А. брк-07-16 Тақырыбы: «Ортағасырлық мәдениет және мемлекет қайраткерлері: Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз және Жиембет жыраулар»



Дата05.11.2016
өлшемі217,86 Kb.
#837
Алматы ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ИНСТИТУТЫ
Радиотехника және байланыс факультеті

Әлеуметтік пәндер кафедрасы

Қазақстан тарихы


Серикбаев А.А. БРК-07-16
Тақырыбы: «Ортағасырлық мәдениет және мемлекет қайраткерлері: Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз және Жиембет жыраулар»
(Семестрлік жұмыс №1)
Ғылыми жетекшісі:

аға оқытушы Жұмағұлов М.Д.



Алматы, 2007 ж.


Жоспар:


  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім.

а) Жерұйық іздеген желмаяды

ә) Қызыл тілдің шешені

б) Тебінгіден ала балта суырысып...


  1. Қорытынды.

Кіріспе

Әрбір халықтың тарихы бар. Тарихта адамзат тағдыры мен тылсын дүниеміздің бастауын аламыз. «Қазақ» атты ұлы халқымыздың орта ғасырдағы мәдениетін бізге жеткізген де сарқылмас деректер. Орта ғасырдағы Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, т.б. өмірі мен өнерін осы жұмыста ашып айтылған. Сан ғасырлар бойы сақталып, асыл қазына болып қалған ол ұлы ұлы ғұламалар бізге болашаққа бағыт-бағдар беретін сөзсіз. Сол заманмен бүгінді байланыстыратын – тарих.


Жерұйық іздеген желмаяды

Асанқайғы

(ХҮ ғ.)

Бүкіл өмірін қазақ халқының асыл арманымен астастырып, оның тәуелсіз де бақытты тұрмыс кешуіне елеулі үлес қосқан ұлы ойшыл ақын әрі аңыз кейіпкері Асанқайғы әдебиетіміз тарихынан орын алуға лайықты тұлға. Ол тек мал шаруашылығымен күнелткен көшпелі елге жайды қоныс, бейбіт өмір аңсады, «адамы жүзге келмей өлмейтін», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мамыражай заман бар деп санап, оны өзі «Жеоұйық» (кейде Жиделібайсын) деп атады. Алайда халық қайғысын өз қайғысы санаған ел қамқоршысы күні кешеге дейін ұлттық Ой ордасы мен әдебиет тарихынан өзіне лайық төрдегі орнын ала алмай келді. Бұған оның орыс отаршылдығына қарсы айтқан «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты болжау өлеңі басты себеп болды. Әділдік пен шыңдық жеңіп, тәуелсіздік орнаған бүгінгі күнде оның аңыз кейіпкері ғана емес, халқының бақытты болашағын ойлаған ұлы азамат, көрнекті ақын екенін де айтуға тиіспіз.



Асанқайғының өмірі туралы нақты деректер сақтала бермеген. Әз-Жәнібек ханның тұсында жасаған сыңайлы. «Қырында киік жайлаған» атты толғауында ел-жұрттың құтты қонысы Жем мен Ойыл бойын тастап, Керей мен Жәнібектің соңына еріп, Шуға қарай жарыла көшуін ұнатпағанын сеземіз. Хан мен халыққа жөн-жоба көрсетіп, болашақты болжау, ел басшысының мін-кемшіліктерін көзгк айтып, сын сарабына салу дәстүрі осы Асанқайғыдан басталады. Осы жүйе жыраулық поэзияда үзілмей, жалғаса дамып, әйгілі Бұқар жырау шығармашылығында өзінің биік шыңына жетті, жыраулық өнер әдебиетімізде жеке сала болып қалыптасып, қанат жайды. Сөйтіп, ертеден келе жатқан ақындық үлгі суырыпсалмалық дәстүр жаңа бір жаңплық саламен толысып, кемелдене түсті.

Асанқайғының Әз-Жәнібекке айтқан әзірге мәлім үш толғауы да үлкен әлеуметтік, саяси мәні зор мәселелерге арналады. Мұнда, ең алдымен, ханның ел басқарудағы саясаты мен істерінің кейбір кемшіл жерлерін бетке басып айту бар.

Сол Асанқайғыдан басталған арнау толғаулар Шәлгез, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырларында толыса кемелденіпғ жетіле түсті. Бұл жәйт жыраулардың ел ішінде абыройлы, ханмен дәрежесі тең, на артық болатынын, мұның үстіне, ақылдылығы мен көрегендігі қатар жүретін кісілер екенін аңғартады. Ақындар көбіне-көп ел басшылары мен ауқатты болыс-билерді, байларды мақтап, сый-сияпат алуды ойластырады. Мұның түпкі сыры: жыраулық поэзий ел тағдыры мен жұрт болашағын ойлаудан туындайтынын көреміз.

Жыраулық пщэзия мен ақындық өнердің бірлігін айтқанда, бұлардың екеуі де қолма-қол суырып салып айтылатын жырлар екені мәлім. Ал енді, айырмасына келгенде, бұлардың құрылысы мен мазмұнында, тақырыбында, жоғарыда айтылғандай, көптеген өзгешеліктері бар. Бұл туралы М.Әуезов кезінде былай деп жазған еді: «Жырау демек – ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – «толғау». Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңіл ашар» әлдене дерлік сөзді айту емес.

Сонымен, Асанқайғы қазақтың тұңғыш бас қосып, жеке хандық құрған кезіндегі алғашқы ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасағанын аңғарамыз. Бұл дәуір ХҮ ғасырға жатады. Қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Ыстықкөл сапары туралы естеліктер» атты еңбегінде: «Манас жырында ноғай, қазақ, қырғыз елінің Шу мен Тәшкент, Іле мен Ыстықкөл төңірегінде бас қосқаны жөнінде жырланады», - дейді. Алайда сол кездесудің жетпіс жылдан кейін болуы мүмкін екенін ескерте келіп, ол осы халықтардың аңыздары мен жырларының бірлігі мен өзара туыстығына үлкен мән береді. Осыған орай Шоқан: «Қара қырғыз ордасына ноғай аңыздары да мәлім болатын. Олар «Едіге» жыры мен ол туралы аңыздарды да білетін еді. Бұған қоса:

Кешегі он сан ноғай бүлгенде,

Ормамбет би өлгенде,

Орданың қара ағашы

Аспанға ұшып кеткенде, - деп те жырлайды.

Сөйтіп, Шоқан мұнда қырғыз, қазақ, ноғайдың ХҮІІ ғасырдағы жаугершілік тұсындағы айрылысу оқиғасын «ел ішін ала тайдай бүлдірген» деген мәтелмен байланыстырады.

Қ.Халитоғлы Асанқайғының ата-тегі туралы айтқан сөздерін Құдабай ақынның өз аузынан естіген, алайда сонымен қанағаттанып қалмай, оның тарихи нақты тұлға екеніне де зер салып, тың дерек ұсынады. Ол былай дейді: «Асанқайғы асылы ноғай емес. Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі». Олай болса, Асанқайғы «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген қазақ мәтелінде аталатын Майқы бидің ұрпағы болып шығады. Осы айтылған пікірдің өзі-ақ оның қашан өмір сүргені мәлімсіз аңыз кейіпкері емес, нақты тарихи тұлға екенін дәлелдесе керек. Біздің көптеген эпостық, лиро-эпостық жырларымыздың, аңыз әңгімелеріміздің ара-жігі ашылмай, «Ноғайлы дәуірін» құрағаны мәлім. Мұндай туыстық, бірлік негіздерін Шәлгез, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Осындай этникалық тұтастық жайын Шоқан былайша түсіндіреді: «Ноғай» деген ат жартылай отырықшы елдерден ажырату үшін айтылған аты еді. Ноғайыды да, өзбекті де – бәрін де «ноғай» деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады! Жазды (Ч.Ч.Валиханов. Сочинения. Спб.1904, стр.299-304).

Дәл осындай пікірді С.Сейфуллин де, Қ.Жұмалиев те толық қуаттайды.

Сонымен, жыраулық дәстүр қоғамдық, әлеуметтік өмірдің талап-тілектеріне сәйкес жеке жанр болып қалыптасты. Ол, Шоқанның көрсетуі бойынша, қобыз сүйемелдеуімен орындалып, ән-әуенмен жырланатынрапсодия. Жырдың мазмұны батырдың өмірі мен ерлік істерін жырлауға байланысты көрінеді. Ал Ә.Марғұлан: «Жыраулар – эпкалық жырды жасаушылар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын профессионалдық топтың өкілдері. Мұның басында Қорқыт, Аталық, Сыпыралар тұрса, кейінгі өкілі Асанқайғы», - деп қарастырады. Осыған орай, Қ.Халитоғдының жоғарыда аталған кітабында да жыр мен өлеңнің табиғи белгі-сипаттары біліктілікпен сөз етіледі. Ол ақын мен жыршының айырмасын әңгімелегенде, сондағы құрылысы мен буын санындағы өзгешеліктермен қанағаттанып қалмай, олардың мазмұндық айырмасына да зер салып: «Ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады», - дейді.

Рас, жыраулық поэзия Асанқайғыға дейінгі Қорқыт, Аталық, Сыпыра жыраулардан басталатыны мәлім. Бұлардың бірі, мәселен, Қорқыт болжал сөз айтуға, ақыл-кеңес беруге бейім тұрса, Аталық (Ұлық жыршы) Жошы хан өліміне орай естірту айтса, Сыпыра жырау эпикалық жырдың («Ер Тарғын!, «Едіге батыр») ішінде кейіпкер ретінде көрініп, ақылшы, кеңесші сипатталады. Бұлардағы жетіле қоймаған жыраулық белгілер кейінгі Асанқайғы, Шәлгез, Бұқар жырауларда айқын көрініс тауып, жаңа сипаттармен толысып, кемелдене түсті. Аталған жыраулардың бәрі де хан қасынан табылып, оның ел басқарудағы саяси істеріне дұрыс бағыт беріп отырады. «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» дегендей, бірінсіз бірі күн көре алмайтын еді десек те, мұндағы басты тұлға жыраулар болғаны аңғарылады.

Толғау жанрының туып, қалыптасып, өркен жаюы бізге жырлары өз атымен сақталып жеткен Асанқайғыдан басталады. Асанқайғы алғашқы толғауында жұрттың ірге тепкен құтты қонысын қимай, оның шексіз байлығын шалқыта жырлайды; ханның Ойыл мен Еділге келгенде де кеңес сұрамағанына халық атынан үлкен реніш білдіреді:

Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын,

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің...

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің...

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге,

Мұнда кеңес қылмадың...

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске!

Елдің бүгіні мен ертеңін ханның іс-әрекеттерімен астастыра жырлап, болашақты айтқанда, жұрт басына төнген қауіп-қатерді астарлап, бейнелеп сипаттайды, сол арқылы қасындағы көз жазбай бақылап отырған жаулардан күні бұрын, алдын ала сақтандырмақ болады. Алдында тұрған бодандық бұғауынан құтылу үшін, бейғам да қамсыз жатуға болмайтынын ескертеді. Ханның мастанып, қызара бөртіп, еркін жатуынан қорқады. Осындай ұнамсыз қылықтарына ренжіп, оның үш қайтара жасаған тойына келмеген Асан ата, шақырып қоймаған соң, көкейдегі шерлі ойларын жұрт көзінше жайып салады:

Әй, хан, мен айтпасам, білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Жайылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?

Әй, Жәнібек, ойласаң,

Қилы-қилы заман болмай ма,

Суда жүрген ақ шортан

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің?

Қош, аман тұр, Жәнібек,

Енді мені көрмейсің!

Асанқайғының үшінші толғауы өз дәуірі үшін мейлінше бір мәселеге арналған. Мастанған хан көлге шекер төктіріп, құс жаманы құладынға аққу ілдіргенде де, халық түсінігіне орай, жаман ырымға жол бердің деп сынайды. Құс төресі саналған аққуды мас қылып, құладынға ілдірудің ақыры «түбі өз басыңа келер» деп жориды, «өзіңді бір жаман келіп өлтірер» деп болжайды:

Көлге шекер төктірдің,

Шекерге қуды бөктірдің.

Ақ мамығын таранған,

Тұңғиыққа қаранған

Аққу көлдің көркі еді...

Құладын құстың қоры еді,

Аққу құс ару, төре еді,

Құладынға ілдірдің,

Ақ мамығын жұлдырдың.

Құладынға аққуды жем қылдың,

Сұлуды қормен тең қылдың...

Құладындай бір жаманан өлер деп,

Соған өкпелеп, келмедім!

Бұл жырлардан халықтың наным-түсінігі мен әдемілік, әсемдік туралы түйген талғамын да айқын аңғарамыз. Аққуды құс төресі, киелі санап келгені, оны атуға болмайтыны жөніндегі ел аңыздары да осындай үлгілі сөздерден бастау алуы да ғажап емес. Халықтың эстетикалық талап-талғамын танытуда да Асанқайғы өзгеге жол көрсетіп, мұрындық болып отыр. Осы дәстүр кейінгі жырауларда да кең көрініс тауып, жалғаса дамығанын айтқан жөн.

Асанқайғы толғауларынан жалпы жыраулар поэзиясына тән белгі-сипаттардың мол ұшырасуы да заңды. Толғамы терең, күрделі ойды мейлінше ұшқырлап әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін, олар, көбінесе, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы ойын орағыта, жұмбақтап бейнелейтін болған. Рас, адамның сезім күйін табиғат көріністерімен ұштастыра сипаттау әдебиетімізде ертеден бар.

Асанқайғы өзі өмір кешкен кезеңдегі шындықты ашып бейнелеуге де зер салады. Ол: «Есебін тапқан сабазға ердің құны да түк емес, малы азға, патша болса да, төрден орын тимейді», - деп, тапқырлық пен білгірлік танытады. Мұның үстіне, жырау барынша кеңпейілдік пен кешірімді болуға шақырады. Бір сәт ол:

Өзіңе біреу тимесе,

Кейін қарай жылыста.

Мінезі жаман адамға

Енді қайтып жуыспа.

Тәуіркөрер кісіңмен

Жалған айтып суыспа! –

Десе, енді бірде:

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, -

дейді. Мұндай тұжырымды да ұтымды жолдар («Бұрынғыны қуыспа», «Надан білгеннің тілін алмайды», «Өткен іске өкінбе», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос», т.б.) жырау аузынан айтылып, келе-келе мақал-мәтел болып кетуі де ғажап емес. Бұл жәйт бір Асанқайғы емес, өзге жыраулар шығармашылығына да тән деп айта аламыз.

Асанқайғы өмір шындығын бейнелеуде ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілерін кеңінен пайдаланды, алайда жыраулық поэзияның талаптары мен мүмкіндіктеріне сәйкес әлеуметтік-саяси мәселелерді жинақтап, көркемдеп беруде де ол елеулі үлес қосты, бұл тұста оның бейнелеу тәсілдері де ұшталып, жетіле түсті.

Енді бір ауыз сөз Асанқайғының қай жерде қайтыс болғаны жайында. Біздегі халық аңыздарында ол Ұлытау бойында қайтыс болды делінеді. Ал Шоқан: «Әйгілі дала философы Асанқайғы Жетісудағы Жырғалаң деген жерде көшіп-қонып жүрген. Оның бейіті осы Ыстықкөлден онша қашық емес», - деп жазады (Ш.Ш.Уәлиханов. Бес томдық. 1-т., Алматы, 1961, 358-б.).
Қызыл тілдің шешені

Қазтуған жырау

(ХҮ ғ.)

Қазтуғанның туып-өскен қонысы – Еділден бөліне шығып, онымен жарыса ағатын Ахтуба, Бодан (Бозан) өзендерінің бойы, қазіргі Красный Яр қаласы тұрған маңай. Жырау көшпенділердің шынжыр балақ, шұбар төс әскери аристократиясынан шыққан сияқты. Халық аңыздарында ол қолбасы батыр.



Өзіне арнаған мадақ жырында Қазтуған былай толғайды:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шәй жібек оққа кірісті,

Айдаса – қойдың көсемі,

Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,

Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер отты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлыт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқа

Сүйінішұлы Қазтуған!

Таза далалық поэзия! Бұл жолдар қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті. Мұздай ызғарлы ауыр сауыт киген батыр көтермелеу үшін өзін номадтың түсінігіндегі ең әулетті, ең құрметті деген заттарға балайды. Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал қайзар өткір азуы, қыранның жембасар тырнағы, - алтын да, күміс те, алмас та емес, бірақ алтыннан да, алмастан да салмақты, іріктеліп, екшелеп алынған образдар. Осы жолдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғандығы көрінеді. Сонымен бірге жыраудың эпосшы болғандығы да аңғарылады. Ноғайлы цикліндегі жырлардың біразынан Қазтуған поэзиясының әсері байқалады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазтуған – қазақ эпосын жасаушылардың бірі.

Бұлыт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан, -

деп шалқыған Қазтуғанның білегінің күші қаншалық болғанын біз білмейміз, ал ақындығына келсек, оның мұндай сөздерді айтуға толық хақысы болғандығы көрінеді.

Қазтуғанның нақыл-тақпақ, жыраулық ой толғанысынан келетін:

Балдағы алтын құрыш болат

Ашылып шапсам дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп.

Арғымақтың баласы

Арыған сайын тың жортар,

Арқа мен қосым қалар деп.

Ақ дария толқын күшейтер,-

Құйрығын күн шалмаған балығын

Ортамнан ойран салар деп.

Азамат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп, -

Іспеттес жолдары жыраулық поэзияның бізге жеткен ең ескі үлгісі. Бұл жерде үлкен ақыл иесі, кең тынысты жырау бой көрсетеді.

Алайда Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры. Бұл толғаудан кейін бүкіл қазақ поэзиясына азық болған образдарды ұшыратамыз.

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ағала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қонымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт!

Бұл жолдарда оқушысын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Аңдап қарасақ, өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңші!

Қазтуған поэзиясы – табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы. Бұл поэзия номадтың санасының қаншалық дәрежеде болғандығын көрсетеді, оның өзін қоршаған, әлі адам қолы бүлдірмеген табиғат туралы түсінігінен елес береді, өмірге көзқарасын білдіреді. Табиғат аясындағы ақкөңіл номадтың қиялы өзінің ұшқырлығымен, кендігімен, сонымен қатар балаңдығымен бізді таң қалдырады. Жырау туғызған кейбір муреттер мен образдарға біз кішкене баланың құмнан соққан құрылыстарына қараған үлкен кісінің сезімімен қызықтай қраймыз, бірақ күлмейміз, - сүйсінеміз. Бұл сезім кейде бас ұруға дейін жетеді. Өйткені Еділ жөнінде айтылған:

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақсы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас, -

деген жолдар хас суреткердің қолынан ғана шығуы мүмкін еді. Сүйкімсіз шөп шырмауықтың қалыңдығы, адамға тыныш ұйқы ұйықтатпайтын бақа-шаянының көптігі де жырауға соншалық ыстық. Туған жердің қасиеттілігінің бір белгісі іспеттес. Бірақ біз жатырқамаймыз, тыжырынбаймыз – суреткердің қиялына таңырқап, демімізді ішке тартамыз. Өйткені біздің алдымызда орта ғасырдың поэзиясы, ортағасырлық көшпенді. Осы тамаша толғау:

Сөйткен менім Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Хайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт, -

деп. Еділ бойында қалған түрік тектес руларға бақыт, береке, тыныштық тілеумен аяқталады.

Біздің қолымыздағы Қазтуған атына қатысты деректер әзірге осымен шектеледі. Бізге жеткен, әрине, Қазтуған мұрасының жүзден бірі ғана. Бірақ осының өзі қазақ әдебиетінің басы болып есептелуге тиіс суреткердің творчествосы жайынан біршама елес бере алады.
Тебінгіден ала балта суырысып...

Шәлгез (Шалкиіз) жырау

(1465-1560 жж.)

ХҮ ғасырда өмір сүрген көрнекті жыраулардың бірі Шәлгез (Шалкиіз). Оның шығармалары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған.

Шәлгездің әкесі Тіленші аталады. Халық арасында Шәлгез әке, шешсі белгісіз, салмен ағып келіп кезігіп, Орақ, Мамайға бала болған немесе шешеден ерте айрылып, Ноғайлының ұлы биі нағашысы – Мұсаның қолында тәрбиеленген деген әңгімелер кездеседі. Ғасырдан ғасырға көшіп, аңызға айналыңқырап жеткен, мазмұны жағынан бір-бірімен сабақтас бұл әңгімелер жырау тегі туралы бізге қолға ұстатқандай нақты деректер бермегенмен, атадан балаға ұласып, халық жадында қалыптасқан шындық сілемін аңғартқандай. Ол шындық – Шәлгездің Орақ, Мамай мырзалармен не өзі қасына көп ерген Темір бимен бірге тумағандығы. Сондықтан да қанша айбарлы батыр, айдынды жырау болса да, өмір тәлкегін көп көргендігі. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қорындағы Әкіш ақсақал тапсырған қолжазбада: «Шәлкез Мұсаның қызынан, Орақпен тетелес апасынан туған», - делінеді. Осы деректер негізінде бұл пікірді М.Мағауин өз зерттеулерінде келтіреді. Ғалым Ә.Дербісалин Шәлгезді Мұса бидің жиені санау жансақ пікір дейді. Ә.Дербісалин пікірінше, Шәлгез Орақ, Мамаймен замандас, жасы қатар адам. Сондықтан оның қызынан тууы мүмкін емес. Бұл әлі де анықтай түсуді қажет етеді.

Шәлгез жыраудың өмір сүрген дәуірі мен мекені туралы ел аузынан жазылған қолжазбалар мен жыраудың өз шығармалары ғана хабар береді. Ертелі-кешті жырау шығармалары жарияланған жинақтарда, қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлаған «Шәлгез» толғауында, сондай-ақ ел аузынан жазылған материалдарда Шәлгездің «нрғайлы» екендігі айтылады. Біздің қолымыздағы «Салкез батырдың Орақ, Мамайға айтқаны» деген қолжазбада жыраудың балалық, жігіттік шағы Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен, Орақ, Мамай мен жиналған жұртқа жыр толғап - өкпесін айтып, жапан-түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда, Шәлгездің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.

Шәлгез Темір биге Орақ, Мамай ордасынан кеткесін барғанға ұқсайды. «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» деген толғауларына қарағанда, оның Темір бидің қолбастар батыры, жұртты аузына қаратқан аталы сөз айтар ақылшы жырауы болғандығы аңғарылады. Өкпелеп, ажырап кетіп барып қайта табысады. Бұл жайды аталмыш толғаулар мазмұнынан және В.В.Радлов ноғайлар арасынан жазып алған «Шалкиіз» деген материалдан, «Шайыр» жинағындағы жырау шығармаларына берілген түсініктерден айқын көреміз.

Соңғы жылдарда табылған, яки ноғайлар арасынан жазылған Шәлкез өлеңдері де жырау өмірі туралы жаңа деректермен толықтыра түседі. Ноғайлар арасынан филология ғылымының кандидаты А.Сиқалиев жазып алып, жариялаған «Мен иемнің күнінде», «Алай жаным» деген өлеңдеріне, Үпі (Уфа) архивіндегі «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» дәптеріндегі «Әжікам, сен Мансұрұлы Тоқусан» деген өлеңіне қарағанда, Шәлгез бірқатар уақыт Әзике (Әжіке) сырза қарамағында болады.

Біздің қолымызда бар деректерден,-деп жазады М.Мағауин, - Шалкиіздің (біздіңше, Шәлгез деген қисынды. - С.Қ.) Темір би өлгеннен соңғы өмірі Мамайдың және оның інісі Жүсіптің төңірегінде өткендігі көрінеді.

Мен жоғарыда баяндап өткен жайларға қарағанда, Шәлгездің ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың 70-жылдары аралығында өмір сүргені аңғарылады. Ел аузынан жиналған материалдарда Шәлгездің сәби кезінде Орақ, Мамай аты белгілі батырлар. Зерттеушілер мәліметіне сүйенсек, Алшағырұлы Орақ 1496-1548 жылдарда өмір сүрген. Мамай 1549 жылы өледі. Шамамен Орақ 20-25-терде батыр атанды десек, Шәлгез 1516-1520 жылдар дүниеге келген болады. Бірақ бұл жоба тарихи деректерге қайшы келеді. Себебі, Шәлгез ұлығылай жырлайтын Темір би 1480 жылы Угре жорығына қатысады, ХҮ ғасырдың 90-жылдары тарих сахнасынан кетеді, Ноғай Ордасын 1504 жылы оның ұлы Тәуекел билейді. Демек, Шәлгездің Темір дүниеден өткесін тууы шындыққа сәйкес келмейді. Бұған қарағанда, дәл сол тұста ел аузынан жазылған деректерге сүйенудің жөні жоқ. Себебі, тарихи деректерде Орақ, Мамай Шәлгезбен тұрғылас, тіпті бірқатар жас кіші боп та шығады.

Шәлгезді Хақназарға кетуге мәжбүр еткен Жүсіп 1554 жылы өледі. Бұл кезде жырау Орақ, Мамай, Би Темір, Тәуекел, Әзике, Жүсіп маңында болып, Қазақ хандығына барған, егдерген кезі еді. Шәлгезді ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың орта кезі аралығында өмір сүрген деу орынды.

Ел аузынан жиналған қолжазбалар мен ХХ ғасыр бас кезінде баспа жүзін көрген кітаптарда Шәлгез ноғайлының жырауы еді делінеді.

«Шайыр» жинағындағы Шәлгез толғауына берілген түсінікте оның Қояс руынан екені айтылады. Бұл деректі ел аузынан жазылған шежірелер де бекіте түседі. Алшын ішіндегі «ноғайлы» құрамындағы Қояс руының қариясы Ақбаев Елеш өзін Шәлгез батыр ұрпағы санайды. Елеш өз ата-тегін: Шәлгез-Ержақай-Жанғабыл-Бекболат-Аружан-Қараша-Қалмамбет-Шақа-Сақ-Сәмет-Құдайберді-Қаз-Ақбура-Байғазы-Құрманғазы-Құлмақамбет-Өтәлі-Ақбай деп таратады. Демек, Шәлгез – Елещтің он тоғызыншы атасы. Елеш қария шежіресіне қарағанда, алтыншы атасы Ақбура батырды беріш Саржала батырмен байланысты әңгімелейді.

Шәлгез шыққан Қояс руы қазіргі ноғай халқы құрамындағы тайпалар мен ру аттары арасында кездеспейді. Бұған қарағанда, Ноғай Ордасының көптеген рулары Еділдің Кавказ бетіне көшенде, Қояс руы түгелдей Алшын арасында қалса керек. Немесе Қояс руы Ноғай батыр дәуірінен (ХІІІ ғ-дан бері) Алшын арасында жүрген түрік-моңғол руларының бірі, кейін барып «ноғайлы» не «ноғай-қазақ» руы құрамына кіруі мүмкін. Демек, Қояс руы бағзы «ноғайлы» руы болсын әлде Ноғай Ордасы сарқыншағы болсын, қалай болғанда да, Шәлгез Ноғайлы елінде, Ноғайлы аймағында – Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келіп, бар өмірін Еділ, Жайықтан Қазан мен Түменге, Жемнен Сыр сағасына дейінгі Қыпшақ даласында өткізгендігі аңғарылады.

«...Өз заманы үшін қадірлі де құрметті кейбір шығармалары ауызша ғана тарап қоймай, жазбаша да тарағандығы туралы болжам жасауға итермелейді. Мүмкін, бізге жеткен М.Османов, Ғ.Мұштах (Ғ.Қараш) жинақтарына негіз болған ел ішіндегі қолжазбалар, Үпі архивіндегі «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» сол дәуірдегі жазбалардан біреу көшіру арқылы жеткен мұралар болар. Мұндай жазбалар ертелі-кешті архив қазыналары мен сол кезде ноғайлы аталған аймақтан тараған түркі тілдес халықтар арасынан табылуы мүмкін.

Шәлгездің «Ғизмет иәм би Темір», «Бәйтерек», «Арық хан», «Қатынасы биік көлдерден», «Боз үстінде от жаққан», «Мен иемнің күнінде» өлеңдері мен кейбір жыр жолдары қазақ, ноғай арасынан жиналған жырау мұрасының қай-қайсысында да кездеседі. Ал Шәлгез мұрасының ең маңызды әрі көлемдісі саналатын «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны», «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауларының қазақ арасынан жиналып, алды бұдан бір ғасыр бұрын (1875) жарық көрген.

Шәлгездің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл күйін толғайтын бірділі-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үлгісін қатар суреттей отырады. Жырау – «от басы. Ошақ қасының» қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі Һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.

Шәлгез шығармалары ой, мазмұны жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір тирададан тұратын «Би Темірге айтқаны» толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы «күйбеңдескен көп жаман» жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті Һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орғыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шәлгез нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.

Көп ішінде бір жалғыз

Көп мұңайып жылайды.

Күйбеңдеген көп жаман

Сөзі тигенге ұқсайды.

Міне, алғашқы тираданың соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жоспармен, меңзей толғайды. Ал екінші шумақта өзі үшін Темір би кім еді, үшіншіде өзі Темір үшін кім еді, - соны жырлайды.

Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас биік, тепсінген тегеурінмен Темір биді тізгіндеп, жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибратқа көшеді. Шәлгез бұл тұста «шамаңды біл, жасық жима, асыл жи» дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ-адалдығын дамыта, тереңдете түседі.

Шәлгез жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық «Мені» арқылы танимыз. Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зергерлігін анық аңғарамыз.

Темірді құдіретті етіп көрсетуде жырау оны сахара аспаны астында көздеген жеміне жасындай ойнап, жайдай жарқ етер сұңқардың тегеурініне балайды. Жырау «қу сұлтаны – саһар, саһарды сайлап қаусырған боз сұңқар» - Темірді құс азғыны құладынға қарама-қарсы қойып, шендестіре суреттейді. Шәлгез бейнелеуінің әсерлілігі сол - әлгі сұңқардың сұмдық қайрат-қуаты мен қимыл-әрекетін көріп отырғандай сезінесің. Демек, бұл жырау сөзінің эмоциялық әсер-қуатының күштілігі.

Шәлгездің «Арық хан», «Боз үстінде от жаққан», «Әжіқам, сен Мансұрұлы Тоқусан», «Мен иемнің күнінде» сияқты өлеңдерінде Темір бейнесін толықтыра түсер детальдар мол. Бұлардың қай-қайсысында да Темір туралы үлкен мақтаныш сезіммен мадақтай жырлайды.

Шәлгез аталған жырларда Арық хан, Әзике, Мансұр сияқты шонжарларды Темір образына қарама-қарсы бейнеде суреттейді.

Жырау бейнелеуіне қарағанда, Арық хан – Темірдің тегеурініне төтеп бере алмас төменшік адам, Әзике – қатыгез, әділетсіз мырза.

Шәлгез жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі – «көп құлының бірі» ретінде суреттейді. Бірақ Шәлкез мәңгі бақи сол күйде, сол көңілде қала бермейді. Оған өз жолдары куә:

Басымды менің қорласа,

Көп туғаным жоқтаман.

Аяғымнан менің басыма

Етектеп плтын құйса, тоқтаман!

Байлық мен мансап, атақ пен абырой жел айдаған бұлттай жөңкіліп жүре беріп, тар кезеңге тап болған жырау өмірінің біраз ізі осы шумақтан да байқалады. Бұл хас батырға тән мәрттік мінезбен қатар, заман тәлкегіне түсіп, неге болса да бел буып, бекінген жанның берік тәуекелі мен ашынған көңілінің ақтарылған сыры дерлік. Мұны өлеңнің тепсініп келген тегеурінді ырғағымен, күңіренісімен күші басым өлең жолдарынан мол сезінеміз. Мұндай әуен Шәлгездің әЕділім» толғауына да тән. Бірқатар жолдары Қазтуған жырына сәйкес келетін бұл шығарма – жыраудың туған жерімен амалсыз қоштасуы, «Шөбі – секер, суы – шәрбет» ата қонысты қимас сезімнен туған телегей теңіздей терең тебіренісі.

Шәлгез жырлаында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнеге-өсиеттік бірқатар жолдарында өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді:

Құсты жисаң, бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас, тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жүмле ғаламға күлкі етер.

«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесепат» дегендей, бұл шумақтағы жақсы – шарапатты шын дос та, жаман – жалған дос, екіжүзді сатқын бейнесінде.

Жырау жақсы мен жаман арқылы ер мен ез, мәрт пен нәмарт сияқты адам бойында кездесетін екіұдай кереғар қасиет-мінездерді салыстыра суреттеу арқылы дәуірден дәуірге көшіп келе жатқан көптеген өмір сырын байыпты бағалайды. Шәлгездің «Қатынасы биік көлдерден», «Тобылғының берігі», «Бостаны барды теректің», «Айдынға шүйсең, тардан шүй», «Бар күшіңді сынамай» шумақтары және «Шағырмақ бұлт жай тастар» дейтін ұзақ толғауы – не замандар бойы өмір тәжірибесінен қорытылған саралы ойлар жиынтығы, өмір аксиомасы дерлік. Бұларда ақыл-ғирбат та, өнегелі өсиет те мол. Бұл саладағы толғауларынан Шәлгездің өрісті ойларын, замана шындығын, дәуірдің елеулі мәселелерін көтере білген кемел парасатын тани түсеміз.

Міне, жырау өмірдің өзінен туындап жатқан ащы шындықты айқын көре алған да, жақын жеп жаманға жан тартуға емес, «жақсыда жаттық жоқ» дегендей адамды, азаматты, абзалдықты суюді өсиет етеді.

Атаның ұлы ерлерге

Малың бер де, басың қос,

Басыңды қос та, бек сыйлас, -

Күндердің күні болғанда,

Басың жауда қалар ма?!

Бұл жолдардағы Шәлгез ұғымындағы «Ата ұлы» адамдығы мо азамат ерлер ретінде танылады. Даңқты жорық жырауы Шәлгездің өзі де дарабоз тұлға болған. Ол - өзі заманының айтулы батыры, ақылгөй абызы.



Қорытынды
Тарих беттерін бір дүбірлеткен жырауларымыздың өмірі бізге аңыз болып отыр. Олардың өнері мен шеберлігіне қарап, жырларын сүйсіне оқығанның да өзіндік орны бар. Ақын өмірі жай адамнан өзгеше екені әркімге анық. Сондықтан да, Асанқайғы, Шаркиіз, Қазтуған сиықты жыраулар сонау заманның тылсым өмірін келер ұрпаққа өз еңбектерімен жеткізген. Әлеуметтік және саяси дүниені ашып көрсеткен.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет