Абай Құнанбаев шығармаларының Қытай жерінде зерттелу мен насихатталу жағдайы
Шарыпқазы Нүртәліп
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Шығыстану факультеті
Қытайтану кафедрасының оқытушысы
Қазақстан, Алматы
Қазақ халқының ұлы ойшыл, философ ақыны Абайдың Қытай елінде насихатталу барысын, бірнеше кезеңге және қытай-ұйғыр тілдеріне аударылу мен баспа бетін көру жағдайында, негізгісі қазақтарға қалай жеткізілуіне қарай қарастыруға тура келеді. Қытайдағы қазақтар үшін Абай – өз ақыны, өз адамы және ұйғыр мен қытайлар алдында мақтан тұтар , бетке ұстар асқар тауы іспетті.
Развитие и агитирование трудов великого казахского мыслителя и философа Абая в Китае, перевод вышесказанных трудов на китайский и уйгурский языки, достижение их на страницы газет и журналов можно разделить на несколько этапов. Для казахев, проживающих на китайской земле, Абай – это свой поэт, свой человек и они представляют его себе как вершину самой высокой горы, которой можно гордиться перед китайским и уйгурским народами.
Development and agitating the job of the great Kazakh thinker and philosopher Abay in China, translating aforecited job into Chinese and Uigur languages, achieve them to newspaper and journals can be divided into several phase. For Kazakh people, who live in China, Abay is their poet, their man and they imagine him like vertex of the highest mountain and proud of him among Chinese and Uigur people.
Тірек сөздер: Абай, Қытай, зерттеу және насихаттау
Ключевые слова: Абай, Китай, изучение и агитирование
The main words: Abay, China, researching and agitating
Қытайдағы қазақтар арасында Абай ХХ ғасырдың басынан бері белгілі
бола бастады. Бұл тұста орыс-қытай шекарасы деген әлі де болса шартты ғана шекара болатын. Жаз – жайлау, күзеу, ас-тойларда екі ел арасында дау-шарды шешетін съезд құрылтайларда ылғи да барыс-келіс жасасып тұратын. Әсіресе, ХХ ғасырдың алғашқы он жылдықтарында Абай өлеңдері мен әндері Қытайдағы қазақтарға ауызша тарала басталса, ал «Айқап», «Қазақ» газеттері арқылы 1909 жылы баспадан шыққан Абай өлеңдері қыздардың жасауына қосылып, елден елге жетіп отырған.
1916 жылғы Қазақстанда ұлт азаттық көтерілістің ақырында, орыс қырғынынан қашып бас сауғалаған қазақтар арқылы Абай да қытай қазақтарына қоныс аударып, барғандай болды. Әсіресе, Алаш ардақтыларының тікелей әсерімен Абай, Шәкәрім шығармалары кеңінен насихаттала бастады.
Қазақстан мен қытайдағы қазақтар арасында алтын көпір, әрі рухани ұстазы болған Жүсіпбек Қожашайықсламов пен Әсет Найманбаев шығармашылығы арқылы, Абай, Шәкәрім поэзиясының ғажайып ескерткіші, тәрбиелік, эстетикалық, мәні арта түсті[1; 564].
1928-1932 жылдардағы қызыл қырғын, ашаршылық тұсында шекара асып барған қазақтардың арасында сауатты, білімді, алаш идеясына шын берілген көптеген адамдардың болуы, жергілікті халықты сауаттандыру, Алаш ұранын насихаттау, ұлт азаттық идеясын таратуы айтарлықтай ықпал еткені тарихи шындық. Олар Абай поэзиясы мен ғақылияларын кеңінен насихаттаушылар болды.
1934 жылдан былай қарай Шығыс Түркістан аумағында бар билікті қолына алған саяси айлакер, Шыңшысай Кеңес одағымен достықты нығайтуды бірінші ұранға айналдырған аты шулы «алты саясаты» әсерімен Қазақстаннан көптеген маман, кадр, мұғалімдер, баспагер, дәрігерлер, инженерлер, құрлысшылар халқын жаппай сауаттандырды. Мектеп-медреселер салынып, газет-журналдар шығаруды жолға қойды. Осы барыста мектеп оқулықтарында әдебиет пен ана тілі пәндерінде Абай мен Ыбырай Алтынсарин өмірбаяны мен шығармалары үзбей оқытылып, кеңінен насихаттала бастады.
1944-1950 жылға дейін салтанат құрған Шығыс Түркістан өкіметі тұсында мәдени-ағартушылық, баспагерлік саласы жедел дамыды. Абай шығармалары жаппай, ашық әрі жүйелі насиқатталып, бір ұрпақты тәрбиелеп шығарды деуге болады. Осы тұста халыққа кеңінен танылып, зор беделге ие болған ақындар: Ақыт Қарымсақов (Үлімжі ұлы), Таңжарық Жолды ұлы Абай есімін пір тұтып, өз шығармаларында оның ұлылығын дәріптеп отырды.
Іле, Алтай, Тарбағатайдағы қазақ мектептеріндегі қазақ әдебиеті мен ана тілі және басқа да оқулықтар 1962 жылы орыс-қытай шекара жанжалы шығып, екі ел арасы бұзылғанға дейін Қазақстандағы оқулықтар негізінде төте жазумен басылған оқулықтар бойынша оқытылып келді. Қытай қазақтары осы оқулықтар бойынша білім нәрінен сусындады. Сондықтан Қытайдағы қазақтар үшін Абай ешқашан бөгде адам болған емес. Керісінше, Абай – қазақ, қазақ – Абай біртұтас тұлға еді.
1962-1980 жылдар аралығында Қытайда жаппай етек алған мәдени зор төңкеріс кезінде, Қытайда қазақтар барынан түгел айырылды. Сыртқы әлемнен бүтіндей қол үзіп қалды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламасында ендірілген «Ұлт мәселесі» деген жаңа пәнін оқуға мәжбүр болды. Бұл Қытай студенттері мен оқушыларының оқу бағдарламасына енгізілмеді. Қытайдағы қазақтар Сталин сызып берген ұлт жөніндегі төрт шарт бойынша Қытайдағы қазақтар - басқа ұлт, Кеңес еліндегі қазақтар - басқа ұлт, яғни аты аттас екі ұлт өкілдерін мойындауымыз керек болды. Ондай жағдайда Абай туралы сөз болу, мүмкін емес еді.
1980 жылдан бері қарай Қытайда басталған реформа арқылы есікті сыртқа айқара ашу - мәдени зор төңкеріс кезінде салынған былықтарды тазалап, нағыз мәдениет реформасын жасау қолға алынған. Сонымен қатар қазақ мектептері мен радио телевиденияда Абайды насихаттауға кең жол ашылды. Қазақ мектептерінде бесінші сыныптан он екінші сыныпқа дейін оқытылатын қазақ әдебиеті оқулығында Абай өмірбаяны мен шығармашылығы және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман повестіне үзінділер үзбей оқытылып отырды. Қазақ тілі - білім ордасы делінетін Шыңжаң өлкесіндегі Іле қазақ облысының Іле педагогигалық Институты, Куйтүн қаласындағы Оқу-ағарту Институты, Бейжіңдегі Ұлттар Университеті және Аймақ ауданындағы педогогикалық училищелері де, Абай шығармалары кеңінен оқытылып келген болатын. 2000 жылдан былай қарай, Қытайда ашық жүргізіле бастаған жаппай қытайландыру қазақ-ұйғыр мектептерін жаппай қысқартып, қытайша аралас мектепке айналдыру науқаны барысында, сабақ тек қытай тілінде жүргізілетін болды. Сыртқы көрініске ғана қазақ әдебиеті мен тарихы, ана тілі пәндері қазақ тілінде жүргізілді. Сондықтан, ендігі Қытайдағы қазақтардың жас ұрпағы қазақ тілінсіз, қазақтың ұлы Абайынсыз тәрбиеленіп қытайлардың қара дүрсін саяси, мәдени-гуманитарлық жақтан түрлі қысымдар мен кедергілерге ұшырап, қатты қысымдар көруде. Қытайлар көрініске, жалаң насихаттау шараларына өте шебер келеді. Естуімізше, Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институты жанынан Абай институты ашылыпты. Не болса да көңіл қуанарлық, құптарлық жақсы бастама екен. Әуезов атындағы Әдебиет институты қытайлық әріптестерімен байланыс орнатып, «Абай оқуларын» сол жақта жалғастырса жарасар еді. Абай шығармалары қытайлар мен ұйғырлар арасында аздап болса да таралып насихатталып келеді. Ұйғырдың белгілі ақыны Османжан Сауыт, Абай өлеңдерін ұйғыр тілінде өте сәтті аударып газет-журналдар да үздіксіз жарияланып келеді. «Абай жолы» 1949-2000 жылға дейін төте жазумен 7 рет басылып шыққан екен. Бірақ бұл күндері жеке адамдардың қолында болмаса кітап дүкендерінен табу біраз қиындық тудыруда.
Абай шығармалары мен «Абай жолы» романы қытай тіліне аудару ісіне белсене ат салысып жүрген ұлты сібе (маньчжур) Ха-Бай мен Гао Сун-Фань еңбегін құрметпен еске алуға болады. Ал қытай-қазақ тіліне бірдей жетік қазақ қызы Қайша Тәбәракқызы «Абай жолы» романын қытай тіліне сәтті аударып шықты. Ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында, Қайша Тәбәракқызының көркем аудармасы мен Мұқағали шығармалары қытай тілінде аударылып кітап болып шыққан.
1989 жылы қытайдың белгілі тарихшысы Су Бихай Шынжаң Университеті баспасынан басып шығарған, «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты 858 беттік зерттеу еңбегінің 3 тараушасын, «Қазақтың осы заманғы көрнекті ақыны Абай» шығармашылығына арнапты. 720-736 бет аралығында ұлы ақынның шығармашылығы: 1. Абайдың өмірі; 2. Қазақ халқын көркейту, ауыр жүгін арқалау; 3. Өшпес еңбек - деген 3 тақырыпқа бөліп, жан-жақтылы таныстырады. «Сегіз аяқ», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қатарлы өлеңдерін аударып, мазмұндап отырған[2].
1996 жылы Шынжаң Халық баспасынан шыққан 3 томдық Қазақ әдебиетінің тарихының І томында қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеуде мынандай принципке негізделген:
1. Ежелгі заман әдебиеті (б.з.5 ғасырына дейінгі дәуір);
2. Ерте заман әдебиеті (6-19 ғасырдың екінші жартысына дейінгі дәуір);
3.Таяу заман қазақ жазба әдебиетінің тарихын жазуда әлем классиктерінің қатарынан орын алған қазақ халқының ұлы ойшыл, философ, ақын Абай Құнанбаевқа ерекше орын берілген[3;326]. Өйткені, Абайдың шығармалары мемлекет шекарасымен шектелген емес. Қазақтар қай елде тұруына қарамастан, оны күллі қазақтың ұлы ақыны деп есептейді. Абай - қытай қазақтарының жазба әдебиетінің жарыққа шығуы, қалыптасуы және дамуындағы ықпалы терең, орны ерекше ұлы тұлға. Өзгені қойып қытай жазаба әдебиетінің негізін салушы Таңжарық Жолды ұлы, Ақыт Үлімжі ұлы қатарлы ірі тұлғалардың өзі де, кезінде Абай поэзиясынан үлгі алған, үйренген, ал Абай тағылым тұтас қазақ арасына кеңінен таралып үлгі-өнеге, ақыл-нақыл болып кеткен еді[4;11], - деп мақтанышпен жаза алды.
Ахметбек Кіршібаевтің Шыңжаң баспасынан шыққан Қазақ әдебиеті тарихынан, Таңдамалы үлгілер кітабында 13-ші тарауын 4 бөлікке бөле отырып, тұтастай Абай Құнанбайұлына арнайды:
1. Абай өмірі мен шығармалары.
2. Абай шығармаларындағы реализм және оның әлеуметтік мәні.
3. Абай ғылым және көркем өнер туралы.
4. Абай шығармаларындағы көркем өнер және стиль туралы. Абай өзінің өлеңдерінде саяси-әлеуметтік лирика, табиғат, көңіл күй лирикасын, лириканың жаңа түрлерін қолданады. Осылайша Абай қазақ поэзиясын түрі жағынан жетілдірді, оны жаңа биікке көтерді. Сондай-ақ, Абай қазақтың жазба әдебиетінің тәжірбесінде әлі сіңбеген прозалық түрлерді енгізу үшін де алғаш рет батыл қадам жасады деп, Абай шығармаларының тұңғиығына тереңдей бойлап, ғылыми тұрғыдан ерекше талдау жасайды[5; 589-590].
Қорыта айтқанда, Абай – қазақтың ұлы ақыны, ұлы ойшылы, философы. Абай шығармалары тек қазақ халқының ғана маңдайына сиып, қазақ халқы ғана сусындайтын шығарма емес, ол – әлемдік классика, ал Абай – әлемдік тұлға. Олай болса, осындай ұлы тұлғаның ойы мен қаламынан туған ұлы шығармалары шекара талғап, ел таңдап жатпайтын ақиқат. Соның дәлелі, Абай шығармаларының қытай елінде тек қазақ тілді оқырмандардың қажетіне аударылып қана қоймай, қытай, ұйғыр тілдеріне де аударылып кеңінен насихатталуы және сол ұлт өкілдерінің жоғары бағасы мен зерттеуіне негіз болуы, Абай шығармаларының өміршеңдігі мен парасат пайымының өте биікте екенін көрсеткендей. Қытай жазба әдебиетінің негізін салушы бір топ ақын-жазушы, әдебиетші қауымының қалыптасуы мен қытай қазақтары жазба әдебиетінің негізін салуда бағдар болар асқар тау, сусындайтын қайнар бұлағы ретінде Абай және оның шығармаларының тұрғанын байқаймыз. Сондай-ақ, Абай шығармаларының Қытайдағы қазақ оқырмандарының үлкен рухани байлығы, таусылмайтын азығы ретінде қазақ халқы мен бірге мәңгі жасай беретініне тағы бір көзіміз жете түскендей. Парасат пайымы бөлек, талғамы биік, болашақ қазақ жастарының Абай әлеміне үңіліп, тереңдеген сайын, Абай шығармалары да жаңа заманада тың биіктерге көтеріліп, асқақтай түсеріне сеніміміз мол.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Жақып Мырзахан. Қазақ халқы және оның салт-санасы. Шыңжаң Халық баспасы, 1994 жыл. 598 бет.
2. Су Бихай. Қазақ мәдениетінің тарихы. Шыңжаң Халық баспасы, 2005 жыл. 857 бет.
3. Әлімғазы Дәулетхан. Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуір әдебиеті 1679-1949. «Мир» баспа үйі, 2013 жыл, 365 бет.
4. Бексұлтан Кәсейұлы. Қазақ әдебиетінің тарихы І том. Шыңжаң Халық баспасы, 1996 жыл, 886 бет.
5. Ахметбек Кірішбаев. Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер. ІІ том. Шыңжаң Университеті, 980 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |