73. Грамматикалық қателер Жүргізуші



Дата17.06.2018
өлшемі22,62 Kb.
#42405
73. Грамматикалық қателер
Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, бұл – Дұрыс сөйлейік!» атты бағдарламалар циклі. Біздің сұрағымызға жауап беретін тіл маманы – Анар Мұратқызы. Анар ханым, енді грамматикалық қателер жайлы айтсақ. Мен өз басым мысалға, жеке сауал жолдағым келіп тұр. Мерекеңізбен деген дұрыс па, әлде құттықтаймын деген дұрыс па, әлде құтты болсын деген дұрыс па?

Анар ханым: Самат, осы тақырыпқа қатысты жақсы байқадыңыз. Бұл сұрағыңыз нағыз грамматикалық қате болып саналады. Өйткені қазақ тілінде құттықтаудың формасы грамматикалық жағынан алғанда, үшінші жақтың бұйрық рай формасымен келеді. Мысалы, болсын, орындалсын деген сияқты формамен аяқталады. Ал енді мерекеңізбен, туған күніңізбен деген формалар қазір бізде көп тарап бара жатыр. Әсіресе жастардың тілінде. Бұл орыс тілінен тікелей аударылған. Бұны енді тілтанушылар калька дейді. Жалпы тілдегі калька ол тілдің өзінің нақышын бұзады, бедерін құртады. Тілдің өзіне ғана тән ерекше суреттерін, бояуларын көмескілендіріп жібереді. Сондықтан қазақша құттықтауда осы болсын формасын қолданған жақсы. Әсіресе құтты болсын формасын. Мысалы, туған күнің құтты болсын, жаңа жыл құтты болсын, мереке құтты болсын дегеннен артық құттықтау жоқ. Ал енді осыны кішкене аралықта бір орташа нұсқасын айтып құттықтаймын деген формамен де келтіреді. Сізді жаңа жылыңызбен құттықтаймын деп те қолданады. Бұл да қазір дәстүрге айналып кетті. Алайда, қанша дегенмен, тілтанушылар тілдің осы этно-мәдени сипатының сақталуын жақтаймыз. Сондықтан қазақи құттықтаулар жаңағы мен айтып кеткендей, мереке құтты болсын, қоныс құтты болсын, бағар көбейсін деген сияқты осындай жаңағы тілек формасына ұқсас болады.

Жүргізуші: Орнымен қолданған жөн дейсіз ғой.

Анар ханым: Осыларды қолданған абзал. Осыларды құттықтау жүйесінде насихаттап, үгіттеп, осылардың беделін арттырып, осыларды бренд сөздерге айналдырғаны дұрыс деп ойлаймын. Енді мына грамматикалық қателерге ерекше тоқталғым келіп тұр. Өйткені мына қазір ауызша сөзде осындайларға көп жол беріп жатқан сияқтымыз. Тіпті олардың жазба тілдегі көріністері көрініп тұрады. Мысалы, көбісі келді, көбілері келді деген қолданыс жазба тілде де жүреді, ауызша тілде де осылай айтып жатамыз. Бұл енді дөрекі қате. Өйткені көп деген сөздің өзінде көптік мағына бар. Оған апарып тағы да көптік жалғауын жалғаудың қажеті жоқ. Көбілері келді дегендегі, ал енді көбісі дегендегі көбі деген сөздің өзі тәуелденіп тұр. Көп-көбі енді оған алып барып оны қайтадан тәуелдеп көбісі дейміз.

Жүргізуші:Көбілері?

Анар ханым: «і» деген тәуелдік жалғауы, көп-көбі. Мысалы, оқушылардың көбі сабаққа келді. Енді осыны алып барады да, тәуелденіп тұрған сөздің үстінен тағы да тәуелдік жалғауын жалғайды көбісі деп, оқушылардың көбісі деп. Сондықтан көбісі деген қате қолданыс. Сақ болу керек. Көбі деп қолдану керек. Грамматикалық қателердің ішінде тағы да бір құлаққа түрпідей тиетін ауызша сөзде мынандай уде деген, уда деген формалар қазір көбейіп бара жатыр. Осы формалар орыс тіліндегі ожидается деген сөздің аудармасы. Мысалы, Алматыда бүгін жаңбыр жауады деп күтілуде, деп дикторларымыз теледидардан айтқан кезде, сол кісілер осы отырып алып жаңбырды күтіп отырғандай болып көрінеді де. Күтілуде деген.

Жүргізуші: Негізі дұрысы қалай?

Анар ханым: Дұрысы, Алматыда бүгін жаңбыр жауады немесе жаңбыр жаууы мүмкін.

Жүргізуші:Жауын жаууы ықтимал деп жатады.

Анар ханым: Немесе жауын жаууы ықтимал, иә. Алматыда бүгін жауын жауады деп, хабарлайды метеорологиялық орталық деген сияқты формалармен беру керек. Ал деп күтілуде деген ол біздің грамматикалық жүйемізге мүлде қайшы келетін қолданыс. Сол сияқты бізде, мысалы, грамматика туралы өзіміздің төл тіліміздің грамматикасы туралы айтқанда, енді тыңдармандарымыз үшін қызық болсын, этнограмматика деген ұғым бар. Қазақ тілінің өзінің орыс тіліндегі жоқ грамматикалық категориялары бар. Мысалы, сыпайылық деген үлкен категорияны жеткізетін грамматикалық құралдар бар. Соның ішіндегі бір ерекшелігі сілтеу есімдіктерін қолдануға тура келетін кезде, мысалы, сыпайылық танытатын жағдаятта үлкен кісілерге қатысты айтып отырмын, үлкен кісілерге қатысты сілтеу есімдігін қолдануға тура келетін кезде, оны жалаң түрде қолданбайды қазақтар. Ол ақсақал демейді, ол кісі ақсақал дейді. Мына кісі менің әкем дейді, мына кісі менің анам дейді. Мынау менің әкем, мынау менің анам деп сілтеу есімдігін жалаң қолданбайды. Осы бір үрдісті тоқтату керек сияқты. Өйткені оқулықтарды қазір бірінші сынып оқушысына арналған оқулықтың өзін ашсаңыз, мынау әкем, мынау әжем деп, сілтеу есімдігін өзін жалаң қолданады. Сонда бір түрлі дөрекі құлаққа естіледі. Сыпайылық категориясынан жұрдай болып тұрады ана құрылым. Сондықтан тілдегі осындай грамматикалық қателерді де ескерген абзал. Енді осы ұлттың минталитетімен байланысты қалыптасады ғой тілдегі кез келген сөз. Соған қатысты тағы да бір мысалды айта кетейін. Әдетте осы көп қолданылады. Мысалы, сен нешінші автобусқа отырасың? дейміз. Сен қай аялдамадан шығасың? дейміз. Қалай ойлайсыз Самат, сіздің ойыңызша дұрыс па?

Жүргізуші: Менің ойымша дұрыс емес-ау.

Анар ханым: Иә сіз дұрыс айтасыз. Сіздің өзі тілдік сезімталдығыңыз өте жоғары екен және ұлттық тәрбие көрген бала екеніңіз көрініп тұр. Өйткені қазақта көлік ол қашан да жылқымен, атпен ассоциоцияланады. Сондықтан ол автобус болсын, мейлі ол жай ғана жеңіл көлік болсын бәрібір біз оған атқа мінгендей мінеміз. Бәрібір біз оған аттан түскендей түсеміз. Сондықтан автобуқа міну, автобустан түсу деп қолданған мынау қазақтың өзінің төл грамматикасына, төл түсінігіне әбден сәйкес болады.

Жүргізуші: Егер солай айтсақ қателеспейміз. Бәрекелді, көп рақмет Анар ханым!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет