Заңғар Абайдың зиялы зерттеушісі
А.Ж.Шәріп,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Астана
Абайдың жүрегіне жол іздеген әркім өзінше көпір салады.
Осы мақсатқа орайлас, зиялы оқымысты Зәки Ахметов ұлы ақынның шығармашылығын зерттеу мен зерделеу ісіне студент кезінде-ақ айрықша құлшыныс танытқан. Оның бұл бағыттағы тұңғыш талпыныстарына Мұхтар Әуезовтің жылы қабақ көрсетіп, ілгерішіл ізденісін байқатқан жаңашыл жас ғалымға ақ батасын бергені белгілі. Болашақ академик данышпан ақынның дәргейіне жүгіну үшін алдына орыс поэзиясының көкжиегінде «жалғыз жалауы жалтылдаған» Михаил Юрьевич Лермонтовты сала келгендігі тағы аян. Неге?
Оның себебін табиғатынан зерек зерттеуші 1954 жылы орыс тілінде жарық көрген «Абай және Лермонтов» атты алғашқы монографиясында оқтын-оқтын айтады. Мысалы:
«Лермонтов Абайға рухы жағынан ең жақын ақындардың бірі болды, оның туындыларынан қазақ ақыны өзінің шығармашылық өрлеуіне тұрақты тірек тапты» [1, 4].
«Кәкітай Құнанбаев Абайдың Лермонтов шығармаларын ерекше жақсы көргендігін және оның өлеңдерін қазақшаға сүйсіне аударғандығын ескертіп өтеді» [1, 28].
«Лермонтовтың шығармаларын жақсы білген Абай олардан өзінің мұраттарына, идеялық және ақындық ұмтылыстарына үндестік пен туыстықтың молдығын байқады» [1, 91].
Әр зерттеудің сыры мен сипатына, мәні мен мазмұнына өз заманының аясындағы жетістіктер тұрғысынан қарасақ, ол кезеңде «Абай және Лермонтов» тақырыбы ара-тұра сөз етілгені болмаса, арнайы талқының арқауына айнала қоймаған-ды.
«Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларының баян еткен ауқымы мен идеялары қандай?», «Абай не үшін Лермонтов поэзиясына алабөтен құмартты?», «Абай өлеңдері мен Лермонтов поэзиясының өзектестігі мен өзгешелігі неде?», т.б. осы сияқты сауалдарға жауап әлі қарастырылмаған. Сол шаруаны бірінші болып қолға алудың мәртебесі мен машақаты жампоздығын жастай сездірген Зәки Ахметовтың пешенесіне жазылыпты.
Ғылыми бағыт-бағдарының қазығын солай қаққан ол әрі қарай іргелі зерттеуінің методологиялық жарақ-жабдығын түгендейді. Ең бастысы, ленинградтық ұстаздары санасына сіңірген іргелі академиялық ұстанымының, тыңғылықты да тиянақты білімінің арқасында тұрпайы социологизм тәсілдеріне жосықсыз бой алдырмай, сталиндік суыққолды саясаттың сарындарынан іргесін аулақ ұстауға тырысады.
Зәки Ахметов тақырыпқа дендемес бұрын Абай өмір сүрген қазақ қоғамы мен Лермонтов тірлік кешкен орыс ортасының жай-жапсарын егжей-тегжейлі тексереді.
Лермонтов декабристер көтерілісінен кейінгі – алды-артының болжалы жоқ күйреуік уақыттың, ал Абай Ресей империясының қазақ сахарасына тырнағы түгелдей батқан – барар жер, басар тау қалмаған тұйықтаулы мезгілдің ауанын аңғартқан ақындар еді. Яғни екеуі де шығармашылықтарының әлеуметтік түп-төркіндері мен дәстүрлі ментальдік қайнарлары, тіпті тарихи дәуірлері әр түрлі болғандықтарына қарамастан, өтпелі шақ өмірін (З.Ахметов), оның өтінен төгілген зәр мен зарды жыр қалыбына құйғандықтарымен өз ара қауышады. Сондықтан зерттеуші ең алдымен олардың арасындағы ұқсастықты осы төңіректен топшылап, Лермонтовта да, Абайда да – айнала қоршаған тірлікке көңілі толмағандықтан туған сыншылдықтың, бүгіннен баз кешіп, болашаққа бет бұрған максимализмнен өрістеген дүнияуи жалғыздықтың мен мұндалап тұрған мотивтерін саралайды. Сонымен қатар, қос поэзия шаһбазының ақынның қоғамдық миссиясы туралы түсініктерінің төркіндестігіне назар аударады.
Әлбетте, Абай – Лермонтовтың жалаң жаңғырығы, ессіз еліктеушісі емес; терең сырласы, тең сұхбаттасы. Біріншіден, ол иықтас ақынының туындыларын жапатармағай аудармайды, өзінің жан дүниесіне жақынын, көңіліне керегін талғап-таңдайды. Екіншіден, монография авторы айтпақшы, Абай «аудармаларына өзінің ойлары мен сезімдерін кіріктіреді» [1, 9], яғни Лермонтов өлеңдерінің мәтініне қаз-қалпы байланып қалмайды. Қажет қылса, оларды қазақ тұрмысының алуан атрибуттарымен байытады. Үшіншіден, Зәки Ахметовтің жазуынша, «Абайдың жекелеген туындылары қарапайым сөзбен айтқанда аударманың ауқымынан шығып кетеді, белгілі бір дәрежеде ғана аудармаға жатқызылады және өз алдына дербес шығарма деңгейіне көтеріледі» [1, 154]. Зерттеуші аудармаларды түпнұсқаға сәйкестігі немесе сәйкессіздігі тұрғысынан бағалаған дұрыс емес екендігін, олардың жаңа сұраныстар жағдайында шығармашылық түрленіске түсу мүмкіндігін тәптіштейді.
Сөйтіп, «Абай мен Лермонтов» қарым-қатынасының шығармашылық қыртыс-қатпарларын айқындау үшін ғалымның архивтік айғақтарды, құнды қолжазбаларды, мұражай материалдарын, ескілікті зерттеу еңбектерін, байырғы баспасөз жарияланымдарын қопара қарастырғаны, мейлінше мұқияттағаны көрінеді. Өзіне дейінгі зерттеушілердің пікір-пайымдарын да толығымен тезге тартады. Мәтінтану мәселесіне, ондағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерді таразылауға келгенде керемет кірпияз. Абай шығармаларының 1909, 1922, 1933, 1940, 1945 жылдардағы басылымдарын ерінбей екшеп-ежіктей отырып, ондағы жаңсақтықтар мен жетіспеушіліктерге өз көзқарасын батыл білдіреді. Осының бәрі оның абайтанушылық қызметінің айдындануына нақты да нық негіз болғандығы даусыз.
Көрнекті ғалым Сейіт Қасқабасов «Академик Ахметов» атты мақаласында: «Абай шығармаларына Зәки аға өте сақтықпен қарайтын. Ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге 1957 жылы Абай шығармаларының екі томдық жинағын баспаға даярлап, шығарғаны белгілі. Сонда Мұхаңның әр сөзге қаншалықты мән бергенін, қандай мұқият текстологиялық жұмыс жүргізгенін өз көзімен көргенін, Мұхаңның: «Абай өлеңін көбейтеміз деп, көбіктендіріп алмайық. Сақ болыңдар!» деген сөзін жиі айтатын. Мұхтар Әуезов сияқты Абай поэзиясын түгел жатқа білетін Зекең ұлы ақын шығармаларын 6 рет жинақ етіп құрастырып, ғылыми түрде жарыққа шығарыпты. Осының өзі оны үлкен текстолог-маман ретінде толық мінездесе керек», - деп жазады [2, 12].
Осы тұжырымның қапысыз растығы зерттеушінің біз айтып отырған «Абай және Лермонтов» атты тырнақалды монографиясының өне бойынан ғылыми дәйек-дәлел табады.
Бір-екі мысал. Лермонтовтың «В альбом» («Альбомға») атты өлеңінің аудармасындағы екінші шумақтың үшінші қатары Абай шығармаларының қазіргі барлық басылымында «Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір» деп жазылады [3, 24]. Ал әуелде осындағы «қысқа» сөзінің орнында «қисық» сөзі тұрған. Сол сияқты, орыс ақынының «Парус» («Жалау») атты атақты өлеңінің Абай тәржімасындағы екінші шумақтың бүгінгі күні «Ойнақтап толқын, жел гулеп» деген жолмен басталатыны мәлім [3, 92]. Ілгеріде ол – «Ойнақтап, толқып, жел гулеп» делініп келген. Қазақша қолжазбаны оқығанда кеткен сол қателіктерді орысша түпнұсқамен салыстыра жөндеп, Абайдың 1954 жылғы жинағынан бастап түзету енгізген еңбек егесі Зәки Ахметов екендігін жұрттың бәрі біле бермейді. Монографияда текстологиялық танымпаздықтың басқа да үлгілері жетерлік. Нағыз ізденістің нәтижесінде тіпті Лермонтовтың шығармашылық қазынасына қатысты орыс зерттеушілері үңіле қоймаған тың да тосын деректерді жария етіпті. Сол үшін Ресей әдебиеттанушылары Зәки Ахметовтің зор алғырлығына қайран қалған. Зерделі зерттеушінің Абайдың музыкалық мұрасына байланысты сол заматтағы соны байламдары мен салиқалы байыптаулары да өзінің маңызын әлі күнге жоғалтқан жоқ.
Күллі жұрт Зәки Ахметовті әдебиет теориясының, оның ішінде әсіресе сөз сарасы – өлең қисынының ғұлама білгірі ретінде аса қадірлейді. Біздіңше, ғалымды осы әсемдік әлемінің кең жазира, көк жасыл өрісіне жетелеп шыққан – ең алдымен Абай поэзиясына деген шалқар ықыласы мен шынайы ынтызарлығы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының поэтикасын зерделегенде де осы үрдісінен айныған жоқ деп ойлаймыз. Профессор Шериаздан Елеукенов жазбақшы, шындығында да, ол – «Абай поэзиясы туралы ғылымға ұлы ақынның өлең кестесіндегі жаңашылдықты, тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің қалай өрнектелетінін, көркемдік құрылымы бөлек амал-тәсілдерін ашып берді» [4].
Зәки Ахметов ұзақ жылдар бойына ұлы ақын туралы зерттеулерінің көкжиегін кеңейтіп, тамырын тереңдетіп отырды. Оның шығармашылық мұрасын әр қырынан, әр қиырынан қамтыды. Айталық, ғылымға бел буған бетте жариялаған орыс тіліндегі «Абай және Пушкин» атты мақаласы (1949) мен кемелдікке аяқ басқан кезеңде бастырған «Абай шығармаларының орысша аудармалары хақында» атты мақаласының (2002) арасында жарты ғасырдан астам уақытқа созылған іркіліссіз ізденістің ізі сайрап жатыр. Академиктің «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясы – сол ғылыми қайраткерлік пен қарымдылықтың мәнді қорытпасы, мағыналы қоймасы іспетті.
Зәки Ахметов «Ақын тұласы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Сыншылдық та –шыншылдық», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Сыршыл көңіл мұңаймас», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Суреткерлік шеберлігі (табиғат көріністері)», «Ойшылдық сарын, шеберлік қырлары», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Өлең өрнектері», «Поэмалардың сыр-сипаты», «Қарасөздер: тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері» атты тараулардан тұратын бұл ерен еңбегінде Абай парасаткерлігінің тұтас панорамасын түзеді және данышпан ақынның мұрасын танып-түстеу бағдарларын байыптайды.
«Абай творчествосын түгелдей алып талқылағанда да, жеке шығармаларын талқылағанда да екі түрлі талдау принципін дұрыс ұштастыра білу шарт. Оның бірі – тарихи принцип, яғни ақын шығармаларын туғызған заман, қоғамдық орта, әлеуметтік жағдаймен байланыстыра қарау болса, екіншісі – бүгінгі заман тұрғысынан қарап, қазіргі моральдық ұғым-түсінік, идеалдарға үйлестіре қарап бағалау» [5, 31], - деп тұжырымдайды ол. Сонымен қоса, ақын өлеңдерінің көркемдік кестесін сараптап-саралағанда қандай қадау-қадау қағидаларға табан тіреу керектігін көрсетіп береді.
Тіпті ол «... ақынның өлеңдеріндегі жекелеген сөздерді тірек ету, соған сүйеніп байлам жасау да, асығыс, біржақты қорытынды шығаруға әкеліп соғуы мүмкін екенін айтуымыз қажет»; «...лириканы түсіну-пайымдаудағы үлкен және жиі кездесетін қателік – ақын өз атынан айтқанның бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айтып отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгеге де тән көңіл күйін сезіне, айта алатынын ескермеушілік», т.с.с. ескертпелері арқылы да поэзияны парықтаудың етене ережелерін ойға орнықтырып отыруды ұмытпайды.
Зәки Ахметов қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүріне де тиісінше ден қойды. Шәкәрім, Әріп, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, т.б. ақындардың шығармашылықтарына құдіретті ықпалын және қасиетті құнардан өрбіген жарасымды жалғастықтың өрнекті сырларын, өзгеше сипаттарын өрістете баяндайды. Және бұл ретте де ол: «Мәселе тарихи-әдеби процестің жалғастығы жайында ғой, жеке ұқсастықтар іздеп табуда емес» [6, 11], - деп, тағы да әдебиеттанудағы қарадүрсін эклектизмнен сақтандырады.
Академик Зәки Ахметовтің абайтану саласындағы тегеурінді де тағылымды еңбектері – бүгінгі және болашақ зерттеушілерге баянды бағдар нұсқайтын асыл рухани азық. Оның мәні мен маңызы мезгіл өткен сайын салмақтана, саралана береді.
Достарыңызбен бөлісу: |