«Ахмет Аманбаев қазақ даласына аты әйгілі Ағыбай батырдың (Кенесарының қолбасшысы) тұқымы, Балқаш өңірінде аса үлкен ықпалға ие. Аманбаевтың ауылы азамат соғысы жылдары үнемі қырда көшіп жүрді, сөйтіп қашып жүрген «Алашорданың» көсемдерін паналатты, мысалы Міржақып Дулатов кешірім жасау туралы өкім шыққанша осында болды. Сондай-ақ «Алашорданың» белгілі қайраткері, ақгвардияшы эмигрант Райымжан Марсеков 1922 жылы Аманбаевтің ауылын паналады. Ақбаев Жақып та осы ауылда жасырынып, кейін Түркістанға кетіп қалуды ойластырды. Ақмола ЧОН-ының жасағы Аманбаевтардың ауылынан қайдан келгені белгісіз қару-жарақ, оқ-дәрі қоймасын тауып алды»,– деген (М.Абсамет. Сакен Сейфуллин. Астана. 2006, стр.196) мағлұмат берілген.
Ал бұдан кейінгі Қайырлы Оспановтың:
«1930 жылы көкек айында Ақбаевтың Ново-Троицкідегі үйінде бұл мәселеге қатысты – көтеріліс пен Қытайға қоныс аударуға дайындық туралы кеңеске өте көп адам жиналды (40-тан астам кісі келді)», – деген (сонда, 202-бет) көрсетіндісінен Дала генерал губераторына 1909 жылы жазылған:
«Жақып Ақбаев»: «Олар революционерлермен қосылып Альп, орыс үкіметінің беделін түсіруде. Сондай-ақ қазақтарды Қытай мен Ауғанстанға кұшіруді ойластырып жүргендер бар»,– деген «айыптаудың» ызғары білініп тұр.
Бұған қарағанда кеңестік тергеушілер өзінің ата жауы патшалық жандармереяның тергеу ісімен танысып, ондағы тыңшылардың мағлұматын пайдаланғаны анық байқалады.
ОГПУ-дің белсендісі, бұрынғы жылқышы Жылқыбай Түменбаевтің:
«1928 жылы тамыз айында Қарақаралы округінің Берікқара ауданынан Мойынқұм ауданына кетіп бара жатып жолай №16 ауылдың байы Қасенбек Дүйсеновтің үйіне үш күн қона жатып, Еркебек Дүйсеновті, Жуаспай Тасбаевты, Баймағамбет Алдабаевті, Мақтабек Түсіповты, Тәти Бейсеновті шақыртып алып, құпия кеңес өткізді. Жиналғандар Ақбаевтан: «Қазір кеңес өкіметі мен Қытайдың ара қатынасы қалай, кеңес өкіметінің құрығынан қашан құтыламыз?»,– деп сұрады. Оған Жақып Ақбаев: «Байғұстар, шыдаңдар, таяуда қытайлар жеңіске жетеді, қытай үкіметі қазір олардың темір жолын басып алды, бір айдан кейін олар тұс-тұсына қашатын болады. Сендерге не істеу керек екенін айтамын, киіз үйдің сыртында біреу тыңдап тұрмасын, байқаңдар. Сендер енді бұдан былай өзен мен күре жолдың маңына жоламаңдар, Бетпақдалаға шығып кетіңдер. Әйтпесе, қызылдар сендерді қырғынға ұшыратады. Қызылдар келе салып аттарың мен атандарыңды тартып алады»,– деді. Кеңеске қатысқандар бұған қауқылдасып, қуаныштан көздеріне жас алып: «Жақаң біздің көсеміміз. Арыстаным-ай! Оқымыстым-ай! Сенсіз не істер едік? Еркіндіктің өзін қолымызға ұстатқандай болды!»,– десті. Ахмет Бектеміров Жақып Ақбаевқа қарагер атын мінгізді»,– дегеніне илансақ; сондай-ақ Жақып Ақбаев айтты деген:
«Таяу арада, 1930-1931 жылдары кеңес өкіметі қазақтың байларына қарсы көзқарасын өзгертеді, оларды тап ретінде жояды. Қазақ елі осы саясаттың құрбаны болады. Өйткені біздің халқымыз малмен күн көріп келеді. Соған әбден бейімделген. Егерде олардың тұрмысына бейімделсе, онда сөзсіз құриды. Жыл сайын мал тәргіленіп, саны азая береді, сөйтіп малсыз қалған қазақ аштан қырылады. Қазақ шаруашылығына алғашқы соққы 1930-1931 жылдары жасалады. Кеш қалмай тұрғанда мал мен басты аман сақтаудың қамына кірісу қажет. Қазіргі сәтті пайдаланып дайындыққа кіріскен жөн. Қазақтың мал мен басын сақтаудың жалғыз-ақ жолы бар, ол – Қытайға қоныс аудару. Әрине, Қытайда да қазақтарға еркіндік тимейді, Қытай өкіметі өзінің жерінде шет мемлекеттен келген адамдарды тегін асырамайды. Дегенмен де, қазақтың мал мен басын жоюға бағытталған саясатты ұстап отырған Қазақстаннан гөрі Қытайда өмір сүруге мүмкіндік беріледі. Осы ой кеше де, бүгін де мазамды алды. Менің ұсынысым – тұрғындарды Қытайға, Шәуешек қаласына қарай қоныс аударту»,– деген Ал Жақып Ақбаев айтты деген:
«Мен таяуда ғана Берікқара болысынан келдім, тұрғындардың арасынан: қоныс аудару мен көтеріліс ұйымдастыра алатын адам іздедім. Ондай адам өз ауылымнан табылмады. Тағы да соған қам-қаракет жасау үшін келдім. Бұл жолы ондай адамды таптым, ол – Еркебек Дүйсенов, батыл да шешімді адам. Мен оған Шет ауданының және басқа да жерлердің қазақтарымен байланыс жасауға тапсырма бердім»,– деген көрсетінділердің мазмұнына ден қойсақ, онда Ж.Ақбаев көтерілістің тікелей батагөйі ғана емес, шет елдің шпионы да болып шығады.
Әрине, бұл – тәркілеу науқанында Шет ауданы бойынша 18 адамды тергеусіз, сотсыз атып тастаған қарағандылық төтенше бөлім қызметкерлерінің қылмысын әшкерелеген Жақып Ақбаевқа қарсы тергеушілердің кек қайыру бопсасы. Әйтпесе, «Алашорданың» ісімен айыпталып отырған Жақып Ақбаевқа мұндай айып тағу қисынға келмейтін. Дегенмен де қаперлерінде ұстағаны анық. М.Әбсаметтің жарияланымындағы қарағандылық ерекше бөлімнің тергеушілері бұл қылмысқа Әлімхан Ермековті, Сәкен Сейфуллинді, Сәкеннің әкесі Сейфолланы – Жақып Ақбаевтың дем берушілері ретінде тартпақ болған. Бұған сол тәркілеу науқаны қарсаңында Жақып Ақбаевтың Шуда тұруы, Әлімхан Ермековтің ауылына келіп кетуі себепкерлік еткен сияқты.
Науқасы меңдеу тартқан Жақып Ақбаевты тергеуге алудың өзі де оңайға түспесе керек. Дегенмен де:
«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының 1932 жылғы 20 көкек күнгі хаттамасы бойынша:
«Тыңдалды: № 2370 – iс бойынша: Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 – статьялары бойынша; … Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; … жауапқа тартты.
Шешiм: 1.Тынышбаев Мұхамеджанды. … 12. Ақбаев Жақыпты … – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады», – деген үкім шығарылды.
Ол өзге де алашордашылармен бірге Воронеж қаласына жер аударылды. 1934 жылы 4 шілде күні сонда дүниеден қайтты. Соңында Кәмілмұрат, Кәмілшат, Арғуния, Наймания, Аспазия, Андромеда атты ұл-қыздары қалып, үрімді-бұтақты із қалдырды.
3.Даниал Ысқақов
«Алашордашылардың» тергеу ісіне тартылған екінші топтың соңына ала «Біләл Сүлеевтің, Даниал Ысқақовтың, Әбдірахман Мұңайтпасовтың және басқалардың» үстінен №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс) жүргізіліп, олардың жауаптары ІІІ томға тіркелген. Бұл азаматтарға нақты айып тағылмаған, тек көрсетінділерде аты аталғаны үшін ғана тергеуге тартылған. Олардан алынған сұрақ-жауаптар да бір-екі протоколдан аспайды. Оларды айыптылардан гөрі куәлардың қатарына жатқызуға болады. Солардың бірі – Даниал Кәкітайұлы Ысқақов.
«1931 жылдың 14 сәуірі. Алматы. ПП ОГПУ-дің 3 ерекше бөлімінің өкілі подполковник Лаптев осы күні тергеуге түскен №23-70 іс бойынша «Тынышбаев Мұхамеджанға және басқаларға ҚІК 58-7, 58-11, 59-3 баптар бойынша айып тағылғандармен» байланысы жөнінде жеткілікті айғақтар болғандықтан да Даниал Ысқақовты тұтқындау туралы қаулы қабылдады. Семей губерниясынан шыққан, 33 жаста, Ташкент қаласының тұрғыны, партияда жоқ, жоғары білімді, Орта Азия ауыл шаруашылығы институтының жанындағы рабфактің оқытушысы, үйленген, бұрын сотталмаған, жауапқа тартылмаған. Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысқан, солармен бірге ұлтшылдық идеясын насихаттаған және тұрғындарды кеңес өкіметінің шараларына қарсы үгіттеген. ҚК-нің 12-8 баптарына сәйкес Даниал Ысқақовты №3470 істе көрсетілген ҚК-нің 58-10, 58-11 баптары бойынша жауапқа тартуға қаулы етілді.
Бұл туралы ГПУ-ге қарасты мекемелерді қадағалайтын прокурорға хабарланды. АТП өкілі Саенкомен келісілді. Рогожин».
Анкеталық анықтама: Даниал Кәкітайұлы Ысқақов – Абайдың туған інісі Ысқақ Құнанбайұлының немересі. Семейдің мұғалімдер гимназиясында Ж.Аймауытовпен, М.Әуезовпен қатар оқыған. «Алашорданың» Семейдегі «Талап» жас алаш ұйымын құрушы, оның жарнашысы, «Абай» журанлының демеушісі болған. Алашордашылар жаппай қуғындала бастағанда бесіктен бірге өскен досы Мұхтар Әуезов екеуі Ташкентке ауысқан. Онда Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкентте «Сана», «Шолпан» журналдарын шығаруға қатысқан. «Сананың» жарық көрген алғашқы екі санында М.Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал» пьесасының әлеуметтік астары мен көркем бейнеленуі туралы «Қорғансыздар» атты әдеби сын мақаласы жарық көрді. Бұл сол тұста нақты көркем әдеби сынның талабына толық жауап беретін пайымды басылым болып табылады.
Тәркілеу науқанында Құнанбай тұқымдары тұтастай қуғынға ұшырап, жер аударылғанда оларды Ташкент пен Шымкент маңына жасырын қоныстандырған. Оған «үш-төрт жасар халық жауының тұқымы», Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың қызы Мінәш Ысқақованың:
«Шамасы 1929-1930 жылдардың бірі болар, менің туған әкем Әрхам Кәкітайұлы "Құнанбай ұрпағы" болғаны үшін қуғындалып, басына тұтқындалу қатері төнгенде Мұхтар ағаның көмегімен (естелік кеңес тұсында жазылғандықтан да Даниал Ысқақовтың есімін тура атаудан секемденген, кейін алғашқы мәтінді өзгертуге Мінәш апай бізге ықылас білдірмеді – Т.Ж.) Ташкент түбінен пана тауып, сонда қоныс тепкен екен. Әкемнің соңынан іздеп барған анам Сақыпжамал 3-4 жасар мені өзімен бірге ала кетіпті. Бізді Ташкентте қарсы алған, пәренже жамылған әйел (ол Зина деген апай еді, 1961 жылы көргенмін) анамды өзбектің арбасына отырғызды да мені алып қалды (Әкесі Әрхамның жасырынып жатқан жерін сыр сақтауды қаперіне ала қоймаған жас нәрестеден жасырған – Т.Ж.). Бөтен адамнан қорқып, жылап келе жатқан мені биік үйдің жанында тұрған екі ер адамның қасына әкелгенде, аққұба өңді кісі мені құшағына алып: "Жылама, мен сенің ағаң Дәкумін. Ал мына кісі Мұхтар ағаң. Қазір сені Мүкәрәма апаң ертіп әкетеді, ертең әке-шешеңе өзіміз апарамыз",– деді. "Ағаң, апаң", - деген жылы сөз бен аққұба, қара торы өңді туыстарымның бейнесі жат жерде бірінші рет көргендіктен бе, жоқ әлде балалық сезімнен бе, әйтеуір күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпей, сақталып қалыпты. Және Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді»,– деген (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл.200-бет) естелігі толық дәлел.
Ташкент қаласында Мұхтар Әуезовпен бір үйде тұрған. Екеуін де қатар тұтқындап әкеткенде көшеде қаңғырып қалған Мұғамила Мұхтарқызын қашан Әлкей Марғұлан мен Шафик Шокин Алматыға әкеп орналастырғанша паналатқан адам – Даниалдың әйелі, естек қызы Мүкарамма бегім болатын.
Даниал Ысқақовтың шығармашылығы қалың көпшілікке бейтаныс. Сондықтан да оның негізгі еңбектеріне қысқаша шолу бере кетуді жөн көрдік.
Даниал Ысқақовтың алғашқы әдеби сыны “Қорғансыздар” (Әуезұлының „Бәйбіше-Тоқалына” тексеру) – деген атпен автордың өзі басқарма мүшесі яғни шығарушысы болған “Сана» журналының 1924 жылғы №2-3 сандарында басылған. Мақаланың соңында: «Егер «Бәйбіше-токалдың» идеясы, әсердің түрі осы айтылғандай деп танысақ, тексерушінің ендігі міндеті: жазушының ол мақсатын қандай дәрежеде орындай алғанын, пьесаның көріністерін, байланыстарын сол мақсатына үйлестіре алған, үйлестіре алмағанын қарастыру болмақ. Енді соны орындауға көшеміз. Даниял. (Аяғы бар)»,– деп көрсетілген.
Журналдың жабылуына байланысты мақаланың соңы басылмай қалды. Қолжазбасы сақталды ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Т.Жұртбайдың алғысөзімен 1986 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде, сондай-ақ “Абай”журналының 1993 жылғы № 6 санында жарияланды. Ал оның аудармалары мыналар: “Үлкен бақшашының өмірі” – А.П. Чеховтің әңгімесі. 1926 жылы Мәскеудегі Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан 3.000 данамен басылып шыққан. “Төрт күн” – орыс жазушысы В.М.Гаршиннің «Четыре дня» деген әңгімесінің аудармасы. 1926 жылы Мәскеудегі Қазақстан мемлекет баспасының Күншығыс бөлімі 3.000 данамен басып шығарған. Сонымен қатар Г.И.Серебрякованың «Маркстың жас шағы», поляк-орыс жазушысы Бруно Ясенскийдің “Терісін ауыстырған адам” (“Человек меняет кожу”) атты романдары 1935 жылы Д.Ысқақовтың тәржімасымен қазақша басылып шыққаны туралы «Әдеби өмір шежіресінде» («Қазақ Совет әдебиетінің тарихы». Бірінші кітап, 1967) атап көрсетілген. Бірақ бұл екі аударма кітап әзірше табылмай отыр. Д.Ысқақовтың бұл әдеби шығармалары Т.Жұртбайдың құрастыруымен шыққан «Алаш ақиықтары» атты жинақта барынша жинақталып басылды.
Абдолла Байтасовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, Сәбиттің, Әбдірахманның, Қошкенің пікірлеріне пікір қосады, Әбдірахманның сыңаржақ пікірлерін сынайды, әдебиеттің ұлттық сипатта болуын қостайды. Ескерте кететініміз, бұл мақала осы уақытқа дейін Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің атына телініп келді. “Көркем әдебиет туралы” мақаласы – «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында “Екеу” деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін “Қазақ әдебиетінің” 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары – Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов деп, екі жазушының “Екеу” деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Нағында бұл – белгілі алаш мәдениетінің қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы тергеуге алынып, түрмеге қамалған.
Мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында:
«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниал. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А. Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз,– дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағдаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»,– деп анықтап тұрып көрсеткен.
Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: “Алқа” жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің мәдениет туралы саясатына қарсы шығып мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді” – деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Шындықты қалпына келтіру мақсатында алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақала нағыз иелері – А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет «Алаш ақиықтары» атты жинақта жарияланды. Сонымен, тергеу ісіне оралайық.
1931 жылы 14 сәуір күні тергеуші Лафиулов Даниал Ысқақовтан жауап алған. Тергеудің негізгі бағыты «Сана» журналындағы ұлтшылдық идеологияның, яғни, көркем әдебиеттегі ұлттық сана мен ұлттық көркем шындықтың насихатталуын әшкерелеу тұрғысында жүргізілген:
«Комиссияның жоспары бойынша («Сана» журналының) екінші санын жарыққа шығару көзделген. Түркхалкомағарту мекемесінің мемлекеттік ғылыми кеңесіне қарасты ғылым комиссиясына қызметке келгенімше оның бірінші саны шығып үлгеріпті. Менің есімде сақталғаны, ол журналда мынадай мақалалар жарияланды:
1.ГУСОМ бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.
2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.
3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.
Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.
Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты – оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда онда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.
Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады. Д.Ысқақов».
Ал Даниал Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас.
«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы: Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретін шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.
Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.
«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.
Әділевпен мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен онымен Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)».
Міне, Д.Ысқақовтың «қылмысы» да, жауабы да осы. Тек тергеудің мысын қайыру үшін өзінің «Көркем әдебиет туралы» мақалаға қатысын жеңілдетіп баяндап отыр. Ал ай бойы ұстаған «Алқа» бағдарламасын оқымадым дегені – жорта жауап. Сонша көлемді де емес және пікір білдіруге ниеттенген мақаланы оқымауы мүмкін емес. Қалай болған күннің өзінде Даниал Ысқақовтың айыбы толық дәлелденбейді. Осыған орай Мәскеу тергеушілері:
«ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкіліне: Ермеков Әлімханды … Ысқақов Даниалды … жауапқа тартқан №2107 істі ОГПУ-дің коллегиясының 32 жылғы 3 наурыз күнгі қаулысына сәйкес қосымша тергеуге жіберіп отырмын»,– деген (ІІІ том, 205-бет) ілеспе хат жолдаған.
Қосымша тергеу де күткен нәтижені бермесе керек. Амалсыз кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы:
«… Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял түрмеден босатылсын. (Қолы)», – деген Қаулы қабылдауға мәжбүр болады.
Құрығына түскенді құтқармайтын кәнігі тергеушілер Қаулының соңына: «Бақылауға алынсын», – деген бұрыштама қойып, оған жеңіл ғана «қарғыбау тағып» қоя берген.
Құпия бақылау мекемесіне берілген бұл нұсқау, яғни «Бальзактың шегірен былғарысы» 1938 жылы тұзаққа айналды. Даниал Ысқақов Алматыда ұсталып, жазаға тартылды. Қосымша әфсаналық деректерге қарағанда Даниал Ысқақов атылмаған, 1945 жылы айдауда жүріп дүниеден қайтқан-мыс. Ұрпақтарының шежіресінде де солай көрсетілген. Оған өжет мінезді, өткір тілді, Кәкітайдың кіші әйелі Бибі азапты жылдары бауырына басып, «кекшіл, өкпешіл, қайдағы-жайдағы әңгімені құлағына құйып алатын, өкпе-назды кеудесіне ұялатқан», зайырлы ұстаз Мінәш Әрхамқызы Ысқақованың естелігіндегі Даниалды бауырына басқан Бибі апаға Мұхтар Әуезов айтқан бір сөздің астары негіз болған. Түрмеден босаған соң да Мұхтар мен Даниалдың арасы ажырамаған.
Мінәш Әрхамқызы: «1935 жылы анам Сақыпжамал қайтыс болып, әкем екеуміз Алматыдағы Дәку (Даниал) ағаның үйіне келдік. Сонда Мұхтар аға Дәку ағамен қазіргі Құрманғазы көшесінде қарсы есіктес көрші тұрды. Астанаға келген соң мен ондағы 12-ші мектепте оқыдым. Дәку ағалардың үйіне барғанда Мұхтар аға екеуінің қатар жүріп, қатар отырғанын жиі көргендіктен болар, мен ол кісілердің алдында еркін жүріп, еркін сөйлейтінмін. Дәку аға өте бауырмал, балажан адам еді. Мені "жетім" деп аялай ма, әйтеуір ерекше жақсы көруші еді.
Сол кезде Дәку ағаның үйі толған жетім балалар еді. Шағатай, Шыңғыстай, Саида, Зәкен, өзінің Динар, Роза, Марат атты балалары ұзын ас столында қаздай тізіліп отыратын едік. Әйелі Мүкарамма шешеміз біріміздің шекемізден шертпей тамақтандыратын. Қазан қаласының университетін бітірген, ұлты башқұр болуға тиіс, өзінің ұлт тілін сындырмай, ас ішкенде асықпай, сөйлемей, қасық, шанышқыны дұрыс ұстап отыруға көңіл бөліп: «Аш ішкәнә шашмағыз, бойығызға сіңім, қолығыңызды жуығыз», т.б. деп түсіндіріп, тәрбиелеген, көркіне санасы, мәдениеті жарасқан, өте сабырлы, иман жүзді, дауысын көтеріп сөйлемейтін, қоңыр үнді, ақылды ана еді. Ашық күнде жай түсіп, Дәку аға тұтқындалды, өзін тергеу орыны шақырып, жер аударды. Далада иесіз қалған үш баласын Ташкентте тұратын апасы Мәрзия азар жинап әкетіпті. Талай қорлық, зорлық көрсе де қажырлықпен үш баласына жоғары білім әперді. Динар, Роза Алматыда оқыды. Марат Москвадағы Ломоносов атындағы университетті бітірген. Математика ғылымының кандидаты. Қазір бәрі де зейнеткер, Алматыда тұрады. Мүкәрәмма, Мәрзия апайлар Ташкентте тұрып, ұзақ жасап қайтыс болды...
Достарыңызбен бөлісу: |