Юриспруденция кафедрасы



бет3/5
Дата18.02.2017
өлшемі0,78 Mb.
#10258
түріСеминар
1   2   3   4   5

2. Қазақстандағы экономикалық реформа бұған дейін қалыптасқан экономика ғылымы, экономикалық білім мен практика арасындағы қарым- қатынас жүйесін өзгертті. Нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты экономикалық білімге деген сұраныс күшейді. Экономикалық білім тек экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндірге, ғылым экономистерге немесе экономика пәнін оқытатындарға ғана керек емес, сонымен қатар экономикалық білім күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр. Экономикалық білімнің тиімділігі оның үздіксіздігінде. Оның мазмұны көп жағдайда экономика ғылымына байланысты. Бұның мәнісі, экономика ғылымы мен экономикалық білім - тұтастықтың маманданған академиялық қауымдастықтың екі саласы ретінде көрінуде.

Нарықтық экономикаға байланысты, 1990 жылдары елімізде сұраныстың өсуінен экономикалық білім беру қызметінің ұсыныстары артты, бірақ оның саласы өте төмен деңгейде еді, оның ішінде «экология» және «менеджмент» бағытындағы білім беру деңгейі.

Экономикалық бағыттағы білім барлық медициналық, техникалық және тағы да басқа жоғары оқу орындарында кадр мамандары, оқу мен ғылыми кітапханалардың жеткіліксіздігі деңгейінде оқытылды. Тіпті, маманданған, экономикалық жоғары оқу орындарының өздері көптеген проблемаларға кездесті.

1990 жылдардың ортасында экономикалық жоғары оқу орындарының қаржы жағдайы салыстырмалы түрде жақсарып жаңа білім беру құрлымдары қалыптасты. Сол жылдары біздің елімізде шаруашылық пен айналысушы субъектілер жағынан экономикалық сарапшыларға қажеттіліктері артты. Бірақта ғалым экономистерге, жоғары оқу орындары тарапынан бұл сұранысқа лайықты ұсыныс аз болды.

Қазақстан өнеркәсіптері мен қаржы несие секторының кәсіби сұраныстары мамандар дайындау нақты жүйеде емес еді. Сондықтан нарықтық экономика механизмінде жұмыс істей алатын орындарының отандық фирмаларды басқаратын білімді сапалы маман дайындауға әлі толық дайын еместіктері байқалады.Еліміздегі нарықтық жағдайдың қиындығына байланысты көптеген білімді мамандардың ғылыми және оқу орындарынан бизнеске кетулері елдің зерттеу және білім беру потенциялдарының әлсіреуіне әсерін тигізді.

Экономика пәндерін оқытудың реформалық идеологиямызға сай нақты жоспарлары мен бағдарламаларының болмауы, оқыту құралдарының аз болуы нарықтық экономика талабына сай білім берудің деңгейін төмендетті. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларына экономикалық білім негіздерін білу ісі аса өзекті мәселеге айналып отыр. Елімізде нарықтық экономика қалыптаса бастады, енді оқушыларға осы процестің дамитындығы жөніндегі түсініктерді қалыптастыру қажет.

Оқушыларға экономикалық білім беру алдын алу, болжау, ұстанымдары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдағы экономикалық сауатсыздық экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі деуге болады. Жалпы білім беру жүйесі қоғамдағы экономикалық сауаттылықты көтеруге үлкен мүмкіндік жасай алады, алдын ала берілген экономикалық білім экономикалық дағдарыстан шығудың бірден бір маңызды факторларының бірі болып табылады.

Қарапайым экономикалық білім жиынтығы оқушыларға тек ақпараттық мәні жағынан ғана құнды емес, сонымен қоғамдағы адамның рөлі мен оның құқығын түсіне білуге негіз болады. Экономикалық білім жас жеткеншіктің адами қасиеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар экономикалық білім оқушылардың демократия, құқықтық мемлекет азаматтық қоғам, адам құқығы, бәскелестік, нарық сияқты жалпы адамдық құндылықтарды белсенді қабылдауына септігін тигізеді.

Жоғарыда аталған экономикалық білім беру мәселелеріне қатысты пікірлер пәннің мазмұның анықтауға мүмкіндік жасайды және төмендегі ұстанымдарды басшылққа алуға септігін тигізеді:


  • Бастауыш сыныптан бастап үздіксіз білім беру;

  • Белгілі жас ерекшелігіне сәйкес білімінің оқушыларға пайдалану мүмкінігінің болуы;

  • Экономикалық білімінің бірте бірте тереңдетіп беруі;

  • Ғылым негізін жергілікті жердің, аймақтың, елдің, экономикасын білуге пайдалану;

  • Басқа пәндермен пәнаралық, пәнішілік байланыста болуы.(математика, тарих, информатика т .б.)

Мектеп оқушыларды болашақ қоғамда өмір сүріп, оны түсініп еңбек етуге дайындау керек. Дамыған елдердегі болып жатқан өзгерістер туралы мәліметтер жастарға зор әсер етеді. Бұл мәліметтер оқушылардың ата- аналардың экономикалық білім алуға деген ұмытылыстарын арттыра түсу еді. Экономикалық білім мен біліктіліктің негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ойлау. Бұл біліліктілік, яғни экономикалық ойлау өмірге нақты жол ашуға үлкен көмегін тигізеді. Бала кезден бастап адам таңдау проблемаларын: үй тапсырмасын орындауды қай сабақтан бастау керек, қандай кітап оқу керек, кіммен дос болу керек, өз мүдесін қалай қорғау керек, т.б. сияқты шешумен айналысады. Өз бетінеше осы сықылды таңдау проблемаларын шешпесе бала масылдық мәртебесінен шыға алмайды.Ал экономикалық білім негіздері осы таңдаудың түрлі жолдары туралы алуан түрлі мәліметтер беретін арнайы қазына болып есептеледі.

Осы бағдарламаларға сәйкес экономикалық білім берудің үш деңгейін бөліп көрсетуге болады. Олар:

1) Оқушыларды экономикалық іс әрекетке әлеуметтік психологиялық жағынан дайындау.

Мақсат. Жалпы даму өмірмен өзімен танысу, араласу мәдениеті.

Нәтиже. Нарық жағдайына әлеуметтік психологияға бейімделу.

2) Экономикалық (теориялық) дайындық.

Мақсат. Өмірге белсенді араласу үшін жаңа білім саласын меңгеру.

Нәтиже. Экономикалық процестерді ұғыну, практикалық тапсырмаларды орындай ,білу.

3) Кәсіпкерлік іс әрекетке дайындық.

Мақсат. Нарық талаптарына сәйкес кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру.

Нәтиже. Өз ісін ұйымдастырып, жүргізе білу. Жаңа пәнді оқудың жеке тұлғалық мәні материалдық құндылықтарды тиімді пайдалана білу, өз қажеттілігін дұрыс есептей білу және қанағаттандыра білу, болашақта өз шаруашылығын, жанұя бюджетін қанағаттандыра білу.

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі мектептерде экономикалық білім беру ісіне үлкен көңіл бөлуде. 2000 жылдың 24 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республиасы мектептерінде «Экономика білімдерінің негізі» курсын оқыту туралы №155 бұйрығы шықты. Осы бұйрық негізінде Қазақстан Республикасы мектептерінде «Экономика білім негіздері» курсын факультативтік негізде жүйелі түрде оқыту мақсатында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде 2000-2001 оқу жылынан бастап «Экономикалық білім негіздері» курсын сатылап енгізу қамтамасыз етіле бастады. Экономикалық білім саласының басқа мектеп пәндерімен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар Ол ерекшеліктерінің бірі Қазақстандағы нарықтық экономика кезінде болып жатқан әлеуметтік экономикалық үрдістерімен байланысты. Елімізде болып жатқан үрдістерді саналы түрде ұғынып, өз орынын табу және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру қажеттілігі пайда болады. Экономикалық білімнің кәсіптік білім мекемелеріне тарауы жылдамдады. Ол экономикалық білім мен кәсіпкерлікке және жаппай іскерлік мәдениетін қалыптастыруға сұраныстың пайда болуымен байланысты. Оның үстіне базистік оқу жоспарының негізгі және қосымша бөлігінің ешқайсысында экономика арнайы білім сапасы ретінде қарастырылған жоқ.

Қазақстан Республикасындағы көптеген мектептерде жаңашыл мұғалімдерге сүйене отырып, экономиканы оқыту орта және бастауыш буындарында базистік оқу жоспарларының қосымша сағаттары есебінен жүргізілуде.

Мектепте экономика білім негіздерін оқытудың басты мақсаты – оқушыларды экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық даму заңдылықтарымен танысу, іскерлікке тәрбиелеу, еңбек ете білуге, өндіруге, өзін және өзгелерді рухани материалдық құндылықтармен қамтамасыз теу.

Экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаты келесі міндеттерді анықтайды:


  • Оқушыларды Қазақстан қоғамы және тұтас дүниежүзілік бірлестіктегі экономикалық даму заңдылықтарымен таныстыру;

  • Экономикалық теорияның ең маңызды білімдерімен қаруландыру, экономикалық мәдениет дағдыларын дарыту, экономикалық жағдайларда өз бетінше дұрыс шешім қабылдауға және әрекет етуге үйрету;

  • Оқушыларды Қазақстанда және халықаралық аймақта жүргізілетін экономикалық заңдылықтардың негізгі ұстанымдары еңбек, отбасы, әкімшілік, салық кодекстерімен таныстыру;

  • Еңбекті сүюге тарту, қоғамның экономикалық белсенді мүшесі болуға баулу.

Жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектеп пәні ретінде экономиканы жүйелі оқыту неігізі мектептің бесінші сыныбынан басталады. Негізгі мектеп бітіруші жастардың экономикалық теорияны өмірлік қызметіне тікелей қатысты және олардың қызығуына қатысты бөлімдері туралы толық танымы болуы тиіс. Ең алдымен оларға экономиканың мәні, қоғамның және адамдардың материалдық қажеттілігі, нарықтық экономика, тауар және өндіріс, ақша, еңбек, еңбек күші, меншік ұғымы, кәсіпкерлік, бизнес, макроэкономика, микроэкономика т.б. түсіндірілуі қажет.

Экономикалық білім саласы мынандай пәндермен пәнаралық байланыста болады: тіл, әдебиет, математика, география, экология, информатика, қоғамтану, технология т.б.

Пәннің негізгі мазмұны педагогикалық ғылымдар қалыптасқан дидактикалық және әдістемелік ұстанымдармен анықталады. Сонымен қатар басқа пәндерде экономикалық білім берудің негізгі мазмұның анықтауда ескермеуге болмайтын өзгешеліктер бар:


  • білім беру мазмұны қоғамның экономикалық даму рухына cәйкес болу ұстанымы;

  • қоғамда не болып жатқаны дамудың дәл қазіргі және оның болашақтағы жағдайларын ескермей даму мүмкін емес;

5-9 сыныптарда экономикалық білім беру мазмұны «Экономикалық білім беру негіздері» курсымен анықталып, ол курс базалық курс болып табылады. 10-11 сыныптарда экономиканы оқыту « Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы бойынша бағдарлы негізде жалғасады. Экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаттары:

  • оқушылардың экономикалық ойын қалыптастыру;

  • экономика ғылымдар мен оның заңдарының негізгі түсініктерін меңгеру;

  • қазіргі экономикалық құбылыстарды түсіндіре білу;

  • күнделікті өмірдегі экономикалық мәселелер бойынша жеке шешімді қабылдау дағдыларын қалыптастыру.

Қазіргі уақытта нарықтық қатынас кезеңіне көшуге байланысты жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың экономикалық білімі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлініп отыр. Ол жөнінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке оқыту мен тәрбиелеу тұжрымдамасында көрсетілген.

Экономикалық білім беру адамға қоғамның негізгі экономикалық заңдары, мемлекетіміздің экономикалық саясаты жөнінде білім берумен қатар, ұйымдастыру-экономикалық ептіліктерімен қаруландыруға бағыттайды.

Экономикалық тәрбие - тәрбиенің құраушы бөлігінің бірі. Ол қоғамның мүшелерінде шаруашылық нормалары мен принциптеріне сәйкес білім, ептілік және дағдыларды , қажеттіліктермен қызығушылықтарын, ойлау стилін, өзін алып жүру мен іс-әрекетін қалыптастыруды болжайды. Экономикалық тәрбие процесінде жеке тұлғаның тәртіптілік, іскерлік, ұйымдастырушылық, жауапкершілік, қамқорлық және т.б. сапаларды қалыптастырады.

Экономикалық білім беру мен тәрбие экономикалық дайындықтың негізігі құраушысы болып табылады, экономикалық білімнің құраушы элементтерін мектеп қабырғасында оқушыларға оқу пәндері арқылы берілетіні белглі. Мектептік Технология пәннің оқу бағдарламаларына сәйкес бесінші сыныптың оқушылары жұмыс орыны ұйымдастыру мен күту жөнініде белгілі білімдерді алады. Жұмыс орны бұл қажетті жабдықтармен құралдар мен бейімдеу құралдары мен жабдықталған оқушыға , жұмысшыға бекітіліп берілген өндірістік аудан деген түсінікті алады және оны ұйымдастыру бойынша іс әрекеттерді орындайды.

Оқушылар сонымен қатар , бесінші сыныпта экономика және экономия (үнемдеу) ұғымдарымен танысады. Экономика гректің сөзінен шыққан, алғашқы қолданысы үй шаруашылығын тиімді жүргізуші деген сөзді білдіреді. Қазіргі кезде бұл ұғым өте кең мәнде қолданылады. Экономия бұл шикізатты, материалдарды, уақытты жән т.б. ұқыпты пайдалану бағытындағы іс шаралар жүйесі.

Оқушылардың экономикалық білімдері мен тәрбиесіне қойылатын қоғам талабы мен олардың экономикалық дайындықтарынның арасындағы сәйкессіздікті жоюдың негізгі жолы мектеп оқушыларына экономикалық білім беру деп білеміз. Өйткені еліміздің экономикалық даму деңгейі нарық қатынасының дамуымен, қалыптасуымен сипатталады. Нарық қатынастарының дамуы жағдайында пайда болған қажеттілік, тұтынушы, айырбас, меншік, кәсіпкерлік, бизнес, пайда, коммерция сияқты экономикалық ұғымдар мектеп оқушыларының санасына берік орнығу қажет, заман соны талап етуде.

Демек нарқытық экономикалық қалыптасу үрдісінің басталуы бұл үрдістің қалай дамып отырғандығын түсінетін, оның себептерін меңгеріп, қоршаған ортамен арақытынаста болатын білікті мамандарды қажет етуде. Осы талаптарға сай азаматтар тәрбиелеу мақсатында мектепке экономикалық білім беруді енгізу мәселелері қолға алынуда. Қазіргі кезеңге дейін экономикалық білімнің кей элементтері экономикалық география, физика, математика қоғамтану еңбекке баулу сабақтарында пәнаралық байланысты сақтау негізінде беріліп келгенімен, жеке пән ретінде немесе білім беру аймағы ретінде қарастырылмаған.

Мектеп оқушыларына экономикалық білім беру ісіне мүмкіндігінше жоғары дәрежеде қол жеткізуге және оны сан салалы бағытта жүргізуге болады.

Мектепте экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаты- оқушыларды экономикалық мәдениетпен қоғамның экономикалық дамуының дағдылығымен таныстыру оларды жеке тұлғаның дамуы қалыптасуы негізінде материалдық құндылықтарды өндіру мақсатына еңбек ете білуге үйрету, сонымен қатар, өз Отанының патриот азаматын тәрбиелеу болып табылады.

«Экономикалық білім негіздерін» мектепте оқыту оқушыларды экономикалық ұғымдардың мағынасын терең түсініп ұқыптылыққа үйретуге үлкен мүмкіндіктер тудырады. Өмірде өз орынын таба алатын епті, белсенді, экономикалық біліммен жақсы хабардар оқушыларды дайындауды қамтамасыз етеді. Қазақстанда мектеп оқушыларына экономикалық білім беру проблемаларына қатысты бірнеше ғана еңбекті атауға болады. Мысалы 1985 академик С.Сатыбалдиннің мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Экономика» оқулығы сынақ ретінде шығарылып Орал облысы мектептерінде факультатив сабақтарда пайдаланылды. Сонымен бірге Л.С.Ланның «Экономическое воспитание школьников» (Алматы, 1980) , М.А. Құдайқұлов, Д.М.Құдайқұловтардың «Основа предпринемательства и бизнеса» (Алматы 1998 ) еңбектері дайындалып, оны мектеп бастапқы кәсіптік білім мекемелері өз мүмкіндіктеріне қарай пайдалануда. Оқушыларға экономикалық білім беру алдын алу, болжау ұстанымдары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдағы экономикалық сауатсыздық экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі деуге болады.

Жалпы білім беру жүйесі қоғамдағы экономикалық сауаттылықты көтеруге үлкен мүмкіндік жасай алады. Алдын ала берілген экономикалық білім экономикалық дағдарыстан шығудың бірден бір маңызды факторларының бірі болып табылады.

Қарапайым экономикалық білім жиынтығы оқушыларға тек ақпараттық мәні жағынан ғана құнда емес сонымен қоғамдағы адамның рөлі мен оның құқығын түсіне білуге негіз болады. Экономикалық білім жас жеткіншектің адами қасиеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасайды.

Экономикалық білім оқушылардың демократия, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, адам құқығы бәсекелестік, нарық сияқты жалпы адамдық құндылықтарды белсенді қабылдауына септігін тигізеді.

Мектеп оқушылары болашақта өмір сүріп оны түсініп еңбек етуге дайындауы керек. Дамыған елдердегі болып жатқан өзгерістер туралы, мәлімет жастарға зор әсер етеді. Бұл мәліметтер оқушылардың ата - аналарының экономикалық білім алуға деген ұмтылыстарын арттыра түсуде. Экономикалық білім мен біліктіліктің негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ойлау. Бұл біліктілік яғни эконмикалық ойлау өмірге нақты жол ашуға үлкен көмегін тигізеді.

Экономикалық білім беру - қоғамдық өндірістің барлық салаларын қамтитын күрделі құбылыс. Экономикалық табыс елдің және жеке адамның ырысының мол болуы әр адамның белсенді еңбек етуіне, сөйтіп бақытты өмір сүруге ұмтылуына байланысты екендігін оқушы зердесіне құю үшін мектеп ұжымы белсене араласуы керек.
Талқылау сұрақтары:


  1. Құқықтық білім берудің маңызы неде?

  2. Құқықтық білім мен құқықтық тәрбие арақатынасын қалай ұғынасыз?

  3. ҚР экономикалық білім берудің себептері неде?

  4. ҚР құқықтық және экономикалық білім берудегі кедергілер мен қиындықтарды атап, аталмыш саланы дамытудың тиімді жолдарын ұсыныңыз?

Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Искакова Г.К., Газизова Н.С. Қазақстан Республикасындағы адам құқығы. Оқу құралы. – Семей мемлекеттік педагогикалық институты. – Семей - 2008. – 234б

  2. Ағанина Қ. Қазақстанда оқушыларға экономикалық білім беру жүйесінің қалыптасуы // Экономика негіздері – 2004-№3-.Б.7-11.

  3. Ағанина Қ. Экономикалық білі негіздері. // Экономикалық білім негіздері – 2004- №4 – Б.17-18.

  4. Ағанина Қ. Экономикалық білім беруді дамыту // Экономика негіздері- 2005-№2 – Б.36-37.

  5. Ерназарбекова А., Ортаев Б. Орта мектеп оқушыларына берілетін экономикалық білім мен тәрбие. // Ізденіс – 2007 - №4 - Б.241-244.

  6. Махадиева Б. Экономикалық тәрбие берудің қажеттілігі. // Қазақстан мектебі – 2008 -№6- Б.9-11.

  7. Сағындықұлы Е., Педагогика – Алматы РБК- 1999 жыл – 312 бет.

ДӘРІС 3

ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰЖАТТАР МЕН ӨЗГЕ ДЕ ДЕРЕК КӨЗДЕРІН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕРІ

Мақсаты: Студенттерге құқық және экономика негіздері сабағында аталмыш саладағы құжаттармен жұмыс жасаудың тәсілдерін үйрету.

Жоспар:

  1. Құқықтық және экономикалық бағыттағы мемлекеттік құжаттарды оқыту әдістемесі.

  2. Оқушылардың мәтіндермен өзіндік жұмыстары. Құжаттарды оқудағы оқушылардың танымдық әрекеттерін арттыру.


1. Нормативті құқықтық актілер құқық сабағының ең негізгі көрнекілігінің бірі болып табылады. Құқықтық актілермен жұмыс жүргізу құқықтық білімді нығайтып, оқушылардың алған білімдерін есте сақтауға себебін тигізеді. Нормативті актілермен оқушылардың жұмысын ұйымдастырып, жетекшілік ету үшін мұғалім алдыменен «нормативті – құқықтық акті» ұғымымен оқушыларды таныстыруы қажет, яғни оқушылардың оны толық түсінуі қажет.

Нормативті – құқықтық актілер дегеніміз – құқықтың негізгі нысаны, яғни қайнар көзі болып табылады. Нормативті акт - қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқық нормасынан тұратын құқықтық акт. Оның заңдылық күші бар және ол екі топқа бөлінеді: заңдар , заңдылық актілер болып. Міне, осы бағытта оқушы заңдарды заңдылық актілерден ажырата білуі керек. Мысалы заңдарға Конституциядан бастап барлық заңдар жатса, ал заңдылық актілерге Президенттің жарлығы, үкіметтің қаулылары, жергілікті (локальды) нормативті актілер жатады. Мұғалім сабақ барысында заң, қаулы, жарғы сияқты атауларды жиі қолдануы мүмкін, сондықтан бұл атаулармен оқушы қанық болуы керек.

Мұғалім сабақ барысында қолданатын нормативті актіні алдын – ала даярлап қоюы қажет, әрине нормативті актіні бір сабақта толық қолдануға мүмкіндік болмайды, сондықтан оның қажетті жерлерін қай жерде, қалай қолдану керектігі алдын – ала ойластырған жөн. Нормативті актілердің әсіресе заңдардың бірінші баптары заңда кездесетін ұғымдарға түсінік беруден басталады. Ол ұғымдармен оқушыларды таныстырып отырған жөн. Бұл орайда үй тапсырмасы ретінде дайындап келуге беріліп, терминдік сөздік алуға болады. Терминдік сөздік біріншіден оқушылардың нормативті актілер бойынша алынған білімдерін бекітеді, екіншіден ол терминдерді оқушылардың практикада қолдана алуына көмегін тигізеді, үшіншіден заңдарды силауға, сақтауға тәрбиелейді.

Нормативті актілерді қолдану барысында заң тілінің күрделілігін мұғалім естен шығармауы тиіс, яғни сабақта қолданылған актілер талқыланып отыруы керек. Бұл орайда оқушының өзіне қажетті баптарды оқытып, сынып оқушыларының оны қалай ұғынғанын сұрап барып, толықтыру, түзетулер жасап, немесе түсіндіру қажет. Нормаларды түсіндіру көбінесе мысалдар келтіру арқылы жүргізіледі. Ситуациялық мысалдар оқушылардың нормативті актілермен жұмыс істеу қабілетін арттыра түседі. Мысалы: Азат өз қатарындағы балаларға қарағанда әлдеқайда үлкен көрінеді. Ол мектепке автобуспен келеді. Бір жолы оның автобустың билет сатушы кезекшісіне көрсеткен оқушыларға арналған билетіне «Сен оқушы емессің» деп күдіктенген билет тексерушілер оны аялдамадағы көлікке баруын талап етеді. Азат өзінің оқушы екендігін дәлелдеу үшін автобустан түсуге мәжбүр болады, сабақтан кешігеді. Бұл жағдайда Азаттың қандай құқықтары бұзылды және ол қандай құқықтық әрекет жасауы керек? Аталмыш мысал өте қарапайым, оқушылар өмірінде жиі кездеседі. Сондықтан олар оқушының көмегімен Азаттың құқықтары жазылған құқықтық актіні тек біліп қана қоймай, оның ішіндегі қажетті норманы іздеуге кіріседі, тапқан нормаларын талдайды, ұғынады сөйте отырып есте сақтауға тырысады. /ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңы, 9 – тарау, 53 бап, 2 тармақ/.



Құқық сабағында ең көп қолданылатын нормативті актілердің бірі Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституцияны оқытуда арнайы сабақ та бар, бірақ ол жеткіліксіз, себебі құқық сабағының барлығы да Ата Заңмен байланысты, яғни одан бастау алады. Сондықтан оқушы Конституцияға ішкі және сыртқы талдау жасай алғаны дұрыс. Ішкі талдау дегеніміз – Конституцияның тарулары, бөлімдері және олардың қысқаша мазмұны. Ал сыртқы талдау дегеніміз – Конституцияның қашан, қалай қабылданғаны, қабылданған жері. Конституцияны қолдануда мұғалім оқушыларды Ата Заңды құрметтеуге тәрбиелеп, баулып отыруы керек. Оның Ата Заң деп аталуының мәнісін ұғыну, өзгерістер енгізілу тәртібін білу. Азаматтық, Қылмыстық Кодекстер, Еңбек туралы Заң, Неке және Отбасы туралы Заң және халықаралық құжаттар: Жалпыға бірдей адам құқықтары туралы Декларация, Бала құқықтары туралы Конвенция сияқты құжаттармен оқушылар мектеп қабырғасында таныс болулары қажет. Мұғалім оны құқықтың жекелеген салаларын өткенде жоғарыда көрсетілген тәртіппен қолданады. Жалпы, құқық сабағында нормативті – құқықтық актілерді қолдануды өзіндік сатылайтын болсақ, мынандай кесте шығады:

  • Нормативті – құқықтық акті ұғымымен танысу;

  • Заң, заңдылық актілерде кездесетін ұғымдармен танысу;

  • Қажетті нормаларды тауып алуға үйрену;

  • Табылған норманы талқылау;

  • Нормаларды қолдана отырып ситуациялық есептер құрастыру, шешімін шығару;

  • Алынған білімді бекіту мақсатында практикамен байланыстыру.

Құқықтық – нормативті актілермен жұмыс істеу оқушылардың қоғамдық мәселелер туралы кең ұғуына, толық сипаттама алуға, қазіргі кезеңнің қарама – қайшылық мәселелерін саралап түсінуге, әлемді барлық түсімен көруге, өмірде кездесетін ахуалдарға сын көзбен қарауға, әр түрлі мәселелерді баламалы шешуге көмектеседі. Орта мектеп бағдарламасы бойынша, оқу жоспарымен мөлшерленген сағат саны нормативті – құқықтық актілермен толық танысуға мүмкіндік туғызбайды. Сондықтан құқыққа байланысты факультативтік, сыныптан тыс оқу сабақтарын тиімді пайдаланған жөн. Меніңше «Құқық негіздері» курсын оқытуда белгілі бір стандарттың болуы қажет емес. Қоғамның екінші баспалдағына, яғни нағыз өмірге оқушыларымыз дайын болып келуі керек.

  1. Құқық және экономика пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық әрекеттерін арттыруда құжаттармен жұмыс істеудің маңызы зор. Сабақ барысындағы уақытың тығыздығы оқушылардың құжаттармен жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді, ал оқушылар құқық және экономика саласындағы маңызыд құжаттармен таныстығы болуы керек. Оқушыларға аталмыш құжаттармен жұмыс жасауды өзіндік жұмыс ретінде берілу қажет. Құжаттармен танысудың бір жолы оларға ішкі және сыртқы талдау жасау. Оқушылар алдыменен құжаттың қашан қабылданғанын біліп, көлемімен, яғни қанша бөлімнен, тараудан немесе баптардан тұратынынынан хабардар болуы қажет. Содан кейін құжаттың мазмұнымен танысады. Өз бетімен оқу оқушылардың есте сақтау қабілетін, білім дәрежесін арттырады. Өздік жұмыстар реферат, баяндама, пікір-талас түрінде болуы мүмкін. Құжаттарды түсіндіруде арнайы презентация жасатуға да болады. Оқушы құжаттың маңызын анықтауда кемшіліктерін де байқауы мүмкін, немесе құжатты өз тарапынан өзгертіп, толықтырлар беруі керек, яғни оқушының пікірін білу өте маңызды.

Өзін - өзі тәрбиелеу барлық құқық субъектілерінің құқықтық санасының құрылуына тиімді әсерін тигізеді. Өзін - өзі тәрбиелеудің астарында құқыққа деген құрметті қалыптастыру жатыр, яғни қажеттіліктерін ұйғарымдарға байланысты өзін - өзі оқыта отырып және қатаң сақтап, өз тәжірибесінде жәке басының дербестігі арқылы талдау жасап отыруы керек.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет