ЗАМАНАУИ АУДАРМАТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ТӘРЖІМАЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Нұрсұлтанұлы Е., Сейденова С.Д.
Қазақстан, Алматы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тірек сөздер: аударма тіл, лингвистикалық ерекшелік, әдеби процессі, өнімділік, әдеби аударма
Аударма адамзаттың рухани әрекетінің бір түрі ретінде ерте заманнан маңызын жоймай келе жатыр. Ол сондай-ақ әлемдік мәдениет тарихында үлкен рөл атқарған. Мәдениет ғасырлар бойы дами отырып, ғасырлар бойы өмір сүреді. Әрбір жаңа ғасыр өткен мәдениетке жаңа мән-мағына әкеледі. Адамдардың ғана емес, сонымен қатар, халықтардың да тарихи жады деректерін іріктеп, таңдауға бейім. Мәдениетте ешқашан бірыңғай ықпал етуші, бірыңғай қабылдаушы субъект бола алмайды. Мәдениеттегі байланыс қашанда көпжақты, көпқырлы, ең аз дегенде, екіжақты. Сол мәдени байланысты баянды ететін бірден бір тиімді құрал аударма екендігін көне тарих көптеп дәлелдейді. Аударма ісі өткен тарихта болсын, бүгінгі күнімізде болсын мәдениеттерді байланыстыру құралы ретінде қызмет етіп келеді. Аударма – тілдік қонақжайлылық, кеңпейілділік, кеңшілік түрі. Аударма өзге тілді өз тіліңдей қабыл алып, өзге тілге мейірбандық таныту. Ол беталды жасалған тегін әрекет емес. Аударма – өз тіліңді қайта ашудың, өз тіліңді байытудың, соның әсерінен өз мәдениетіңнің көкжиегін кеңейтудің пәрменді құралы. Ендеше, аударма мәселесі мәдени ортақтасуды жүзеге асыратын мәдениеттер сұхбаты мәселесімен иық тіресе жүрері сөзсіз. Аударма – мәдениетаралық қатынастың маңызды құралы, өйткені ол бір тілдік мәдениет айғағын екіншісіне таныстырушы орталық буын. Мәдени қарым-қатынасқа көп түскен, яғни өзге мәдени әлемнің когнитивті тәжірибесімен кеңінен таныс мәдениеттің тілінің аударуға бейім келетіндігі, соның нәтижесінде аударма ісінің үдере өрбитіндігі де белгілі жайлар Аударма - кешенді үдеріс. Түпнұсқаны дұрыс, әрі нақты жеткізу үшін, ауарма тілінде тек қажет сөздерді тауып қана қоймай, оларды сәйкес грамматикалық үлгіде жеткізе білу қажет. Оған қоса көп жағдайда еш есептен шығаруға болмайтын стилистикалық факторлар да араласады. Аудару- басқа тілде айтылған нәрсені, екінші бір тілде толық, әрі дұрыс білдіру [1-7].
Қазіргі таңда қазақ тіл білімі ғылымында арнайы зерттеуді талап ететін салалардың бірі – аударманың теориясы. Бұл сала – қазақ тілтанымы үшін әлі жетілмеген, тиісті деңгейдегі ғылыми сипатын ала қоймаған тіл білімі салаларының бірі. Сондықтан бұл ғылымның негізгі бағытын айқындап бере алатын бірқатар ұғым-түсініктердің даралана қоймау себептері де осыған тікелей байланысты. Қазіргі қазақ тіл білімінде аударма мәселесімен түбегейлі айналысып жүрген ғалым А.М.Алдашева докторлық диссертациясында «…қазірге дейін аударма теориясының басты дәйектемелері, шешуші негіздері, аударматану ғылымының басты обьектісі мен ұстанымдары, әдіс-тәсілдері мен бірлік тұлғалары, аударманың нормасы, тәржіма ісіне қойылатын талаптар сияқты маңызды жағдаяттардың анық-қанығы ғылыми тұрғыдан анықталған емес», – деп атап өткен [8, 14]. Қазақ тіл білімінде аударматану мәселесі – ХХ ғасырдың соңғы жылдары ғана қолға алынған жаңа салалардың бірі. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі аударма теориясы да, аударма практикасы да, аударма іс-тәжірибесінің теориялық тұғыры да енді қалыптасып келе жатыр. Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі. Қазір әлем бойынша аударманың жаппай практикасының дамуы оның теориясын әлі де тереңнен зерттеу қажет екендігін көрсетеді. Аударма ғылымының теориялық мәселелерінің қатарында сөйлеу қарым-қатынасының негізінде жатқан аударма үдерісінің әдеби-лингвистикалық, психологиялық және басқа да ерекшеліктерін ашу міндеті тұр. Ұлттық әдебиет өз өмірімен тіршілік етеді. Әрине, ол сол халықтың күллі тарихымен, оның барлық даму жағдайларымен шартты түрде байланысты және басқа халықтар әдебиетімен қарым – қатынаста болды. Осы қарым – қатынас ішінде аударманың орны ерекше. Сонымен қатар, аударма – ақынның дүниетанымдық қорын байытудың баға жетпес көзі ретінде белсенді қызмет атқарады. Аударма жалпы адамзат атаулының танымдық рухани алмасуы нәтижесінде мәдениет пен өркениеттің дамуына, адам баласының эстетикалық көркемдікке қол жеткізуіне, санасының өсуіне, дүниетанымының кеңеюіне апаратын жол сияқты. Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс деп білетін халық өзінің елдік болмысын танып біле бастаған кезеңінен – ақ өзге елде, көрші жұртта не болып жатыр дегенге жіті құлақ түреді. Сондағы ең алдымен көңіл бөлетін – жан дүниені байытар рухани қазына үлгілері.
Ендеше, рухани ауыс – түйіс, мәдени жалғастық ежелден – ақ ел назарында болып келген. Кедергі – тіл өзгешелігі болса, халық оның да жолын тапқан: тіл үйрену арқылы бір халықтың қазынасын екінші тілге аудару дәстүрі батыс, шығыс елдерінің қай-қайсысының да тарихында болған. Әлем халықтарының әдебиетінің бір-бірімен байланысуында, ғылым мен әдебиет салаларында халықаралық ынтымақтастықтың дамуында аудармалардың маңызы зор. Аударма ұғымының қолданылу аясы өте кең. Бір тілден екінші тілге поэзиялық және прозалық шығармалар, публицистикалық мақалалар, ғылыми әдебиеттер, ресми іс қағаздар, саяси және қоғам қайраткерлерінің, шешендердің сөйлеген сөздері, кинофильмдер аударылады; әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар тіл табысу үшін аудармашылардың көмегін қажет етеді. Бірақ, біз осылардың ішінен көркем әдебиет саласындағы аудармаларды сөз еткелі отырмыз.
«Аударма» сөзі көп мағыналы және оның екі терминологиялық мағынасы бар. Біріншіден, бұл ұғым бір тілде көрініс тапқан мазмұнды екінші тілдің құралдары арқылы жеткізу үдерісі ретіндегі ой қызметін анықтайды. Екіншіден, осы үдерістің нәтижесі – ауызша немесе жазбаша мәтін де аударма деп аталады. Дегенмен бұл екі анықтама бір бірімен тығыз байланысты, олардың біреуін екіншісінсіз анықтау мүмкін емес. Бұл тұжырым осы мәселені зерттеумен айналысатын ғалымдардың қай қайсысы да атап өтетін дәстүрлі қағида. Қазақ тілінде де «аударма» сөзі осындай анықтаманы иеленді: «аударма – бір тілден екінші тілге аударылған еңбек, туынды; іс-әрекеттің нәтижесі және аударма – бір тілден екінші тілге аудару ісі; жүргізілетін процесс. «Аударма» сөзі жалпыға түсінікті, әрі көпшілікке белгілі болып табылады. Осыған қарамастан, бұл адам әрекетінің арнайы бір түрі және жемісі болғандықтан, ол ғылыми-терминологиялық анықтауды қажет етеді. Аудармашылардың өздері де «көркем аударма» ұғымына нақты анықтама беруге қиналады [9-11]. Кейбір әдебиетшілер «аударма-түпнұсқаға негізделіп, түпнұсқаның басқа тілдегі көшірмесі» болу керек деген пікір айтады. Басқаша айтқанда, аударма түпнұсқаға толық сәйкес болу керек. Бұл арада «сәйкестік» деген ұғымға тоқталу керек деп ойлаймыз. Егер бір шығарма екі түрлі тілде, екі түрлі мәдени-тарихи жағдайда өмір сүрсе, онда «сәйкестік» тек шартты түрде ғана болмақ. Осындай тұжырымды белгілі армян сыншысы Левон Мкртчян айтқан: «Если одно и то же произведение существует на двух разных языках, в контексте разных культур, то о полном соответствии можно говорить лишь в определенном смысле. Даже наиточнейший перевод не может во всем совпадать с оригиналом, быть «абсолютно точным». Перевод и не должен полностью повторять оригинал – искусству противопоказаны повторения» [12, 56].
Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой – пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде, яғни оның ана тілінде түсінікті етіп жеткізу. Ал, әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын – лингвистикалық ерекшелік емес, ал түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен. Аударма – жалпы әдеби үрдістің кең арналы саласы. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері де сусындай алады. Толық мағынадағы аударма қалай да түпнұсқаға сәйкес болуы шарт. Әрине, шығарманың мәтінін бастан – аяқ тәржімалау мүмкін емес. Әсіресе, әдебиеттік шығармалардың аудармаларында кейбір еркіндіктер болмай қоймайды. Оның себебі де бар – әр тілде қалыптасқан сөз қолдану тәсілдері ерекше болып келеді. Сондықтан, бейнелі сөздерді көшіріп, сол түпнұсқадағы қалпын сақтап жеткізу мүмкін емес. Басқа тілде айтылған ойдың жалпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке тән көркемдік ойлау, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдану өзгешеліктерін дәл келтіру әлдеқайда қиын. Ал, онсыз көркемдік ой – сезімнің әсерлілігі де толымды болмайды. Көркем аударма процесінің нәтижесінде түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы бірлік пен тұтастықтың сақталуының маңызы жоғары. Түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы байланыс, келісім мен жарасым аудармада сақталмаған жағдайда әдеби шығарманың көркемдік табиғаты, автордың шығармашылақ даралығы мүлде бұрмаланып, түпнұсқа бір басқа, аударма бір басқа – екеуі екі бөлек туынды болып шығады. Мұндай жағдайда аудармадан түпнұсқаның мазмұны да, көркемдік-бейнелеу ерекшеліктерін де табу қиынға түседі.
Ал, көркем аудармада түпнұсқаның мазмұны мен пішінін дәл жеткізу немесе біршама дәл жеткізу аударма ісіндегі ең бір қиын, күрделі әрі аудармашы шығармашылығының мағынасы мен мәнін анықтайтын айрықша маңызды көрсеткіш болып табылады. Бір ұлттық тілде жазылған көркем шығарманы екінші бір ұлттық тілдің көркемдік бейнелеу құралдары арқылы қайта жасау, аудару оңай емес. Ал, түпнұсқа белгілі бір ұлттың ұлы ақынының шығармасы болса, оның ұлттық сипаты барынша анық, беделді болса, онда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар, үлкен талантты талап етеді.
Аудармашы таланты – айрықша талант. Ол өз тілінің айшығы мен ажарын, көркемдік бейнелеу мүмкіншілігін, бейнелілігін еркін меңгерген дарынды ақын болумен бірге, түпнұсқаның мазмұны мен мәнін, тіл байлығын, ұлттық бояуын жете білетін шебер маман дәрежесіне көтерілуі шарт. Сонда ғана ол аудармашы ретінде түпнұсқаның мазмұны мен пішінін толық игеріп, өз аудармасында олардың арасындағы байланысты, келісім мен жарасымды, тұтастықты сақтауға мүмкіндік табады.
Тарихтың тасқа таңба басқандай талассыз тағылымы мынаны үйретті: жер бетін мекендеген халықтар мен ұлттар ешқашан томаға тұйық қалпында қалмай, өзге жұрттардың мәдениеті мен өнерінен нәр алып, үлгі тұтуды мұрат еткен. Сөйтіп, олардың арасындағы рухани алмасу процесі үздіксіз жүріп, барған сайын даму, бірін-бірі байыту бағытында өрістеген. Өзіңде барды өзгеге ұсыну, өзгенің өнегесін бойға дарыту – мәдениет тарихындағы орныққан, өркен жайып, тамырын тереңге жіберген. Адамзат қоғамы бір ұлттан ғана құралмай, жүздеген, тіпті мыңдаған ұлттардан тұратыны әркімге аян. Халықтар ынтымағын нығайту жолында көркем аударма елеулі қызмет атқарды.
Қазіргі ағылшын тілінде жаңа сөздердің пайда болуының көптеген әдістері бар, олардың қатарына жаңа сөзөнімділігі, сөзқұрау, конверсиялық (өзгерту), қысқарту, адьективизациялық, субстантивтік (бір есімнің екінші есімге айналуы), кері сөз құрылымы, лексико- семантикалық тәсіл, дыбыстардың кезектесуі және сөздегі екпіннің ауыстырылуы (фонологиялық тәсіл) және т.б. Бірақ, аталған тәсілдердің барлығы да бірдей қолданыла бермейді және әрқайсысының өзіндік сөзқұрылым процесіндегі салмақтары бірдей емес. Жаңа сөзөнімділігі мен сөзқұрылым сияқты тәсілдер жаңа сөзқұраудың негізгісі болып табылады.
Жаңа сөзөнімділігі мен сөзқұраудың көмегімен 88% жаңа сөздер құрылады (3000 зерттелген сөздердің ішінде).
Мысалы, басқалар конверсия, лексико-сементикалық тәсіл, жаңа сөздерді аз көлемде құрайды, және сөзқұраудың тарихи тәсілдерінің қатарына өткендігімен, үшіншіге жатқызуға болатын тәсілдер, сөздерде дыбыстардың кездесуі мен екпіннің ауыстырылуы, аз өнімді және қазіргі кезде дерлік қолданылмайды. Осыған байланысты бөліп көрсету керек: - аз өнімді аффикстер; - «абсолюттік өнімділік» бұл өнімді аффикс, сөзқұру тәсілінің сөзқұру элементі ретінде, осы ортада өзінің қолданылуында минималды шектеулі.
Өнімділік, әртүрлі тілдік бірліктің басты сипаттамаларының бірі болып табылады. Өнімділік сөзқұру моделінің салмағы басым болады. Өнімділік жаңа сөз құрылуында орталық механизмнің жұмысын атқарады, сөзжасам моделінің сипатында басым салмаққа ие. Сөзқұруды өнімділік мағынасы, моделдерден басқа, аффикстерге де, сөзқұру элементтерінің негізіне және де сөзқұру тәсілдеріне де таралады, «өнімділік» сөзінің өзінің семантикасы өте кең көлемде.
Мүмкін, осы факт, зерттеушілердің арасында, осы мағынаның жекеленген аспектілері мен оның негізгі сипаты жайлы бірдей пікір жоқ екендігінің себебі шығар. Ағылшын тілінде сөз жасалуының әмбебап, жан-жақты және көп таралған әдісінің бірі сөздердің бірігуі. Сөздердің бірігуі қазірге дейін өз белсенділігін жоғалтпаған. Қазіргі ағылшын тіліндегі барлық жаңа сөз қалыптастырушылардың үштен бірі – күрделі сөздер. Сөздің жасалу үрдісі омонимдік сөздік форма ретінде екі негіздің жанасуынан пайда болады. Мысалы, carryback- «шығындардың алдыңғы «кезеңге ауыстырылуы», citiplus - «Ситибанк» (АҚШ) банкінің өз клиенттеріне ұсынатын құрал және т.с.с.
Бүгінгі таңда ағылшын тілінің нормалары бірдей лексикалық және грамматикалық сипатқа ие сөздердің негіздерінің бірігіп, сөз тіркестерін жасауға жол береді, сондықтан да аудармшыға қай жағдайда күрделі сөздің неологизм екені, ал қай жағдайда сөз тіркесі екенін ажырату қиынға соғады. Салыстырайық: «closing bank» – бірнеше банк қатысқан мәмілені аяқтаушы банк, «closing bank» жабылып жатқан банк және т.с.с. Бірақ көп жағдайда тіпті бір жиынтықтың жазылуында өзгешеліктер байқалатынын атап өтуіміз керек. Мысалы, man-made - «қолдан жасалған, адам жасаған», мұнда - 6 % - бөлек жазылулар, 82 % - сызықша арқылы, 12 % - бірге жазылғандар. Күрделі сөздердің құрамына кіретін компоненттердің лексикалық белгілерін біле талдау нәтижесінде аудармашы барлық құрылымның маңыздылығын анықтай алады: Graphite bombing caused power lines destruction turning off life-supports in Belgrade hospitals (Fox News Direct, 1999). Байқап тұрғанымыздай, life-supports неологизмі екі бөліктен құралған, life («өмір») және support («қолдау»), яғни мұнда өмірді немесе өмір сүру мүмкіндіктерін қолдау туралы әңгіме жүруде, ал s –суффиксі әңгіме көпше түрдегі санаулы зат есім жайында екенін көрсетіп тұр. Сондықтан да контекстті саралай отырып бұл неологизмді «тіршілік ету жабдығы» деп аударуға болады. Шет тілден сөз қабылданғанда, сөздің (оның) ішкі формасы, дəлелдемесі ұмытылады. Мысалы: “бидің бір түрін” білдіретін фокстрот шығу тегі жағынан ағылшынның foxtrat сөзі, сөзбе-сөз аударғанда “түлкінің қадамы” (лисий шаг) деген сөз. Орыс тілі мен қазақ тілінде, сондай-ақ басқа тілдерде де бұл сөздің арғы төркіні, шығу тегі мүлдем ескерілмейді, ол жағы бізге тіптен белгісіз, оған мəн беріп жатқан ешкім де жоқ.
Сонымен, аударма не үшін жасалған? Орыстың ұлы ойшыл сыншысы В.Г. Белинский 1844 жылы бір мақаласында көркем аудармаға тоқтала келіп, мынадай бір пікір түйген: «...аударма көбінесе түпнұсқаны оқырмандарға және оқуға мүмкіншілігі жоқтарға арнап жасалады, ең бастысы бір халықтың әдеби тіліндегі шығармаларды екінші халықтың тіліне аудару ісіне халықтардың өзара таныстығы, идеялардың өзіндік ауыс – түйістігі, содан келіп әдебиеттің көрнекті және ақыл – ой еңбегінің дамуы негізделеді» [13, 34]. Бір тілдегі көркем шығарманы екінші тілге қарай аудару қажет екендігі туралы пікірталас басталғалы талай замандар өтті.
Қорыта айтқанда, көркем аударма мәселелері күн тәртібінен түспейтін, шешілуінің ұшы - қиыры көрінбейтін түбегейлі проблемалардың бірі. Әдеби аударма халықтардың бірін – бірі тануына, рухани жағынан жақындасып, туыстасуына айтулы көмек көрсететіні белгілі. Көркем аударма жекелеген қалам қайраткерлерінің ғана емес, бүкіл бір елдің әдебиетіне әсерін тигізеді.
Әдебиеттер:
Раппопорт С. Художественное представление и художественный образ. - М.: Наука, 1985.
Әуезов М. Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы. // Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962.
Әуезов М. Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері // Көркем аударманың мәселелері. Мақалалар жинағы. – Алматы: Қазақкөркемәдебиетбаспасы, 1957.
Талжанов С.О. О переводах и переводчиках / Аударманың лексика- семантикалық мәселелері (тәжірибелер, толғаныстар, топшылаулар). – Алматы: Ғылым, 1987.
Терминологиялық хабаршы, № 3 (5), Астана, 2003.
Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы. Жинақ. - Астана, 1998.
Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі. - Алматы, 1994.
Алдашева А.М. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелері. – Алматы, 1999. – 161 б.
Попович А. Проблемы художественного перевода. –М.: БГК им. И.А. Бодуэна де Куртенэ, 2000. – 280 с.
Ілеспе аударма [Мәтін]. - Алматы: «Ғылым» баспасы, 2007.
Кабакчи В.В Английский язык межкультурного общения. - М., 1993
Мкртчян Л. О стихах и переводах. - Ереван: Айастан, 1965. - 232 с.
Белинский В. Г. О Крылове: Сборник статей и высказываний. — М.: Гослитиздат, 1944. —
Достарыңызбен бөлісу: |