Қалқабаева Сәлима Әбдіраманқызы, ҚазҰУ-дың доценті
Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген ақын. Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы әдебиетші мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Ақын поэзиясына лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың орманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым-қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады» (1,7-б.), – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап береді. Қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның поэзиясы қай кезде де мәнді, өміршең.
Қадыр Мырза-Әли – қазақ поэзиясында ұлт рухын қалыптастыру жолында еңбек еткен ақын. Ақын поэзиясынсыз қазақ әдебиетін көз алдымызға елестете алмаймыз десек те болады. «Әдебиет ұлттық болу керек» деп түсінген ақынның әрбір өлеңінен қазақ халқының жаны мен болмысы көрініс алып жатады. «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар»,(2,129-130 бб.)– дейді Қадыр поэзиясы туралы академик С.Қирабаев. Ақын Аманхан Әлім болса, ұлт ақыны туралы: «Ол қазақ поэзиясы арқылы алып Қазақстанның, оның ішінде ұлтымыздың тұтастай понорамасын жасаған тұлға. Оның поэзиясы бізді поэтикалық өнердің заңдылығы мен ерік еркіндігіндегі сезім мен ойдың уақыты мен кеңістігін, биіктігі мен тереңдігін асқан жауапкершілікпен сезіндіріп, білдіретін ерекше құбылыс. Қадекең поэзиясынсыз толыққанды ұлттық қазақ поэзиясын көз алдымызға келтіру қиын. Ол – аксиома. Оның бүкіл шығармашылық ғұмыры тұтас бір ұлттың тарихы, сол ұлт өмір сүрген қоғам, заман, уақыттың барометрі», (3) – деп ақын поэзиясын ұлт табиғатынан бөліп алудың мүмкін еместігін тауып айтады.
Қадыр Мырза Әли өлеңдерінің поэтикалық қуатын күшейтіп тұратын ерекшелігі – ондағы ұлттық сипатты танытатын ұлттық мазмұн мен пішіннің бірлігінде, ұлттық дәстүр мен образды ойлаудың жаңашылдығында. Қазақ поэзиясының көркемдік дәстүрінен мол сусындаған ақын өлеңдерінде тың ой, жаңа ізденіс, рухани кеңдік, көркем суреттер мен шынайы образдар көптеп кездеседі. Ақын поэзиясындағы дала, домбыра, бесік, тау, тұлпар, киіз үй сияқты ұғымдар символдық мәнге айналған ұлттық көркем дәстүріміз. Сыншы-ғалым Б.Кәрібаеваның: «Өнер-өлең жарығымен халқымыздың тарихи психологиялық қойнауын Қадыр еркін ақтарған ақын» (4,182-б.) деген пікірі ақиқат. Қадыр ақын қазақ поэзиясында ұлттық ұғымға негізделген тұтас көркемдік ойлау жүйесін қалыптастырды, қазақ халқының ұлттық көркем образын мүсіндеді.
Қадыр Мырза Әли – қазақ поэзиясын ұлттық нақыштармен әрлеген, ұлттық көркемдік ойлау дәстүрін жалғастырған және жаңа көркем образдар тудырған қайталанбас тұлға. Қазақтың ұлттық поэзиясына, өз көркемдік әлемімен, өз таңбасымен келген Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы әркез әдебиеттану ғылымы мен сынының назарын аударып жоғары бағасын алып отырды. Ақын шығармашылығы қазақ әдебиетінің тарихына өшпес мұра ретінде енген.
Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиевтің шығармашылығына шолу жасап қарасақ, 40-тан астам жыр жинақтары мен балаларға арналған топтамалардың авторы екен. Бүгінгі күнге дейін жалпы шығармаларының жинағы 20 томнан асады. Мәселен, “Ой орманы” (1965), “Дала дидары” (1966), “Ақ отау” (1968), “Домбыра” (1971), “Көш” (1973), “Жерұйық” (1976), “Алақан” (1977), “Қорамсақ” (1980, 1981), “Қызыл кітап” (1983), “Күміс қоңырау” (1970 – 85) жыр жинақтарында нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныстарымен шебер ұштастырған. “Мәңгі майдан” (1993), “Биік баспалдақ” (1993), “Үкілі үзінділер” (1996), “Ғибратнәмә” (2001), “Алаштың арманы” (2001), “Жазмыш” (2001), “Еңіреп өткен ерлер-ай” (2001), “Иірім” (2004), “Шырғалаң” (2004), “Алмас жерде қалмас” (2004), тағы басқа кітаптары оқырманның іздеп жүріп оқитын, рухани нәр алатын дүниесіне айналған. Әдеби-сын кітаптарында халқының өткені мен бүгінгісіне, ғасырлар бойғы арман-мүддесіне, мәдениет пен әдебиеттің даму сатыларына ой жүгіртіп, замандастарының тыныс-тіршілігіне үңіледі. Оның 200-дей өлеңіне ән жазылып, “Күндер-ай” деген атпен жеке жинақ болып шықты (1984). Драматургияда Алдаркөсе туралы “Сақалдың саудасы” атты сатиралық комедия мен Махамбеттің соңғы күндеріне арналған “Жаралы жолбарыс” атты драмасын жазды. Соңғы шығармасы үшін Махамбет атындағы сыйлыққа ие болды (1997). Оның шығармалары әлем әдебиетінің озық үлгілерімен үндес келіп, философиялық-дидактикалық дәстүрді дамыта жырлаған өзіндік өрнегімен танылды. Ақын өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылған. Орыс тілінде “Бессонница” (1967), “Белая юрта” (1968), “Соловьиный сад” (1971), “Степные пути” (1975), “Твой дом” (1976), “Верхная струна домбры” (1976), “Ладони” (1984), “Нижная струна домбры” (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде “Күміс қоңырау” (1975), қырғыз тілінде “Алақан” (1979), әзербайжан тілінде “Бұлбұл бағы” (1980), моңғол тілінде “Шымыр жаңғақ” секілді еңбектері басылды. Аударма ісінде М.Овидий, Руми, В.Гюгю, Г.Гейне, М.Лермонтов, С.Есенин, Я.Райнис, Л.Родари, [Р.Ұамзатов], Э.Межелайтис, К.Кулиев өлеңдерін, Ш.Петефи мен С.Сүлейменовтің (“Атамекен”) жыр жинақтарын қазақ тіліне аударған. Ақынның мол әдеби мұрасының таңдамалылары «Қазығұрт» баспасынан 2001 жылы 12 том болып жарық көрсе, 2010 жылы толықтырылып 18 том болып қайта басылып шықты. Осындай ерен еңбегімен қазақ әдебиетін сан мен сапа, мазмұн мен көркемдік жағынан молайтып, халқымыздың рухани мәдениетіне зор үлес қосты. Әдебиетімізге сіңірген еңбегі нәтижесінде Қадыр Мырзалиев Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының (1966), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1980), Монголияның «Дарын» атты Халықаралық әдеби сыйлығының (1993), «Махамбет» атты сыйлықтың (1997), Республикалық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының (2004) лауреаты атанды. Алайда ақын үшін ең жоғары атақ – қазақ халқының ұлт ақыны бола білуі деп білеміз.
Қадыр Мырза Әли шығармашылығы ұлт трагедиясы мен бақытының, оның ғұмырнамасының айнасы. Бар талантын, мақсат-мұраттын өз ұлтын танытуға арнаған. Қадыр Мырза-Әли өз буын, өз өмірін, сезімін жырлаушы ғана емес, сол арқылы тұтастай ұлттың атынан сөз айта алатын, ұлт ойын жеткізе алатын дәрежеге көтерілген ірі тұлға. Жазушы Нұрдәулет Ақыштың: «Біз, ең алдымен, бүкіладамзаттық емес, ұлттық құндылық жасауды армандауымыз керек. Сонда ғана бізді әлем таниды, өзге ұлттар мойындайды. Біз әлемді ұлттық құндылықтарымызбен ғана таң қалдырамыз», (6) –деп айтқан ойы Қадыр Мырза Әли шығармашылығымен үндесіп жатқандай.
Менің бабам қақтаған қыр аптабы
Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы.
Қадыр жазған өлеңнің әр шумағы осылай шындық пен тарихтан сыр тартады. Жинақы да дәл айтылған ақиқат. Ұлттанушы-ғалым А.Айталының: «Адамды ұлтқа біріктіретін шешуші күш – ұлттық сана-сезім», – деп айтқанындай, ақын поэзиясы ұлтымыздың ойлауы мен санасында ұлттық негіздің сіңе түсуіне еңбек етуде.
Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау ұлт ақынына тумысынан тән нәрсе. Әрі бұл қасиеттің өлеңдерінен толық көрініс алуы да заңдылық. Өлеңдерімен ұлтымыздың мінезін, болмысын, табиғатын танытып, қазіргі қазақ лирикасының эстетикалық деңгейін көтерген ақындарымызды атар болсақ, тағы да ең алғаш аузымызға Қадыр Мырза Әли оралады. Себебі ақын поэзиясы ұлттық ой-сананы, дүниетанымды сезім шынайылығымен, ой тереңдігімен, асқақ та өршіл рухпен береді. «Қазақ — осы!» деп ұлтымызға тән жақсылы-жаманды қасиеттерімізді саралап, болмыс-бітіміміздің ішіне үңіледі. Елін шексіз сүйген талантты ақын, білімді тұлға екендігін мойындатады. Атап айтсақ, «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты өлеңінде:
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой.
Дос келді деп,
Жасап жатыр анық той.
Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы міне,
Танып қой!
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған
Сүйетүғын қазақ осы,
Қараңдар!
Қазақ осы:
Күй шығарып,
Ән салып,
Көкпартартып,
Қыз қууға жаралған, – деп қазақтың қандай халық екендігін қонақтарға таныстыра келе:
Қазақ осы:
Дала дейтін,
Күн дейтін.
Қазақ осы:
«Өнер алды – тіл» дейтін... – деп нені қалап, нені қастерлейтінін айтады. Халқымыздың жатырқауды білмейтін қонақжай, жомарт, қолы ашық, тойшыл, думаншыл, батыр әрі ақын халық екендігін көтеріңкі леппен мақтана жырлайды. Бұл өлеңнің әр шумағы халқымызға тән ұлттық болмыс пен мінезді жан-жақты аша түседі. Қадір Мырза Әли шығармаларын әркез қадағалап, жоғары пікір айтып отырған академик С.Қирабаев: «Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойларымен ұштастыруда Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді», (2,129-130 бб.) - дейді. Шын мәнінде Қадыр Мырза Әли шығармашылығында халқымыздың қанына сіңген мінезі, салт-дәстүрі, тыныс-тіршілігі молынан сөз етілетін өлеңдер көптеп табылды. Атар болсақ, «Домбыра», «Тарихи этнография музейі», «Киіз үй», «Қыз қуу», «Бір үзім нан», «Қалада тұратын қазақ қарты», «Қанға сіңген қасиет», «Ат жарыс», «Қазақша күрес», «Аударыспақ», «Айтыс», «Аударыспақ», «Тойтарқар», «Алаштың арманы» т.б. көптеген өлеңдерінде өз ұлтын жанындай сүйген лирик ақынның бейнесін елестетеміз. «Киіз үй» өлеңінде былай дейді:
Түндігінде ілулі Ай –
Дала шамы.
Төсеп тастап текемет,
Алашаны,
Сен күтесің қонақты,
Жолаушыны,
Сен күтесің ойын-той,
Тамашаны.
Сен тілейсің жұлдызды,
Көк аспанды.
Сен тілейсің бел асқан,
Дөң асқанды.
Сен тілейсің ақын боп шалқығанды,
Сен тілейсің жақын боп жанасқанды...
Қадыр Мырза Әли поэзиясының ұлттық мазмұнға ғана бай емес, түр, пішін жағынан да көп ізденісі, жаңашылдығы көп. Ақынның өлеңдері сан-алуан: екі, үш, төрт, жеті, сегіз, он бір, он төрт буынды композициялық-құрылымды болып келеді. Мысалы «Киіз үй» өлеңінде тармақ саны өлең мазмұнына бағындырылған:
...Қымыран ба?
Қымыз ба?
Оған байсың.
Кемшілігің –
Кент болып қона алмайсың.
Шопан барда мына біз жоғалмаймыз,
Біз бар жерде сен өзі-ақ жоғалмайсың!
Ақын туындыларының мазмұнын ұлттық дәстүрмен шебер ұштастырумен қатар, жарасымды жаңа формалар мен түрлер табуда ізденістер танытқан. Ақын өлеңдерінде поэзияға өзгеше ырғақ, әуезділік беретін қайталауларды шебер қолданады. «Ат» өлеңінде қазақ тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын ат малының қадір-қасиетін қайталаудың бірнеше түрлерін (ассосанс, аллитерация, еспе қайталау т.б.) қолдану арқылы әсерлі береді:
Арғымағың бір кезде ердің құны,
Ата–тарих, көзіңмен көрдің мұны.
Атың бар ма? – бақыттың үлкені сол,
Атың жоқ па? – сол үлкен сордың бірі.
Атың жоқ па? – жерледі жаманың да,
Атың бар ма? – ерледің заманыңда.
Атың жоқ па?– жоқшылық иығыңда,
Атың бар ма? –молшылық табаныңда.
Қадыр ақын өлеңдерінде өзіне дейінгі поэзияда орын алған көркемдік дәстүрлерді де жаңашылдықпен пайдаланған. Соның бірі – жыраулық толғаулардағыдай нақылдар мен афоризмдердің жиі кездесуі. Қадыр ақын афоризмдерінің көбі халық жадында сақталып, жатқа айтылады.
Қазақ боп
Туғаныңа өкінбе,
Қазақ боп
Жарыта
Алмағаныңа өкін! –
деген сияқты қанатты сөздері де ұлттық ар-намысты жона түсетін дүниелер. Ақын шығармашылығы қазақ поэзиясында ұлт рухын қалыптастыруға қызмет етті. Демек, Қадыр Мырза Әлиді қазақ поэзиясын ұлттық мазмұнмен байытқан, ұлттық көркемдік нақыштармен әрлендірген ақынымыз деп даралап айта аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қабдолов З. Қадырдың қадірі. Қадыр Мырза Әли. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. 1-т., –Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2001
С.Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 1998
Аманхан Әлім. Талант тағлымы //«Ана тілі»газеті, 10-желтоқсан, 2009
Кәрібаева Б. Қадыр поэзиясы хақында // Жұлдыз. –1983, №12.
Нұрдәулет Ақыш // «Қазақ әдебиеті»,14-желтоқсан, 2007
Достарыңызбен бөлісу: |