Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек



бет36/65
Дата03.12.2016
өлшемі10,78 Mb.
#3049
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   65

2. Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек.

3. Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек. Ол үшін:

4. Өткендегі буржуазияшыл, ұлтшыл, феодалдық, пантюркистік, панисламистік идеясын бүгінге дейін бүркемелеп келген;

5. Абайтанудан дәріс өтетін, «Ақын аға» атты романы арқылы теріс тұжырымды насихаттаған;

6. Алаш идеясын «Абай» журналы арқылы насихаттаған;

7. Контрреволюцияшыл «алашордашыл жастардың көсемі»;

8. Орыстарға қарсы үгіттейтін «зар заман» теориясы мен «Хан Кененің» авторы;

9. Абайдың буржуазиялық-панисламистік, шығыстық реакциялық шығармаларын бұрмалап талдаушы;

10. Пушкинді, Лермонтовты еркін аударды деп Абайдың орыс әдебиетінен үйренгенін жоққа шығарушы, сөйтіп, Абайдың жалақоры болып отырған, онымен де шектелмей,

11. Әдебиет тарихын зерттеуде контрабандалық жолмен айналысып, А.Байтұрсыновтың «Қаздар» атты мысалын Абайдың атынан жариялатқан;

12. «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихына» Кенесары туралы талдауларды «сана ағымын» ұстана отырып енгізген;

13. Өзінің ғылымға жат, дұшпандық идеологиялық марксизмге қарсы ұстанымын М.Дүйсенов, қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәрежесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірттері арқылы өткізіп жіберуге тырысқан;

14. Сөйтіп, қоғамдық ойды адастырған;

15.З.Кедринаға өзі туралы зерттеу жаздырып, одақтық деңгейдегі әдебиеттану ғылымын жалған жолға салған;

16. Абай мұражайына жалған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған,

бұл айтылғандардың барлығы да оның отыз жылдан бері әдебиет саласына енгізген бұрмалаулары мен саяси қателігін, оның нағыз бүркемеленген бет-бейнесін толық ашып бере алмайтын М.Әуезовтің ұлтшыл-буржуазиялық, дұшпандық ұстанымын әшкерелеп, әдебиеттану ғылымын ұлтшыл көзқарастан тазартқанда ғана ілгері баса аламыз,– деген мазмұнда айып тақты.

Мұндай тармақ-тармаққа бөлініп, уытты тілмен тұздықталған, «неғылайынсыз әшкерелеулер» М.Әуезовтің тергеу ісінде де кездеспеген. Қазір езу тартқызғанмен, ол кезде жағыңды айыратын айыптар еді. Үш жыл бойғы талқы осы бағытта өрбіді. Талқылау мен сілкілесу барысында бұл тармақтардың өзі бұдан да ұсақ және шетін тақырыптарға бөлініп кетті. Біз сол кездің ауа райын аңдату үшін ғана үш жылға созылған бұл айтыстардың жекелеген тұстарындағы шарпысуларды жинақтай қамтып, қорытынды отырыстағы хаттаманы ықшамдап назарға ұсынамыз.



Қ.Жұмалиев: «Мұхамедхановтың диссертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге?

Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуылған болатын. Диссертанттың пікірі бойынша, Абайдың екінші шәкірті – коллективтендіруге қарсы шығып, Шыңғыстауда қарулы бандылар көтерілісін басқарып жүргенде қызыл армия бөлімдерімен атыс кезінде өлген Шәкерім Құдайбердиев екен, ал оны Әуезов 1933 жылы-ақ Абайдың шәкірті есебіне қосқан болатын (Абай шығармалары, 1933 жыл, 383-бет).

Мұхамедханов: Абайдың ең жақын досы және талантты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыстарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, – деп есептейді.

М.Әуезов өзінің 1933 жылы ұстанған Көкбай туралы қате пікірін тұрақты түрде табандап қорғап келеді және Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы большевик партиясының орталық органы «Правда» газетіндегі мақаладан соң да, ҚК(б)П Орталық Комитетінің ол туралы шешімінен кейін де бізге жат осы тұжырымды Мұхамедхановтың диссертациясы арқылы өткізіп жіберуге тырысып келеді. М.Әуезов Абай мектебінің үздік өкілі деп бағалаған Көкбайдың «Кенесары – Қаншайым» дастаны қандай екен, тыңдаңыздар:

Қылышын суырып алып қынабынан,

Адамның дауысын естіп құлағынан.

Шаһарға «Абылайлап!» кіріп кетті,

Кем болмай түлеп ұшқан қыранынан.

Көп қойға бір көк бөрі жүрген кіріп,

Басына қалқан ұстап, сауыт киіп.

Бәрін де тыстағының қырғаннан соң,

Көшеге жан шықпады ауызы күйіп.

Көшеге еш бір адам шықпаған соң,

Шаһардың өрт қояды бір шетінен...

Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен аяусыз қырғаны үшін.

Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, досы, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің осы пікірімен келісеміз бе? Жоқ, ешқашанда. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, өзінің Абай туралы соңғы зерттеулерінде оның шығармашылық қайнар көзі, орыс әдебиетімен байланысы туралы дұрыс талдағанына қарамастан, бәрібір, Мұхамедхановтың еңбегі туралы пікірінде диссертанттың: оның өзінің `(Әуезовтің – Т.Ж.) «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған, онда М.Әуезов Абайды Гаспиринскийдің, Ауғанидің, Ғабдукудің және басқа да таза панисламистердің идеялық жалғастырушысы ретінде көрсеткен пантүркістік, панисламистік мақаласына жасаған сілтемесімен ымрыраластық білдірді.

Үшіншіден, 1951 жылы ақпандағы «Правданың» мақаласынан кейін де М.Әуезов доцент Смирнованың «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты еңбегіне маркстік зерттеу деп баға берді, ал бұл еңбекте идеологиялық тұрғыдан жат, зиянды сілтемелер келтірілген, олардың қатарында халықтық шығарма деп бүркемеленген «Алашорданың» көсемдерінің бірі Жұмабаевтің шығармасынан үзінді келтірген. Бұл Әуезов үшін масқара жағдай.

Исмаиыловтың, Кенжебаевтің, Қоңыратбаевтың және басқалардың еңбектерінде жіберілген ұлтшылдық қателер Әуезовтің мадақ пікірлерімен тікелей астасып жатқаны ешкімге құпия емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Нарманбет Орманбетовтің өлеңдер жинағы шықты, Исмаиылов оны да демократ халық ақыны деп Абайдың шәкірттерінің қатарына қосты, Әуезов ол жинаққа жақсы баға берді және оның редакторы болды. Ал бұл «ақын» «Алашорданың» мүшесі болды және өлерінде өзінің барлық мүлкін контрреволюциялық ұйымның пайдасына қалдырды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде 1919 жылы жазылды.

Әуезов мұны шынымен білмеді ме? Менің ойымша мұны оның білмеуі мүмкін емес.

Бізге жат осындай идеологияны өткізіп жүруін кездейсоқтық дейміз бе? Жоқ, кездейсоқ емес. Бұл қандай да бір жүйеге түсірілген, нақты бір мақсаты бар тұжырым.

М.Әуезов өзінің осы қателерін батылдық танытып, шын жүректен мойындаудың орынына, қасарысып, өзінің осындай саяси зиянды тұжырымдарын өзінің шәкірті-міс деп есептейтін – Исмаиылов, Қоңыратбаев, Мұхамедханов, тағы басқалар арқылы табанды түрде дәлелдеуін жалғастырып келеді, өзімен пікірлес тарихшылардың қатарына Сүлейменов сияқты әдебиеттен хабарсыз адамдарды қосып алды, сөйтіп, олар Әуезовтің қолындағы шоқпарға айналды, өзінің өрескел саяси қателерін көрсетуге ұмтылғандарды Әуезов солардың көмегі арқылы есеп айырысады» (сонда, 36 –іс, 74 -75- беттер).

Сәбит Мұқанов өзінің «Абайдың шәкірттері туралы» баяндамасының негізгі пікірлері біз қысқарта пайдаланып отырған мына мәселелерді қамтыды және оның барлығын тек қана М. Әуезовке қарата айтты:



«1) Абайдың шәкірттері немесе жолын тұтушылар кімдер? Бұл сұрау бірінші рет бұдан 40 жыл бұрын туды. 1911 жылы Орынборда шығатын «Қазақ» газетіндегі мақалаларында байшыл- ұлтшылдар Абайды өздерінің рухани атасы ғып көрсетпек болды.

2) Екінші рет бұл сұрау 1918 жылы қайталанды. «Алашорда» партиясының Семейдегі облыстық комитеті сол жылы Семей қаласында «Абай атты революцияға қарсы журнал шығарды... Журнал паназияттық ұран шақырып,шығыс атаулының алдына млитарстік Жапонияны үлгіге тартты. Осы шектен шыққан реакциялық журналдың бесінші санында бас мақала боп «Абайдан соңғы ақындар» деген мақала шықты, авторының псевдонимі – «Екеу». «Екеудің» кімдер екені бізге мәлімсіз, ал мақаланың мазмұны – революцияға қарсы, сонымен қатар, халқымыздың ардақты ақыны Абайға жапқан жала, жаққан күйе. Өйткені, бұл мақалада «Екеу» революцияға дейін ашықтан-ашық байшыл-ұлтшылдық бағытта болған, революция жылдары совет өкіметіне сөзбен ғана емес, іспен қарсы шығып, «Алаш полктарын» құрып, қызыл армиямен соғысқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты алашордашыларды Абайдың шәкірті еді – дейді.

3) «Абайдың шәкірттері кімдер?» деген сұрауға, үшінші рет, советтік дәуірде Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» атты журнал жауап бермек болды. Журналдың 1923 жылы шыққан 2-3 және 4-5 сандарында «Қоңыр» атты псевдониммен біреу «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақала жазды. Мақаланың авторы, жоғарыда, «Абай» журналында жарияланған «Екеудің» пікіріне түгел қосылып, ондағы революцияға қарсы пікірді тереңдетті, Совет өкіметіне қарсы құралды күрес жүргізген Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтан бастап, «Абайдың шәкірттері» деген тізімге он ақын, жазушының атын тіркеді, солардың жетеуі – Октябрь революциясына, Совет өкіметіне ашық қарсы боп, қазақ халқының тарихында қара тақтаға жазылғандар.

4) Әуезов жолдастың Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір екендігіне, бұл айтылғандардың көпшілігі Абайдың таза бетіне күйе жағу болатындығына кейінірек толық ораламыз. Әзірге айтарымыз, осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада орыс тілінде шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да (18-бет) қайталайды. Абайдың 1940 жылы басылған Шығармаларының толық жинағына жазған мақаласында, Әуезов жолдас Абай «шәкірттерінің» тізімінен Шәкәрімді шығарады да, оның орнына саяси бетінде Шәкәрімнен түк айырмасы жоқ Тұрағұлды қосып, ол туралы: «Шыныда да Абайдың уағыз-өсиет айтып, адам болсаң сен ғана боласың, үміт қылатын сендер ғана дейтін ет-бауыр, жақын жастары да осы Көкбай, Тұрағұл болатын»,– дейді (269-бет). Тұрағұл Абайдың 1948 жылы шыққан Толық жинағында өте сүйкімді сөздермен аталады, осы кітаптың 121-бетінде, Абаймен түскен фото-суреті басылады.

1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мухамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікіp айтады, соның ішінде де Тұрағұл мақталып жүр. Осы жылы баспаға берілген «Абайдың шәкірттері деген өлеңдер жинағына Әуезов ұзақ кipicпe cөз жазады да, «Абайдың шәкірттepi» деген тізімге, Абай ауылында әр кезде молда боп, қадым жолымен бала оқытқан Мүрсейіт, Махмұд, Самарбай де­ген адамдарды кіргізеді. Сөйтіп Әуезовтің әр жылда жазған мақалаларында, «Абай шәкірттері» деген адамдардың тізімдері кеңейе береді.

5)Бірінші – Шәкәрім Құдайбердин. Бұл адам революцияға дейінгі діншілдік-ұлтшылдық бағытта жазған адам. 1917 жылы pеволюцияға қарсы ұйымдасқан «Алашорда» партиясының Семейдегі Облыстық съезін «Алаш ақсақалы» боп ашқан адам, революцияға қарсы бағыттағы «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетіне октябрь революциясына қарсы мақалалар жазған адам. 1929 жылы бай-кулактарды бастап, Шыңғыстау ауданында совет өкіметіне қарсы құралды көтеріліс жасап, жазықсыз талай адамды өлтіріп, өзi атыста оққа ұшқан адам. Бұндай бандитті, ол атылып өлгеннен кейін де, Мухтар Әуезов жолдастын 1934 жылы да, 1940 жылы да «Абай шәкірттері»нің тізіміне қосып мақтауы oйға сыймайды.Әуезов жолдастың, Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейрімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда – ұят.

Әуезов жолдастың былтыр басылып шаққан «Ақын аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр, өйткені, ол, Мағауиямен жарысып, «Еңлік-Кебек» атты поэма жазып жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз кітап боп шығып елге тараған «Еңлік-Кебек» – Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебекті» жазыпты деген сөзі әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауияның өзге өлеңдері әртүрлі жазбаларда сақталғанда, ол «жазыпты» деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек, Мұхамедхановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивынан табылыпты-мыс. Ол не қылған архив? Және ол архивті 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген?!. Одан бұрынғы мақалаларында неге атамаған?!. Бұндай бандиттың шығармаларын біз талқылап жатпаймыз.

6) Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанымен, бұл да совет қоғамына жат, жау кісі. Ол да «Алашорда» партиясының ардақты адамының бірі боп, «Сарыарқа» газетіне cовет өкіметін жамандап мақала жазған. 1928 жылы cовет өкіметінің ерекше декретімен, қазақтың бес жүз бай-феодалдарының мал-мүліктері конфискацияға алынғанда, Тұрағұл да сол тізімде болған. Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин, Мұхамедханов жолдастардың дәріптеуіне қайран қаламыз!

7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.

8)Ендігі сөз Кәкітай Т.Ысқақов туралы. 1909 жылы шыққан Абайдың 6ipiнiшi өлендер жинағын құрастырып бастыруда Кәкітайдың еңбегі болғаны рас. Бipaқ, жинаққа басылған «Абайдың өмірбаяны» оның еңбегi емес, 1907 жылы, «Записки Семипала­тинского отделения Западно-Сибирского от­дела, императорского русского географиче­ского общества. Выпуск — ІІІ» деген атпен шыққан кітапта, ұлтшылдардың атаманы Әлихан Бөкейханов жазған мақаланың дәлме-дәл аудармасы. (1-8 немесе 156-164-беттер). Сондыктан да мақалада байшыл-ұлтшылдықтың исі айқып тұрады. Бұлардан басқа «Кәкітай жазыпты» деген eкi өлеңінің не автордың шығармалық бетіне куә боларлық, не қазақ әдебиетінің тарихына ешкандай пайдасы тиерлік құны жоқ. Сондықтан, Абай өлеңдерін жинап бастырғанын атап айтып, шығармалық eшбip бeтi жоқ Кәкітайды «Абай шәкірттері» деген тізімнен шығарған жөн.

9)Биографтардың айтуынша, Мағауия, «Абайдын тапсыруымен» үш поэма жазған: «Шамиль», «Еңлік-Кебек», «Медғат-Касым». Биографтар «Шамиль» сақталмаған деседі. «Сондай поэма болыпты-мыс» деген мәліметті Әуезов жолдас әр жылдарда жазған мақалаларында айтып жүр. Осы мақалалардың бәрінде де Мұхтар Әуезов Шамильді:«Кавказ елдерінің бостандығы үшiн күрескен халық көсемі еді»дейді. Шамильдің ағылшын разведкасына агент болғанын, көтерілісті сол разведканың тап­сыруымен жасағанын, сондағы ұраны панисламистік пен пантуркистік болғанын 1949 жылы большевиктік баспасөз бетінде жарияланған мақалалар ашып берді. Содан кeйін баспаға берілген «Абай шәкірттері» деген жинаққа жазған кipicпe сөзінде профессор Әуезовтің:«Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал бepyiн пайдаланып, бірнеше поэма жазды. Ол жазған поэмалары«Еңлік-Кебек», «Абылай», «Шамиль» және «Медғат-Қасым». Шамиль поэмасы жоғалып кеткен (қолжазбаның, 14-6eтi)»,деуі eшбip ақылға сыймайды.

10) Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жиырма жылдай имам боп, мешіт қасынан діни медіресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жиырма жылдай дәріс оқыған адам.

11) Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қорытындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.

12) Біздің заманның Абайды зерттеушілері өнебойы турадан-тура ислам дінінің үгітшісі болған Көкбай, Әpiп, Әсет сияқты барып тұрған керітартпа адамдарды дәріптеп, XIX ғасырдағы казақтың ең прогресшіл ақыны Абайдың қауымына қосқысы келеді. Бұл - өтпейтін жарлық. Бұған қазақтың «өтпес жарлық, бойға қорлық» деген мақалы тура келеді.

13) «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанымен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты. Большевикше турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді. Осыған сенудің кесірі Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйенген. Әуезовтің мәліметтерін первоисточник қып сүйенетіндер тағы да толып жатыр.

14) Әуезов: «Абайды Қарамола съезінде сабатады, бұл жаулардың өceгi, саяси қате», деп Жиреншинді кіналайды, өзi «Абай» пьесасында Абайды сахнада саба­тады, «Абай» киносында экранда сабатады, «Абай» Шығармалары толық жыйнағының 1932 жылы, 1940 жылы, 1945 жылы шыққан кітаптарында жазған мақалаларында сабатады. Рецензияда солардың бәрін ұмытады. «Акын аға» романының 6ipiнiшi кітабының алғашқы 6ip редакциясы Абайды сабатумен бітетінін, Абайдың құнын әпереміз деп,
сол маңдағы рулардың барлық «игі жақсылары» Семейде жиналатынын, бұлай жазудың категе соғуын Мұстафин, Әбішев сияқты жазушылар дәлелдегеннен кейін, Мұхтар Абайды сабатқан беттерін алып тастағанын, ... Базаралы бастаған кедейлер қырып алған Тәкежан жылқыларының құнын жоқтап, кедейлерден үш есе ғып төлетіп беретінін де, Әуезов Жиреншиннің кітабына жазған рецензиясында ұмытқан болады.

15)«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.

Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыздағы 52-санында С. Бәйішев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтің 1932 жылы басынан кешкен саяси кателігін баспасөз бетінде мойнына алғаннан кейін де, ecкi қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені талассыз документтермен дәлелді. Біз Әуезов жолдасты да, оны бұл мәселеде қолдаушыларды да кателігін большевикше мойындап, түзетудің шарасын қарастыруға шақырамыз.

Түзетудің жалғыз-ақ жолы бар, ол барлық еңбекте де марксизм-ленинизм ғылымына сүйену. Кімде-кім осы ғылымға бepiк сүйенбесе, оның кателікке ұшырауы даусыз. Бұл жөнінде Сталин жолдастың төмендегі сөздерін естен шығармауымыз керек: «Дәрігер маманның, дейді Сталин жолдас, онымен қатар, физика немесе ботаника маманы болуының, иә, оның кepiciншe болуының қажеті жоқ. Біpaқ ғылымның бip саласы бар, ғылымның бұл саласын білу, ғылымның барлық салаларындағы большсвиктерге міндетті болуы тиic, ол қоғам туралы, қоғамның даму заңдары туралы, пролетариаттық революцияның заңдары туралы, социалистік құрылыстың даму заңдары туралы, коммунизмнің жеңуі туралы марксистік-лениндік ғылым» (Ленинизм мәселелері, Қазақтын мемлекеттік баспасы, 1940 жыл, 511-бет). Осы ғылымға сүйенсек, біз зерттеу жұмысында да, творчестволық жұмыста да қателіктерді жоя отырып, тек өсу жолында боламыз» (Әдебиет және искусство», 1951, № 7).

Бұл дәлденіп көзделген қарауыл болса да, оғы бытыра еді. Кейін бұл бытыра қайта құйылып, қорғасынға айналды. Өзге де шешендер сөйлегенімен, олардың демеушілік қана демі бар еді. Сондықтан да бұл шешендердің сөздерін келтіріп жатпаймыз.



М.Әуезов «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   65




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет