5. Масс- спектрометрия Масс-спектрометрия – зерттелетін заттың ион шоғыры алынуына негізделген физикалық зерттеу және анализдеу әдісі; бұл шоғыр массасының зарядына қатынасы бойынша жеке компоненталарына бөлініп, осы компоненталардың салыстырмалы мөлшері тіркеледі. Әдістің бір артықшылығы – талдау үшін заттың аз мөлшері жеткілікті, негізгі кемшілігі – талдаудан кейін үлгідегі зат регенерацияға жатпайды, яғни мұнда екінші ретті әффект пайдаланылады: заттың өзі емес, оның өзгерістері зерттеледі. Заттың құрылымы немесе үлгінің құрамы осы өзгерістердің нәтижесі бойынша құрастырылады, бұл кәдімгі химиялық талдаудағы сызбаларға ұқсас.
Масс-спектрометрия өзі де, ал әсіресе басқа физикалық зерттеу әдістермен комплексті түрде қолданылғанда кұрделі қоспаның сандық құрамын және жеке заттың құрылымы мен оның термодинамикалық сипаттамаларын толық анықтауға мүмкіндік береді. Әдістің шектеулері – үлгінің кейбір бөлігін міндетті түрде вакуумда буландырып (проба газ түрінде болмаса) иондау қажет. Талдаудың алдында күрделі қоспаларды газды хроматограф арқылы бөлсе, масс-спектралды анализ жеңілдетіледі, осы себептен қазіргі масс-спектрометрлерге газды хроматографтар қосарланып орнатылады.
Қазіргі кезде құрылымы белгілі кесте және график түріндегі он мыңдаған қосылыстардың масс-спектрлері белгілі. Егер жеке зат түрінде бөлінген талданатын қоспаның масс-спектрі алынса, онда есеп белгілі кестедегі мәнімен салыстырылу арқылы шығарылады. Жаңа масс-спектрометрия әдісінде зерттелетін масс-спектрлерді кітапханаларда белгілі спектрлермен салыстыру жұмыстары ӘЕМ көмегімен қарапайым программа бойынша жасалады. Масс-спектрлердің арнайы каталогтары басылым көрген, олардың көмегімен қойылған есепті қарапайым түрде есептеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |