Айдары: Ұлы мәртебелі актер
Бейбіт Қамаранов, актер:
Жақсы өмір сүруге мүмкіндік мол...
Бейбіт Қамаранов – Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. Ол – «Бұлбұлдар түніндегі» капитан Тимофеев, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Ақан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қодар, «Балкондағы» жігіт, «Қызыл орамалды шынарымдағы» Ілияс, «Келіндер көтерілісіндегі» Мекемтас, «Карменситадағы» Эскамильо, «Жұбайлар-ай, жұбайлардағы» Есет, «Мен, ұмытылмаймын...» драмасындағы Мұқағали, «Күшік күйеудегі» Қабанбай, «Қара шекпендегі» шопан, «Анттағы» Барақ сұлтан, «Құстар фестиваліндегі» жапалақ... Бейбіттің кейіпкерлер галлереясы осылай жалғасы бермек...
– Сіздің есіміңізді интернетке жазып едім, өте аз ақпарат шықты. Сұхбаттарыңыз да санаулы екен. Журналистерден қашып жүретін жандардың бірі емессіз бе?
– Әдейілеп қашпаймын енді. Көзқарасым түзу. Экранды ұнатпаймын, содан болар телевидениеге барғанды көп ұнатпаймын. Киноға да көп түспеймін содан. Тілшілердің актер жайында сын-пікірлерін білдіріп, жақсы не жаман жақтарын айтып беріп жатса, несі жаман?
– Жалпы, киноға түсуге режиссерлер жиі шақыра ма?
– Иә. Бірақ, уақыт жағына келгенде келіспей қалып жатамын. Театрда рөлдерім көп. Бір айдың төрт не бес күні ғана бос боламын. Бір аптаға жетпейтін уақытты көріп, олар бас тартады сосын. Театрдан шыға алмаймын. Шыққым да келмейді. Мені іздегендер театрдан табады. Көптеген әріптестерім сияқты тойға да шықпаймын. Кинодан да сирек көрінемін.
– Рөл таңдайсыз ба?
– Жоқ.
– Режиссердің айтқанымен әркез келісесіз бе?
– Әрине. Режиссер – режиссер болып қалуы керек. Актер өзінің жұмысын алға қоя берсе, әркім өзіне тартып кетсе не болады? Онда режиссердің жұмысы емес, басқаша болып кетеді ғой. Режиссердің қалпын сақтай отырып жұмыс істеу керек.
– Кімнің «шекпенінен шыққан» шәкіртсіз?.. Өзіңіз Семейдің тумасы екенсіз. Оқуды бітіре салып, Қызылорда қаласына кетіп қалыпсыз ғой...
– Иә. Оқу бітірмей тұрып, төртінші курс оқып жүргенімізде театр күні қарсаңында режиссерлер бас қосты. «Қай театрға барасыздар?» деп бізден де сұрап, сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Сол кезде Қызылорданың театр ұжымы орын бар екендігін айтып, өздеріне шақырды. Не үшін бардым дейсіз ғой? Өйткені, тұңғыш ресми қазақ театрының ашылған жері – Сыр елі. Сол жерден бастағым келді. Оқуды аяқтаған соң ұстазым Жанат Хаджиев осы театрға, яғни Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына шақырған. Алайда, Қызылорда театрымен келісіп қойдым ғой. «Уәдем – уәде» деп сонда кетіп қалдым. Ол жақта үш жыл жұмыс істедім. Қасымда тағы екі жігіт болды. Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры мен үшін үлкен мектеп болды. Өкінішке қарай, ауылымнан тым алыс болды. Сол себепті, Алматыға қайта оралдым.
– Қызылорда театрына не бердіңіз, не алдыңыз?
– Ол маған әліппені үйреткенмен бірдей болды. Театрдың иісін алғаш сезіндім. Бір фестивальге Иран-Ғайыптың пьесасымен қатыстық. Сол кезде басты рөлдегі Жалаңтөс Баһадүрді сомдадым. Жас актер үшін ол да биіктіктің бірі. Көптеген рөлдерді ойнадым. Қазір жақсы актер болып жүрсем, оған Қызылорда театрының да үлесі бар дер едім. Онда жүріп берекелі ұжымда еңбек еткеніме, білдей режиссерлермен жұмыс істегеніме, жақсы актерлермен сахналас болғаныма шүкіршілік айтамын.
– Қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?
– Бұрынғы сұхбаттарымда да айтқан болатынмын, көп актер сияқты Король Лир, Гамлетті ойнағым келмейді. Рас. Неге екенін білмеймін... Бір жағынан, Гамлетті әлі түсінбеймін. Олардың табиғаты мүлде бөлек. Гамлетті бермесе екен деп тілейтін болармын. Іштей қорқамын. Режиссер беріп қалса, қандай жағдайда боларымды болжай алмаймын. Ізденуге тура келеді. Жалқаулығым да бар шығар... Патриот адаммын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов секілді өзіміздің ұлы тұлғаларымызды сомдағым келеді. Осындай ірі, кесек тұлғаларымызды режиссерлер сахнаға алып шықса деймін.
– Өзіңіз неге алып шықпасқа? Режиссерлікке қадам басып жүрген актерлер бар ғой...
– Мен, біріншіден, актермін. Екіншіден, оған үлкен тәжірибе керек. Жазушы, тарихшы, драматург ағай-апайларымыз тарихи мәліметтерді жинақтап, реттеп, оқиғаны түзіп, драматургия жанрына лайықтап, сахнаға бейімдеп жазып берсе, оған режиссер де, актерлер де табылады.
– Сынды көп естисіз бе, мақтауды ма?
– Мақтауды көп естимін. Сын аз айтылады. Сынды көп естігім келеді.
– Сіздің кейіпкерлеріңіз қандай?
– Мен түрлі рөлді ойнап жүрмін. Бір-біріне ұқсатпауға тырысамын. Әр кейіпкер өзінше бір әлем. Олардың әрбірі жақының, серігің сияқты. Қодар табиғаты мүлде бөлек образ. Ілияс тіптен басқаша. Қодар мен Ілиясты салыстыруға да келмейді. Мұқағалидың жөні басқа. Ол кейіпкерлер жайлы айтып түсіндіре алмаспын. Түрлі кейіпкер. Түрлі мінез. Түрлі болмыс. Оларды сахнаға шығару үшін зерттеймін. Бүгін Қодарды ойнауға келсем, театрға басқаша болып келемін. Ертең Ілиясты ойнаймын деп өзгере бастаймын. Автоматты түрде бейімделуің керек. Әйтпесе, шынайы шықпайды. Кейіпкеріңе бейімделіп, сол образға кіресің, бар күшіңді саласың.
– Ерекше жақсы көретініңіз қайсысы?
– Бәрін жақсы көремін. Бәрі ыстық. Қайсысына болса да бүйрегім бұрып тұрады.
– Өмірде актер емессіз бе?
– Жоқ. Актерлігім сахнада ғана. Өмір мен сахнаны ажырата алмайтындар да бар. Әлде, өздерінің ұстанымдары ма екен? Білмедім. Мені көп адам танымайды. Актермін десем, таңқалатындар да бар.
– Демек, танымалдыққа қызықпайсыз ғой?
– Қызықпаймын. Жанның рахаты үшін актер болдым.
– Актер деген мамандықтың барын қашан білдіңіз?
– Менің әке-шешем халық театрының әртістері. Әкемнің аты – Мұратбек Қамаранұлы, анам – Тілеукен Жүнісханқызы. Екеуі де аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері. Кішкентай кезімнен спектакль көріп өскен баламын. Мектепте жүргенімде Абайдың, Қазыбек бидің рөлдерін сомдағанмын. Әкем өнерге жетелеп әкелді. Әдебиет пәнінен берген мұғалімімнің де әсері болды. Бұйыртып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Жайлау Жабағиннің курсына қабылданғанмын. Ол кісі біз екінші курс оқып жүргенде қайтыс болып кетті. Қабылдау емтиханы кезінде дір-дір етіп қорыққаным есімде.
– Сіздің курстастарыңыз кімдер?
– Нұрлан Әлімжан, Ақбота Қаймақбаева, Дәулет Әріпов, Айшолпан Жаңабергенова, Асан Қырқабақов деген қыз-жігіттер.
– Сіздің фильмдерге дубляж жасайтыныңызды білемін...
– Дубляжға қатты қызығамын. Шетелдік фильмдерді қазақша дыбыстағанда қатысып тұрамын. «Өрмекші адамдағы» баланың әкесін дыбыстадым. «Жалғыз Рейнджерде» басты рөлдегі жігітті дыбыстадым.
– Сізді не толғандырады?
– Ойлай берсең – ой көп... Мен 5-6 класс оқып жүргенде еліміз тәуелсіздік алып жатты. Дастарханда нан болмай қалған кездер де болды. Жарық екі сағат жанып, төрт сағат өшетін. Соны ойлап, балалық шағым қиын өтті дейін десем, дей алмаймын. Себебі, біздің алдымыздағы ұрпақтың заманы одан да қиын болған. Біздікі түк емес. Адам ашаршылықта да өмір сүрген. Ойыңды айтуға еркіндік бар. Кезіндегі Ілиястар сияқты қиналмайсың. Жас кездерінде Тұрар Рысқұловтай азаматтар не істеді? Қазіргі ұрпақтың көбі жел тұрса ұшып кететіндей... Қазақ тұлғалары туралы көп айтылса, насихатталса деймін. Жастар тарих пен әдебиетке құштар болса деймін. «Желтоқсан оқиғасын» алайық. Трагедия. Ойласаң, жүрегің ауырады. Қазір бәрі бар. Еңбектенген жанға, оқыған жанға жол ашық. Халық кейде өтірік жылайды... Біздің елде жақсы өмір сүруге мүмкіндік мол: оқимын деген адамның оқуға мүмкіндігі бар, еңбек етіп, ақша табамын деген адамға, тіршіліктің көзін тапса, таланты, қабілет-қарымы болса, жалқаулыққа салынбаса – ақша табуына да ешкім кедергі емес. Ел көремін, жер көремін дейсің бе – жол ашық... Дүкен сөрелерінде қасқалдақтың қанынан басқаның бәрі бар. Осындай заманда қалай таршылық, жоқшылық көруге болады, соны түсінбеймін...
– Шүкіршілік көп айтасыз ба?
– Иә. Себебі, әр мұсылманда қанағатшыл сезім болуы керек. Соны санасымен сезінуі керек әр адам. Бойымыздағы бар нығметтерді, асыл қасиеттерді бағалай білуіміз керек. Тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтап қалуымыз керек.
– Тіл демекші, мемлекет жүргізіп отырған үштілділік саясатына қалай қарайсыз?
– Біздің жағдайымызда бұл үлкен мәселе екені рас, өйткені алдымен ана тіліміздің мерейі үстем болатын күнге жетуіміз керек. Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессе, тіл мәселесі шешіледі. Қиындатудың қажеті жоқ. Өзіңнен баста дегім келеді. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!..» дегеннің астарында да үлкен мән жатқан жоқ па?!. «Мемлекеттік тіл» саясаты – мемлекет үшін керек, ұлт үшін керек. Ал екі, үш тіл немесе одан да көп тіл білу – әр адамның өз өмірінің сәулелі болашағы үшін керек. «Қанша тіл білсең – сонша адамсың» деген бар емес пе? Яғни, тілді неғұрлым көп білсең, бойыңда сонша адамның білімі мен білігі бар. Халқымыз білімді де білікті болса, ұлт пен мемлекет дамиды – бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Тек өзге тілдерді жақсы білу, көп білу – өз ана тіліңнің «есебінен» жүзеге аспауы тиіс. Көп тіл біліп, өз ана тіліңді білмесең – міне, нағыз қасірет сол болмақ...
– Материалдық байлыққа қызықпайтын сияқтысыз...
– Иә, қызықпаймын. Ақша деген жеткізбейді ғой. Бастысы, дұрыс жолмен табу керек. Таза, еңбекпен келген ақшаның берекесі болады. Бұл жағынан келгенде жалқау сияқтымын. «Ақылды болсаң, неге кедейсің?..» дейді ғой, жалқаулығымнан кейдеймін-ау... (жымиды)
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Үйленгенмін. Жұбайым Сәния Ерзат та актриса, театрда бірге қызмет істейміз. Бір ұл, бір қызымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Эльенора ӘМІР
Достарыңызбен бөлісу: |