Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізген қоғамдық



бет26/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   46

Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізген қоғамдық-шаруашылық шарасының бір жолы – ірі байларды кәмпескелеу болса, оған менің көзқарасым Әлихан Бөкейханұлына жазғандарымнан көрінеді. Ол хатта мен бұл істің артын өте көтеріп, теріс бағаладым. Бұндай іс шаруаға үлкен зәбір келтіреді, ел шаруасының іргесі шайқалып, шөгіп қалады дегем. Бұл ұлтшылдық, байшылдық салт-санасының даусыз айқын белгісі еді.

Мен Бөкейханұлын осы мәселеде ұлтшылдық бағыты үшін алысуға (күресуге – Т.Ж.) үндеп, одақтың орталық ордасының алдына апарып осы мәселені қою керек деп үндедім. Мұным өзімнің ұлтшылдық бағытымды (ұстанып), аймақтық басқарушы орындардың жолына қарсы тұру ісі еді.

Осы жөніндегі тағы бір ерекше ескерерлік нәрсе, менің 1927-1928 жылдарда Семейде болған асыра сілтеушілерді бір жақты қарап, ұлғайта сілтеуім де болды. Солай сөйлеу өзге ұлтшылдардың арасындағы өзара сөздерімде де және қазақтан шыққан ұйымсыз, сауатты қызметшілермен сөйлесулерімде де болды.

Ұлтшылдық қозғалысының мазмұны пролетариат қожалығы жүріп тұрған мемлекетте, тап тартысы күшейіп тұрған уақытта – төңкеріс жауының жолы болмай тұра алмады. Өткен уақыттағы біздің «Алашорда» жолындағы ұлтшылдық қозғалысымыз сол жаңағы айтқан төңкеріс жауының жолы болған. Мен сол «Алашорданың» ісіне толық араласқан кісімін. Кейіннен Кеңес үкіметіне қарсы арналған төңкеріс жаулығы сияқты саяси қимылдардың барлығына қаншалық сақ болып, қарсы болмақ болсам да, сонымды нық ұстамадым. Ұлтшылдық дерті болып, тапшылдық көзқарастың қырағылығы болмағандықтан, шынында оны болмады дегенім жаңылыс, себебі менің ұлтшылдығым да барлық өзгелердікіндей, негізінде айқын, тапшыл, ұлтшылдық болған. Ол ауылдағы жарым алпауыт пен байлардың тілеуіне бейім ұлтшылдық болғанымен, Кеңес үкіметіне қарсы болған таптардан өз бойымды аулақтап алмадым. Төңкеріске жаулық ойлап шыққан Заки Валидов тобының ісіне қарсы мен ашық күреске шығуым керек еді. Оның орнына мен солардың төңкеріске жаулық қылған ісіне өзім де жанасқан кісі болып шықтым. 1920-жыл Мәскеуде сонымен кездескен жайымды түгел баяндамай-ақ, сондағы бір ерекше жайды айтайын. Ол Валидовтың ниетімен қарсы екендігімді айқын қып сол жерде айтып берсем де, сөйлесуімінің өзін құпия әңгіме түрінде жасадым.

1920 жылда Заки Валидовтың төңкеріске жаулық ойы мен мақсұттарының бар екенін мен біліп едім. Кеңестік Ресейдің саясатына ырза болмай, «Шығыстың езілген елдеріне» шығамын, сонымен оларды біріктіріп, жекелік аламыз деген ниеті бар (болды).

Мен құпиялық түрі бар жиналыста болдым. Бірақ Қазақстанды тағы бір жаңа ауыртпалыққа салуға ырза емес екендігімді айтсам да, сол жерде Валидовтен асып айқын бой тартып кетпедім.

Сонымен өзімнің басымнан өткен тәжірбиеге қарап толық дәлелмен айтатыным, 1920 жылдың өзінде-ақ артта қалған елдерге ең дұрыс жол – социалистік жол мен кеңес жолы екенін негізінде қабылдап алсам да, мен қателестім. Оның себебі кімде-кім ұлт мәселесін таптық, интернационалдық қозғалыспен қоспай және ұлт мәселесіне бағындырмай ұстаймын десе – ол адам еріксіз ұлтшылдықтың құрбаны болады.

Тағы бір үлкен адасуым – артта қалған елдердің арасындағы төңкеріс «шаруа қорын жалдамай болатын» төңкеріс болуы керек» деп түсінуім де болған.

Мен студенттік жылдарымда Ядринцевтің, Потаниннің, Шаповтардың (Сібір – отарланған ел ретінде) пікірлері бойынша тәрбиеленген едім. Бұлар сияқты басқа да Сібірдің төңкерісшіл жазушылары артта қалған елдердің тағдырына жаны ашып, көңіл бөліп, мұндай елдің барлығы капиталдық құрылыс бағытында болатын шаруа тұрмысындағы, салтындағы тығыз өзгеріске шыдамайды, көтере алмайды деуші еді. Сол бетпен мен социалды рекөнстірексие дәуіріндегі шаруашылық өзгерістеріне үлкен қобалжумен, аса қорқумен қарап келдім. Анығында бұным мағынасызшылдың баққаны сияқты еді. Мұнымның негізгі себебі, шынында менің таптық, ұлтшылдық салт-санамда болуға тиіс. Егер төңкеріс жайынан шын сөйлейтін болсам, езілгендердің бостандығын шын тілесек, капиталдық құрылыстың қалдығын шын жоямыз десек, онда қатты қимылдағанда, құрбандықтан да қорықпайтын болуымызға керек. Және бұл құрбандық негізінде жарым алпауыттар мен байлардың көретін құрбандығы екенін еске алсақ, онда ондай құрбандықтарды жолды (заңды – Т.Ж.) деу ғана керек емес, тіпті қажет деп білу керек.

Бұл күнде мен бұрынғы қауіп, күдігімнің бәрінің орынсыз болғанын көріп отырмын. Қазір біздің көз алдымызға одақтың пролетариатының ұйымдасқан күші бірігіп келіп, сол жеңгізбей келген сақарада өндірістің ұлы дүкендерін орнатып отыр. Ол дүкендер техниканың ең жаңа табысы бойынша құрылған, сол далаларда шойын жол құрылысы, машина-трактор, машина-пішендік стансалары, совхоз, колхоз құрылып отыр. Бұлардың бәрінде үлкен мәшинелер, үлкен жабдықтар орнап отыр. Және коллектив негізіне құрып, жоспармен отырықшыландыру ісі жүріп жатыр. Бұларға одақтық бюджеттен мол қаражаттар беріліп, пұлдай, (қаражатпен – Т.Ж.) техникелері жәрдем істетіп отыр.

Қысқасы, Лениннің: «Артта қалған елдер алдағы елдің пролетариатының көмегімен капиталдық дәуірді аттап өтіп, социалды дәуірге жетеді», деген данышпандық сөзі іске асып отыр. Осындайлық жалпы жайды, Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюуы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды.

Осы айтылған тұрғылардан қарағанда менің бұрынғы қорқынышым, қаупім, үркуім, пролетариаттың күшіне сенбегендік болып шықты. Ал пролетариат күші бұл күнде шын ғажайып іс істеп шығып отыр.

Өзімнің салт-санадағы қаталарым мен, соның негізгі істері тұсында болған әсерлерін түгел толық мойныма алғандықтан, енді «Социалды Қазақстан» басқармасынан менің осы сөздерімді басуды сұраймын. Мақсатым: шын толық күйде кеңес жұртшылығының алдында өзімнің ендігі көзқарасымды білдіру. Сол жұртшылық бұрын менің ұлтшылдық салт-санамның төңкеріске жаулық мазмұнын ашқан еді. Қазір мен өзімнің бұрынғы ісімді қатты күйде кінәлап, салт-сана жолындағы бұрынғы құралымды тастап, ендігі саяси бағытымды анықтап отырмын.

Мен қазір өзіме осы күнде Қазақстандағы социалистік құрылыс жолында қызмет етуді ең ардақты, ең міндетті іс деп санаймын. Қазақстан ертедегі тарихи себептермен артта қалған жер, бұл мен туып-өскен жер, сондықтан бұның өсіп келе жатқан социалистік құрылысының майданында адал қызмет ету менің ендігі борышым. Міне, бұл жолда жандандыратын сенім – біздің қазіргі тарихи дәуірімізде бірінші рет шын, еркін адам қаулының іргесі қаланып келеді деген сенім болады.

Осындай дүние тарихының түйіні шешіліп, шын қоғамдық әділдік жолымен елдердің тағдыры, барлық адам баласының (тағдыры) шешіліп келе жатқанда және қызуы асқан тап тартысының негізімен шешіліп келе жатқанда, өзіңе қай түрдегі болса да мещандық тыныштық пен жайлылықты іздеп, әлі-ақ өтіп кететін қиыншылықтан қорғанып, тайқып шығуды – енді бұрынғы салт-сана, күнделік іс жөнінде істелген қателерімнен артық ұятты қылмыс деп санаймын. Оның орнына жақын заманда, таптық қауымның жасалуы мүмкін болып отырғанда және 17-ші партконференцияның қаулысы бойынша 2-бесжылдықта социализмнің толық жүзеге шығуы мүмкін боп отырғанда, тапсырылған жұмыстың әрбір кезеңінде табан таймай тартысудың сенімі, үміті артпақ. Ол табыстағы басшы тап-тартысында шыныққан социалдық құрылыстың алдыңғы әтіреті, Қазақстанның Өлкелік партия комитеті».

Осы «Ашық хаттың» мәтіні Голошеки мен Исаевтің қолына тиісімен Ә.Ермеков пен М.Әуезовті түрмеден шығару туралы шешім қабылданған сияқты. Мамыр айының ортасында олар еркіндікке босатылды. Социализмнің осындай «қарқынды жасампаздық жеңісін» күмәнсіз мойындап шыққан екі дегдарды сырттағы өмірде мүлдем басқа нәубет, халықтық қасірет күтіп тұрды. Ә.Ермековтің «Хатындағы»:



«Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюуы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды», деген «жұбаныш сөзінің» кәдімгі кеңес өкіметіне тән көзбояушылық екеніне көзі жетіп, «қатты өкінеді».

Ол өзінің «Ашық хат» жазғанына өкінуінің себебін Ж.Бектұровқа:



«...Артынша қатты өкіндім. Неге дейсіз ғой? Түрмеден дәл шығар алдында ОГПУ бастығы мені кабинетіне шақырып алып: «Ал енді сіздерді босатамыз, тек ел ішінде әлі де қиыншылық бар, ашаршылық әлі тоқтай қойған жоқ, абақтыдан шыға салып үркіп, шошып жүрмеңіздер», - деп ескертті. Мен бұл сөзді естіп, оған ойынды-шынды: «Онда біз әуелден-ақ, сірә, қателеспеген екенбіз ғой», - дедім. Сонда ОГПУ бастығы қанын ішіне тартып, сұрланып: «Біз де қателеспеппіз ғой, қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деуші еді, сол рас екен», - демесі бар ма. Мен жарылып кете жаздадым. Не керек, болар іс болып, хатқа қол қойылып қойды», деп айтып беріпті.

Тура осындай өкінішті күйді Сәкен Сейфуллин де басынан кешіпті. Ақынның досы Абдолла Асылбеков өзінің 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:



«Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенімде ол: «Кеңес өкіметіне қарсы күресті дәл қазірден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунік қана безеріп отыра алады, ал әрбір саналы адам бұған көніп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан, кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс. Сен екеуміз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез-келгені: халық үшін деп кеңірдектесіп едіңдер, сол халқың қырылып жатыр-ғой десе, не дейміз?, деп маған сұрақ қойды»,– деген (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 145-146 бет) мәлімет береді.

Бұрын зиялы қауымның арасында: «Тар жол, тайғақ кешуде» алашордашыларды кекетіп жазғанына өкініп, бұрынғы райынан қайтып, оны қайта өңдепті. Кеңес өкіметі туралы пікірі өзгеріпті», - делінетін пікір айтылып жүргенімен, нақты дәлел жоқ болатын. Өзінің қанды көйлек досы А.Асылбековке: «Алаш азаматтарына не бетімізді айтамыз?», - деген мағынадағы жоғарыдағы сөзі С.Сейфуллиннің жандүниесінде үлкен өзгерістер болғанын растайды.


6.

Енді өкінді не, өкінбеді не, бәрібір екі жарым миллион қазақ аштан қырылып үлгеріп еді. Оған алысқа бармай-ақ түрменің алдына шыққанда көз жеткізуге болатын. Алматының түрмесінің алдында қырылған өліктерді тұтқындарға жинатып, қазіргі Сайран көлінің жарқабағының астына апарып көмдірген. Ол туралы сол мезгілде осы түрмеде жатқан біздің әкемізддің әңгімесі «Өзі деақ, жазғаны да – ақ» атты таруда берілген болатын.

Бұл құрбандардың әруағы алдында алаш ардагерлерінің ары таза.

«Ашық хаттың» нәтижесінде Ә.Ермеков шартты түрде сотталып, кешірімге ие болды. Алайда ол үнемі бақылау астында өмір сүрді.



Әдеби өмірге еш қатысы болмаса да оны қазақтың ендігі бас идеологі – рухани көсемі деп санап, әр қадамын аңдып, тиісті ақпар жиып отырды. ОГПУ-дің Қазақстандағы саяси бөлімінің бастығы Миронов пен орынбасары Павловтың 1933 жылы 11 қыркүйек күні Мирзоянға құпия жолданған әдебиет майданындағы ұлтшылдық сарын туралы есепті баянхатында:

«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруіне – татар моллаларының қыр елін жаулап әкелуге ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медіреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.

Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу – жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектеп шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясының шоғырын құрады.

Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен күрес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.

Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы.

Ашықтан ашық алашордашлардың біріне және олармен байланысы барлардың қатарына ең бірінші Әлімхан Ермековті жатқызуға болады. 1) Ермеков Әлімхан «Алашорданың» ірі қайраткері. Қазақ ұлтының болашағы туралы жекелеген әңгімелесу кезінде айтқан Ермековтің пікірлерін ерекше назарға аларлықтай, ол Ермековтің өзінің пантүркістік көзқарасын ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар бұл идеяның ұлттық интеллигенция арасында кеңінен тарап отырғандығын және сол топқа жататын жазушылардың шығармаларынан көрініс беріп отырғанын аңғаруға болады.

Ермеков ең көреген ұлтшылдар мен алашордашылардың алысты көздеген бағдарламаларын кеңейте талдайды. «Алашорданың» талқандалуының басты себебі, Ермековтің айтуы бойынша, марксизмге қарсы қоятындай теориясының болмағандығы екен. Бөкейханов бұл тұрғыдан алғанда, «қазақ халқының өзіндік ерекшелігі» дегеннен басқа ештеңе ұсына алмапты. Ермековтің айтуынша, шаруашылықты басқарудағы революциялық шаралардың есепке алынбауы «Алашорданың» құлауына әкеп соғыпты. Ермековтің тұжырымдамасы оның өзінің баяндауынша: «Қазір кеңес өкіметі шаруашылығының орнығуын барынша қолдап, өзіміздің жас мамандарымызды, өзіміздің интеллигенциямызды жан-жақты дайындай отырып, екінші бесжылдықтың аяқталуын күту қажет, сөйтіп СССР-дегі таптық күрестің босаңсуына мүмкіндік бере отырып, сонымен қатар Түркиямен байланысты нығайтып, оның ұлы держава болуына уақыт беру керек», екен.

Сонда, ұлттық (ұлттық) дәстүрде тәрбиеленген, сонымен қатар еуропалық мәдениетті меңгерген, басқару қызметінде отырған техниканы, индустрияны қолында ұстайтын интеллигенцияға, көзі ашық бұқараға ие болсақ, онда олар «Ұлы түрік елінің» туы астында бірігуге ұмтылады»,– деп мағлұмат берді.

Мұндағы тағылған айып пен айтылған сөздерге идеологиялық-саяси астар беріп, «ұлы түрікшілдік» аңсарға әкеп теліп отырғаны болмаса, бәрі де шындық. Шындық болғанда да, кез-келген ұлттың алдына қойған саналы мақсаты, сара жолы. Қай ұлт парасатты интелигенцияға зәру емес? Соған қарағанда ерекше бөлімнің тергеушілері үшін қазақ халқының құрықтан құтылуы, өркениетке ұмтылуы, қылмыс болып саналатын сияқты.

Ақиқат та содан қашық емес болатын.

«Ашық хат» пен кешірімнен соң да Әлімхан Ермеков қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Тіршіліктің жарына жармасқан бір кездегі «жанартаудай көтеріліп-басылған жігіттің» көрер азабы мен татар қызығы алда болатын. Сол қызық пен азапты пікірлессіз, дос-жарансыз жалғыз басынан кешті. Өйткені «тәубә қылып шыққан Әлімхан мен Мұхтар екеуі» (А.Байтұрсынов) қалған өмірін бір-бірінен саяқ жүріп өткізді. Оған не себеп болды? Нақты дәп басып айту қиын. Мұхтар Әуезов өзін «Ашық хат» жазуға көндіріп, соның нәтижесінде өмірдің де, атақ пен даңқтың да қызығын көруге бұйыртқаны үшін Ә.Ермековке өкпе артып, көңіл сызы ретінде ұзақ сақтауы, орынды ма демей-ақ қояйық, соның өзі мүмкін бе еді? Қайдам. Ал бұл екі аралықта Ә.Ермеков – 1938 және 1948 жылдары он жылға екі рет кесіліп, түрме есігін ашты. Олардың 1932-1938 және 1955-1961 жылдары аралығында тығыз араласып кетпесе де, оқшау пікір алмасуға мүмкіндіктері болды. Бірақ өзара тілдеспеген. Бүтіндей ақталып шыққан «мемлекеттік жылымық» тұсынан кейін де Мұхтар Қарағандыға келіп жүріп Әлімханмен жүз көрісуді қаламаған сыңайлы. Неге? Түсініксіз. Жайық Бектұров бұл туралы өзінің естелігінде:



«Ә.Ермеков бұл өкінішті сөзін М.Әуезовті мақтағысы келгендіктен айтқан жоқ. Ертедегісін кім білсін, Мұхаң әйгілі жазушы атанып, Әлекең көп жыл түрме, лагерь азабын тартып елге қартайып, денсаулығынан айрылып кайтқаннан кейін де бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас жасаған жоқ. Аралары мүлдем суып кетті. Әлекең Мұхаңа іштей өкпелі болып та жүрді, сөйте тұрса да жаратылысынан шыншыл, әділет жолынан таймайтын ол ауызекі естеліктерінде ғұлама інісінің 1932 жылғы абақтыдан шығардағы кісілігін, ерлігін, азаматтығын ешбір көлеңкесіз айтып еді. Қанша өкінгенімен, М.Әуезовтің сол кезде тар қапастан шығып, үйірге қосылғаны қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін зор мәртебе болды. „Абай жолы” романы содан кейін өмірге келді. Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда, менің үйімде Сәбит Мұқановпен ашық әңгімелескенде, жоғарыдағы пікірді айтты. Тіпті, атақты жазушыға Ахметті, Жүсіпбекті, Мағжанды, Міржақыпты неге іздемейсіздер деген өкпесін де сездірді. Алпысыншы жылдары оларды жоқтай қоятын ресми адамдар аз еді»,– деп жазды.

Өтірікке жаны жат Жайық жайсаңның бұл емеуірінінен ұлылардың психологиялық бопсасымен қоса инсандық иірімдер де тұспал танытады. Оған тереңдеп баруды, біз таңдап алған әфсана жанры көтермейді. Сондықтан да Әлімхан Ермековтің өзі тікелей Жайық Бектұровқа өсиет ете қалдырған:



«Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүреді, ешкім ешқандай жұмысқа алмайды. Өмір сүруі қиын соғады. Жас кезінде училищеде оқығанда әр түрлі қол өнерін үйренген екен, содан қасық, ожау, ойыншық жасап, базар маңында басына күрке тігіп жатып, өлер-өлмес күн көреді. Ахаң осы бір ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Ә.Бөкейхановқа хат жазады. Аяулы Әлихан Нұрмұхамедұлы қызыл крест қоғамына барады. М. Горькийдің жұбайы М.Ф.Андрееваға (дұрысы – Е.П.Пешкова – Т.Ж.) арыз айтады. Сөйтіп, Архангельскіге жетпіс доллар жіберіп, Ахаңа көмектеседі. Ақыры оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесілсе де, он жылға айыпталып, мерзімінен бұрын елге қайтады. Қайтып келгенде ол Ә. Бөкейхановқа бір қолжазбасын береді. ,,Бұл менің айдауда жүргенде жазған күнделіктерім. Сірә, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым”, - депті. Ә. Ермеков көрпені „Стеганные одеяла” деп орысша айтты. Мен мұны өзімше „қабымалы көрпе” деп казақшаладым. Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін жалғастырып:

Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де қайда ұшты-күйлі болғаны белгісіз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңіздер табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федорович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті. Ольденбург ірі ғалым. Ол түркі тілдес елдердің тарихын, әдебиетін, фольклорын, мифологиясын жетік білген адам. Көп уақыт Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған ірі оқымысты. Ондай кісінің архиві жоғалмайды, мұқият сақталады, деді.



Сірә, Ахаң өзінің бұл қолжазбасын Ә.Бөкейхановқа Архангельскіден елге қайтпай тұрғанда жеткізсе керек. Біздің қазіргі тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз іздестірсе, Ахаңның бүгінгі ұрпақ білмейтін бір еңбегін тауып та қалар еді деген ойымыз бар. Осыны ғалымдарымызға, жазушыларымызға сүйінші сұрағандай әдейі құлаққағыс етіп отырмыз»,– деген естелігімен «көтеріліп-басылған жанартаудай» қайратты рух иесі туралы әфсанамызды аяқтаймыз.

Алаш идеясының ту ұстаушысы Әлімхан Ермеков он бес жылдай тіршіліктің ризығын татып барып, математика профессоры ретінде дәріс оқып, үйлі-баранды боп, 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеден қайтты.

БЕСІНШІ ТАРАУ: «ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢ ЖАРҒА КЕТКЕН ТҮСІП...»

(Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және...)

1.Мәннан Тұрғанбаев
Сол кезеңде қалыптасқан «дәстүр бойынша», тергеу хаттамасына аты ілінген адамның барлығы да түрмеге қамалып, сұрақ-жауап алынды. Сөйтіп олар тікелей айыпты болмаса да жанама куә ретінде қатыстырылды. Солардың қатарында Орта Азия басмашылары мен Ташкенттегі астыртын ұйымға еш қатысы жоқ, бірақ жалпы «Алаш» қозғалысына атсалысқан зиялылардың барлығы тұтқындалды. Солардың қатарында «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі ретінде Мәннан Тұрғанбаев та тергеуге тартылды.

Анкеталық анықтама: Мәннан Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысындағы «Сарыапан» қыстағында туған. Семей медіресесінде оқығын. 1906-1910 жылдары ауылда халық мұғалімі болған. Уфадағы «Ғалия» медресесіне 1910 жылы түсіп, 1915 жылы бітірген. 1917-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстың меңгерушісі (анкетадан тыс анықтама: сонымен қатар 1917 жылы «Алашорданың» Семейдегі басылымы «Сарыарқа» газетінің редакторының орынбасары, 1918 «Алашорда» атты әскер полкінің жауынгері де болған), 1919 жылы Орынборда шығатын «Ұшқын» газетінің редакторы, 1922 жылдан бастап Семейдегі халық соты кеңесінің мүшесі, қазақ істері жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушісі, төраға орынбасары, 1926 жылдан Қарқаралыдағы педучилищенің мұғалімі, 1928 жылдан қалалық оқу бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Қарқаралыда, ұсталғанға дейін Қапалда қызмет істеген. 1930 жылы 4 көкек күні тұтқындалған. Шаруа отбасынан шыққан. Өз еңбегімен күн көрген. Сотталмаған. Жылжымайтын мүлкі жоқ. Үйлі-баранды. Әскер қатарында болмаған (иә, солай көрсетілген). Кәсібі мұғалімдік. Кеңес өкіметіне қарсы астытын әрекетке қатыспаған. Ешқандай партияның мүшесі болған жоқ.

Мәннан Тұрғанбаевтің басты айыбы – Қарақаралыдағы Ә.Ермеков ұйымдастырған педучилищеде қызмет істегені болса керек. Тергеудегі шағын хаттамада одан басқа деректер көрсетілмеген. Оған қойылған сұрақтардың негізі Әлімхан Ермеков пен Жүсіпбек Аймауытов туралы болған.

«1931 жылғы 11 мамыр күнгі тергеу хаттамасы. «Алаш» партиясына мүше болғамын жоқ және «Алашордамен» ешқандай байланысым жоқ. 20-шы жылы Семей қаласында компартияның қатарына өттім (кімнің кепілдік бергені есімде жоқ), мен ұзақ уақыт іссапарда жүрген кезімде мүшеліктен шығып қалдым, қайтадан партияға кіруге ұмтылмадым. Партия ұйымының ережелерін орындай алмаймын деп ойладым. Сол үшін мені Аймауытов және басқалары қатты сөкті. Мен ол кезде „Қазақ тілі” газетінде Ғалифолла Ысқақовпен және Аймауытовпен бірге істейтінмін. Партияға мүше болмау жараспайды деген желеумен Аймауытовтың және Гурьевтың кепілдігімен мүшелікке өттім. Менің жоқ кезімде Аймауытов газетке редакторлық етті. Газет Губком мен губерниялық атқару комитетінің органы болатын.

Қазақ ұлтшылдарының ішінен мен „Алашорданың” Семейдегі Шығыс бөлімінде істеген Ермеков Әлімханды, Тынышбаев Мұхамеджанды, Ғаббасов Халелді, Ақбаев Жақыпты, Дулатов Міржақыпты білетінмін. Алайда олармен ешқандай байланысым болған жоқ. «Алашордашылар» Ермековті өте қатты сыйлайтын және ол ашық ықпалды тұлға болды. Оның үстіне ол таза қанды қазақ болғандықтан да үлкен сенімге ие еді. Оның ықпалы аса зор еді әрі тұрғындар оны өзге алашордашыларға қарағанда қатты қадірлейтін.

Сұрақ: Тұрғындардың арасынан Ермековті кім өте жақсы көрді: кедейлер ме, орташылар ма, немесе байлар ма?

Жауап: Барлық қазақ тұрғындары жақсы көрді. Мен де Ермековті ерекше сыйладым. Мынадай бір оқиға болды. 27-ші жылы мен Қарқаралы қаласында мұғалімдерді дайындау курсінің меңгерушісі болып жүрген кезімде Ермеков маған сабақтан 10-15 күн кешігіп келген інісін курсқа алу туралы өтініш етті. Мен тілегін орындадым.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет