«АЙҚАП» - АЗАТТЫҚ ЖАРШЫСЫ
Нұрлан АСҚАРОВ,
Филология ғылымдарының кандидаты
Алтынай Жүсіпова
Филология ғылымдарының кандидаты
Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
1905 жылғы орыс төңкерісі Ресейдің өзін ғана емес, оның отарлық езгісінде зар илеген бодан елдерді де дүр сілікіндірді. Бұл өзгеріс қазақ халқына екі түрлі жағдайда әсер етті. Бірінші – ақ патшаның қазақ жерін отарлау саясаты мықтап күшіне енді. Екінші – қазақ өлкесінде орталық езгіден құтылуды көксеген ұлт бостандық қозғалысы туды [1, 124-б]. Осы орайда, ұлы мақсат дүмпуімен тарих сахынасына шығып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ интеллигенциясының дүниетанымында ұлттық мүдені қорғау, бостандыққа жету жолдарын бағдарлау басым орын алды. Оның үстіне, бұған 1905 жылдың 17 қазанында патша үкіметі шығарған "аты шулы” манифест те ерекше әсер етіп, азаттық тілеген жүреке жалын берді. Манифистің демократиялық сипаты бас қосуға, жиналыс жасауға, ой айтуға, білім алуға, еркіндік берумен бірге адамның қара басының құқығын қорғауға кепілдік беріп, үкіметті халық кеңесі басқарады деген негізгі принциптерінен аңғарылса керек.
Азғана кеңшіліктен серпін алған қазақ интеллигенциясы елде жаңа сипат, өзгеше өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа бағыт-бағдар көрсету мақсатында газет шығару, кітап бастыру, петиция тарату сияқты күрес құралдарын игере бастады. Бұның бәрі сайып келгенде, патшалық билікке қарсы, отарлаушылыққа қарсы, қоныс аудару кезінде болған жолсыз қиянаттарға қарсы қадам еді. Осы ниет ұлттық-демократтық қозғалыс идеясын тудырып, қазақ халқының тең құқығын қорғау, мәдинетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіріп, жүйелі жолға қою, шұрайлы жерлерден айырылмау, үшін көшпелілерді отырықшыландыру т.б. сияқты көкейкесті мәселелерді алға тартты. Осының бәрі жиылып келіп “Қарқаралы петициясын” жаздырды. Петиция 1905 жылы 4 қазанда “Сын отечество” газетінде жарияланды. Онда діни сенімдерді атқару, оқу-ағарту жүйесін ұйымдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою, қазақ ауылдарында орыс тілімен қатар қазақ тілінде де сабақ жүргізетін мектептер ашу, қазақ халқының мұң-мұқтажын талқылау үшін цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұхсат беру; жаппай қоныстану қарқынын күшейтіп, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, т.б. мәселелер көтерілді [2, 110-б].
Бұл петиция қазақ үшін манифестік рөл атқарып, бет-бағытты айқындап берді.
ХХ ғасыр басында қазақ халқының мынаған көзі анық жетті:
1) Ресей империясының отаршылдық езгісінен бұрынғыдай шашақты найзаның ұшы, ақ білектің күшімен құтыла алмайсың. Бұған Есет, Жанқожа, Кенесары хан көтерілістері сабақ. 2) Ақылға сал, амалын тап, айлаңды асыр. Ол үшін қайтпек керек? Оқу керек, ғылым молайтып, өнер үйрену шарт. Сонда ғана өзіңді езген елмен терезең тең, дәрежең бірдей болады. Бұл Абай хакім нұсқаған жол. 3) Халық санасының оянуына жаппай қоныс аударушылар да әсер етті. Ата қоныс, шұрайлы жерлердің қара шекпенге зорлықпен тартып әперілуіне қазақтың көнуіне тура келді. Бастапқыда жауыға қарап жүргенімен, соңыра сыбай-салтаң келген қарашекпендердің айналасы бес-алты жылда қор құрап, қоңданып алғаны елді қайран қалдырды. Соларға еліктеп, жер шұқып, егін егуге кіріскендер де болды. Әрине, оларға дейін де егіншілік, балықшылықпен шұғылданған қазақтар болған. Сайып келгенде, мұның бәрі де марғау қазақ тіршілігіне қозғау салған ақиқат.
Енді оянған ойға кең өріс табу қажет болғанда ұлттық баспасөз тууға тиісті еді. Оған үш түрлі жағдай себеп болды. Біріншіден – саяси, екіншіден – басқалардың үлгі-өнегесі, үшіншіден – әдеби тілек-талаптың өсуі. Осы мәселені жыға таныған қазақтың көзі ашық азаматтарының бірі Мұхамеджан Сералин (1872-1929) елге жолбасшы боларлық газет-журнал ашуға бел байлады. Деректерге қарағанда, М.Сералин татар журналисі Ф.Ганиевпен бірге газет шығару хақында келісім жүргізіпті. Газет орыс және қазақ тілдерінде шығарылуға тиіс болған көрінеді. Орыс бөлімінің редакторлығына Ильинский жобаланғанымен, онымен тиянақты келісімге қол жеткізілмейді [3].
М. Сералин 1906 жылы мамырда Троицкіде “Зауралье” атты газет арқылы қазақтың зиялы азаматтарына ана тілінде газет шығармақ ойы бар екендігін хабарлап, олардың жәрдемдесуін өтінбек болады. Алайда Орынбор губернаторы “зиянды бағыты” үшін газетті жаптырып, М.Сералин жоспарының орындалуына мүмкіндік болмайды. М.Сералиннің бұл ойы тек 1911 жылы ғана жүзеге асты.
Оның ниетін қолдап, тұңғыш қазақ тіліндегі журналды шығаруға ат салысқан адам Троицкідегі “Энергия” баспаханасының қожасы Хаили Шумлих Сосновский болды [4, 239-240-б].
1911 жылы желтоқсан айында М.Сералин журналдың 12-ші санында “Айқаптың” шығу тарихына тоқтала келіп: «он екі айдан бері «Айқап» журналы жұрттың біразын оқуға үйір қылды. Қазақша ойлауға, ойын қазақша жазуға бірсыпыра адамды үйретті» – деп жазды. Сөзінің соңында «жыл бойынша журналдың тоқтамай шығуына себеп болған мырзаларға “Алла разы болсын» айтпай қала алмадық. Әуелі, матбуға қожасы Сосновскийге арзан бағамен журналымызды басып һәм білген маслихаттарын айтып жәрдемдескеніне. Екінші, Тәңірберген Тұрысбеков, Сәдуақас Шорманов, Ғабділрахман Жүсіпов … жәрдем еткен үміт иелеріне. Үшінші, бір жылдан бері тынбай сөз жазып келе жатқан шәкірттерге» [5] ризашылығын білдірген.
Белгілі-бір басылымның бет-бағыты, мазмұны, т.б. қасиеттері шығарушы мекемеге немесе бас редакторға тікелей байланысты болатыны белгілі. Басқарушының ой-өресі, білім деңгейі, дүниеге көзқарасы бәрі-бәрі басылымның бет алысынан, ондағы материалдардың тақырыптық-идеялық мазмұнынан айқын көрінеді. Осы орайда журнал басқарушысы Мұхамеджан Сералинің бітім-болымысы жайында бірер сөз айта кетудің артықтығы болмас.
Мұхамеджан Сералиннің қаламгер-қайраткер болып қалыптасып, азаматтық биіктеуіне мынандай факторлар әсер еткен. Ең алдымен, ол үш мәдениет - қазақ, орыс, татар халықтары мәдениетінің аясында жетілді [6, 50-б]. Бұған географиялық ортаның әсері де болды. Ол Қазақстанның Ресеймен шектесетін аймағында дүниеге келді. Туғаннан өз халқымен бірге татардың, сондай-ақ келімсек-қарашекпендердің тұрмыс-тіршілігімен етене таныс болып өсті.Оның үстіне Троицк мен Қостанай қалаларында оқып, сонда өсуі оның жалпы көзқарасын орнықтырды. Бұл қалаларда тұратын халықтың басым бөлігі орыстар мен татарлар болатын. Осы орта Сералинге әсер етпей қоймады.Үш түрлі мәдинеттен терең сусындап өскен азамат өз халқының көкейкесті, ділдір мәселелерін терең түсінді.
Отаршыл империяның озбыр саясатын, ондағы әділетсіздікті көріп-біліп, одан халқын құтқарар жол іздеді. Осы ретте халықтың көзін ашып, ілгері бастырар құрал – баспасөз деп тапты. Мұндағы мақсатын журналдың тұңғыш санының бас мақаласында былайша тарата баяндайды: ”Газет һәм журнал халық үшін екендігіне шек жоқ. Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі – халық арасында таралған газет-журнал һәм кітаптардан білінеді” – деп баспасөздің халық өміріндегі алатын маңызына орынды баға бере келіп, осыған дейінгі жарық көрген басылымдар жазушылардың кемдігінен тоқталғанын, оған кінәлі қазақтың ынтымақсыздығына қынжылып, халқына орынды өкпе-наз айтумен бірге «жұртқа атақ шығарып білім салу үшін емес, бәлкім дәулет иесі ағалар мұны көрген соң ойланар» деген ниетін білдіріп, “Айқап” мағанасын аша кетеді: «Журналға «Айқап» деген есім бердік. Бұл сөзге түсінген де балар, түсінбеген де табылар. Біздің қазақтың «Әй қап!» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады.»Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік.Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. “Қап” ынтымақсыздығымыз-ай” дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалған істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды [6]. Осында көтерілген:1) ынтымақсыздық немесе қазақтың келеңсіздіктері; 2) жер мәселесі, қала салу; 3) өнерсіздік; 4) сайлау былығы секілді ел өміріндегі өзекті мәселелер журналдың болашақ бет алысын меңзеп қана қоймай, көптеген айтыс-тартыстарға арқау болып, қазақтың қоғамдық ой-санасына серпіліс әкелді. Әрі жаңа қалыптасып келе жатқан жазба әдебиетімізді тақырып жағынан кеңейтіп, өмір шындығын көркем шындыққа айналдыру жолында соңғы ізденістерге жол сілтеді.
Өз бетінде уақыт алға тартқан қоғамдық-мәдени, саяси-әлеуметтік мәселелерді көтеріп қана қоймай, сол мәселелерге қал-қадарынша ой-пікірін, өз көзқарасын білдіріп отырған “Айқап” журналы 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың тамыз айы аралығында Троицк шаһарындағы “Энергия” баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрды. Араб әрпімен теріліп, әуелінде айына бір рет, кейінірек екі рет шығып, жалпақ қазақ даласына кеңінен таралды. Журналдың таралу шеңбері, ұзын саны жайында Ғабдолғазиз Мұсағалиев бұл басылымды 1000 оқушы алып тұратынын жазды [7]. Мұның өзі журналдың таралымы бір ізге түсіп, өрісін ұлғайтып, қанатын кеңге жая бастағанын көрсетумен бірге төңкеріске дейінгі қазақ халқының сауаттылық деңгейінен де хабардар етеді. Кейбір керауыздардың кесірлі пікірлеріне де тосқауыл болады. “Айқапты” ақтқара келгенде журналдың географиялық кеңістігі анағұрлым ауқымды екндігін аңғарамыз. Бұған басылым бетінде жарияланған әр қилы жанрдағы шығармалар дәлел бола алады.
Мысалы, журнал алғашқы жылғы сандарының өзінде-ақ “Уақиғалар” айдарында Қазақстанның жер-жерінен, атап айтқанда, Ташкенттен, Алматыдан, Шымкенттен, Әулиеатадан, Оралдан, Қостанайдан, Торғайдан, Ақтөбеден, Маңғыстаудан, Бөкейден, Бақтыдан, Омбыдан, Қапалдан, Семейден, Аякөзден, т.б. хабарлар беріп отырған. Бұл хабарларды ұйымдастыруда М. Сералин қазақ шәкірттерін пайдаланған.
1911 жылдың күзінде редакция өз бағытын түсіндіріп, жазып алушыларды көбейту үшін қызметкері Мұхамедсәлім Кәшімовті Оңтүстік өңірге жібереді. Ол Алматы, Бішкек, Мерке, Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбеде болып, Қытай қазақтарынан көрген-білгенін сапарнамасына жазғанда “Айқап” жұрналының кітапханаларда кездескенін, жаздырып алушылардың бар екенін [8] хабарлайды.
Журналдың шығып тұруына мелекет тарапынан ешқандай қаржылық көмек болмаған. Қазақ басылымдарына ортақ қайғылы хал “Айқап” басынан да айықпаған. Бұл орайда журнал жекелеген азаматтардың демеушілігі мен оқушылардың жазылым ақысына сүйенген.
Журнал орташа форматты, 24 бетті болып жарық көрген. Тұрақты айдарларының ішінде “Өлең-жыр”, “Фельетон”, “Басқармадан”, “Одан-бұдан”, “Хабаршыларымыздан”, “Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер” үзбей жазылып, тарихи-қоғамдық өзгерістерге байланысты “Соғыс жайы”, “Оқиғалар” деген айдарлар да қосылып отырған. Сонымен бірге, журналдың бағыт-бағдары, көтеретін негізгі саяси-әлеуметтік тақырыптар сөз етілген.
Бас редактор Мұхамеджан Сералин журналдың тек техникалық жағын ғана қаузамай, оның ішкі мазмұнын да терең әлі ойлы болуын жадынан шығармады. Журналдың жүйелі, тартымды болып шығып тұруы екі нәрсеге – қаржы және жазушылардың көп болуына тәуелді деп тауып, осы мұқтаждықтардың орынды шешілу жолдарын қарастырумен болды. Басылымның түйінді, маңызды сөздерін М. Сералин, Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыровтар айтып, өз маңына ағартушы-демократтық бағыттағы қазақ оқығандарын топтастыра білді. Олардың жазғандарын ілтипатсыз тастамай, мәнділерін іріктеп, әсіресе, өлең-жыр, ғылыми танымдық мақала, көркем әңгімелерге журнал бетінен әрдайым орын беріп отырды.
“Бұл авторлардың ішінде өзінің суреткерлігі айқын ақын-жазушылар да, замана ағымын жіті аңғарған қайраткерлер де, жас өркенді өрге бастамақ зиялылар да, дәуірдің дүбірі қаламына жел берген мұғалімдер де, өз ойын ортаға салуды қажет деп есептеген қажы-молдалар да, жаңалыққа жанасқан шәкірттерде” [9] болды.
Бір сөзбен айтқанда “Айқап” журналына қазақтың сол кездегі оқығандары, түрлі оқу орындарының оқытушылары мен шәкірттері, хат білген адамдарының барлығы түгел қатысқан. Солардың ішінде журналға үзбей жазып, өлеңдер мен аңыз ертегілерді, тарихи шежірелерді жинап,жариялап, қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз көзқарастарын білдіріп, журналдың қанатын кең жайып гүлдене өркендеуіне ұлес қосқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нәзипа Құлжанова, Сұлтанмахмұт Торайрғыров Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұстақым Малдыбаев, Сабыржан Ғаббасов, Әкірам Ғалымов, Файзолла Сатыбалдин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мәнен Тұрғанбаев, Жұмағали Тілеулин, Ғұмар Қарашев, Шәкәрім қажы, Ж.Мәмеков, Нұрбекұлы Сатыбалды, Юсіпқажыұғлы Ғабдолрахман, Түлек баласы Шахмұрат, Ж.Басығарин, Қ.Кемеңгеров, т.б. сынды дарынды қаламгерлердің есімдерін ерекше атаған жөн.
“Айқап” журналының көтерген мәселелері сан-салалы. Өз заманының ділгір сұрақтарының бәріне шама-шарқынша жауап беруге тырысқан. Басылымда жарияланған публицистикалық шығармаларды барлап, байыптап қарағанда жер мәселесі, әйел теңдігі, билік, шаруашылық жүргізу, оқу-ағарту, дін таласы, табиғат заңдары, дәрігерлік, отаршылық езгінің ащы зардаптары сынды тақырыптарды сөз еткенін көреміз.
Ресей империясының барған сайын қазақ жеріне сұғынып, жері мен байлығын алып қана қоймай ұлттық сананың көрсеткіші – тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүрге ауыз сала бастағанын батыл әшкереледі. Бұдан құтылудың жолдарын іздеді. Бұл орайда тапқаны Абай хакімнің “өз қаруын игеріп өзіне қарсы жұмсау”тәсілі болды.
“Айқаптықтар” өз ойын осы үш салада өрбітіп, қазақ қоғамының көптеген түйінді, көкейкесті мәселелерін қозғады. Дәуір тынысын, өмір ағысын терең түйсіне отырып өз позициясын анықтады. Қазақтың көсегелі жұрт, іргелі мемлекет болып ғұмыр сүруінің кепілін отырықшылық тұрмыс-тіршілікпен байланыстырды. “Бізге не істеу керек?” деген бас мақалада қазақ қажеттілігі былайша негізделді.
Отырықшы болып қала салу, жерден қол үзіп қалмау;
Мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу;
Дін ісін қолға алып, рухани дербес болу;
Мемлекет думасында қазақтың мүддесін айтып, өкіметке жеткізіп отыратын депутаттарымыздың болуы;
Петербургта тұрақты өкіліміз болу керек [10] деп ашық жазды.
“Айқап” осы бағдарламада көрсетілген шараларды үнемі насихаттап, жүзеге асыруға мұрындық болуға тырысты. Сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмауын қадағалады.
Өткен ғасыр тоғысындағы аса бір күрмеуі қиын, күрделі түйін – жер мәселесі болды. Мұның соншалықты көкейкесті болуы, қазақ жеріне қарашекпенділердің жаппай қоныс аударуына байланысты еді. Орыс крестьяндарын қазақ жеріне орналастыру үшін патша үкіметі алдын ала жан-жақты дайындалған.Ол үшін 1896 жылы Ақмола, Торғай, Семей обылыстарының жер-суын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандырудың жай-күйін арнайы ойластырып жүргізу үшін, ғылыми дәйектеме жасап беру қажет болып, ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ф.А. Щербина бастаған арнайы экспедиция ұйымдастырған. Экспедицияның мақсаты: 1) Көшпелі шаруалардың жерді пайдалану әдіс-тәсілдерін зерттеу арқылы олардың шұрайлы жерлерін қоныс аударған орыс мұжықтарына кесіп беру; 2) Қазақтарды ауыл-ауылға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша жіктеу; 3) Қазақ шаруашылықтарындағы төрт түлік малдың есебін алу; 4) Әр ауылдың түлік көлеміне қарай жайылым, қыстауын нормалап бекітіп беру; 5) Аталмыш обылыстарды жағырапиялық және этникалық жағынан зерттеу. Жұмыс 3 жылға созылды. Оның материалдары 13 том болды [11, 39-б].
Демек, қазақ жерін отарлау 1896 жылдан бастап егжей-тегжейлі ойластырылып, ғылыми дәйектелгенін көреміз. Тіпті, 1907 жылдан бастап отарлау мәселесімен айналысатын арнайы журнал да шығарыла бастады [12]. Ол 1914 жылға дейін шығып, Ресей империясының отаршыл сұм ойына өріс ашып тұрды. Орыстардың қазақ жерін отарлау тарихының қыр-сырын жан-жақты ашуға бағытталған Американ тарихшысы Джордж Демконың келтірген мағұлматы бойынша, мигранттардың 90%-і Қазақстандағы жері шұрайлы үш обылыста: Ақмола, Торғай және Семей обылыстарында шоғырлана қоныстанған. Олардың ең көбі – Ақмола өңірінде. 1911 жылдан бастап бұл облыстарда (Ақмола, Торғай, Семей) қоныс тепкендей бос жерлер қалмады деуге болады, сол себепті басқа өңірлерге назар аударыла бастаған [13, 87-б].
Осының бәрі жиылып келіп ғасыр басында қазақ халқының алдына үлкен бір сынақты көлденең тартты. Енді бұл зұлматтан қалай құтылуға болады? Жерді, елдікті сақтаудың амалы не? деген сауалдар әрбір көкірегі сәулелі қазақ азаматының санасында болды. Ел өміріндегі осындай мәселенің сол жылдары шығып тұрған “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті беттерінде көтерілмеуі мүмкін емес те еді.
“Айқап” журналының редакторы Мұхамеджан Сералин: “Соңғы он жыл ішінде үкімет… қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, көщіп азап шеккенше, отырықшы болып 12-15 десятина жер алып отырсын деген жоқ, жер ала алмағандардың жерін айламен кесіп алмақ” [14]- деп отарлау саясатының түп мақсатын ашып көрсетсе, “Қазақ” газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов: “Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 мил. адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турасында ақыл айтқанымыз қазақты һәм басқаларды да қата ұқпастай етіп, анықтап, ашық сөйлескеніміз абзал” [15]- деп жазды. Алаштың артық туған қос азаматы да бұл мәселеде айырықша толлғанып, бұдан шығудың әртүрлі жолдарын қарастыра бастайды. Бұл мәселе ең алдымен “Айқап” бетінде көтеріліп, “Қазақстан”, “Қазақ” газеттерінде өріс алды. Олардың бұл туралы айтқан ойларында алшақтық сезіліп, тіпті айтыс-тартысқа барған кездері де жоқ емес. Бұл жерде басын ашып алатын жәй, қарастырғалы отырған екі басылымның да ұлт мүддесі тұрғысынан қозғаған ойларының әртүрлі алшақтықтарына қарамастан, сарқып құяр сағасы – қазақ халқының өзге елдермен терезесі тең, ерікті ел болуы.
Қазақ елінің өзге мемлекеттермен терезесі тең, мәдениетті ел болуын көксеген қазақ зиялыларының көп жағдайда пікірі бір жерден шыға бермесе де, олардың баршасына ортақ жай – халқының тағдырына шын жанашырлықпен қарай білуі, көтерілген мәселенің барлығына ұлттық мүдде тұрғысынан қарауға болады. Алаш ардагерінің басын тоқайластырған да, алшақтатқан да осы жайлар еді. Олардың жазған сөз, айтқан пікірлерін оқи отырып, ғасыр тынысын, заман райын сезінеміз. Соған орай зиялылардың еткен әрекетін аңдаймыз. Қалай дегенде де ғасыр басындағы қазақтың өр рухты, ұлтжанды, көзі ашық азаматтарының ісі жоғары бағалауға лайық. Олардың көшелі пікірлері өз маңызын бүгінгі күнде де жоғалтпаған.
Жер мәселесі, отырықшылдыққа көшу, саяси билік, оқу-ағарту, жалпы қазақ съезін шақыру жайындағы пікірлері мен ұсыныс тілектерін қарастырғанда олардың нақты шараларды таба алмай қиналғандары көрінеді. Мемлекеттік Думаның анау айтқандай жарылқап тастайтынына күмәнданса да, бір қару ретінде оған депутат сайлау қажеттігін үнемі көтеріп отырған.
Ол кезде қазақтың өз алдына жеке ел болу идеясы ара-тұра қозғалса да қанатын кең жая қоймады. Бұл туралы зеттеуші С. Өзбекұлы ғасыр басындағы қазақ қайраткері Барлыбек Сыртановтың өмір тарихы, қоғамдық қызметін жан-жақты қарастырған еңбегінде: “1910-1913 жылдар аралығында Барлыбек Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің ішкі колонясынан шығарып; тәуелсіз Республика мәртебесі бар мемлекет құрудың Уставын (Конституция – Н.А.) жазды. Уставтың жалпы идеясы Қазақстан саяси бостандық алып, Ресейдің отары емес, тек доминион ретінде танылуын жақтаған. Мұндай пікірді Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой пікірді тұңғыш рет көтерген қайраткер – Барлыбек Сыртанов” [16, 29-б.] – деп аса құнды пікір айтқанын жоғары бағалаған. Алайда, бұл ойдың өріс ала алмағандығы қынжылтады. Бұған Б. Сыртановтың 1914 жылы қайтыс болуы да әсер еткен секілді. Қайраткердің бұл пікірі кейін жанданып, Алаш партиясының ұстанған бағытына арқау болды.
Осы тұрғыдан келгенде белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ зиялыларының “ауыз бірліктері күшті болып, қоғамның жоқ-жітігін, кем-кетігін бірлесе, қосыла іздесе олардың тарихтағы істері бұдан да қомақты зор болатын еді. Әр қилы әлеуметтік мәселеде, әсіресе, отырықшылдыққа көшу, съезд шақырып, бас қосу, ел ісіне араласу, ұлт-азаттық күресіне бағыт сілтеу жайындағы сүбелі мәселелерде, әрқилы пікірде болмай, ауызбірлік танытқан шақта, қазақ қауымының жалпы ұжымы бір бағыттан табылып 1917 жылдың төңкерістерін өз басына ыңғайлай пайдаланар ма еді деген ой да қылаңдап қояды” [17, 71-б.] деп жоғары бағалай тұрса да, ауызбірліктерінің болмауына өкінген сыңай танытады.
Сайып келгенде айтарымыз “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті маңына топталған қос топты біріне-бірін қарсы қойып, бірінің пікірін прогрестік мәні бар, екіншісін керітартпа болды немесе астарлы саясатты түсіне білмеді деп бағалаудың күні өтті. Бұдан былай, қай мәселеде болсын, ұлттық мүдде тұрғысынан, халық қамқоры ретінде ой-қозғап, пікір сомдаған қазақ зиялыларының қызметін әділ бағалауға тиіспіз.
ХХ ғасыр басында ұлттық бірлікті нығайту, мәдениетті дамыту идеяларын алға тартқан рухани-зерделі оқығандар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалылығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санады. Игі мақсаттарын іске асыру үшін «қазақтың бірі ай, бірі күні» – “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті беттерінде ой-пікірлерін үзбей жариялап отырды. Ұлттың маңызды мәселелері – емле, дін ғұрпы жайын бір жолға салу жайы көтерілгенде пікірталастарға баруы, олардың халқына жанашырлығын танытады. Олардың түпкі ойында әрекеден гөрі берекені көздеу ниеті басым болды.
Түйіндей айтқанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерде пікірлері кейде тоғысып, кейде шарпысып жатуы оң құбылыс ретінде бағалануға лайық. Олардың ұлттық ұлы мұраттарын қозғап, сол турасында жанашырлықпен пікір таластыруы, кейде пендешілік пиғылмен қиястықтарға баруы, алайда, ортақ іске келгенде «бір жағадан бас, бір ауыздан сөз шығарулары» тарихи ақиқат.
«Айқап» пен «Қазақ» маңына топтасқан қазақтың озық ойлы, көзі ашық, көшелі азаматтарының пікірталастары қоғамдық ойға қозғау салып, «бостандық, теңдік, оқу-білім, мәдениет» деген мәнді сөздер елдің «жүрегі мен тілінде ойнай бастады». Марғау қазақ даласын тұмандай басқан ауыр ұйқының бұлтын сейілтті. Елдің жаппай өнер-білімге ұмтылдыруда әсер-ықпалы зор болды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әуезов М., Жолдыбаев М., Қоңыратбаев Ә. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы. – Алматы: Қазмембас. 1933. – 217 б.
2. Қуатов Б. Отанымыздың тарихы туралы саяси әңгіме. – Алматы: Білім, 1993. – 272 б.
3. Ужгин С.С. Мухамеджан Сералин (Мемуарные записки), инв. №171, 1953, ҚР ҰҒА Орталық кітапханасының қолжазба қоры.
4. Ыдырысов Қ. “Айқап” және Сералин //Кітапта: Атамекен. – Алматы: Ғылым, 1990. – 275 б.
5. “Айқап”. – 1911. - № 12.
6. Зиманов С., Идрисов К. Общественно-политические взгляды Мухамеджана Сералина. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 168 с.
7. “Айқап”. – 1912. - № 4.
8. “Айқап”. – 1912. - № 3.
9. Кәкішов Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б.
10. “Айқап”. – 1911. – № 6.
11. Сарсекеев М. Ә. Бөкейхановтың шежіре-кестесі //Абай. – 1996. – № 1.
12. Вопросы колонизаций. Периодическиц сборник: в 14 т. 1907-1914 г.
13. Демко Д. Орыстардың Қазақстанды отарлауы (1896-1916). – Алматы: Ғылым, 1997. – 214 б.
14. “Айқап”. – 1912. - № 3.
15. “Қазақ”. – 1913. - № 29.
16. Өзбекұлы С. Барлыбек Сыртанов. – Алматы: Жеті жарғы, 1996. – 112 б.
17. Кәкішев Т. қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы. Санат, 1994. – 448 б.
Достарыңызбен бөлісу: |