Қазақтың дастарқанға отыру мен тамақтану мәдениеті
Авторы
ZhambylNews
-
13/02/2020
0
330
Facebook
Twitter
WhatsApp
VK
Қазақ халқы дастарқан мен дәм-тұзды ерекше қастерлеп, қадірлейді. Дастарқан мен нанды және тұзды «киесі атады» деп баспайды. Дастарқанды құт-береке, бақыт-байлық, ырыс-ынтымақтың ұйытқысы, нанды адам арқауы, тіршілігінің тірегі деп қарап, қандай жерде азықтанса да, ең алдымен, «бісміллә» деп дастарқан жайып барып азықтанады.
Әдетте, әрбір отбасы асқа отырар алдында қол жуады. Онан соң дастарқан жайып, отбасы мүшелері түгел жиналып, жас мөлшеріне қарай төрден бастап дастарқанды айнала отырып тамақтанады. Шайды сол үйдің әйелі, қызы немесе келіні құйып беріп отырады. Қонақ келсе, оған жасы мен жолына қарай төрден немесе өзіне лайықты жерден орын береді.
Қазақ халқы дастарқан тәрбиесіне ерекше мән берген. Асқа отырғанда әркім өзінің жасына, жолына қарай лайықты жерде малдас құрып отырған. Басқалардың алдында тағамға озбырланып қол созбау, тамақты олай-бұлай араластырмау, дастарқан үстінде шаш тарап, айнаға қарамау, тамақты ағызып-тамызып, төгіп-шашпау қажет.
Ас үстіне келген адамдарға дәм татқызып, үлкен кісілер келсе тұрып орын беру, елдің ас-тағамына мән, сын тақпау, басқалар тамақ ішіп жатқанда «болдым» деп орнынан тұрып жүріп кетпеу, жата қалмау, теріс қарап отырмау, дастарқанға бата жасалған соң тұру сияқты жөн-жоралғылар үйретіледі.
Қазақ халқы ас-су, азық-түлік тазалығы тәрбиесінде ұрпақтарына «Тазалығың жақсы болса, денің сау болады», «Лас су ішіп, бұзылған тамақ жеген – аурудан айықпас», «Ауру мен дерттің анасы – ластық», «Қол мен ауызды жумай ас ішкенің – тас ішкенің» деп сусын мен азық-түлік тазалығына мұқият қараған. Тіпті «Тазалығы жоқтан ар-ұят сұрама» деп тазалықты ар-ұятпен сабақтастырған. Бұл тәрбиеде қазақ халқы перзенттеріне ас-тағам әзірлейтін кезде немесе түйе, қой, бие, сиыр сауу алдында қолды, ыдысты таза сумен жуып, онан соң ас-су әзірлеп, мал сауу керек екендігін ұғындырады. Асқа отыратын кезде міндетті түрде қол жуып, онан соң ас ішілетіндігін, қонақ келсе қолына су құйып, таза орамал ұсыну қажеттігін егжей-тегжейлі үйретеді.
Қазақ халқы ауызсу тазалығына да ерекше көңіл бөлген. Ұрпақтарына таза бастау, бұлақ сулары мен құдық суларын пайдалануды үйретіп, лас, жарамсыз суларды пайдалануға қатаң тыйым салған. Ас-тағамдарды таза қолдану, ет-сүтті әбден пісіріп барып пайдалану, тамақтың алдында, соңынан қол жуып, ауыз шайқау, азық-түліктердің бетін ашық-шашық тастамай жауып жүру, тісті аршадан басқа нәрсемен шұқымау, түрегеліп жүріп, жатып, жүрелеп отырып ас ішпеу және тамақ іше салып жата кетпеу сияқты толып жатқан ғылыми қағидаларды түсіндіріп, ұрпақтарының таза, ретті азамат болып жетілуіне күш салады.
«Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабынан
Достарыңызбен бөлісу: |