№ 8-9 дәріс
Сенсорлық және моторикалық бұзылыстары бар балалардың сипаттамасы
Жүйке жүйесінің онтогенездік дамуының бұзылыстары
1.Сенсорлық депривация туралы түсінік.
2.Көру бұзылыстары бар балалардың даму ерекшеліктері. 3.Есту бұзылыстары бар балалардың даму ерекшеліктері. 4.Қозғалыс бұзылыстары бар балалардың психофизикалық дамуының ерекшеліктері.
5.Қауіп тудыратын балалар топтарында психофизикалық және эмоциональды бұзылыстарды ерте танып түзету.
6.Медициналық-психологиялық- педагогикалық кеңес беру.
Балалардағы жүйке ауруларының клиникасында тұқым қуалаушылық аурулар мен туа біткен ауруларды ажыратады. Тұқым қуалаушылық аурулары хромосомалық және гендік құрылымдардың өзгеруінен дамиды, олар бала туа салысымен немесе белгілі бір жас мерзіміне келгенде ғана білінуі мүмкін. Ал туа біткен (пренаталдық) аурулар туылғанға дейінгі, жатырішілік кезеңдегі ұрық дамуының барысында болған бұзылыстар нәтижесінде дамиды және көбінесе бала туыла салысымен-ақ білінеді. Пренаталдық патология негізінен эмбриопатия мен фетопатияға бөлінеді.
Арнайы әдебиетте хромосомалардың дұрыс емес бөлінуіне байланысты пайда болатын көптеген тұқым қуалайтын аурулар сипатталған. Олардың басым бөлігінде орталық жүйке жүйесінің дөрекі зақымдануы болады. Мұндай дерттерге Даун ауруы, Шерешевский-Тернер ауруы, Кляйнфельтер ауруы және т.б. жатады.
Соңғы жылдары негізінде зат алмасудың тұқым қуалайтын бұзылыстары жататын жүйке жүйесінің аурулары зерттеушілердің назарын аударып отыр. Белгілі бір ферменттердің генетикалық тұрғыдан болған кемістіктері (жетіспеуі немесе мүлдем болмауы) амин қышқылдарының, көмірсулардың және майлардың (липидтердің) алмасуында айтарлықтай өзгерістер шақырып, орталық жүйке жүйесінің және ішкі мүшелердің екіншілік зақымдануына әкеліп соғатындығы дәлелденген. Мұндай зақымданулар кезінде балаларда психомоторлық дамуының тежелуі және сезгіш жүйелердің бұзылыстары дамиды.
Хромосомдық және гендік бұзылыстардың себебі организмге зиянды физикалық және химиялық ықпалдар болуы мүмкін (радиация, алкоголь, есірткі және т.б.). Олардың зақымдаушы әсері әсіресе ұрықтың жатырішіндегі даму кезеңінде аса қауіпті болып табылады. Жүктіліктің алғашқы триместрінде (үш айында) ұрықта бүкіл организм мүшелері мен тіндерінің, соның ішінде орталық жүйке жүйесінің, бастапқы негізі қаланады. Әсіресе ұрықтанған жұмыртқа жасушасының имплантациясы, яғни жатыр қабырғасының шырышты қабатына бекітілу, кезеңі мен оның дамуының алғашқы екі айы сын кезеңдері болып саналады. Өйткені осы мерзімде екпінді түрде мүшелердің дамуы (органогенез) және тіндердің жетілуі (дифференциациясы) жүріп жатады. Зиянды ықпалдардың әсер ету мезгілі мен ми дамуының кезеңдерін ескере отырып, пренаталдық бұзылыстарды 4 топқа бөледі:
гаметопатиялар – ұрықтануға дейінгі ата-анасының жыныстық жасушаларындағы бұзылыстар;
бластопатиялар – бластогенез кезеңінде, яғни ұрықтанған жұмыртқа жасушасының ерте жетілу кезеңінде (ұрықтанудан кейінгі бірінші үш апта) пайда болған бұзылыстар;
эмбриопатиялар – ұрықтың органогенез кезеңінде (жүктіліктің 3-ші аптасының соңынан 4-ші айының соңына дейін) болған зақымданулар;
фетопатиялар – жүктіліктің 5-ші айынан кейін, мүшелер мен жүйелердің морфологиялық (құрылымдық) және функционалдық (қызметтік) пісіп жетілу кезеңінде пайда болатын ұрық зақымданулары.
Әртүрлі дерттуындатушы ықпалдардың дамып жатқан ұрыққа тигізетін әсері ішкі мүшелер мен орталық жүйке жүйесінің қалыптасуында із қалдырады және бұл әсердің уақыты мен ауырлығына байланысты. Ми қыртысының жасушаларының дамуында әсіресе оттегінің жеткілікті мөлшерде келуі өте маңызды болып табылады, онымен тотығу процестері байланысты. Егер ұрықтанған аналық жыныс жасушасы өзгеріске ұшыраған жатырдың ішкі шырышты қабатына (көптеген аборттан кейінгі тыртықтық өзгерістер) келіп бекітілсе, онда кейіннен ұрықтың созылмалы гипоксиясы дамуы мүмкін, ал бұл бүкіл организм мен жүйке жүйесінің дамуына әсерін тигізеді. Бұл ұрықтың қуат қорының азаюымен білінеді, сөйтіп баланың туылу процесін қиындатады да, құрсақішілік патологияны босану жарақатымен ауырлата түседі.
Жатырішілік патологияның зардаптары әртүрлі даму ақаулары (кейде тіпті өмір сүру мүмкін болмайтындай) түрінде немесе ақыл-ой кемістігі түрінде көрініс табады.
Мүмкіндіктері шектеулі балалар қатарында жиі кездесетін ақыл-ойы кемтар балалар. Ақыл ойы кемтар балалардың ми қыртысының органикалық түрде зақымдалу салдарынан
танымдык әрекеттегі ауытқулары бар. Зиятында ауытқулықтары бар адамдар бойындағы кемістіктің ерекшелігі жоғаргы психикалық функцияның мінез бен іс-әрекетті бейнелеу және реттеудің бұзылуы. Бұл танымдық процестердің бұзылуында (сезу, қабылдау, есте сақтау, ойлау, елес, сөйлеу тілі, зейін), сезімдік – еріктік сфера, моторикасында және тұлгалық дамуындағы жетіспеушіліктер мен сипатталады. Зият ауытқуларының себептері: тұқым қуалаушылық аурулар (микроцефалия, фенилкетонурия, т.б.), хромосомалық құрылымы және санындағы бұзылыстар (Даун синдромы, Кляйнфельтер, Шерешевский –Тернер синдромы ) т.б. Сонымен бірге ұрықтың жатыр ішіндегі даму кезінде әсер ететін әр түрлі патогендік факторлар тудырады.
В.М.Астаповтың пікірі бойынша: «зиятының зақымдалуы – ол орталық жүйке
жүйесінің органикалық зақымдалуының нәтижесінде болатын толық психиканың сапалық
өзгеруін» айтамыз. Психикалық даму тежеулігі бар балалар - Оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Сондай-ақ бұл балалардың эмоционалдық ерік-жігер саласының жетілмеуі органикалық инфантилизммен түсіндіріледі. Бұл жағдайдың негізгі себебі бала миының әлсіз түрдегі органикалық зақымдануы немесе іштен туа біткен, туылу кезінде және өмірінің бастапқы кезеңдерінде болған жағдайлар, негізгі әлеуметтік жағдайы, нашар көруі, құлақ ауруы тағы да басқа себептерден болуы мүмкін.
Психикалық даму тежелуі мәселесі дүниежүзілік психологтар мен педагогтардың бірден–бір көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Психикалық дамуы тежелген балаларды жан – жақты зерттеу1960 жылдардан басталады: осы жылдары енгізілген міндетті орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының күрделенуі көптеген балалардың сабақ үлгерімін төмендетті. Осы кезде шет елдерде оқу үлгерімінің сапасы, білім деңгейін көтеру бағытында ғылыми зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемлекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға ынтасы аз балаларды ғылыми психологиялық, педагогикалық тәсілдермен зерттеу арқылы «оқу қабілеті төмен, оқуда қиындықтар кездесетін», «педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған», «тәртібі бұзылған», «бейімделмеген», «миында болмашы зақымданулары бар» балалар деген топтар айқындала бастады. Мектеп жасындағы бұл балалардың бәріне тән кемістік – үлгермеушілік. Бұл ауытқу көбінесе 5–6 жастан 11–12 жас аралығында кездеседі. Олардың кемақылдылықтың жеңіл түрлері кездесетін балалардан ажырату үшін: «Психикалық дамуы тежелген балалар (ПДТБ)», немесе біздің елдегі «дефектология саласында қалыптасқан психикалық дамуы тежелген» деген терминді енгізді. Бұл термин осы уақытқа дейін қолданылады. Психикалық дамудың тежелуі уақытша болуы да мүмкін. Интеллектуалды жетіспеушіліктің туа біткен жеңіл түрлері де болады, осындай түрдегі балалар мен ересек адамдарды конституционалды ақымақтар деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |