9-сынып оқушысы
Мұхансерікқызы Арайлымның
Ә.Нұрпеисовтың «Сең» кітабынан оқитын үзіндісі
Күн шұғыл кешкірді.Сен ертеңгісін кеп тоқтаған жеріңнен тапжылған жоқсың.Артың далиған Арал даласы.Алдың өкірген теңіз.О жақ әлі қатпаған.Әншейінде шетсіз көрінетін дарқан дүниенің қазір,міне,таусылған жеріне кеп тұрғандайсың.Ақырғы ізің, міне,аяқ астыңа кеп жығылған.Осынау дүниеде не алға,не артқа басар жер қалмай,жолың таусылып тұрғандай.Қәне,қайда барасың?Кімге барасың?Мына арқыраған,сарқырағанның адам аяқ басар, сірә,ұлтарақтай жер қалмағандай.Осының ар жағында ,сірә, аспан,жер,су,ел-жұрт жоқтай.Баяғыда балықшы ауылдың қариялары осынау дүниеде өздерінің қолынан келмеген арманның не бір асқағын әлдеқашан игілігіне айналдырып алып отырған өздерінен басқа да өнерлі ел-жұрттың өнегелі ұл-қыздары болар –ау деген ой басына кіріп-шықпай,екі көзді тарс жұмып алып жүрген кезі бопты.Сонда олар құдіретті дегеннің бәрін көкте- құдайға ,қасиетті дегеннің бәрін жерде – пайғамбарға теліпті.Сонда осы ауылдың қарияларына су пайғамбары Сүлеймен көңілі қаласа көк теңізді қара жерше басып жүре беретіндей көрінетін.
Егер Сүлейменнің сол киесі басына қонса,бұ да қазір көз алдында өкіріп жатқан мына кәрі теңіздің бір қиясын бетке ұстап,сиқырлы асаның ұшымен көк толқындардың шекесін тық-тық шертіп,көз көрмеске кетер еді;оған бірақ қолында киелі аса,қасында су пайғамбары Сүлеймен тұрған жоқ.Рас,балықшы ауылда Сүлеймен деген аппақ сақалы беліне түскен шал бар.Асасын қос қолдап қысып,күн шуақта күрк-күрк жөтеліп отырғаны.Өмір бойы су кешсе де,басына су пайғамбары Сүлейменнің киесі қонбаған.Тірлікте тындырғаны:әр айдың аяғында почташы баладан алатын бес –он тиын пенсия.Баяғыда әкесімен бірге теңіз кешіп,тор сүйретіпті дейді.Кім білсін,рас шығар.Ал қазір ..... сәлем берсең,қолындағы асасын дір-дір еткен тізесінің арасына қыса салады.Қасына барған кісінің қолынан тас қып ұстап алады да,түк есітпейтін керең құлағын аузыңа тақап: «А-а?Қаттырық айт!» - деп басыңды әлекке сап жатқаны.
Адам байғұс құдайдан өліп-өшіп өмір тілегенде,тірліктің ақырында пендесін жарылқаған сиқы жаңағы болса,онда ол бар болғырдың да берекеті шамалы болғаны.
Күрсінді.Өріп кеткен ой құдды аш күшіктей жапан түзде жалғыз тұрған кісіге жан-жақтан ауыз сап жабылып талап жатыр,талап жатыр.
Жел көтеріліпті.Аралдың құбылмалы ауа-райының аяқ астынан бұзылатын әдеті.Айнала төңірек қапелімде түксиіп,көк жүзін түсі суық,қара бұлт басып келе жатқанын жаңа байқады.Қар жауа бастапты.
Қайтқысы келді.Бетінің ұшы тызылдап бара жатқасын алақанымен уқалап жіберді.Кететіндер кетіп болған шығар.Мұзбен теңіз басын жағалап кетсе,қарасы көрінер еді.Көзге түспегеніне қарағанда, сірә,қыр жолымен ктті ме?Сөйтті ме екен?
Достарыңызбен бөлісу: |