«Інісінің жүгінен бұрын олардың жүгін тінтіп, сонсоң оны бауырының жүгінен шығарды. Осылайша Юсуфқа әдіс үйреттік. Өйткені Аллаһ қаламайынша патша заңы бойынша інісін алып қала алмас еді. Қалаған кісіміздің дәрежесін көтереміз. Сондай-ақ әр білім иесінің үстінде бір білуші бар. Олар: «Егер бұл ұрлық қылса, әрине ағасы да бұрын ұрлық қылған болатын», - деді. Сонда Юсуф (ашуын) ішінде сақтап, оларға әшкерелемеді. (Іштей): «Сендер бұдан жаман орындасыңдар. Аллаһ айтқандарыңды жақсы біледі», - деді».
Сонда олар жалынып: «О, уәзір! Мұның кәрі әкесі бар. Сондықтан оның орнына бірімізді ал. Шын мәнінде біз сені игілік істеушілер ретінде көреміз», - деді. (Юсуф): «Затымызды жанынан тапқан адамнан басқаны алып қалудан Аллаһ сақтасын! Біз онда анық залымдардан боламыз», - деді. Олар Юсуфтан күдер үзген кезде оңашаланып кеңесті. Олардың үлкені: «Білмейсіңдер ме? Расында әкелерің сендерге байланысты Аллаһ атымен серт алған. Сондай-ақ бұрын да Юсуфқа қатысты зор айыптысыңдар. Сондықтан әкем рұқсат бергенше немесе мен үшін Аллаһ бір үкім шығарғанға дейін осы жерден әсте тапжылмаймын. Ол үкім етушілердің ең Жақсысы. Сендер әкелеріңе қайтыңдар да: «О, әкеміз! Шын мәнінде ұлың ұрлық қылды. Біз білгенімізге ғана айғақпыз. Сондай-ақ біз ғайыпты білмейміз. Біз болған қала мен бізге кездескен керуеннен сұра. Сөз жоқ, шын айтамыз», - деңдер, - деді».
Қалған тоғызы елдеріне қайтып, болған жағдайдан хабар бергенде әкелері Яъқуб:
«Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған көркем сабыр керек. Бәлкім Аллаһ олардың бәрін маған келтірер. Өйткені Ол толық Білуші, хикмет Иесі», - деді. Сөйтіп олардан теріс айналып: «Оһ, қайран Юсуф!» - деп күйіктен көздері ағарып, қасірет шегіп іштен тынды. Олар әкелеріне: «Аллаһқа ант етеміз! Күйіктен езіліп, опат болғанға дейін Юсуфты жоқтай бересің», - деді. (Яъқуб): «Мен күйзелісімнен де, қайғымнан да Аллаһқа ғана шағым айтамын әрі Аллаһтан сендер білмеген нәрсені білемін», - деді. (Сосын оның жүрегінде үміт оты жанып): «Ей, ұлдарым! Барыңдар да Юсуф пен інісін іздестіріңдер және Аллаһтың мархабатынан күдер үзбеңдер. Өйткені Аллаһтың рақымынан қарсы болған қауым ғана күдер үзеді», - деді».
Олар әкелерінің тілін алып жолға шықты. Бірақ оларда пұлдауға жарайтын ешқандай бұйым, зат жоқ еді. Мысырға келген олар «Юсуфқа барып кірген кезде: «О, уәзір! Бізге және отбасымызға ашаршылық тиді. Біз мардымсыз бір нәрсемен ғана келдік. Сонда да толықтай (астық) өлшеп бер және бізге садақа да қыл. Күдіксіз Аллаһ садақа берушілерді марапаттайды», - деді». Олар әр жылы келіп бір жылдық астық алып кетіп тұрған-ды. Бұл үшінші жыл еді. Бұл жолы оларда астық сатып алатын ешнәрсе қалмаған болатын. Олар Юсуфқа жалынып садақа сұрады. Сонда Юсуф:
«Сендер надандықтан Юсуф пен оның інісіне не істегендеріңді білесіңдер ме?» - деді. Олар: «Сен өзің шын Юсуфсың ба?» - деді».
Арадан бірталай уақыт өткен еді. Құдыққа тасталған кезде ол жас бала тұғын. Ал қазір ол үлкен ер жігіт болған. Юсуф:
«Мен Юсуфпын, мынау інім. Расында Аллаһ бізге игілік жасады. Шын мәнінде кім Аллаһтан қорқып, сабыр етсе, күдіксіз Аллаһ игілік істеушілердің еңбегін зая қылмайды», - деді. Олар: «Аллаһқа ант етеміз! Рас Аллаһ сені бізден артық қойды. Өйткені біз қателескен едік», - деді. (Сонда Юсуф): «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Аллаһ сендерді кешіреді. Ол мейірімділердің ең Мейірімдісі. Енді мына жейдемді апарып, әкемнің бетіне жабыңдар, көз жанары қалпына келеді. Түгел үй-іштеріңмен маған келіңдер», - деді. Керуен (Мысырдан) шыққан кезде әкелері (Яъқуб): «Егер алжыды демесеңдер, шын мәнінде, мен Юсуфтың иісін сезіп отырмын», - деді. (Адамдар): «Аллаһқа ант етеміз! Әрине сен бұрыңғыдай жаңылысып отырсың», - деді. Сүйінші келген сәтте-ақ жейдені Яъқубтың бетіне жаба сала оның көзі көруге айналды да, ол: «Аллаһ тарапынан сендер білмейтін нәрсені білемін демеп пе едім?» - деді. (Ұлдары): «О, әкеміз! Күнәларымыздың кешірілуін тіле! Расында біз қателескен едік», - деді. (Яъқуб): «Сендер үшін Раббымнан кейінірек кешірім өтінемін. Өйткені Ол аса Кешірімді, өте Мейірімді», - деді».
Яъқубтың ұлдарына:
«Сендер үшін Раббымнан кейінірек кешірім өтінемін» дегендегі мақсаты, ғұламалардың айтуынша, дұғасын таң алдындағы уақытқа қалдыру еді. Бірде Омар (Аллаһ оған разы болсын) мешітке келіп, бір кісінің: «Аллаһым! Мені шақырдың, жауап бердім. Маған бұйырдың, бойсұндым. Міне сахар (таң алдындағы уақыт (сәресі уақыты), мені кешір», - деп дұға қылып жатқанын естиді. Құлақ салып қараса дауыс Абдуллаһ ибн Масъудтың (Аллаһ оған разы болсын) үйінен шығып жатыр екен. Омар (Аллаһ оған разы болсын) бұл жайында сұрғанда ол: «Өйткені Яъқуб ұлдарына деген дұғасын таң алдындағы уақытқа қалдырған», - деп жауап берген. Сондай-ақ Аллаһ Тағала:
«Таң алдында кешірім сұраушылар» (Әлі Имран сүресі, 17 аят), - деп атап көрсеткен.
Сонымен қатар пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Раббымыз әр түні дүние аспанына түсіп: «Тәубе етуші бар ма, тәубесін қабылдайын. Сұраушы бар ма, (тілегенін) берейін. Кешірім өтінуші бар ма, оны кешірейін», - дейді», - деген (Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят еткен).
Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ата-анасымен кездесуі
Яъқубтың отбасы Мысырға барды. «Олар Юсуфтың қасына барғанда ол әке-шешесін өз қасына алды да: «Аллаһтың қалауы бойынша Мысырға бейбіт түрде кіріңдер», - деді. Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы (Юсуфқа) сәждеге жығылды».
Яъқубтың шариғатындағы сәжде, періштелердің Адамға қылған сәждесі сияқты құрмет мағынасындағы сәжде еді. Бірақ Ислам шариғатында құрмет сәждесі харам етілген.
Сонда Юсуф:
«О, әкетайым! Міне бұрыңғы көрген түсімнің жоруы. Раббым оны ақиқатқа шығарды. Сондай-ақ шайтан бауырларым мен менің арамды бұзғаннан кейін мені абақтыдан шығарып, сахарадан сендерді келтіріп, маған игілік көрсетті. Күдіксіз Раббым қалағанына өте Мейірімді. Ол толық Білуші, хикмет Иесі. Раббым маған патшалық беріп, түстердің жоруын үйреттің. Көктер мен жердің Жаратушысы, Сен дүние-Ақыретте Иемсің. Мені бойсұнған күйде өлтіріп, игілермен бірге қыл!» - деді».
Міне ұлы мағыналар мен ғибраттарға толы Яъқуб және Юсуф пайғамбарлардың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы.
Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар
«Юсуф пен оның бауыры әкемізге бізден сүйіктірек» деген сөзден ұғарымыз: бір кісінің өз балалары мен қыздарын әртүрлі дәрежеде жақсы көруіне ешқандай тосы жоқ. Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұны білдірмеуді ескерткен. Балаларға деген сүйіспеншіліктің әр қилы болуына тыйым салынбаған. Бірақ, олардың арасында әділ болуы және олардың арасында бір-бірлеріне дұшпандық туғызбау үшін кісі өз сезімін жасыруы керек.
Күнә істеуге ниет етіп, сосын тәубе етуді қалаған адамның тәубесі қабыл болады ма? Ғұламалар: «Тәубе есігі әрдайым ашық», - дейді. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Аллаһ Тағала түнде күндіз жамандық істегендердің тәубесін қабыл ету үшін қолын жаяды. Ал күндіз түнде жамандық істегендерден тәубесін қабыл ету үшін қолын жаяды» делінген. Бірақ қорқыныштысы, күнә істеген кісіге өлімнің тәубе етудің алдында келуі.
«Олар іңірде әкелеріне жылап келді» деген аятта Аллаһ Тағала көз жасының әрдайым ақиқат бола бермейтініне нұсқау жасаған. Ағмаш есімді бір ғалым ең әділ қазылардың қатарына жататын Шурайхтың мәжілісінде отырғанда бір әйел кісі әлдебіреумен дауласып келіп, еңіреп жылай бастады. Сол кезде Ағмаш: «Көрмей тұрмысың? Ол жылап тұр ғой», - деді. Оған Шурайх: «Расында Юсуфтың бауырлары да іңірде жылап келген еді. Әділ үкім шығар», - деп жауап берді. Яғни төрелік көз жасына емес ақиқатқа қарап айтылады.
Юсуфтың: «Қожайыныңның жанында мені ескер!» - деген сөзінде мақлұқтан қолынан келетін нәрсені сұрауға болатынына дәлел бар.
Юсуфтың: «Мені мемлекеттің қазына бастығы қыл. Өйткені мен оны сақтауды білемін», - деген сөзінен: бойында бір іске қабілет әрі аманатшылдық қасиет табылатынына сенген адам сол жұмыстың өзіне жүктелуін сұрауға болатындығын көреміз.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».
Достарыңызбен бөлісу: |