17) Түркі империясының құрылуы және оның әлемдік процестерге әсері. Көк түріктердің тайпалық одағы орта ғасырларда (552 - 603 ж.) басқарған Азиядағы ірі мемлекет. Тарихтағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Түрік қағанатының күшейген уақытында Солтүстік-Шығыс Қытай (Манчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Қапқаз аумақтарына иелік еткен. Оның негізін салған - Бумын қаған 553 жылы қайтыс болады. Бумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен түріктер жоғары жағында бір жердегі Бұкрат (Мула) тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескенің мұрагері деп шежіреші оның інісі Иркинді (Ицзинь) атайды, ол кағандық тағына Мұқан қаған деген атпен отырады, оның лақап аты Йанту болды. Мұқан қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түркі қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырады, Солтүстік Қытайды алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етеді. 563-567жж. эфталит патшалығын басып алады. Міне, осыдан кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға дейін және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан.
Түрік қағанатының күшейіп, саяси жағынан белсенділігі артып, тарих сахнасына шыққан кезі VI ғасырдың ортасы. Бұл кезде түрік қағанаты Силзебул Орта Азиядағы эфталиттерді өздеріне толық бағындыруға әрекет жасайды. Алайда бір шеті Каспий теңізінен, екінші шеті Солтустік Үнді ойпатына дейінгі ұлаң-ғайыр жерді алып жатқан эфталиттерді жеңе қою оңайға түсе қоймайтыны білген түрік қағаны Иран шахы Хұсрау I Ануширванмен келісімге келеді (561-563 жж.).
563-567 жылдары эфталиттермен болған ұрыстарда түрік қағанаты жеңіске жетеді. Алайда, осы жеңістен кейін түрік қағанатымен Иран шахының арасындағы достық ұзаққа созылмады. Оған басты себеп, Шығыстан Батысқа қарай созылып жатқан керуен жолының барлығы дерліктей түрік қағанының қарамағында қалып қоюы Иран шахының түріктерге деген наразылығын туғыза бастайды. Дегенмен, екі ел арасында болған соғыс келісімі 563-567 жылдары эфталит патшалығын жоюға мүмкіндік берді дейміз.
18) Батыс Түрік қағанаты. Түргеш және Қарлұқ қағанаттары Батыс Түрік қағанаты— Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 – 704). Қазақстан аумағында 603 жылы Батыс Түрік қағанаты құрылды. Батыс Түрік қағанатының орталығы Шу өзені бойындағы Суяб қаласы болды. Жазғы ордасы Мыңбұлақта орналасты. Ол Жамбыл облысында Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Халқының құрамы алуан түрлі тайпалардан тұратын қағандықта 630 жылдан бастап билік үшін талас басталды. Нушеби тайпасының қолдауымен Ешбар Елтеріс 634 жылы билікті иеленді. Ешбар Елтеріс елді басқаруды қайта құрып, “он-оқ бұдун” жүйесін енгізді. Қағанның он түменнен тұратын әскери жасағы болды. Дулу мен нушеби арасындағы 640-657 жылдардағы тартыс қағандықты мүлде әлсіретті. Осыны пайдаланған Қытай әскері 659 жылы Жетісуға басып кірді.
Батыс Түрік қағанатының басқару жүйесінде қаған – жоғарғы билеуші және әскербасы болып саналды. Жоғарғы лауазымды қаған руынан шыққан ақсүйектер иеленді. Оларға ябғу, шад, елтебер атақтары берілді. Түргеш қағанаты— 704-756 жылдары билік құрған, Батыс Түрік қағанатының ыдырауы нәтижесінде құрылған ерте ортағасырлық түркі мемлекеті. Арабтар жаулаушылығы басталған кезде Қазақстан және Орта Азияның басым бөлігі Батыс Түрік қағанаты өкіметінің билігінде болатын. Арабтарға қарсы күрес жүргізу ісінде Жетісуда өкімет басына келген түргіштер бірінші орынға шықты. Түргештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес тайпа дулуға кіретін, Іле мен Шу өзендерінің аралығын жайлаған көп санды түрік тайпаларының бірі еді. Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрі-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Түрфан мен Бесбалыққа дейін көсіліп жатқан байтақ жерде өз үкіметін орнатты. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды.
Қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізді. 746 жылы Қарлұқтар Жетісуға қоныс аударды, ал онда саяси жағдай тым күрделі болатын. Өзара қырқысқан күресте түргеш қағандары өздерінің бұрынғы күш-құдіретінен айырылды. Соның салдарынан бытырап кеткен түргеш тайпалары қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады.