшыларының қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын суреттеген Нысанбайдың дастанын талдау барысында оның өмірлік шындығы ашылмады».

Осы арада Қ.Жармағамбетовтің «бармағының астына басып отырған бір қулығын» ашуға тура келіп тұр. Сол Есмағамбет Исмаиыловтың тапсырмасымен торғайлық халық ақыны Нұрхан Ахметбеков те «Жасауыл қырғыны» атты дастан жазып, Кенесары – Наурызбайдың жасағының қырғынға ұшыраған қасіретті оқиғаны толғайды. Мұны білетін Қ.Жармағамбетов халық ақынына сол дастандағы оқиғаны мүлдем өзгертіп, «бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан» қайтадан өңдеп жаздырады да өзі басқарып отырған «Әдебиет және искусство» журналына жариялап, сол шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Қылышының жүзі Кенесары мен Наурызбайдан бетер қылпып тұрған Қайнекей Жармағамбетовтің бетіне кім қарсы шыға алсын, әрине, халық ақыны лауреат атанды. Сондай шеберлікпен орындалған дастанды қадағалап оқыған адам соның ішінен Наурызбайға қаратыла қолданылған сүйсіністі теңеулерді қазір де аңғара алады. Міне, осы арада бұрын халыққа таралмаған дастанды халықтық нұсқа етіп көрсетуінің астарында осындай бір «қазақы күрес тәсілі де» бар еді.

Қ.Жармағамбетов (қаулының түсініктемесінің жалғасы): «Осы жылдың 19-көкек күні (яғни, мәжілістен бір күн бұрын – Т.Ж.) «Ленинская смена» газетінде Ә.Тәжібаевтің «Қазақ әдебиетінің тарихи мәселелерін бағалаудағы өрескел қателіктерді жояйық» деген мақаласы жарияланды. Автор Кенесары қозғалысын бағалауда жіберген әдебиетшілер мен жазушылардың өрескел ұстанымдары мен қателіктерін партиялық позиция тұрғысынан сынайды. Менің ойымша, Тәжібаев ақын Бекхожиннің шығармашылық әрекетін дұрыс сынаған. Менің ойымша, Бекхожин жолдас өзінің сөзінде ол: хандар мен сұлтандарды жырлаумен өзгелердің бәрінен бұрын әуестенгенін және өлеңдері мен дастандарында алашордашыл Жұмабаевтің теңеулері мен жолдары кездесетінін – мойындауы тиіс болатын. Рас, Бекхожин жолдастың 1946 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Буржуазияшыл ұлтшылдардың қорғаушысы (адвокаты)» атты мақаласында Кенесарыны буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарына жатқызған болатын. Соған қарамастан ол сол кезде Кенесарының атасы – Абылай туралы дастан жазып жүрді.

...Біз, коммунистер және Қазақстан жазушыларының ұжымы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық қозғалысын тура немесе жанамалай насихаттағандардың барлығын да қатаң да қатал сынға алып, сол арқылы партиямызға идеология саласындағы буржуазияшыл-ұлтшылдардың әдебиет майданындағы қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартуға көмектесуге тиіспіз, алдыңғы қатарлы кеңес әдебиетіне кеңестік құрылысқа зиян идеялардың сіңіп кетпеуінен сақтандыруымыз керек»,– деп жауапты хатшы қаулының соңына өзінің қолын қойды.

«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

Ал басты кенесарышыл Е.Бекмахановтың тағдыры туралы сөзді тағы да оның шәкірті Ә.С.Тәкенов дегдарға береміз:

Ә.Тәкенов: «Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26 желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10 көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И.Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық Комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Т.Шойынбаев – Х.Ғ.Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілде де ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен сол қаулыда қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді».

Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БКП (б) Орталық Комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып, 1951 жылы 23 қараша күні Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:



«Қ.И.Сәтбаев жолдастың түсініктемесін тыңдап, талқылай келе Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мына мәселелерді анықталған деп есептейді, Сәтбаев жолдас:

а) Партияға кірген кезде өзінің әлеуметтік жат тегін жасырған. Жолд. Сәтбаевтің әкесі бай шаруашылыққа ие болған;



б) БКП (б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың барысы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысы шыққаннан бастап соңғы кезге дейін 1927 жылы шыққан «Ер Едіге» кітабына жазған алғысөзіндегі өзінің ұлтшылдық қателерін мойындамай, оған сын көзімен қарамай келді, Сәтбаев жолдас онда Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттаған және Едігенің өзін мадақтаған.

в) Қазақ ССР Ғылым Академиясын саяси сенім артуға болмайтын және ғылымға кездейсоқ келген адамдарға толтырып жіберді, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан Ғылым Академиясын бұл адамдардан тазарту және Академияның ғылыми жұмыстарының дәрежесін көтеру туралы берілген нұсқауларға орай тиісті шара қолданбады.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті қаулы етті:

1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.

БКП (б) Орталық Комитетіне бекітуге жіберілсін.

2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.

3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы – Ж.Шаяхметов»,– деген шешім шығарды.

Сол күні «Ерекше істегі аса құпия»:

«3. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Фитин жолдасқа: «Алашорданың» Семейдегі комитеті Қ.И.Сәтбаев жолдасты үгітші ретінде пайданғаны туралы материалдарды тексеріп шығып, оның нәтижесін Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне хабарлаңыз»,– деген қатынас та тиісті мекемеге жолданды.

Қазақстан Орталық Комитетінің және жеке Ж.Шаяхметовтің бар қолынан келгені, академиктің кейінгі өміріне тікелей қатысы шамалы: тегін жасырды, 1927 жылы кітаптың алғысөзінде қателік жіберді, «халық жауы» болып ұсталып, мерзімін өтеп қайтып келгендерді жұмысқа алды деген сияқты Қ.Сәтбаев тәрізді ірі ұйымдастырушы ғалым үшін бір үшкіруден қалмайтын «айыпсымақтарды» тағумен шектелуі еді. Осыдан кейін Қ.Сәтбаев СССР Ғылым Академиясының кезекті сессиясын желеу етіп Мәскеуге баспаналап кетуге мәжбүр болды. Сталинге хат жолдады, бірақ оның жауапсыз қалатыны әу бастан анық болатын. Қаныш Сәтбаевтің тағдыры ғылым мен мәдениет, әдебиет саласынағы көзқарас иелерінің бүкіл тағдырын анықтап беретін шешуші нысана боғандықтан да, қайта оралып жатпас үшін, оның кейінгі көрген қысымын келтіре кетеміз. Қ.Сәтбаев іспетті ірі ғалымнан айырылу республиканың беделін түсіретін. Сондықтан да Қазақстан коммунистерінің Ү сьезінде өнеркәсіптік маңызы аса зор атақты кен орындарын барлаудың геологиялық картасын жасауды Қ.Сәтбаевқа тапсырып, оны Геология институтының директорына бекітті. Сонда да басына төнген қатердің сейілгеніне сенбей Мәскеу мен Ленинградта жүріп күні кеше қол астында баяндама жасап жүрген, қазір Орталық комитеттің ғылым бөлімін басқарып отырған Н.Жанділдинге:

«15-көкекке белгіленді деген Ғылым академиясының мәжілісіне қатыса алмаймын... Егерде Орталық Комитет қолдайтын болса, онда Академияның жалпы жиналысында жаңа президентті сайлардың алдында мына хатты оқып берулеріңізді өтінемін»,– деп хат жазды. Ол хатта:

«Қазақ ССР Ғылым Академиясының дамуы мен өркендеу жолының күрделеніп бара жатқандықтан да, менің егде тартқан жасым мен сыр бере бастаған денсаулығыма байланысты бұрыннан бері жоғарғы жақтан мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті сияқты жауапты жұмыстан босатуды өтінген болатынмын.

Әділ сынның нәтижесінде: Ғылым Академиясының басшылығы мен Академияның президенті ретінде менің –: кадрларды таңдау, қоғамтану институттарындағы ғылыми жұмыстарды қадағалау барысындағы елеулі идеологиялық бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер жібергеніміз анықталғаннан кейін мен үшін бұл қадамның дұрыс екендігі тіпті анық бола бастады.

Сондықтан да мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысынан мені президенттік міндеттен босатуды қатты өтініш етемін, сөйтіп менің бұдан былай өзімнің сүйікті геология ғылымы саласында бірыңғай қызмет етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенттігіне өз тарапымнан – кен орындарын өңдеудің ірі маманы, қазақстанның ауыр өнеркәсібінің даму мәселелерінің білгірі, мемлекеттік және ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол, жас, денсаулығы жақсы, қуатты Димаш Ахметұлы Қонаевтің кандидатурасын ұсынамын әрі қолдаймын, оның жоғарыдағы қасиеттері Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми өмірі мен қызметін тиісті деңгейде басқаратынына үмітпен қараймын. Академик Сәтбаев»,– делінген.

Сөйтіп, төрт жылға «өндірістік демалыс» алды. Әрине, мұның астарында үлкен жүректің үлкен күйзелісі жатты. Д.А.Қонаев Ғылым академиясының Президенті ретінде өзінің №1 бұйрығымен: кеңес өкіметіне зиянкестігі үшін, академиямен байланысты үзгені үшін М.П.Русаковты, А.Қ.Жұбановты, Қ.Жұмалиевті Ғылым академиясының толық мүшелігі және корреспондент-мүшелігі атағынан айырды, №2 бұйрығымен Қ.Сәтбаевті геология институтының директоры қызметіне тағайындады.

Иә, бәрі де амалсыздың амалы еді.

ІІ.


Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Кенесары қозғалысының дауыл толқыны көтеріліп басылар деген үмітте болды ма, әлде Абайдың рухына сенді ме, кім білсін, сол көктемде Әуезов ағысқа қарсы жүзді. 1951 жылы 9 наурыз күні Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми Кеңесі Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыптағы диссертациясы туралы мәселе қарап, Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтің қарсылығына қарамастан, 6 адам жақтап, 1 адам қарсы болып, Тарих, этнография, археология институтымен біріккен кеңесте қорғауға жіберілді. Диссертация 7 көкек күні қорғалды. Кеңестің төрағасы М.Сауранбаев, оппоненттері Сильченко мен Әуезов, талқылауға қатысқандар: Қ.Жұмалиев, Тастанбеков, С.Нұрышев, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, Балқашев, Усанович, Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, М.Ғабдуллин т.б. Оппоненттердің пікірінен соң сөз алған Қ.Жұмалиев:

«Қызық, диссертант Әуезовтің бұл қателігін қатты сынаудың орынына оның жетегінде кеткен. Ал Әуезов жас ғалымға дұрыс бағыт берудің орынына, ғылыми Кеңестің алдында оған ғылыми дәреже беруді ұсынады... Бұл диссертация ғылымға қарсы ұстанымда жазылған. Мұнда Кенесары Қасымовты әспеттеген ақындардың шоғыры топтастырылған, пантүркизмнің, панисламизмнің идеяларын жаңғыртады, өзінің көзқарасы жағынан халыққа қарсы, жат ақындарды ақтауға тырысады»,– деп диссертантты да, оппонентті де, Көкбай, Әріп, Тұрағұлды да да жерден алып, жерге салды.

Ал әйгілі кер азу С.Нұрышев тура Әуезовтің жағасына жармасты:



«Сонымен, Әуезов, Абай мектебі дегеніміз – бұл негізінен араб-парсы әдебиетінің ықпалының негізінде қалыптасқан шығыстық софылық мектебі деп қарайды»,– деген сыңарезулей жөнелді.

Н.Сауранбаевтің: «Сөйлеушілерді Мұхтар Әуезовтің жеке басы туралы емес, диссертация жөнінде пікір білдіруге шақырамын. Ғылыми мәселені талдауға көшейік»,– дегеніне жоғарыдағы екі адам ырық бермей, диссертацияның беталысын басқа арнаға – әшкерелеуге бұруға ұмтылды.

Оларды сыналап кіріп сөз алған Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, С.Аманжоловтың пікірлері көзге ілінбей қалды. Ақыры М.Әуезовтің өзі екінші рет мінбеге көтеріліп, диссертацияның ғылыми мәнін түсіндіре келе:

«Сіздерді бұл қырқылжыңға итермелеп отырған ғылыми мүдде емес, 12 жыл бойы адал және байыпты зерттеу жүргізіп, бүгін ғылыми Кеңестің алдында қорғауға шығып отырған жас ғылыми қызметкерді мұқату пиғылы. Ол сөзсіз алғыр ғылыми қызметкер, талантты және ұқыпты зерттеуші.Оның қатесі де бар шығар, бірақ оны сіздер түзете білулеріңіз керек, біздің партиялық принцип дегеніміз қайда, ғылымның мүддесіне обьективті түрде қарайтын ғылыми көзқарас қайда? Сіздер Абайды шәкірттерінен бөліп ұстағыларыңыз келе ме, сіздер Абайда ешқандай шығыстық нышан мен қайшылық жоқ дейсіздер ме?... Жоқ, сіздердің бұл әрекеттеріңіз ешқашанда жүзеге аса қоймас! Сіздердің бұл сыңарезулеулеріңіз ғылыми мәселені, диссертацияны талқылаудың шегінен шығып барады. Сіз екеуіңіз, осы диссертацияға зиян келтіру арқылы Әуезовті мұқатқыларыңыз келіп, алдын-ала қамданып келгенсіздер, ал бұл дегеніңіз барып тұрған жікшілдік, одан басқа ештеңе де емес!»,– олардың бетін қайырды.

Дауысқа салғанда: 10 адам – қостап, 7 адам – қарсы дауыс берді. Сөйтіп, шартты түрде М.Әуезовтің ұстанымы уақытша үстемдік құрды. Алайда «Абайдың ақындық мектебі» мәселесінің нағыз талқысы алдағы күндерге қалып еді.

Абайтану ілімі мен Абайдың ақындық мектебі Жазушылар одағының партия ұйымы мен қалалық партия ұйымының 1951 жылғы 13-маусым күнгі біріккен мәжілісінде және 20-маусым күнгі Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген жиналыста шұғыл да шөгел талқыланды. Ол үшін сол тұста «Абай» романының орысша аудармасы мен журналдық басылымын өңдеу үшін Мәскеуде жүрген М.Әуезовке 15 мамыр күні Қ.Сәтбаев:

«Сіздің шақырылуыңыз тек қана абайтану туралы дискуссияға қатысты... Сіздің дәлелді себептеріңізге байланысты дискуссия 15 маусымға қалдырылды»;

М.Ғабдуллин 23 мамыр күні:



«Сіздің баяндамаңыз дикуссияның бағдарламасына енгізілді, қай тілде сөйлейтініңізді хабарлаңыз. Абайдың ақындық мектебі – баяндамашы С.Мұқанов, Орыс әдебиетінің Абайға ықпалы – баяндамашы С.Нұрышев. Жеке жолдастар да сөзге дайындалып жатыр»,– деп жеделдете хабар жіберді.

Екі жиналыста қаралған мәселе де және онда сөйлеген адамдар да, олардың пиғылдары мен пікірлері де бірдей. 14 маусым күнгі Ғылым Академиясының президиумындағы Қ.Сәтбаев жүргізіп отырған алқа мәжілісінде де М.Әуезовке сөз берілген болатын. Сондықтан да қайталау мен шашыраңқылыққа ұрынбас үшін екі мәжілістегі сөздерді қосарлай жарыстыра пайдаландық.

Жазушылар одағындағы жиналыс стенограмма бойынша Қ.Жармағамбетовтің:

«Енді Абай мектебі туралы мәселеге көшемін. Бұл туралы кандидаттық диссертация қорғатуға дейін барған Әуезовтің ұстанымы бар, сондай-ақ оған қарсы Жұмалиевтің және оны қостайтын өзге де әдебиетшілердің пікірі бар, бұл мәселе туралы мен де пікір білдіргемін. «Шындық таласта туады» – деген, сондықтан да бұл мәселені жолдастық, ашық пікір, ғылыми-талап тұрғысынан талдап, бір шешімге келуіміз қажет»,– деген сөзімен басталады.

Осы арада М.Әуезов орынында отырып:.



«Әуезов: Бірақ сілейтіп (охаиваниия) салу тұрғысынан болып жүрмесін»,– деп реплика (сонда, 36 іс, 97-бет) тастапты.

Жазушының шыдамсыздық көрсетуі тегін емес болатын. Осының алдындағы Кенесары туралы талқыда қазіргі жиналыс жүргізушінің өзі ескертіп өткендей, алаңы мол пікір ұсынған болатын. Онда Қ.Жармағамбетов:



«Диссертация қорғаушы Қ.Мұхамедханов Абай мектебінің шәкірттеріне балаларының ішінен Ақылбай мен Мағауияны, достарының ішінен Көкбай мен Әріпті, тағы басқаларды қосады. Осы шәкірттердің шығармашылығын талдай келе диссертация авторы: Абай үнемі оларға тақырып ұсынып отырды, шығармашылығына күнделікті көмек көрсетіп отырды, – дейді. Бұл жорамалға өзінің «Абай және оның орыс достары» атты кітабында Жиреншин де оп-оңай қосыла кетеді. Бұл пікірді өзінің «Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығы» атты 1945 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан Абайдың бір томдығына жазған алғысөзінде Әуезов те қостайды. Әуезов жолдас онда: «Абайдың ақылымен жазылған Мағауияның ең озық дастаны – «Медғад – Қасым», ондағы оқиға Нілдің бойында өтеді, құл мен қожайынның арасындағы қақтығыс суреттеледі, ал екінші дастаны – «Шәміл» дастанында Кавказдағы патшаға қарсы көтерілістің белгілі көсемі Шәміл туралы баяндалады... Абайдың тапсырмасымен және оның етене қатысуымен Көкбай атақты Кенесары көтерілісі мен оның пашамен ұзаққа созылған қарулы күресін тарихи дастан етіп шығарды»,– деп (18-бет) жазады.

Менің ойымша, Әуезов те, Жиреншин де, Мұхамедханов та бұл арада екі бірдей қателік жіберген.

Бірінші, Шәміл мен Кенесарыны көтерілісшілердің көсемі етіп көрсеткен, өз халықтарының тәуелсіздігі жолындағы күрескері ретінде бейнеленген дастандарды жазуға Абай ұсыныс берді деп, оған телуге болмайды. Жолдас Әуезов Абай жөнінде кімнен болса да жақсы біледі, оған Абайдың өзінің батыр-қарақшыларға арналған, ал Шәміл мен Кенесары шындығында да солардың қатарына жататыны анық, сөздері белгілі. Абайдың өзі:

Батырды айтсам, ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгімеге,

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап,–

демеп пе еді.

... Сондықтан да біздің әр қайсымыз осы күнге дейін нәр алып жүрген бүкіл қазақ әдебиетінің классигінің шәкірттерінің қатарынан балалары мен діндар-реакционерлерді алып тастасақ, одан оның беделі кемімейді. Абай өз балаларының жақсы әкесі, өзінің жолдастарының жақсы досы болған шығар, бірақ, ақын ретінде, қазақ әдебиетінің классигі ретінде революцияға дейінгі демократиялық әдебиеттің және қазіргі қазақ кеңес әдебиетінің тұтас бір талантты ақындар шоғырының ұстазы әрі өнегесі болып табылады»,– деп бір Абайды екіге бөліп тастаған еді.

Яғни, жалған идеология мен аяр саясаттың құрбандығына қасым етіп, баласынан, досынан айырып, «моласындай бақсының жалғыз қалдырды. М.Әуезовті де алаңдатып отырған түйткіл де осы еді. Өйткені, бұл екі мәселе ушығып кетсе, өзінің бүкіл ғұмырының мәні болып табылатын «Абай» романына да қауіп төнетін. Бірақ үміті ақталмады, Құнанбай айтқандай, «қаупі неден болса қатері де содан еді».

Ғылым Академиясындағы ғылыми мәжілістің «төрағасы М.Ғабдуллин бұл жиналыстың мақсатын:

«Жолдастар! Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының бірлескен кеңесінде абайтану ілімі туралы пікір таласына кейбір қорытындылар шығару туралы комиссия құрылған болатын. Екінші, абайтану саласында атқарылатын алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары жасалуы тиіс. Соның ішінде Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі пікірлерді қорытып, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді қоспау керек, сол жөнінде обьективті шешім қабылдауға тиіспіз. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толады. Осыған орай ҚК(б)П Орталық Комитеті Абайдың шығармаларын екі тілде шығару туралы шешім шығарды. Абай поэзиясын кезеңге бөлу мен оның кейбір өлеңдерінің текстологиясы жайында даулы пікірлер қозғалып жүр. Абай шығармаларын жариялауда қандай дайындық жұмыстарын жүргіземіз, соны осы кеңесте анықтап алғанымыз дұрыс. Үшінші: бұрмалаудан, жалған талдаулардан тазарған Абайдың жаңа ғылыми өмірбаяны жөнінде де пікір алысуымыз қажет. Соған байланысты Абай шығармашылығын зерттеу мәселелерінің бағыт-бағдарын да анықтауымыз қажет шығар. Соңында, біздің шешімімізде Абайдың әдеби мұражайы немен айналысу керек деген мәселе қамтылу керек»,– деп (сонда, 34-іс, 26-бет) таныстырыпты.

Бұл Мұхтар Әуезовке бағытталған идеологиялық кезекті бір шешуші соққы болатын. Ол екі кеңестің де стенограммасынан анық аңғарылады. Бас баяндамашылар Сәбит Мұқанов пен Қажым Жұмалиев, қосымша баяндамашы С.Нұрышев. Сонымен бағыт пен басты қарауыл анықталды, «мергендер» белгіленді.

Қарауыл, қазақы атауға жүгінсек қарақшы, әрине, Абайды «бұрмалап, жалған талдаған», «Абайдың ақындық мектебін ойлап тапқан», Абайға «исламият туралы өлең жаздырып» (солай демеске лаж да жоқ), оны жинаққа кіргізген, Абайға рухани опасыздық жасаған және оны зерттеуге дәрменсіз адам – Мұхтар Әуезов болып шықты. Бұл науқан үш жыл қатарынан жүргізіліп келе жатты. Сонда да «алып бәйтерек» шайқалса да құламай, теңселіп тұрған. Басты әшкерелеушілер – сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің «жеке дұшпаны» (өз сөзі) Қажым Жұмалиев және орталау мектептің білімімен «Абай шығармаларының алғашқы кезеңі» деген абайтану ілімінің «шаңын шығарған» кандидаттық диссертация қорғап, онысы кейін әшкереленген жалаңтөс С.Н.Нұрышев – жиырмасыншы жылдардың соңында «Абайдың буржуазиялық-ұлтшыл философиясының тамырына балта шауып, қазақ руханиятын қоқыстан тазартайық» деп шу шығарған І.Қабыловтың мақаласының атын сәл өзгертіп алды да «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» деген тақырыпта баяндама жасады.

Кейіннен анықталғанындай және өзінің мойындауынша, бұл білімсіз жалаңтөстің айтақшысы – Орталық Комитеттің жазалау қызметін бағыттап отыратын идеология бөлімі мен партиялық бақылау комиссиясы, қауіпсіздік мекемесінің идеологиялық қарсы күрес бөлімі, «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі А.Черниченконың маңына топтасқан «жұмыс тобы», оның ұйымдастыруын қадағалаған Сақтаған Бәйішев, орындалуына жауапты адам Қажым Жұмалиев екені анықталды. Қазақстандағы «қызыл науқанды» «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев, сын және библиография бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.Озеров бақылар, кеңес беріп отырған. «Гүлденген Қазақстанның саяси-экономикасының идеологиялық негізін қалаған», ерекше бөлімнің әскери комиссары, 1946–1954 жылдардың арасындағы саяси қысымның бас идеологі, 1947 жылы «Профессор М.Әуезов өткеннің шырмауында» деп мақала жазып, ашық күнде найзағай ойнатқан С.Бәйішевке қарсы М.Әуезов ешқандай уәж айта алмайтын. Ол кеңес идеологиясына қарсы шығумен бірдей болатын.

Ал Мұхтар Әуезовтің қара тілдің шешені, азулы Қажым Жұмалиевке жалын тістеткенімен, үйіріне жолатпайтындай айбары бар болатын және оған қарсы нәтижелі түрде күресе білді. Жек көрініштің тамыры қайда жатқанын кім білсін, адам ретінде де олар бір-бірінің тіршілігін тілемеген, Абайдың ақындық мектебі олар үшін айқас алаңы ғана болған сияқты. Ауыр сөз, бірақ, шара қайсы. Бұл – талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін, шиін шығармай қалдыратын тылсым тақырып.

Ал ешқандай білімі мен ғылыми салмағы жоқ С.Нұрышев «күштінің қолжаулығы», бар ғылыми мақсаты: «Мен Әуезовтің өзін былай сүмірейткемін!»,– деп (Қ.Мұхамедханов) атын шығаруға ұмтылған қазақтың Геростраты ғана. Мүмкін, өмірінің жалғыздықпен аяқталуына да сол жанығудың зауалы тиген шығар, кім білсін.

Әуезовтің қара басын қарауылға алған баяндаманы толық келтірудің, тіпті ішінара келтірудің ретін таппадық. Үш жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйірген С.Нұрышевтің ұстанған пікірін тұжырымдап қана түйіп береміз және ойымызды ширақтай дамыту үшін қосымша баяндамадан бастадық.

С.Нұрышев: «1. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін буржуазияшыл ұлтшылдар, пантюркистер, панисламистер Абайдың атын бетқап етіп жамылып өздерінің дұшпандық, кеңеске қарсы көзқарастарын қазақ әдебиеттануына бүркемелеп енгізді. Мұндай саяси, идеологиялық ұлтшыл қоқыстан арылтпай Абайды зерттей алмаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   65




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет