Адамзат тарихында XX ғасыр мәдениетінің алатын орны ерекше. Өйткені, бұл кезең тарихи оқиғаларға, қантөгіс соғыстарға, сан-қилы дағдарыстарға толы сындарлы заман болды. Ғылым мен техниканың қарышты қадамы, жарқын болашаққа деген сенім өркениетті дамыған елдерде біртұтас жалпы адамзаттық мәдениеттің дамып, қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Ғасыр аяғында планетамызда парасаттылық пен ізгіліктің кеңінен өріс алуы жалпы адамзаттық мәдениеттің дамуына және оның ұлттық түрлерінің нәрленуіне, олардың өзара қарым-қатынастарының жаңа арнаға түсуіне ерекше әсер етті. Қазақ мәдениеті XX ғасырды әрі үмітпен, әрі түңілумен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс Азия орталығына да жете бастады.