Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз, Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз. Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп, Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз.
Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын, Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын, Менің не мұнша қапа, қысылғаным? Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін, Өмірге өткен титтей өкінбеймін. Азатгық пен тыныштық көксегенім, Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін.
Өлімнің ұйқысы емес іздегенім, Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бер дегенім. Көкірегімде өмірдің күші тұрып, Іздеймін дем алысты үзбегенін.
Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап, Жылылық пен достықты тұрсын мақтап. Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш, Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап. .....
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы, Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы. Сол жүректен жылылық, достық пенен Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы. Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша, Бірінен бірі үлесіп алысқанша. Құмарланар, сүйісер жүрек тауып, Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша.
Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек, Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек. Осы сенің қызығың, қуанышың Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек.
Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ, Жүректің кең дариясы құрып қалмақ. Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып, Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ.
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ, Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ. Оны сатып, ол кімді уатады? Оның өзін тағы да кім уатпақ?
Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек... Мен де пенде, амалсыз көнсем керек. Қызығы зор қайран дос, қайран тату, Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!
Жас өспірім замандас қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды, Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай, Сенімі жоқ серменде өңкей жынды. Жамандық, жақсылық пен — оған бір бәс, Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас. Арын сатып, ант ұрып іздегені — Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас. Тұрлаусыздың қолынан не келеді, Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді? Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп, Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді. Онда оны алдайды, мұнда мұны, Жанын берсе, табылмас сөздің шыны. Алты жақсы жүз жылқы болған басы Бір семіз ат болады оның құны