Содан... 1945 жылы Абай атамыздың 100 жылдық тойы халықтың бір қуанышты, бір қайғылы кезеңінде өтті. Себебі үйінен соғысқа аттанған 2-3 азаматының бірде-бірі тірі оралмай, жерге қарап қалған шаңырақтағылар да, майданнан жарымжан болса да тірі оралғанына тәубә еткен отбасылар да көп болатын. Соған қарамастан бүкіл ел Абайдай дана бабасының тойынан рухтанғандай, бойларына күш алып, қаяу көңілдері көтеріліп серпілгендей еді. Осы тойға әжем Бибі Павлодардан арнайы шақырылды. Ол кезде әкем Қасқабұлақта тұрғандықтан, үлкен апам аудан орталығындағы менің үйіме түсті. Атам Оразмағанбет пен енем Үмітай әжемді құшақ жая, жылап, көрісіп қарсы алды. Анық білетінім, біздің үй – мен келін боп түскен осы Байзақ би баба шаңырағымен бұрын да құдандалы, сыйлас адамдар екен. Әжем ескілік салтты өте қатаң сақтайтын, иманжүзді адам еді. Ол кісі өте жақын болмаса да кісі аттарын тергеп, Құнанды (Күземе), Торғайды (шырылдауық), Топайды (асық атты) деп күлкіге батыратын. Бұл жолы да сол салтын сақтап, төрге салынған көрпеге жетелеген енеме: "Би атамның төріне шығып, алжыды деп ойлайсыңдар ма?",– деп ортадағы төсекке арқасын сүйеп отырды.
Өткен күндердегі қуаныш, өкініштерін айтысып, бірде жылап, бірде күлісіп жатқан мезетте үйге дауыстап сәлем беріп, Балташ аға (Балтақай Толғанбаев) мен әкем және Мұхтар аға кіріп келді. Мұхтар аға кірген бетте жіті басып, төсек жанында отырған әжемді: "Кіші апа!"– деп құшақтай алды. Әжем сәл таңырқап: "Жаным-ау, Мұхтарсың ба?" – деп маңдайынан сүйді де: "Мұхтар-ау, Дәкуім қайда, Дәкуім?",– деп зарлап жылап қоя берді. Оқыс оқиғадан ұялып калған мен: "Әже, әже қойыңыз",– деп айырайын десем, Мұхтар ағаның да көзінен ыстық жас моншақтап тұр екен. Мен кері қарай серпілдім. Осы кезде әкем таяп келіп: "Жеңеше, сабыр етіңіз. Мұхтардың ортамызда тірі жүргеніне тәубе дейік. Абай атасының 100 жылдық тойын тойлатып, тоз-тоз боп кеткен ұрпақтарын жан-жақтан жинатып, бастарыңызды қосып жатқан, міне, осы Мұхтар. Басқаның қолынан бұл іс келмес еді",– деді. "Мұхтардың тіршілігі",– дегенде әжем дауысын көтеріп: "Мен Мұхтарға неге тірі жүрсің деп отырмын ба? Тел қозыдай қатар жүретін сыңарың Дәкуім қайда деп сұрап отырмын ғой", - деп алып: "Момыным-ау, ақкөңіл, ақботам, аңқауым Дәкуім-ау",– деп тағы боздай жөнелді.
Сол сәтте Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",– деп әжемді қайта құшақтады. Әжем жылауын тез тиып: "Аузыңа май құлыным, қапаста қамыққан қарақтарым-ай, бейнеті ештеме етпес, құдай-ау тірі көрсете гөр...",– деп Мұхтар ағаны құшағына алғанша, ол кісінің сағынышы мен жастық шақтағы ана көкірегін аңсағанынан ба, аузын толтыра: "Кіші апа-ау, Кіші апа",– деп маңдайын әжемнің кеудесіне төсеп еркелегендей болғанда Балташ аға әзілдеп: "Мұхтар, бізге де бірдеңе қалдыр, Бибі әже біздің де анамыз ғой", - дегенде үйдегілер ду күліп, көңілсіздік серпіліп, көңіл орнығып қалып еді.
Әжем – Кәкітай атамның екінші әйелі болған. Осыған орай ағайындарымыз ол кісіні "Кіші апа" атандырған. Дәку аға осы әжемнің бауырындағы меншігі екен. Семейге жиі қатынап, барлық қажеттерін өтеп, еркелетіп өзі тәрбиелепті. Әрине, әжемнің сол қамқорлығынан Мұхтар аға да құр қалмағаны анық»,– деп еске алады (сонда, 200-203беттер).
Ұрпақ арасындағы тылсым құпияларды тарқату әдепсіздік болар. Дегенмен де Мінәш апайдың: «Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді» және «Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",– деген сөздердің астарында тағдырлы тұспал жатқанын ескерте кетеміз.
Кеңгірбай бидің батасымен Ырғызбайдың тұсында «шынжыр балақ, шұбар төстік» қонған, тағы да сол батаның жорымы бойынша: «Тоғыз ата болғанда, тоз-тозала болмақпыз», – деген Әубәкір Құнанбаевтың «Елімен қоштасуындағы» аян шындыққа айналды. Ырғызбайдың, Құнанбайдың, оның ішінде Абайдың тұқымдары тоғызыншы буында «тоз-тозала болды». Соның бірі – Даниал Кәкітайұлы Ысқақовтың алаш идеясы жолындағы кешкен тауқыметі осындай.
4.Қошке Кемеңгеров
Тергеуге тартылып, бірақ сұрақ астына аз алынған, көрсетінділері де шағын алаш азаматының бірі – Қошке Кемеңгеров. Мұның басты себебі: жалпы тергеу ісі аяқталып қалған, алдыңғы топтағылардың істері Мәскеуге жіберіліп қойған. Кейбір адамдардың қылмысты істері дәлелденбегендіктен де ол жақтан тергеу істері кері қайтарылып жатқан. Тергеу барысына осы жайт та әсер етсе керек.
Анкеталық анықтама: Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров – 1896 жылы 15 шілде күні туған. Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебінің екі класын бітірген, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін тәмәмдаған, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған, аспирантураға түскен. Қазақ тұрмысы туралы көркем шығармалардың, көсемсөздердің, тарихи зерттеулердің авторы. Тұңғыш қазақ драма театрының сахнасы 1926 жылы 11 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылған.
Әдебиеттің ұлттық сипаты мен таптық ұстанымы туралы баспасөзде Қ.Кемеңгеровтің «Көркем әдебиет туралы» ( «Еңбекші қазақ», 1926 жылғы 1 желтоқсан), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 30 қаңтар) атты мақалалары жарияланды. Ол Сәбит Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» атты мақалаларына пікір қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №2 санында жарияланды. Содан кейін тұңғыш рет араб қарпінен крилл қарпіне қотарылып, Т.Жұртбай құрастырған «Алаш ақиықтары» атты жинақта басылым көрді.
Оған осы мақаласы үшін:
«Кеңес өкіметінің мәдениет майданындағы шараларына баспасөзде қарсы шықты, астыртын «Алқа» ұйымына қатысты»,– деген айып тағылды.
Қошке Кемеңгеров 1930 жылы 17 қыркүйекте М.Әуезовпен, М.Күдеринмен бір күні тұтқынға алынды.
«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң 1932 жылғы 20 көкек күнгі мәжiлiсiнiң № III/к мәжілісхатының көшірмесі:
Тыңдалды: № 2370-iс бойынша: … Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты».
Алайда ұзақ уақыт нақты айып тағылмай, сұраққа тартылмай келген. Оған алаш әдебиеттануын түбегейлеп зерттеген Дихан Қамзабекұлының жарияланымындағы төмендегі жауап толық дәлел:
«ҚСР-ындағы ОГПУ басқармасына тергеуде жатқан Қошмұхамед Кемеңгерұлынан Мәлімдеме
Жазықсыз абақтыда отырғаныма, міне, 10 ай өтті. Маған Қылмыс Кодексінің 58 (11-7) бабы бойынша айып тағылыпты. Бірақ мен өзімді кінәлі санамаймын. Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін жекебасылық немесе қоғамдық сипаттағы салмақты негіз болу керек. Менде ондай жағдай болған емес, нақтырақ айтсам, мұғалім кезімде материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз етілген едім, бұған қоса Шығыстану факультетінің аспиранты ретінде маған ғылыми перспективалар ашылған-ды. Қоғамдық сипаттағы негізде Кеңес өкіметіне қарсы болу деген – қаражүзділердің реакциялық әрекеттерін, ұлы державалық шовинизмді қайта жандандыру. Мұндай қаскүнемдікті кім жақтайды? «Алаш Орданың» басшылығындағы буржуазиялық-ұлттық қозғалыспен байланысымды 1919 жылдың басында үзгенмін. Содан бастап мен өзімді ілгері ұмтылғандардың қатарындамын деп есептеймін, мұны жарияланған еңбектерім (дұрыстап аударылып, түсінік жасалса) растайды. Ұлтшылдық дүниетаным қалдықтарынан 1922 жылы, Қазақстандағы коллективтендіру мен таптық айырылым қатаң басталған уақытта біржолата құтылдым.
7 жыл ішінде мен Ташкентте түрлі оқу орындарында сабақ бердім. Осы уақытта менен дәріс тындаған шәкірттердің қайсысы болсын сабақ үстінде кеңес өкіметіне қарсы ой білдіргенімді айтса, өзімді айыпты санар едім. Маған Шығыстану факультетінің екі студенті жала жауып, куәлік беруі мүмкін деп ойлаймын, өйткені олар өздерінің жеке карьерасының жолында мені бәсекелес деп пайымдаушы еді. Жыл сайын жазда қымызбен емделу үшін мен Сібір өлкесіндегі ауылыма барамын. Егер туған ауылымдағы біреу мені кеңестік шараларды бұзды, кеңеске қарсы үгіт жүргізді десе, өзімді айыпты санар едім. Қайта мен туған елімде егінді кеңейтуге, жайылымды жақсартуға, колхоз құруға ықпал жасадым. 10 ай ішінде маған шімірікпестен жала жапқандармен жүздестірмеуді заңсыздық деп есептеймін. Мен Сіздерден өз қолыммен жазған куәліктеріме ғана назар аударуларыңызды сұраймын. Ташкентте тергеуші Ағабековке берген жауабымды біржақты деп санаймын. Өйткені ол: қараңғы карцерге саламын, тіпті атқызамын – деп қорқытты. Мен III дәрежелі туберкулезбен ауырамын, мұны анықтаған комиссияның 2 шілдеде берген актісі бар. Олар мені І-топтағы инвалид деп тапты. Абақтының ауыр жағдайында туберкулездің салдарынан ерте жан тапсыруым мүмкін.
Менің осы айтқандарыма назар салып, емделу үшін босатуларыңызды өтінемін. Тіпті болмаған жағдайда қолхат беріп аз-кем сауығып алсам деймін.
17 шілде, 1931 жыл. Алматы абақтысы» (Қ.Кемеңгерұлы. Шығармалары. Құрастырған Д.Қамзабекұлы. А.Алаш. 2005 199-200 беттер).
Бұл көрсетінді ешқандай деректік салыстыруларды қажет етпейді. Барлығы да тергеу барысындағы оқиғаларды қамтиды. Тек Ағабековтің тергеушілік пен қоса тергеуге тіркелген хаттар мен тілшелерді, жекелеген мақалалларды аударумен айналысқанын да еске сала кетеміз.
Осыдан тура екі ай кейін, 1931 жылдың 17 қыркүйегі күні Қошмұқамед Кемеңгеров тағы да жауапқа шақырылады. Бұл жолы тергеушілер тұтқындалған адамдардың көрсетінділеріне жүгініп нақты сұрақтар қойған. Соған орай:
"23-жылы мен Қызылорда қаласында болып, ғылыми ағарту жұмысына қатысты мәселелермен айналыстым. Ол кезде мен Ташкентте тұратынмын. Ысқақовтан сұрасаңыздар да айтар, ол уақытта Ермеков те, Байтасов та Ташкентте тұрған емес, сондықтан бірге жүрген емеспіз.
Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен. Оған партияда жоқтар да, коммунистер де қатыса алатын көрінеді. Үйірме ассоциация ретінде ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан сияқты – деді. Платформаның жарғысымен танысып шықтым. Мен ол кезде материалистік іліммен таныс емес едім, сондықтан да бағдарлама жалпы алғанда орынды сияқтанды. Мен оны қазір оқысам, оның марксизммен арадағы қайшылығын аңғарған болар едім. Бұл 25-жыл болатын. Сәрсен мен Жәкен: ассоциацияға коммунистер де, партияда жоқтар да қатысады. Пікір білдіріңіз – дегенді айтты. Бірақ та бұл мәселе жөнінде ешкіммен хат алмасудың реті келмеді. Онымен танысқаным туралы тізімге қол қойдым ба, жоқ па, білмеймін, нақты есімде қалмапты. Байтасовтың Смағұл Сәдуақасовқа бағдарламаны көрсеткенін білемін. Мен онымен бұл мәселе төңірегінде әңгімелескен емеспін. Мұның барлығы жай ғана сөз күйінде қалды, ешқандай отырыс болған жоқ.
(...) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқан мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін»,– деп жауап берген.
Бұл жауапқа да тереңдеп, не таратып түсінік беріп жатудың қажеттігі жоқ сияқты. Өйткені, мұндағы негізгі айтылған мәселелер М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің жауаптарында толық талданғандықтан да қайталап жатпаймыз. Екі жылға созылған тергеу:
«… 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдаумен» аяқталды.
Әрине, бұл шешім емес – сот үкімі еді.
Тергеу тігіндісіне қатталған, тінту кезінде тәргіленген, жоғарыда көрсетілген Д.Қамзабекұлының басылымында жарияланған екі хатты Қ.Кемеңгерұлының тергеудегі жауабына тікелей қатысты болғандықтан да және олардың арасындағы қарым-қатынасты анықтайтындықтан да назарға ұсынамыз.
Бірінші хат, Қ.Кемеңгерұлының 1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі жауабында: «Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық»,– деп атап көрсеткен Абдолла Байтасовқа арналған. Ал А.Байтасов туралы мағлұматтар «Жетілмеген елдің баласы» атты тарауда берілген болатын.
«Ғабдолла дос! Жағдайың қалай? Орынборға қайтіп жеттің? Қазақстандағылардың халі оңды ма? Қайтар сапарыңның алдында жолыға алмағандығымнан, бұл хатты тездете жіберіп отырмын. Жыл басында Қазақстан мемлекеттік баспасы ауыл шаруашылығынан оқулық жаз деп қолқа салып еді. Мен осыны ойластырып, керекті материалдарды қорытып жатырмын. Баспадағылар мұны қашан баса алады екен, соны білші.
Екінші өтінішім: Госпланға соқ, Смағұлға жолық. Біз тараптан қандай көмек қажет екенін біл. Оның бізге қандай жәрдемі керек екенін де айт. Смағұлда қабілет те, жүрек те бар. Менің бұған онымен "Жас азаматта" істес болған кезде көзім анық жетті.
Түркістан мәселесі туралы ондағылар қандай шешімге келгенін де сұрашы. Екі облыс Қазақстанға қосылса, қазақ мекемелерінің жайы не болмақ? Ташкентті астана ету мәселесі де көтеріліп еді ғой.
Хат жаз. Жарайды, сау-саламатта бол! Құшақтасып көріскенше. Бауырың Қошке. 13.ІҮ. 1924 жыл».
Осы хатқа және оның мазмұнына ғана емес, Абдолла Байтасовқа қаратыла жазылған М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, Д.Ысқақовтың, Е.Байғасқиннің тігіндідегі хаттары мен тілшелеріне, ілеспелеріне жүгінсек, онда осынау алаш оғланының – Абдолла Байтасовтың ел сеніміне кірген, жұғымы бар, сыр бөлісе алатын, «досы көппен – сыйласқан, досы жоқпен – сырласқан», бұйымтайды тиянақты орындайтын ықтиятты екені анық танылады. Оның осы мінезін ашу үшін де Қ.Кемеңгеровтің хатын көпшілікке қайыра ұсындық.
Ал келесі Дінше Әділевке жолданған хаттың қазақ өнері тарихына тікелей қатысы бар. Өйткені, Дінше Әділев – Қазақ театрының тұңғыш директоры, ал Қошке Кемеңгеров – театр шымылдығын ашқан тұңғыш пьесаның авторы. Демек олардың арасында өзара шығармашылық байланыс болуы заңды. Омбыдан таныс, өзара шымшыма қалжыңы бар, еркін сөйлесетіні хаттың мәтінінен анық аңғарылады. Оқу-ағарту комиссариатында мәдениет пен жастар ісі жөнінде ұйымдастыру саласымен айналысып, Діншенің «алаш ісі үшін жан аямай тер төгіп жүрген кезі» (Діншенің өз сөзі).
«Дінше бауырым! Денсаулығың жөнінде, қызметіңнің өскені турасында естідік. Әлі күнге сүр бойдақ жүргеніңді де білдік. Мейлі, әзілді қоялық. Іске келейік.
Ғұмырыңда талай тарихты бастан кешірдің ғой сен. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Сенің сонау Қиыр Шығыс сапарыңнан бастап қазіргі өміріңе шейін терең танысқым келеді. Қандай мақсатпен коммунизм жолына түстің? Бұл жолдан неге ауытқыдың? Және өзің көрген уақиғалар хақында, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достарың туралы қысқаша ақпар бер. Жалқауланба. Уақытыңды бөл. Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой. Мен қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуға отырдым.
Егер Түркістандағы ерліктерің туралы хатқа жаза алмасаң, онда ауызша айт. Бір жерде кездесейік. Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме бер. Осы өтінішімді аяқсыз қалдырма. Өзіңе сенемін.
Ниеттес тілеушің һәм досың Қошке. 16.ІІІ.1925 жыл».
Хаттың мазмұнына қарағанда, «Алтын сақина» пьесасын сақнаға қою үшін емес, М.Шолоховтың «Тынық донындағы» Григорий Мелеховтың тағдырына ұқсас «партизанның өмірінен» роман жазуға ниет еткендіктен қолына қалам алған. Жалпы, Діншенің тағдырына сол тұстағы М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты жазушылар шығармашылық ықылас танытқан. Соның ішінде дерек ретінде расталып отырғаны осы Қошке Кемеңгеров қана. Әрине, бұл тілек – тек тілек күйінде қалған. Романның қандай дәрежеде орындалғаны, қолжазбасының тағдыры, бимәлім. Бұдан кейінгі екеуінің де өмірі аласапыранға араласып кеткендіктен де бұл тақырыпқа қайырылып соғуға мұршалары болмауы да мүмкін.
Қалай дегенмен де, араға бір жыл салып барып, 1926 жылы 12-қаңтар күні қазақ драма театрының сақнасы Дінше Әділев директор боп тұрғанда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» ашылған. Бұл екі адамның да аттары қашан тәуелсіздік алғанша жартылай жабық күйде болғандықтан да, алғашқы премьера Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіне» тиесілі болып келді. Бар айтарымыз, жоғарыдағы хат екеуінің арасына бір нәзік байланыс орнатқаны анық.
Жалпы, Қошке Кемеңгеровтің табиғи болмысынан дәрігерлік пен жазушылық өнерді нәзік байланыстырып тұрған сезім сәулесі анық аңғарылады. Оны Алматының түрмесінде жатқанда елдегі жарына жазған:
Ашығып үш күн болды жаттым төзіп.
Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.
Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,
Қаласың әлде кімге көзің сүзіп, –
деген ұшбу өлеңінен түйсінуге болады.
Бұл болмыс – осы текке қатысты тектік түзілім де сияқты. Өйткені сезімін көркем жеткізуге ұмтылу Қошкенің балаларының ғана емес, оның немересінің де, өзге емес, өз шәкіртіміз, ата мұрасын тиянақтап жинап жүрген Қайырбек Кемеңгердің бойына да сол қасиеттің тумысынан біткенін сезіндік. Тағдырлы тектің отбасының кейінгі тағдыры туралы мағлұматты аты аталған Қайырбек өреннің «Омбыда оқыған қазақтар» атты жинағындағы «Жан жарым, жандай көрген үш құлыным» деген эссесінен алынған үзінді арқылы жеткіземіз.
Қ.Кемеңгер: «Жолдасы тұтқындалғаннан кейін Гүлсім үш баласын алып 1930 жылдың күзінде Омбыға оралады. Қайратты келіншек жол жөнекей талай азап шегіп, күйеуі туып-өскен Қаржас аулына жетеді. Гүлсім бір уақытта Қошкенің әкесі Дүйсебай қажының қаржысына салынған Қаржас мектебіне балаларын қалдырады да, өзі қолындағы алтын жүзік, білезіктерін сатып Алматыға кетеді. Алматыға жеткен соң, абақтыда жатқан серігіне күнде тамақ тасып, оның көңілін сергітіп, жолдасымен тар күннің тауқыметін бірге тартады.
Алматы абақтысынан Қошке Кемеңгерұлы 1932 жылы Орталық Ресей жеріне, Валуйки деген қалаға жер аударылады. Туған жерден алысқа айдалып бара жатқан жан серігін Гүлсім бұл жолы да жалғыз қалдырған жоқ. Аяулы жар айдауға жолдасымен бірге кетеді. Алайда Қошке қасына отбасын толық алмайды. Ол өзімен бірге Гүлсім мен екі қызын ғана алып, Нарманбетті ауылындағы ағасына және бір Аллаға аманат қылып тапсырып кетеді. Айдаудағы ауыр тұрмыста күн не болады деген қауіптен болса керек, Қошке тағы бірнеше жыл ұлынан айырылуға мәжбүр болады.
Әке-шешесі еркелетіп Нартай деп кеткен Нарманбет Қаржаста 1935 жылға дейін Қошкенің ағасы Құлмағамбеттің қолында қалады. Айдаудағы кесілген мерзім аяқталып, ауылына оралған отбасын жасы сегізге жетіп қалған Нартай жатырқаған сезіммен қарсы алады. Бірнеше жыл көрмей, көңілі суып қалған жас бала туыстарын біраз уақытқа дейін танымайды. Әке-шешесі қанша бауырына тартса да, Нартайдың мұздап қалған жүрегі біразға дейін жібімейді. Валуйки жеріндегі өмір сол уақытта жасы есейіп қалған Қошкенің үлкен қызы Зайраның есінде жақсы сақталған.
Қошке отбасы баяғы Ташкенттен кейін енді ғана бір шаңырақтың астына жиналғандай болады. Аяулы ата-ананың аясында үш бала енді өздерін бақытты санады. Саналары кіріп қалған оларға алдағы екі жыл өмірлеріндегі ең бір тамаша кез болды. Қошкенің жары Гүлсім де: "Өткен өмір өтті, бәрі қайыр. Қорлық пен қиындық көрген бес жыл ішінде өлмей тірі қалдық, Аллаға шүкір. Ендігі өміріміз жарқын болса екен",– деп болашаққа ақ үмітпен қараған еді. Қошке айдаудан келген жылы Омбы облысының Шарбақкөл деген елді мекенінің аудандық ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрады.
Шарбақкөл өңірі – өзінің нағашы жұртының елі болғандықтан, Қошкеге жат жер емес еді. Аяулы азамат жергілікті халықты емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жатты. Қолы босаған кезде баяғы ермегі – қолына қаламын алып, заман ағымы туралы, әдебиеттің бағыт-бағдары жайында мазалаған ойларын хатқа түсіріп жүрді. 1937 жылы қызы Зайраға: "Амандық болса, Алматыға барамыз. Мен роман жазып аяқтадым. Соны баспаға жеткізу керек",– деген екен. Өкінішке орай, Қошке тұтқындалғаннан кейін, оның барлық қолжазбалары із-түзсіз НКВД кабинеттерінен қайтпады.
Болашақты кім болжай алған? Алдағы күн қандай сыбаға тартатынын жұмыр басты пенде қайдан білсін? Қошкенің Алматыға қолжазбаларымды апарамын деген арманы да сағымға айналды. Енді ғана есін жинай бастаған ұйыған отбасының шаңырағы бір-ақ күнде құлады. Қазақты қан жылатқан 1937 жылдың жетінші тамызында Қошке жұмысынан оралмайды.
"Сібір жерінде Кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрушы, Жапония елінің шпионы" деген жалған жаламен Қошке Кемеңгерұлы тағы да қамауға алынады. Осы жолы жағдайдың ауыр екенін, енді қайтып оралмайтынын сезген Қошке отыз үш-ақ жаста жесір қалып бара жатқан аяулы жары Гүлсімге: "Заманның беті жаман. Ертең тірі көрісу-көріспеу екіталай. Сондықтан балалар өз күнін өздері көрер. Қасында өзің, туыстары болса адам болып кетер. Ал сен болсаң әлі жассың. Мен сені қидым. Қош!", - деген екен. Қошке Кемеңгерұлы нақақтан атылған уақытта оннан асқан Зайралар әкелері туралы шындықты білмеді. Көп жыл бойы олар аяулы әкелері оралады деген сеніммен жүрді»,– деп (аталған жинақ, Астана, 2007, 105-107 беттер) баяндайды.
1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.
Бір жұбанышы, Қошкенің артында қалған ұрпағы Омбының орманын паналап, әкелерін ұмытпай өмір сүрді. Барлық «халық жауларының» әйелдеріне ортақ қасірет тауқыметін Гүлсім де басынан кешіп, бес жыл айдауда болды. Соның ішінде Қошкенің қызы Зайраның батылдығы мен ата-анасына деген терең махаббаты ерекше сүйінішке лайық. Құрбылары әке-шешесінен бас тартып жатқанда ол соларды аңсап, аңсарын өлеңмен дәптеріне түсірген.
Қ.Кемеңгер: «1947 жылы Зайра әкесіне арнап кезекті өлеңін жазды. Әкеге деген ыстық сезім мен қатты сағыныш көздің жасы мен қағаздағы жыр жолдарына айналады. Ұзақ өлеңде мына секілді жолдар бар:
Нұрлы жүз көлеңкең тұр көз алдымда,
Кетпейсің жатсам, тұрсам еш жадымнан.
Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп,
Бетіне қалықтайтын күнің бар ма?
Он жылға толар биыл Сіз шыққалы,
Өмірдің талқысынан жан бұққалы.
Күн мен түн, ай мен жылдар ауысады,
Сонда да көрінбейді еш нысаны.
Әкелік, мейірбандық жылы сөзің,
Ботам деп, құлыным деп тұрған кезің.
Ойымнан бір кетпейді, әкежаным,
Асыл зат, қойдан қоңыр әр мінезің.
Әкелік тәрбиеңді көргенім жоқ.
Ішімде он жыл болды тұтанды шоқ.
Алтындай дидарыңды көріп өлсем,
Сол күнде қам көңілім болмақшы тоқ», –
деп (сонда, 111-бет) жырлапты мұңлы қыз.
Түрме әфсанасының осы тарауын Қошкенің: «Мен сені қидым» және қызы Зайраның: «Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп»,– деген сөзімен аяқтағым келеді. Өйткені, бұл жолдарда адамның бойын ерітететін барлық шуақты сезімдер шынайы құйылып тұр. Ал шынайылықтан асқан қасиетті болмыс жоқ.
Иә, қимасымызды – қимай, тұңғиық терең жарға түсіп кетпей, еркін өмір сүруге сіз бен біздің де толық қақымыз бар.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ: «ЖЕТІЛМЕГЕН ЕЛДІҢ БАЛАСЫ...»
(ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ)
1.
Сонымен, «Дала қарақшысы», «Өзі де – ақ, сөзі де – ақ», «Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов» атты ілгерідегі тараулардың мазмұнына жүгінсек, «Алашорда» астыртын контрреволюциялық ұйымының қастандық әрекеттері ашылмады. Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса Жүсіпбек Аймауытовтың «ылаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық қастаншықпағыр тәсілін тапты. Олар тікелей Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай:
«Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді»,– деген айып аяқ астынан табыла кетті.
Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филип Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бір де біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден: бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден: «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі»,– деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет»,– деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады?
Ең шетін мәселе – Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:
«1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған»,– деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанымызда, жолда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым,– деген болатын. Мен мұны Қожановқа айттым. Ол содан кейін Асфандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Асфандияров тапаншаның бірнеше оғын Қожановқа берді. Қайтарда Арыс бекетінен Шымкентке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым.
Достарыңызбен бөлісу: |