АБЫЛАЙ ХАН-1733-1781 Тұрсынжан Амина 7 Б орындауында
Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.
Абылай дарынды хан, аса ірі қайраткер, қолбасшы болды. Әбілмәмбет ханның тірі кезінде қазақ халқы оны өзінің қорғаушысы, көсемі санады. Ол патша өкіметінің губернаторларының ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді.
Әрине, бір мақаланың көлемінде Абылай ханның қазақ халқына сіңірген еңбегін толық қамту мүмкін емес. Дегенмен де нақты құжаттарға сүйене отырып, біраз өмір жолына шолу жасап көрелік.
Абылай сұлтан өзінің ақылды, сабырлы мінезі мен адамгершілігінің арқасында тек бір орда емес, үш орданың сыйлы ханы атанды. Әрине, біраз тарихшылар, жазушылар Абылай сұлтанды Әбілмәмбеттің тірі кезінде хан болды дейді. Олай емес. Әбілмәмбет 1765 жылы қайтыс болды. Ол Түркістанның (Қалдан Сереннің қол астында 1743 жылдан), әрі Орта Орданың ханы болып есептелді. Ол өлгеннен кейін оның ұлын сайлады. Шындығында басқару тізгінін Абылайға берді. Қытай жазбаларында оны 1742 жылдан хан болды деуі осыдан. Олар ешқандай құжатқа сүйеніп хан болды деп жүрген жоқ. Халық арасындағы әңгімеге сүйенді.
Ресеймен одақтасудан кейін көп кешікпей Абылай елдің ішкі сыртқы жұмысынан екі жылдай қол үзді. Ол туралы Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінейік.
Бұл хатта Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынында екені жазылыпты. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойынша, жоңғарлардың қолына түсу себебін екі түрлі түсіндіреді. Біріншісі, Қалдан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауылына шабуыл жасап, батырларымен қапылыста қолға түсірді десе, екіншісінде, Абылай сұлтан нөкерлерімен аң аулап жүргенде тұтқындалды дейді.
Ал оның тұтқыннан шығуы туралы да екі түрлі жорамал айтады. Біріншісі, Ресейдің елшісі майор Мюллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернаторНеплюевтің хатынан кейін босатты десе, екіншілері қазақтың би-батырлары талап етіп босатып алды дейді.
Мен танысқан хаттарға сүйеніп, Абылай ханның тұтқыннан босап шығуына үш түрлі себеп болды деймін. Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қалдан Серенді ойландырды. Екінші себеп - шын мәнінде оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшіншісі, Мюллердің де әкелген хаты әсер етті.
Әбілмансұрдың Абылай атануы 1723 жылы жоңғар билеушілері қазақ жеріне сансыз әскермен басып кіріп, ойран салды. Қалың ел «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» аталған зұламатқа ұшыраған кезде Әбілмансұр он екі жаста еді. Ол аш – жалаңаш жүріп, зар жылаған халықты көзімен көрігені былай тұрсын, азап – бейнетін, кек пен ызасын, арман мен тілегін жамиғатпен бірге арқалаған ұлдардың бірі болды. Әбілқайыр Ресей империясының қолдауы арқылы хандық билікке қол жеткізуді көздеп, орыстармен байланысқа шыққан кезде, қазақ жасақтарының жауынгерлік қуатына үлкен нұсқан келеді. Ел ішінде үлкен алауыздық асқынады, берекесіздік етек алады. Бұны білген жоңғарлар қазақтарды келемеждеп, намысын таптап, жігерін құм қылу үшін дүбірлі жекпе – жектерге қазақ батырларын шақырады. Сондай жекпе – жектердің бірі де бірегейі 1731 жылы болады. Оған жауласқан екі жақтың хандары да қатысады. Осы жекпе – жекке жоңғарлар Қалден Серен ханының жақыны, атақты батыр Шарышты шығарады. Қазақ жасақтарынан оған қарсы шығуға ешкімнің жүрегі дауаламайды біраз тыныш тұрып қалса керек. Сонда Шарыш: «Ең мықты батырыңды шығар, болмаса туыңды жығып жеңілді де! – деп айбар шегеді. Осы кезде Сабалақ намысқа шыдамай, Әбілмәмбет ханнан сұранып сайысқа шығады. Ол майданға шыға сала «Абылай-лап, шауып барып Шарыштың басын шауып түсіріп: «Жау қашты, жау қашты!» деп, жоңғар тобына тұра ұмтылады, жиылған жұрт оның артынан лап қояды. Есі шыққан жоңғарлар алды – артына қарамай тым – тырақай қаша жөнеледі. Абыр – сабыр басылып, ел қайта жиналғанда Әбілмәмбет хан Сабалақтан: «неге Абылайлап ұран салдың?» деп сұрайды. Сонда ол «өз атым Әбілмансұр, мен қанышер атанып кеткен Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болатын атамның атын шақырғаным – жолым болар ма дегенім ғой» - дейді. Сол орында – ақ Әбілмәмбет оған атың «Абылай» болсын деп, үш жүзден тоқсан жақсыны ертіп барып, Жәнібек деген кісіден бата алыпты.