Айға қарап түнімен, ақ қағазға төккен мұң



Дата08.09.2017
өлшемі173,93 Kb.
Айға қарап түнімен, ақ қағазға төккен мұң...

(Ақын Жанат Әскербекқызының лирикасы туралы)
Жанат Әскербекқызы - ақын, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2011» грантының иегері.

1966 жылы 1-қаңтарда Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында мүғалімдер отбасында дүниеге келген. 1982-87 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. 1987-1995 жылдары Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы орта мектепте мүғалім болып қызмет атқарды. 1995-2000 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. 1999 жылы ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен "Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі" атты тақырыпта кандидаттық диссертация, ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен «Мифтің поэтикадағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.

Республикалық «АҚҚҰС» жыр мүшәйрасының (1993) жүлдесін алған. Шығармашыл жастардың республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері (1999), Президент стипендиясының иегері (1999), Қасым Аманжоловтың 90 және 100 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының (2001), Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткізілген мүшәйраның жүлдегері (2001), Қазақстан аграрлық партиясы тағайындаған Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері (2010, 2011).

Жарық көрген шығармалары. «Ғарыш билер ғұмырымды» (өлеңдер жинағы, 1999); «Қаракөз бұлақ»(өлеңдер жинағы, 2001); «Қаңтардағы қызыл гүл» (өлеңдер жинағы, 2001); «Көктүріктер әуені» (өлеңдер жинағы,2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр»(өлеңдер жинағы,2007); «Сакура гүлдегенде» (Жапон поэзиясының аудармасы, 2011), «Ай-тамғы» (өлеңдер жинағы, 2014).

Жанат өлеңді тұлымшағы желбіріген оқушы кезінен-ақ жаза бастаған. Ақын болам деп арман қуып сексенінші жылдары сол кездегі астана Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Он алты жасында студент атанған қаршадай қыз сөз өнеріне деген құштарлығы мен өлеңге деген іңкарлығының арқасында аталған оқу орнын жақсы аяқтайды. Сол студент кезінің өзінде-ақ Жанат жастар арасында танымал ақындардың қатарында болады. Үлкен зиялы орта мен білікті ұстаздардан білім ала жүріп жас ақын өз өнерін шыңдай түседі. Сол кездегі дәстүр бойынша жатақханадағы Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдрашев т.б. ақындармен болған кездесулерде көпшіліктің сұрауымен ортаға шығып өз өлеңдерін оқып, үлкен ақындардың талай рет батасын да алады. Бұл кездесулер жас таланттың шабытын шыңдап, қаламының ұштала түсуіне ықпалын тигізеді. Үлкен ақындармен арадағы адами қарым-қатынастар кейін шығармашылық байланыстарға ұласып, Жанаттың ақындық өнерде өз жолын табуына септігін тигізеді.

Кеңестік жүйеде тәрбие алған барлық жасөспірімдер сияқты Ж.Әскербекқызы да алғашқы өлеңдерін анаға, туған жерге арнайды. Бірақ сол балаң кезіндегі өлеңдерінің өзінен-ақ ақынның сөз саптасының өзгеше екенін, өзгелерге ұқсағысы келмейтін жаңа ырғақ, соны форма іздейтінінің куәсі боламыз. Мысалы он тоғыз жасында жазған мына бір шумақтардан Жанаттың туған жер, өскен орта туралы таптаурын түсініктерден тыс өзіндік ойының бар екенін анық аңғарамыз.

Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп,

Ақ сағымда барады ауыл жүзіп.

Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып,

Тамырымда ойнайды қаным қызып,- (1984 ж) деген жолдардан туған шаңырағыңа, ата-ана мен бауырларыңа, өскен жеріңе деген сағынышың «кеудеңнен шырқыратып жаныңды үзетін», бәрімізге таныс қимас сезімді әсем де әдемі суретпен шебер жеткізе білген. [1.14 б ] Бәріміз де ауылдан шықтық, бәріміз де ауылымызды қимай сағынышымызды баса алмай, кеудемізге толған өксікті елемеген боп аттанып кете бардық. Бірақ сол жүрегімізді сыздатқан сағыныштың мұңын Жанаттай айта алған ақын сирек. Қош айтысып көлікке мінгенде көз алдыңда қалып бара жатқан ауылдың қимас кейпін «Ақ сағымда барады ауыл жүзіп» деп беруі расында да Жанаттың өз ойын бейнелеп жеткізуге машықтана бастаған ақын екенін аңғартады.

Жанат өзін мазалаған, сезіміне қозғау салған құбылыстарды ғана өлеңіне арқау етеді. Ол күллі адам баласына тән ой мен сезім арпалысы. Оның өлеңдерін оқи отырып сол бір сезім шырғалаңын өз басыңнан кешіргендей әсерде қалуың да сондықтан. Сонан да болар оның өлеңдері кез келген оқырманның жанына жақын, ойына қонымды, жүрегіне жылы тиіп жатады.

Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,

Алыстап бара жатыр ауыл менен.

Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,

Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең, - деген жолдар расында да ауылдан ұзап шыға бергенде әркімді-ақ мазалайтын көңіл-күй құбылысы екенін айтып жатудың өзі артық. [1.15 б ] Ал ақынның сол бір құбылысты мөлдіретіп өлеңге айналдыруы, сол арқылы көптің көңілінде жүрген сағыныштың сырын сөзбен кестелеп жайып салуы тек шынайы ақынға ғана тән ерекшелік. Өзге адам ондайда мұңға бөленер, жанын сағыныштың қимас әуені әлдилер, бірақ онан арыға бара алмас еді, ал Жанаттың қимастық сезімінен өлең тууы заңдылық. Өйткені ол ақын! Оның «Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең» дегеніне имандай сенеміз. Туған жер, атамекен, яки табиғат лирикасы Ж.Әскербекқызының арналы тақырыптарының бірі. Прозадағы О.Бөкей шығармашылығы сияқты Жанаттың лирикасынан да Шығыс Қазақстанның тамаша табиғатын, сұлу көктемі мен жаймашуақ жазын, қытымыр қысын анық танып отырамыз. Шағын лирикадағы табиғаттың тұмса бейнесі ақын жырында жай құрғақ суреттеле салмайды, онда сол табиғат пен адам арасындағы нәзік байланыстардың әр қилы сыры мен сипаты философиялық таным тұрғысынан талданып, бүкіл ғаламның бір-бірімен үйлесімі, табиғат құбылыстары мен адамның ішкі көңіл-күйінің сабақтастығы ерекше шабытпен жырланады.

Табиғат пен адам арасындағы қатынас, табиғаттың өнермен байланысы туралы алаштың арда жазушысы Ж. Аймауытовтан артық айтқан ешкім жоқ. Ол ақындық өнер туралы айта келіп: «Өзгермейтiн, алдамайтын, таза қасиеттi нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдiк – мiне, қашаннан берi ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы», - деген пікір қалдырған. [2,420]

Ақын туған өлкесінің сұлу табиғатын жалаң жырлаудан аулақ, ол сол өзі өскен, бала күнінен сырын ұққан киелі жердің әсем бейнесінің астарына үңілуге құштар. Ол әр аймақтың, әр мекеннің, әр қыраттың, әр шоқының өз тарихы, адам тақылеттес өмірі болатынына сенеді және соған оқырманын да иландырады. Туған жер Жанат лирикасында сағынышпен тамырлас, әрдайым өзінің тәу етіп, қадыр-қасиетіне бас иетін рухани тірегі сияқты. Ақын көңілі қайда жүрсе де туған жерге деген іңкарлығынан, сағынышынан ажырай алмайды. Ата қоныста әр бір қазақ баласы жатқа айтатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Ай мен Таңсықтың ел мен жермен қоштасу әуеніне сап:

Сағым жөңкілген белім аман ба,

Жалпақ жұрт - жайлау - төрім аман ба?

Аңыз боп жеткен ата қонысым –

Қос Арғанаты, желің аман ба? –деген өлең жолдары кімнің де болса жүрегін елжіретері сөзсіз [1,4 б]. Ақын танымындағы жел ерекше символдық образ. Жанттың табиғат туралы лирикаларының көбінде жел еркеліктің, еркіндіктің қозғаушы күші ретінде бейнеленеді.


Ынтызар едім желіңе бұла,

Демеу жетпей жүр деміме мына.

Кеудемді жарған керімсал өлең

Тіріге сәлем, өліге дұға [1,4 б].

Өлеңнің қасиетінің өзін ақын желдің қасиетімен сипаттайды. «Керімсал өлең...». Ыстық аптаптағы аңызақ жел, қызуы қайтқан ыстық жалын сияқты. Кеудені жарып шыққан өлеңнің де дәл сондай ыстық екеніне еріксіз ұйыйсыз. Ақынның туған жерге бағыштаған дұғасы да, сәлемі де өлең. Қайшылықты екі құбылыстың басын біріктіріп тұрған бір ұғым. Ол – тағы да өлең.

Адам ғұмыры өтпелі, қамшының сабындай қысқа, ал табиғат мәңгілік. Ол біздің бабаларымыз өткен дүбірлі жолдың көз алдымыздағы тірі куәсі. Мысалы «Көне Ғұн тауын аңсадым, аға» деген лирикасынан үзінді оқып көрелік:

Көне Ғұн тауын аңсадым бүгін,

Өтікен сонда дейді ғой.

Біледі жұмбақ қанша сырды кім?!

Түйсікті түртер кейбір ой.


Көнеден жеткен көмескі белгі,

Көмбенің шаңын шығарды.

Есте жоқ ескі елесті көрді,

Естіді Алтай бір әнді. [1, 30 б]

Ақынға ой салған Берел қорғанынан табылған алтын адам туралы ақпарат секілді, бірақ оны қуаныш көріп әлемге жар сап жатқан бүгінгі ұрпақтың санасында өткен тарихымыздағы ұлылық, ерлік, азаматтық парыз деген түсінік-пайымдардың қаншалықты сақталып қалғаны алаңдатады. «Ең бастысы – қазіргі қазақ қоғамында ұлттық рухтың, намыстың оянуы, біздің қазақтығымыз, ұлттық тарихымыздың барлығыдеректі шындыққа сүйеніп айтыла бастады». [3.31 бет]

Ғұн тауын асып күн шығады ғой,

Шұғыла төгіп бүгінге.

Тас болып ділім тұншығады ғой,

Шығатын күннің түбінде.
Ғұн тауы еді паналар жері,

Бөрілер бүгін құрыған.

Тау жүрегі де жарадар ма еді,

Бір үн естимін ұлыған.

...Көне ғұн тауын аңсадым, аға... [1,30 б ]

Ақын жүрегі бүгінгі халық «ділінің тас болып тұншығып» жатқанына, оны ғасырлар бойы мекендеген көкбөрілердің де құрып бара жатқанына ауырады. Ал денесінің өзі мыңдаған жылдар бойы бұзылмай сақталып бүгінгі күнге аман жеткен алтын адамның рухы туралы ақынның өзінше ой толғауы, тәкәппар да асқақ жырға арқау етуі кімді де болса терең ойға жетелейді.

Жалпы Ж.Әскербекқызының поэзиясында тарихи деректер мен оқиғалардың мәні мен маңызы жеке тақырып ретінде жиі көрініс беріп отырады. Және әр бір тарихи құбылысқа ақын әрдайым өзінше баға беріп, оның жұрт көп назар аудара қоймайтын нәзік тұстарына өзінің шығармашылық қиялы арқылы барлау жасап, жаңаша ой түйіп, тың тұжырымдар жасауға қалыптасқаны байқалады. «Білге қағанның бақұлдасуы» деген лирикасында ақын қағанның ішкі монологын былайша сипаттайды:

Бастыны жүгіндірдік,

Тізеліні шөктірдік,

Тоңғанды жылындырдық,

Өштіні – жоқ қылдық.

Деген ем қақырамайтын

Қағанат құрам,

Байтақ жұртымды намысы барға

Аманат қылам... [1,192 б ]

Өлеңнің формалық құрылымының өзі сол баяғы көне түркілік тас жазуындағы жыр үлгісіне ұқсас сипатта құрылған. Мазмұны да сол жырдың жалғасы секілді, Білге қағанның өкінішін, мына жалғанда бәрін жасауға адам өмірінің жете қоймайтын қысқалығын айтып, болашақ ұрпағының қамын ойлаумен өтетінін ақын қағанның ауызына жоғары пафосты сөздерді салу арқылы ұтымды жеткізген. Осыдан мың жарым жыл бұрын өткен ұлы атамыздың арманы қара басының қамы емес екен, оның бар арманы өзі құрған алып қағанаттың мәңгілік өмір сүруі, азат елдің мәңгілік елге айналуы.


Тарбағатай – күміс су, алтын бел-ді,

Сусып дәуір, ғұрпы мен салтын көмді.

Қола дәуір сарқыты - бұл шырағдан

Сол күндерден қалған бір жарқын белгі. [1,6 бет]

Қазақ жері тарихи жәдігерлерге бай, соның бірі көнеден қалған жұдырықтай ғана шырағданан ақын осы жерді мекен еткен біздің ата-бабаларымыздың осыдан мыңдаған жылдар бұрын да мәдениеті ешкімнен төмен болмағанын, олардың өздеріне тән эстетикалық танымдары мен талғамының болғанының дәлелі ретінде осынау шырағданды куәлік ретінде ұсынады. Ақын шырағданның қола дәуірінен біздің заманымызға аман-есен жетуінің өзін символикалық сипатта былайша түсіндіреді:

Шырағданды бабамыз қалдырған-ау,

Өзі жаққан алау от сөнбесін деп, - деп ошағыңның оты сөнбесін, ұрпақ жалғастығы сақталсын деген қазақы ұғыммен әдемі түйіндейді. [1,6 б]

Жанаттың табиғат лирикасында жел, қар, шың, бұлақ, тал образдары жиі көрініп қалып отырады. Мысалы, соның ішінде Алтайда өсетін арша, шынар, қайың, қарағай, терек, тобылғы сынды ағаш атаулары мен олардың поэтикалық бейнелері ақын шығармаларының негізгі арқауы десек те қателесе қоймаймыз. Әсіресе жиі қолданылатын теңеу мен метафоралық құбылтудың бірі ретінде тау мен шың-құздарды атап көрсетуге болады. Оны ақынның «Алтай. Алты қыз аңызы», «Көне ғұн тауын аңсадым, аға», «Керең шыңға қараумен жан жүдетем» т.б. өлеңдерінен айқын көруге болады.

Ақын жырларында көзге жиі түсетін табиғат образдарының бірі Ай образы. Мысалы, «Айды етекпен жаба алмайсың, Сұмдық бұл, Ай жүзінде айдай болып шындық тұр» деген өлең тармақтары кез келген оқырманның көкірегінде жатталып қалатын айшықты да мазмұны терең жолдар. Ай образын сомдауда ақынның көп ізденгенін, фольклордан бастап бүгінгі әдебиетке дейін оқып, тоқып қана қоймай, оны өз лирикасында орнымен пайдалана алғанын да ақынның тапқырлығы демеске шарамыз жоқ.

Мен түнге айналамын –

Айдан алқа тағамын,

Жұлдыздан сырға саламын. [1, ]

Жоғарыдағы өлеңді оқи отырып Мағжанның «Жұлдыз жүзік, айды алқа ғып берейін» деген өлеңінің мазмұнын еске түсіретінін аңғармау мүмкін емес, бірақ Жанат соны жаңа мазмұнда өзгеше құбылысты суреттеуде ұтымды пайдаланады.

Айдың сыр-сипатын сөзбен құбылтуда ақын әр алуан бейнелі сөздерді жиі қолданған. Оның әр өлеңінен айға қатысты айшықты теңеу мен ұтымды метафораларды, метонимияларды, синекдоха мен сәтті шыққан параллелизмдерді жиі ұшыратамыз.

«Ай – жалғыз да, жұлдыз көп», «ай көңілі қаяулы», «қиық ай көктен қиылып қарады», «ай туыпты тігінен», «айға қарап түнімен, ақ қағазға төктім мұң», «ай жылады, білдің бе, айнығаның бұл сенің», «ішкі дүнием – ай тұтылған түн әлем», «ай үнсіз, тіл қатпайды», «ай сұп суық, үнсіз», «сағынған ай, жұмбақ ай, налыған ай», «ақын жаны санамас айды бөтен», «мен адаммын айға айналған екенмін», «ай бесікте әлдилеймін сонан соң», «ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп», «аймалаған айға қылып құлшылық», «ай, жұлдызсыз түн ғаріп болады екен», «жарты ай жатыр ойға шомып бір ауыр», «ай көзінен жұлдыз тамшы сырғыса», «сен күнаһар, салып кеткен айға дақ», «ал, ай үшін Темірқазық – бір нүкте» деген суретті сөздер соның дәлелі бола алады.

Ж.Әскербекқызы қазір қазақ поэзиясында өз орны бар, өзіндік стилі қалыптасып, өз жолын тапқан ақын. Ол жай ғана ақын емес ғалым, зерттеуші ақын. Сондықтан да Жанаттың поэзиясында биік интеллектуальдық қасиет көзге көрініп тұрады десек артық айқандық емес. Зерттеушілік ол нақты деректі, дәлелді қажет етеді. Ал сол ғылымда да кейде ойша барлау жасап, қиялмен, түйсікпен сезетін, бірақ анық айғағың болмай аһ ұрып өкінетін кездерің болады. Жанат сондай сәттерін өзінің лирикасында әдемі үйлесіммен жырға айналдыра білген. Халқымыздың терең тарихи тамырынан сыр тартатын «Бұрынғы әуен», «Кешегі әуен», «Сұлтанмахмұтпен сұхбат», «Баба жұртына оралу», «Тастағы таңба», «Білге қағанның Күлтегінді жоқтауы», «Маңғыстау деген өлке бұл» деген эпикалық сарында жазылған өлеңдерінде ақындық қиялға ерік берген. Сол арқылы осыдан талай ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қарапайым адам ретіндегі жан дүниесіне еніп, олардың арман-мұраттарын сыршылдықпен жырға қосады. Біз ақын өлеңін оқи отырып олардың ойын мазалап, жанына тыныштық бермеген не нәрсе екеніне жауап тапқандай боламыз. Олардың ойлағандары елдің бірлігі, болашақ ұрпақтарының қамы екеніне имандай сенеміз. Ақын ол ойды жеткізуде де өзіне тән жаңаша жол тапқан. Ол көне дәуір трагедиясын сол заманға сай ырғақпен, жыраулардың өздері қолданған жыр өлшемімен жеткізеді.

Шалкиіз жырау шалған жұрт,

Қазтуғаннан қалған жұрт,

Доспамбеттей қыршын ер,

Соңғы демін алған жұрт,

Ақтамберді толғанып,

Махамбет атой салған жұрт.

Дауға түскен ептінің,

Жауға түскен тектінің,

Таңдайына түйірлеп,

Сөз асылы тамған жұрт. [1,225 б ]

Бұл жыраулар өмір сүрген дәуірдің шындығын поэзия тілімен өрнектеген өлеңі. Әр жыраудың өмірі өзінше бір дәуір, өзгеше бір тарих. Ақын он бесінші ғасырдан бергі кезеңдегі күллі тарихи кезеңдердің хронологиялық жылнамасын бере отырып, сол батыр жыраулардың ұрпағы біз – қазақтар екендігімізді мақтанышпен жырға қосады. Ол текті ұрпақ, таңдайына сөздің асылы тамған шешен ұрпақ, ел бастайтын көсем ұрпақ деген ойға жетелейді.

Тарихи тақырып Жанат Әскербекқызы поэзиясындағы маңызды тақырыптардың бірі екенін жоғарыда айтқанбыз. Тарихилық оның шығармашылығының өн бойында ылғи да қайталанып отырады. Қазақ тарихында өздерінің өшпес ізін қалдырған батырлар мен ақындар, ел бастаған көсемдер мен шешендер Жанаттың лирикасында романтикалық сипатта бізге беймәлім жаңа қырларынан көрініп, оқырманға өзгеше ой салады. Ақын тарихи тұлғалардың өлмес образдарын сомдай отырып, олардың бүгінгі ұрпағын ерлікке, мәрттікке, ірілікке үндейді. Мәселен, «ХІ ғасыр өлеңі немесе Қыпшақ қызының Оғыз оғланына арзуы» деген лирикасында түріктер мен атамекенде отырған қазақтардың өткені мен бүгінін салыстыра жырлайды. Тегі бір түркі халықтарының бауырластығын жырға қосады.


Жанарымда күн күлгенмен түн жылап,

Мен жұртыңда қала бергем тұнжырап.

Оғыз-оғлан, қайрылмастан кетіп ең,

Қиыр жайлап, ұзадың-ау, тым жырақ.


Өкпек желді өңменіңнен өткеріп,

Өткен істі ағайынға өкпе ғып,

«Барар жерім – Балқан тау» деп кеткенсің

Ала бұлтты сауырыңа бөктеріп. [1, ]

Бір замандарда дүниені дүр сілкіндірген ағайын жұрттың бүгінгі ұрпағына ақын өзінің назын былайша білдіреді.

Аманат жұрт менде қалған, Оғланым,

Жүрегімді шерге малғам, Оғланым.

Тәнім – тасқа, жаным – жасқа айналып,

Көмбе болды мендегі арман, Оғланым!
Түске айналдың, ғайып болып өңімнен,

Бұл ғасыр да бұлт боп көшті көгімнен.

Саған тағар түк кінәм жоқ... әншейін

Бір бейкүнә сезім қалды егілген. [1 ]

Астарына тереңдей енер болсақ осынау шағын лирикадан талай тарихтың сырын аңдауға болады. Бірақ солай дей тұрғанмен де, өлең болмысы тарихи жыр емес, сұлу да әсем лирика екенін нақты танытып тұр. Осынау екі шумақтың бойынан сыршылдықтың да, сұлулықтың да, сағыныш пен еркеліктің де лебі есіп тұрғанын жоққа шығара алмаймыз.

Жанат қай өлеңінде болмасын халықтың фольклорындағы, тарихи жырлары мен дастандарындағы айшықты ойларды, әдемі тіркестер мен типтік бейнелерді өз шығармаларына үйлесімді етіп шебер пайдаланады. Бізге бала күнімізден таныс ауыз әдебиеті мен ертегілердегі образдар ақын лирикасында басқаша қырынан, өзгеше мінездерімен есте қалады. «Перінің қызы Бекторы» дәл сондай образ. Күллі әрекеті, болмысы ғасырлар бойы тыңдармандары мен оқырмандарының көкейіне қорқыныш ұялататын, бір кездері жағымсыз образ деп қарадай ат-тонымызды ала қашатын Бекторыға Жанттың өлеңін оқығаннан кейін кімнің де болса рақымы түсіп, аяушылықпен қарайтыны бекер емес. Бекторы ақын лирикасында адамға тек қана қастық ойлайтын пері емес, жай ғана жолы болмаған пенденің бірі ретінде суреттеледі. Ақын жырындағы лирикалық кейіпкер Бекторының романтикалық сарындағы мифтік қасиетінен арылып, архайкалық образдың реалистік сипатқа көшкенін аңғарамыз.

Пендеге айтпа өкпені, 
Перінің қызы Бекторы.
Қайтесің мыстан-пиғылды
Тәңіріңе сиын көктегі.
Сынықси күлмей сыр бүгіп, 
Көрсеттің несін сұм қылық.
Шаңына көміп кетті ме,
Шалқұйрық мінген бір жігіт.
Сорқұдық кімге сор мекен, 
Сорлы жер, сірә, шерге тең.
Төстіктей ерді қай күні
Шыққыр да көзің көрді екен?! [1,86 ]

Ақынның өз кейіпкеріне «мыстан пиғылдан жеріп, тәңіріңе құлшылық ет» деген сөздерінің астарынан да оны райынан қайтуға шақырып, қарапайым адам ретінде қабылдайтынын аңғарсақ, ал сол перінің қызының «сынықси күліп сыр бүккен» мінезінің өзі өмірде жиі кездесетін арамызда жүрген шайпау мінезді жандардың бірі ғана екенін айғақтай түседі.

Ертегі желісінде Кенжекей Сорқұдықтың басына қонғаны үшін «Сорқұдықтың басына, сорға бола қонды әкең» деп Ертөстіктің әкесі Ерназарды кіналаса, ақын Сорқұдықтың керісінше Бекторыға сор болып жабысқанын өзінше дәлелдейді. Ақын лирикалық шегініс жасап өзіне өзі «Сор құдық кімге сор мекен?» деген сұрақ қояды. Расында да осы бір эпизодтағы өлеңнің идеясы нені меңзеп тұр? Сорқұдық басынан сорлап шыққан кім? Ол - Бекторы. Сондықтан да оған ақын мүсіркей қарайды. Егер оның шыққыр көзі Ертөстікті көрмесе перінің қызы ондай қарау ойға бармас па еді? Ол да өз сүйген адам үшін басын бәйгеге тіккен, сол жолда құрбан болған шерменденің бірі ғана.

Жанат Әскербекқызының лирикасын оқи отырып оның өлеңдерінің мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен ерекшеліктерді жазбай танимыз. Ақын жаны мұңға құмар. Мұң – ол қуаныштың емес қайғының, терең ой мен өз-өзіңмен сырласудың, жалғыздықтың серігі. Сонан да болар ақын өзінің жүрек сырын былайша ағытады:

Басылмады солығым,

Жан –жүрегім толы мұң. [1,74 б ]

Мұңның адам жанын қаузайтын уақыты түн мезгілі. Ұзақ түн қарапайым пенде үшін жаны тыныштық тауып дамылдайтын кез, ал ақын үшін қиял мен сезімнің шарпысып, аласұратын сәті секілді. «Сезімсіз адам – қайырымсыз тасбауыр. Сезім адамды жылытады, оның бойына қайырымдылық, мейірбандық береді, сүюді, сүйіспеншілікті оятады. Ендеше ақынның сезімталдығы - өмірдің өзінен алынған, адам бойындағы жылылықтың, сүйіспеншіліктің, гуманизмнің белгісі». [4.311 бет] Табиғат құбылысы мен адам сезімінің астасқан суретін тек Жанаттың поэзиясынан ғана байқаймыз десек артық айтқан болар едік. Әлемге әйгілі А.Ахматованың, М.Цветаеваның, өзіміздің Ф.Оңғарсынованың да жыр жолдарынан түн мен мұңның, шуақ пен қуаныштың ерекше образдылық сипатын тануымызға болады. Түн мен мұң қаламгерлер үшін егіз құбылыстар секілді. Мысалы, Жанат өзінің жанын жеген мұң мен шерді:

Қыз дәуреннің қылығы ұмыт,

Тұла бойым тұр үгіліп,

Көкіректі тырнаған шер

Көз жұмады ұлып, ұлып, - деген өлең жолдары арқылы әдемі жеткізеді. [1 ]

Ж. Әскербекқызы поэзиясында сыршылдық басым. Ол өзінің басынан өткізген көңіл-күй құбылыстарын әрдайым өзіне ғана тән нақышпен, сезімді қозғайтын нәзік иірімдерді суретті сөзге айналдыруда өзгелерде көп кездесе бермейтін қарама-қайшы құбылыстарды салыстыра суреттеу тәсіліне жиі жүгінеді. Бұны оның осал тұсы емес, керісінше мықтылығы деп бағалау керек. Сол қарама-қайшылықтың әсерінен шындықтың бейнесі айқын да әсем көрінетінін неге айтпасқа!

Жанат өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі оның өлеңдері төрт аяғы тайпалған жорға сияқты. Ақынның өлеңнің әуезділігіне, ұйқастың шымыр да сұлу болып шығуына көп мән беретінін байқаймыз.

Ж.Әскербекқызы аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүрген майталман аудармашы. Ол қырғыз, орыс ақындарымен қатар өлеңдерінің өлшемі мен мазмұны бөлек ертеректе өмір сүрген жапон ақындарының да біраз шығармалдарын қазақша сөйлетті. «Сакура гүлдегенде» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген шағын жинаққа жапондардың он екі ақынының өлеңдері топтастырылған. Біздің халықтан тұрмысы мен салт-дәстүрі, дүниетанымы бөлек халықтың жан дүниесіндегі нәзік сезімді өлең тілімен қайта туғызудың қаншалықты ауыр екенін әрине шығармашылықпен айналысқан адам ғана біледі. Мысалы, сегізінші ғасырда өмір сүрген Отомо-Но Якамотидің махаббат поэзиясын былайша тәржімалайды.

Қараша қаздай... аспандай ұшып,

Қаңқылы бұлттан әрі асқан,

Сен алыс кеттің...

Кездескім келіп өзіңмен

Жеткенше ұзақ адасқам...[5,5 бет]

Ал 1162-1241 жылдары өмір сүрген тағы бір Жапон ақыны Фудзивара Садайэнің танкаларындағы табиғат сұлулығын ана тілімізде былайша сөйлетеді.

Ай , сакура, ақша қар –

Қайғылы бұл қандай түс!

Ұмытылған қуанышты еске алып,

Ескі әуенге саламын да

Шарап ішем мен байғұс [5,81 бет]

Жалпы Жанат кез-келген аудармаға жайдан-жай бара салмайды. Ол қай тілден болсын ең бастысы өзіне ұнаған, ой салған өлеңдерді ғана аударады. Оны шебер аудармашы деп айта аламыз.

Өлеңнің дүниеге келуі - ол шығармашылықтың өзгеше құпия сыры. Ақын үшін мынау маңызды өлең, мынау мәнсіз өлең, мынаусы үлкен, мына бірі кішкентай деген түсінік жоқ. Егер өлеңді оқығанда ол бізді өз арнасымен алып кетер болса, егер ол өлеңнің болмысынан адам жаны ләззатқа бөленер болса, онда оның шығармашылық тұрғыдан құнды болғаны. Әрине біз кез-келген өлеңді ғылыми жағынан талдай аламыз, оның құрылымы мен ұйқасын, мазмұны мен мәнін ашып көрсете алуымыз мүмкін, бірақ оның рухани салмағын ешқашан да таразыға салып өлшеп бере алмаймыз. Сондықтан да біздің зерттеуіміз - ол қалай десек те, жеке адамның көзқарасы болып қала бермек. Тек қана оны қолдайтындар мен теріске шығарушылардың ара салмағы әр түрлі болуы ықтимал.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әскербекқызы Ж. Қаза қанатындағы ғұмыр. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 2007. – 240 бет.

2. Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы. Кiтапта: ЖҰмабаев М. Шығармалары. –Алматы: Жазушы, 1986. - 448 б.

3. Қазіргі әдебиетті жалпыадамдық құндылықтар. – Алматы: - «Evo press», 2014. – 708 бет.

4. ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011 жж.) – Алматы: Арда, 2011. - 640 бет.

5. Сакура гүлдегенде (жапон поэзиясы). Орыс тілінен аударған Ж.Әскербекқызы.. – Астана: аударма, 2010. -192 бет.






Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет