2008-03-07:
Ұлттық арна ұлағаты
2008 жылы 8 наурызда бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы – телевизия біздің ортамызға табан тірегеніне тура 50 жыл болады. Біз “Қазақстан” республикалық телерадио корпорациясы” акционерлік қоғамындағы, жалпы осы саладағы әріптестерімізді мерекемен құттықтай отырып, оқырмандарға мерекеге орай әзірленіп жатқан “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітаптың бірер тарауын ұсынамыз. Кітап әр жылдары мемлекеттік комитет, ұлттық компания, корпорация түрінде жұмыс істеген телевизияны басқарған азаматтардың өміріне арналған. Бұл тұлғалардың бәрі дерлік ұлттық телевизияның қалыптасуына, өркендеп дамуына үлес қосқандығы сөзсіз. Оларды жақсы білсек те кейбірі туралы қысқа деректермен шектелетініміз бар. Сондықтан да ақпарат құралдарында көп айтылып, көп жазыла қоймаған телевизия басшылары туралы тарауларды назарға ұсынғанды жөн көрдік. “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітапты баспаға әзірлеген – осы акционерлік қоғам басқарма төрағасының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайнар ОЛЖАЙ.
“КЕЛІСПЕУШІЛЕРМЕН КЕЛІСЕ АЛМАЙМЫН”
Қанапия Мұстафин Қазақстандағы радио ісі білгірлерінің бірі болғандығына талас жоқ. Ал телевизия басқалармен бірдей ол үшін де тың сала еді. Сондықтан, жаңалықты қабылдауға және онымен жете танысуға тура келді. Бірде Министрлер Кеңесі жанындағы комитет, бірде Мәдениет министрлігі жанындағы бас басқарма түрінде жұмыс істеген радио саласына телевизияның қосылуы Мұстафиннің басшылығы тұсында жүзеге асты. 1957 жылы 12 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне арнайы хат жолдады. Онда КСРО Министрлер Кеңесінің “КСРО Министрлер Кеңесі жанынан Радио хабарлары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы” қаулысына сәйкес Қазақ КСР Министрлер Кеңесі республикада осындай Радио хабарлары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетті Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құру қажет деп санайтынын жеткізді. Және комитет төрағасы етіп Қанапия Мұстафинді бекітуге ұсыныс енгізді.
Қонаев қолдаған Мұстафиннің ақпарат, оның ішіндегі радио саласындағы басшылық қызметі бұл кезде республикаға кеңінен таныс. Отызыншы жылдардың басында Кеңес Одағы енді ұйымдасып жатқан ұжымдық шаруашылықтарды басқаруға, жалпы халыққа өз бағыттары бойынша тәрбие беруге ауадай қажет жаңа кадрлар даярлауды қолға алған. Сол тұстағы кеңес-партия мектебін бітіргендердің бірі болды. Оның алдында тракторшылар курсын оқыған. Бірнеше жыл Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданында жер жыртқан.
Коммунистік журналистика институтын бітірген Қанапия Мұстафин қазақ радиосында редактор болып қызмет атқарды. Бүкіл республикада жаппай “халық жаулары” іздестірілген саяси жағынан ең қиын 1937-1938 жылдар еді. Зобалаңның бұлты бұл қайраткердің басына да үйірілген.
Кейін өз қолымен толтырылған өмірбаянында Қанапия Мұстафин 1937 жылы 19 қазанда партия қатарынан шығарылғанын жазыпты. Өйткені, оған “Сәбит Мұқановтың сыбайласы” деген айып тағылған. Екеуінің Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгені белгілі. Қаншалықты “сыбайлас” екенін сол кездегі сталиндік үштік анықтап үлгермесе керек. Өйткені, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің тек кеңестік заман мен большевиктік партияны жалау еткенін, жырлап жүргенін дереу дәлелдеп шығады. 1937 жылы 17 қарашада Сәбит Мұқановтың партиялығы қалпына келтіріледі. Мұқановпен бірге Мұстафиннің да билеті қайта қолға тиген. Мұқанов сотталып кеткенде, сөз жоқ, Қазақстандағы телевизия ісінің бірінші басшысы Қанапия емес, басқа адам болар еді...
Қиын заманның өз талаптары болыпты. Айталық, әрбір партиялық қызметкердің жеке іс парақшасына әр жылдары кіммен істес болғаны көрсетіледі. Яғни, ол қызметкерді жақсы танып, сипаттама бере алатын адамдардың аттары аталады. Қанапия өзін жақсы біледі деген тұлғалар қатарында отызыншы жылдардың басында Әбдісамат Қазақбаевты, отызыншы жылдардың ортасына Дихан Әбіловті атайды. Қазақбаев өз тұсында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне жеткен. Ал қазақтың белгілі ақыны Дихан Әбіловті өзіне таныс, етене тұлға деп көрсету арқылы Қанапия Мұстафин тағы бір рет күйіп кетуі мүмкін еді.
Өйткені, Ұлы Отан соғысының орта тұсында өзінің Майданбек деген кейіпкерінің ұрыста “қалай кісі өлтіремін” деген гуманистік көзқарасын дастан түрінде сипаттаған ақын дереу абақтыға қамалған. Және өлім жазасына кесілген. Көрер жарығы бар екен, бұл жаза орындалмай, одан ақын түпкілікті ақталып шығады. Егер тыңғылықты тергеу болып, Диханды жақсы білетіндер “кім?” деген сұраққа жауап ізделсе, Қанапия Мұстафиннің өз қолымен жазылған өмірбаянында “мені 1934-1937 жылдары Дихан Әбілов жақсы білетін” деген жолдар мойнына тұзақ болып оралуы мүмкін.
Ақын майданда тұтқындалған күндері Мұстафин Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысы еді. Ал соғыс аяқталып, өзі Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң, сол облыстағы үгіт пен насихат жұмыстарына жауап беретін хатшы қызметіне кіріседі.
Обалы не керек, Қазақстанның радио хабарлары мен телевизиясының бірінші басшысына әр кезеңде белгілі мемлекет және партия қайраткерлері түзу мінездеме береді. Өз қолдарымен мансап биігіне ұсынады. Мұрағат құжаттарына қарағанда жолын ашқан басшылар арасында Жұмабай Шаяхметовтің, Николай Скворцовтың, Геннадий Борковтың, тіпті Мәскеуде отырған Маленковтың қолдары кездеседі. КОКП Орталық комитетінің хатшысы Маленковтың қолы қойылған, сонау 1946 жылы берілген №3116 куәлікке қарағанда Қанапия Мұстафинді жауапты партиялық жұмысқа алуға болады.
Бірақ, арада он жыл өткенде Қазақстанда бұл кандидатура қызметке қабілетті ме, жоқ па дегенде айтарлықтай талас туыпты. Күдік келтіргендер кімдер екені құжаттарда сақталмаған. Ал Қанапияның қабілетті қызметкер екендігін қорғап қалған елуінші жылдары Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімін басқарған, одан идеология хатшысы болған Құманғали Оспанов еді. Екеуі Ақтөбеде біраз жыл қызметтес болған. Біреуі партия комитетінде отырғанда, екіншісі облыстық халыққа білім беру бөлімін басқарған. Алматыда тағдыр қайта тоғыстырған тұста Құрманғали Оспанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Иван Яковлевтің атына хат жолдайды. Онда “Мұстафиннің радио ақпарат бас басқармасының бастығы болуына келіспеушілермен келісе алмаймын” деп кесіп айтады. Одан әрі Қанапияны “тәжірибелі маман, партиялық жұмыстан хабардар басшы, баспасөздің барысын білетін, радио ақпараттың сырын білетін және ол салаға жетекшілікті атқарып кететін қызметкер” деп сипаттайды. Кешікпей, Мұстафин Қазақ КСР Мәдениет министрлігі жанындағы радио ақпарат бас басқармасының бастығы болып тағайындалған.
Бас басқарма бір жылдан соң Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радио хабарлары мен телевизия комитетіне айналғанда республика үкіметін басқарып отырған Дінмұхамед Қонаевтың өзі Қанапия Мұстафинді төраға қызметіне ұсынады. Мемлекеттік комитет алдымен Алматы студиясының, одан кейін қатарға қосылған Қарағанды мен Өскемен студияларының жұмысына басшылық бағыт көрсетті әрі ұдайы бақылады. Хабарларға баға берді. Бірсарынды, суреті сұрғылт, бұлыңғыр, дерек қайталау кездесетін хабарларға ескерту жасап отырды.
Бірінші төрағаның тұсындағы елеулі оқиға Қазақ КСР-інің өнер және әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігі еді. Орталық телевизиядан қазақ өнер шеберлерінің бағдарламалары көрсетілді. Жекен Жұмақановтың “Жаңа қоныстанушылар” атты телеқойылымы ең өзекті тақырып – тың игеруге арналды. Келесі телехабарға Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі қатысып, концерт берді. Орталық телевизиядағы бағдарламаның шарықтау шегі – “Дударай” операсының телевизиялық нұсқасы еді. Оны бүкіл елдің телекөрермендері жақсы қабылдады. Республика басшылығында жүрген Ж.Тәшенов, Д.Қонаев сынды қайраткерлер жас ұжымды табысымен құттықтады.
Операны теледидардан көрсету ісінде одан кейін тағы батыл жаңалық болды. 1959 жылы Алматы телестудиясына жылжымалы телеқондырғы берілді. Оның мүмкіндігі арқылы Абай атындағы опера және балет театрында жүріп жатқан спектакль көрсетілді. Ол – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Абай” операсы болды. Үйлерінде теледидары бар бақытты отбасылар алғаш рет театрға бармай-ақ қойылымды тамашалауға мүмкіндік алды.
“ТАҒЫМДЫ АЛСАҢ ДА, БАҒЫМДЫ АЛҒЫЗБАЙМЫН”
Мылтықсыз майдан іспетті телевизия мен радио саласын басқаруға Орталық комитет тағы бір майдангер журналисті басшылыққа жіберді. Теле-радио комитетінің тарихтағы үшінші төрағасы Кенжеболат Шалабаев еді. Бұл да өмірдің ыстығы мен суығына шыңдалған, оңы мен солын таныған қарымды қайраткер болатын. Солтүстік Қазақстанның табиғаты тамылжыған Өрнек ауылының тумасы жоғары білім алып үлгерместен майданға алынды. Сол жақта байланыс қызметін меңгерді. “Шифрлаушы” деген қазақ жігіттері сирек меңгерген әскери маман болып шықты. Сондықтан, құпиясы көп әскери бөлімдерде жүрді.
Осылайша тек 1947 жылы әскер қатарынан босап, енді мамандық алу үшін ФЗО-да екі жыл оқиды. Бірақ, бойындағы таланты мен маңдайдағы бақ шығар, ол қара жұмысшы болу орнына 1948 жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетіне қызметке алынған. Міне, содан кейін Жоғары партия мектебіне түседі. Одан әрі қарай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі қызметі басталған. Алдымен нұсқаушы болып орналасқан. Кешікпей, Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі жанынан арнайы орган ашылады. Аты – “Печать Казахстана”. Міндеті – республикадағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарына жол көрсетіп, жоба белгілеу. Осы қызметтен соң Орталық комитеттегі баспасөз секторына меңгеруші болып тағайындалған. Одан бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жоғарылайды.
1962 жылы 6 маусымда бұрынғы бастық Құрманбек Сағындықов Оңтүстік Қазақстан өлкелік газетіне бас редактор қызметіне жіберілгенде оның орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетіне төраға болып Кенжеболат Шалабаев тағайындалды. Бекіту жөніндегі бұл құжатқа Дінмұхамед Қонаев қол қойыпты. “Шалабаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетіне төраға болуға әбден лайық” деген мінездемені Орталық комитет хатшысы Нұрымбек Жанділдин берген.
Шалабаев мемлекеттік комитетті жеті жыл басқарды. Ол тұста телевизияның қамту аймағы еселеп өсті. Жаңа студиялар салынды. Балқаш, Орал, Семей, Павлодар қалаларында осындай жаңа студиялар іске қосылды. Бұрынғы Алматы телестудиясы Қазақ телевизиясы болып қайта құрылды. Кешікпей Орталық Азия республикалары арасында тұңғыш болып 1-категорияға ілікті. Демек, қызметкерлердің жалақысы жақсарды. Он алты қуатты ретранслятор пайдалануға берілді. Оның сыртында 26 қатардағы ретранслятор жұмыс істеп жатты.
1965 жылы 2 шілдеден бастап “Эфирде Қазақстан” атты апталық газет шыға бастады. Онда радионың, телевизияның апталық бағдарламаларымен қатар, кейбір ерекше хабарлар туралы ақпараттар жарияланды. Сәлкен Сұхбанбердиннің “Қара молда” пьесасының анонсы да күнілгері газетке берілді. Оның өзі 1965 жылы 15 желтоқсанда 22 сағат 20 минөтте эфирде басталыпты. Ал режиссер Сәлима Естемісова қойған “Майдан” телеспектаклінің Орталық телевизиядан көрсетілгені туралы материал бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Бұл телеқойылым Қазақ телевизиясының шынайы табысына айналды. Ол жазушы Бейімбет Майлиннің осы аттас шығармасы негізінде әзірленді. Телестудияда жүретін спектакльге Сәбира Майқанова, Мүлік Сүртібаев, Шолпан Жандарбекова сияқты танымал әртістер қатысты. Осы телеқойылымда байдың ұлы Жұмағұлды ойнаған Сәбит Оразбаевтың талантын қалың көрермен сонда таныған.
Ал “Эфирде Қазақстан” апталығы шыға бастаған соң халық теледидарда не көрсетілерін бір апта бұрын біліп отыруға дағдыланды. Бағасы екі тиындық газет көпшілікке дереу тарады. Осы басылымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қоғамдық пікірді зерттеу институтының анкетасы ұдайы жарияланып тұрды. Онда телекөрерменнен сегіз сұраққа жауап беру сұралды. Оның ішінде ұнаған және ұнамаған хабарларды көрсету сұралды. Ұнаған хабарларды өз кезегінде сегіз топқа бөліпті. Сұрау салу нәтижесінде телевизиялық бағдарламаларға тиісті түзетулер жасалынғаны даусыз.
1966 жылы эфирде “Айтыс – асыл қазына” атты хабар пайда болды. Онда әдебиеттанушы ғалым Көбей Сейдеханов қазақтың айтыс өнерін талдады. Және арғы заман емес, Кеңес өкіметі кезіндегі 20-30 жылдарғы айтыстарға шолу жасады. Телевизияның өзінен көрсетілетін айтыстарға әлі кезек жете қоймаған. Әдеби хабар “Қайнар” деп аталды. Оны танымал ақын Әбділдә Тәжібаев пен жас жазушы Әбіш Кекілбаев жүргізген. Кейін үлкен ғалым, мемлекет қайраткері болатын Мырзатай Жолдасбеков “Құрдастар” шығармашылық бірлестігі арқылы 1966 жылдан “Айдын” хабарын эфирге алып шықты. Сол жылдың басында “Қараторғай” телеспектаклі үздік деп танылып, оны эфирге шығарғандарды төрағаның бұйрығымен көтермеледі.
Телехроника түсіретін техника қолға тиді. Енді негативті пленка арқылы түсіріп келген көріністерді асықпай көрсетуге қол жетті. Сол арқылы телефильмдер түсіріле бастады. Қазақ телевизиясының жылдық қуаты екі жүз толық метражды телефильм түсіруге жетті. Бұл республиканың барлық аймақтарын қамтып, еңбек адамдары мен өнер қайраткерлерінің жарқын істерін көрсету жолы еді. Бұл үшін комитетке бағынатын “Қазақтелефильм” өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды. Оған жылына 327 сағаттық өнім шығаратын техникалық жабдық алынды. Негатив лента өте қат және қымбат болатын. Оны Орталықтан алып келуге Шалабаев бар беделін салатын.
Кенен Әзірбаев туралы телефильм көптің есінде қалды. Сол кезде 80 жасқа толған қарт жыраудың ауылдағы өмірі кеңінен қамтылды. Бұл телефильмнің сценарийін жазуға белгілі әдебиеттанушы Мұхамеджан Қаратаев тартылды. “Күйден – симфонияға дейін” атты хабарда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісовадан бастап, алпысыншы жылдары жемісті жұмыс істеген қазақ композиторларының шығармалары ойналды. Осы тұста мемлекеттік комитет жанында өздерінің симфониялық оркестрі болды. “Телевизиялық поэзия театры” көркем шығармаларды кеңінен насихаттады.
Шалабаевтың тұсында одақтас республикалар арасында телевизиялық фестивальдар өткізу дәстүрге енді. 1964 жылы қыркүйек айында және 1966 жылы қазан айында орыс және украин әдебиет мен өнерінің радио-теле фестивалі өтті. Екі республиканың 160 телефильмі көрсетілді. Одан кейін Қазақ телевизиясы бойынша Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Башқұртстан, Татарстан бағдарламалары берілді.
Қазақ телевизиясының Орталық телевизияға 1963 жылы 3 желтоқсанда ұсынған бағдарламасы өте жақсы бағаланды. Онда тың игерушілер, кеншілер, балықшылар мен альпинистер туралы бағдарламалар берілген. “Түсіру басталады” атты фильм-концерт те көпке ұнады. Осы сапардағы табысы үшін Кенжеболат Шалабаевқа КСРО Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы М.Харламовтың бұйрығымен “алғыс” жарияланды.
Одақтас республикаларды айтпағанда, мемлекеттік комитеттің төрағасы бірнеше шетелде болып қайтты. Польша мен Венгрия ол кезде социалистік одақ елдері саналатын. Ал 1967 жылы Канадаға барып, Монреальдағы Бүкілдүниежүзілік көрмеге қатысу үлкен оқиға еді. Онда алғаш түрлі-түсті форматтағы “Қазақстан-67” фильмі көрсетілді. Одан кейін “Жеңіс” атты келесі телефильм көрмеге қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл телетуындының режиссері әрі операторы Е.Тынышбаев еді. Сценарийін Т.Мәткәрімов жазған. Телефильм Жеңіс атты жылқышы қыздың даладағы тірлігімен таныстырады. Қыздың қырда жылқы бағып, асау үйретуі Канадаға көрмеге келген шетелдіктерді қатты таңырқатты. Бүркітші туралы телефильмнің де әсері бұдан кем болмады.
Шалабаевтың тұсында шығармашылық ұжым төселді. Өз ісінің шынайы шеберлері шықты. Қазақ радиосында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртістері А.Әсімжанов пен Е. Патрушев бас режиссер қызметтерін атқарды. Қазақ телевизиясының бас режиссері Евгений Прасолов та Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Телевизияның көркемдік жетекшісі Сапарғали Шәріпов өзінің қойылымдарымен баршаны мойындатқан маман еді.
Дикторлар құрамына ерекше көңіл бөлді. Бұған дейін тележурналист болып жүрген Совет Масғұтовты қазақша хабарлар оқуға жегіп, алғаш қазақ тіліндегі ер адам диктор болып эфирге шықты. Осы шоғырда Лидия Тюльменко, Владимир Орлов, Всеволод Иванов, Еркін Әбішев, Алевтина Попова, Тыныс Өтебаев, Ләскер Сейітов, Мәриям Айымбетова болды. Топқа Ләзиза Аймашева жетекшілік етті. Кейін бұл топқа Ләскер Сейітов, содан соң Тыныс Өтебаев басшы болды.
Телевизия республиканың ең таңдаулы жетістіктерін әлемге танытуда тағы бір қадам жасағанын айта кету керек. Кенжеболат Шалабаев төраға болып тұрған тұста Алматы қаласының түбінде Алатау атты ғалымдар кенті салынып, онда атом реакторы іске қосылды. Қазақстан енді атомдық сала қалыптасқан қуатты республикалар қатарына қосылды. Осы жетістікті көрсету үшін Орталық телевизияға кезекпен әзірленетін “Отанымыздың бір сағаты” атты бағдарлама сәтті пайдаланылды. Реактордың іске қосылғаны туралы репортаж Орталық телевидение арқылы Евровизия мен Интервизия жүйелерінде көрсетілді. Осылайша, Алматы түбінен берілген репортаж Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық эфирге тарады. Бұл 1967 жылдың 1 қарашасы еді. Ғалым Жабағы Тәкібаев көрермендерге атом реакторы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Алғаш рет қазақ тіліндегі спорт хабары 1966 жылы 16 қаңтарда тұсауын кесті. Оны телевизия басшылары республика комсомол ұйымымен бірлесіп шығарды. Бұл хабарды жүргізуге танымал жаттықтырушы Қабден Байдосов тартылды. Бұл редакцияға тұрақты жұмысқа Қазақ радиосының комментаторы Сұлтанғали Қаратаев келді. Орысша хабарларды жүргізу Владимир Толчинскийге тапсырылды. Қазақ тілді маманды бірде Шалабаев өзімен бірге Мәскеуге ала кетті. Сол жерден Орешкин деген операторды тауып беріп, VІ жазғы Бүкілодақтық спартакиадаға қатысып жатқан қазақ спортшыларын түсіртті. Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановтың, Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановтың, Амангелді Ғабсаттаров пен Аманжол Бұғыбаевтың спорттағы жетістіктері мен бейнесі көгілдір экранға солай шықты. Олардан басқа туған елі қазақтан шыққан тұңғыш баскетболшы Апатаеваның, семсерлесуші Асықбаеваның шеберліктеріне тәнті болды. Оператор Орешкин тек түсіріп бермеді, төраға Шалабаевтың тапсырмасымен 16 миллиметрлік пленканы жуып, шығарып және монтаждап Сұлтанғали Қаратаевтың қолына ұстатты.
Ел жетістіктерін дереу жеткізген үлкен істерді ұйымдастыра отырып, төраға еңбек ұжымына ерекше қамқорлықпен қарады. Сол кездегі жас диктор Ләскер Сейітовті өз қолымен үйлендірді. Тіпті, комсомолдық тойына асабалық қызметті жасы мен қызметін бұлдамай өзі атқарды. Кейін еңбек сіңірген әртіс, жоғары категориялы диктор деңгейіне жеткен Ләскер үшін бұл жақсылық мәңгі ұмытылар ма!
Шалабаев қызмет үшін жеке өмірін құрбандыққа шалуға бермеген, адамның ізгі сезімі мен жеке өмірі басқасынан жоғары екенін дәлелдеген қайраткер ретінде танылды. Ол Орталық комитетте үлкен қызметте жүргенде дәріханада жолықтырған провизор, кейін белгілі дикторға айналған Ләзиза Аймашеваны өмірлік жар етті.
Достарыңызбен бөлісу: |