Қалалық мәслихаттың құқық қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының
ХАТТАМАСЫ
Өткізілген орны: Қалалық мәслихаттың мәжіліс залы
Өткізілген мерзімі: 2016 жылғы 5 сәуір, сағат 11.00
Төрағалық еткен: Қалалық мәслихаттың құқық қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қ.Ерназаров
Қатысқандар: (тізім бойынша)
КҮН ТӘРТІБІ
Қызылорда қаласының көшелеріне атау беру туралы
Хабарламашы: Ғ.Баймырзаев
|
-
|
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
|
ТЫҢДАЛДЫ:
1. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғ.Баймырзаевтың хабарламасы
(хабарлама қоса тігілді)
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғ.Баймырзаевтың «Қызылорда қаласының кейбір көшелерін қайта атау және атау беру туралы» хабарламасы назарға алынсын.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларынын транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес тиісті аумақ халқының пікірі ескерілсін.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мына төмендегі азаматтардың есімімен көшелерді атау мақұлдансын:
Қаладағы «Наурыз» көшесі Шайтұрсын Әбдібаевтың есімімен қайта аталсын;
Қаладағы «Малоэтажная» көшесі Қази Данабаевтың есімімен қайта аталсын;
Қаладағы «Жиделі» көшесі Камал Шөкеновтің есімімен қайта аталсын;
Қаладағы «Алмалы» көшесі Садықбек Сапарбековтің есімімен қайта аталсын;
Қаладағы «Бәйшешек» көшесі Мұқан Тұрғанбаевтың есімімен қайта аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Сәулет-4» көшесі Қыпшақбай Бексейітовтің есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Сәулет-33» көшесі Аждар Исабековтің есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Саяхат-7» көшесі Ержігіт Бозғұловтың есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Саяхат-13» көшесі Әділбек Қайруллаевтың есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Саяхат-14» көшесі Шолпан Бәкірованың есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Саяхат -15» көшесі Жарылқасын Үмбетовтің есімімен аталсын;
Қаладағы шартты атау берілген «Саяхат -22» көшесі Айқынбай Дүйсековтің есімімен аталсын.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына осы хаттама және ұсыныс хат жолдансын.
Осы хаттама жеті жұмыс күні ішінде қала әкімдігінің интернет-ресурстарында орналастырылсын және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне (Ғ.Баймырзаев):
Осы хаттамадан туындайтын тиісті жұмыстар мен шаралардың орындалуын қамтамасыз етсін.
Қаралған мәселелер бойынша хаттаманың жобасы дауысқа салынып, толығымен қабылданды.
Комиссия төрағасы Қ.Ерназаров
Шайтұрсын Әбдібаев
Сырдария ауданы, Сұлутөбе стансасында дүниеге келген.1964-1967 жылдары Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында өнер жолын бастаған. 1967-1977 жылдары Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, "Сыр-Сұлуы" ансамблінің көркемдік жетекшісі, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың аға оқытушысы болып қызмет етті. 1977-1992 жылдары Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры-актері, облыстық филармонияның директоры, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының директоры, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1992-2002 жылдары аралығында облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағы комитеті төрағасы, 2002-2008 жылдары облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры болып қызмет атқарды. Театр сахнасында көбіне басты кейіпкерлерді сомдап, ірілі-ұсақты 60-қа жуық бейнелерді сахналады. Ол қай салада қызмет атқарса да, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, өз қызметін абыроймен атқарып, өзінің 40 жылдан астам өмірін облыс мәдениеті мен өнерін дамытуға арнады. 1982 жылы «ҚР еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді. 1982 жылы қалалық кеңестің депутаты, қалалық партия ұйымы тексеру комиссиясының мүшесі, 1966 жылдан Қазақ театр қоғамының мұшесі, 1992 жылдан Қазақстан журналистер одағының мүшесі. 1980, 1992 жылдары Халық депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің грамотасымен, 2000 жылы облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, 2001 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен, 2001 жылы ҚР Бейбітшілікті қорғау комитетінің Алғыс хатымен, 2002 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, 2003 жылы облыс әкімінің «Өнерге құрмет» номинациясымен марапатталған.
Қази Данабаев
Арал ауданы, Қарақұм ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, еңбек жолын Қарақұм орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастады.
1979 жылы облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының директоры болып қызмет атқарған кезінде, мақалалары облыстық «Ленин жолы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде үнемі басылып тұрды. 1985 жылы Қазақстан Журналистер Одағына мүшелікке өтті. 1988 жылы облыстық «Сыр бойы» газетінде тілші болып қызметке орналасты. Кейін осы редакцияда руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2007 жылы облыс әкімінің степендианты атанды. Сыр өңірінің танымал журналисті, облыстық «Сыр бойы» газетінде көп жылдар тілші болып қызмет атқарды. Әр жылдарда «Қыран қия», «Адам бір көшкен керуен», «Ахиретке дейінгі өмір», «Көп екен көргеніңнен көрмегенің», «Достарым менің достарым», «Сағыныш екен бала кез» атты кітаптары жарық көрді.
Камал Шөкенов
Камал Шөкенов 1935 жылы 25 қаңтарда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген.
Камал Шөкенов 1949-1952 жылдар аралығында Алматы қаржы-несие техникумын оқып шығып, 1952-1953 жылдары Жалағаш аудандық мемлекеттік банк бөлімшесінің несие инспекторы қызметін атқарды.
1953-1957 жылдары Ташкент қаржы - экономикалық институтын оқыды. Онан соң Қызылорда қалалық, облыстық қаржы органдарында экономист, аға экономист, бөлім басшысы, меңгерушінің орынбасары қызметтерін 1957 жылдан бастап, 1997 жылы құрметті демалысқа шықты, оның ішінде 1970 жылдан меңгеруші ретінде республикамызға еңбегін сіңірген.
1985 жылы облыс экономикасын дамытуға тигізген еңбегі үшін «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген экономисі» құрметті атағы беріліп, 24 қаңтарда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
1948 жылы Ұлы Отан соғысының еңбек сіңірген тыл ардагері медалімен (1941-1945) марапатталды. 1975 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске (1941-1945) 30 жыл медалімен. 1976 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 6 сәуірдегі Жарлығы бойынша Қазақ ССР-нің Құрмет белгісі медалімен марапатталды. 1981 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 6 қаңтардағы Жарлығы бойынша Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген экономисі құрметті атағы. 1983 жылы 26 желтоқсанда Еңбек ардагері медалімен. 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске (1941-1945) 50 жыл медалімен марапатталды. 2010 жылы Соғыс ардагері (1941-1945) медалімен марапатталды.
Облысымыздың дамуына өлшеусіз қызмет еткен, үлкен жүректі азамат 2011 жылдың басында 76 жасында дүниеден озды.
Садықбек Сапарбеков
1902 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
1933-1935 жж. Қызылорда уездік партия комитетінің бірінші хатшысы
1935-1936 жж. Қарағанды облысы партия комитетінің екінші хатшысы болып қызметтер атқарды. 1927 жылдан өмірінің аяғына дейін өлкелік партия комитетінің, Қазақстан коммунистері Орталық комитетінің мүшесі болды.
1929-1931 жылдары Қарсақпайда аудандық партия комитетінің хатшысы, 1932-1933 жылдары Семей облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1933-1935 жылдары Қызылорда уездік партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1935-1936 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1936-1937 жылдары Гурьев, Орал, Батыс Қазақстан облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы. 1927-1937 жылдары Өлкелік, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған. 1933-1935 жылдары Қызылорда уездік партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етіп, қаланың қалыптасуы мен дамуына зор еңбек сіңірді. Садықбек Сапарбековтің Қызылорда қаласының іргесін нықтап, дамуына қосқан үлесі өте қомақты.
1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы 12 наурызда белгілі 18 мемлекет қайраткерлерімен бірге, оның ішінде республиканың бас прокуроры С.Есқараев бар, ату жазасына кесілді. Садықбек Жүнісұлы Сапарбековтың өмірі мен қызметі коммунистік партияның идеясын іске асыруға арналды.
Мұқан Тұрғанбаев
Қызылорда облысының Тереңөзек кентінде 1941 жылы дүниеге келген.
1965 жылы Н.В Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін, 1977 жылы Қызылорда политехникалық техникумын оқып аяқтады. Өзінің еңбек жолын 1965-1966 жылдары Жамбыл облысындағы мектепте мұғалім болып жұмыс атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, туған жерге оралысымен белсенді түрде жастар арасындағы саяси жұмысқа араласа бастады. 1967 жылы Тереңөзек ауданының комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап, өзінің терең білімін, институт қабырғасындағы жастармен жұмыс жасап, аудан активінің арасында құрметке бөленді. Осының нәтижесінде 1968 жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі болып сайланған.
1992-1994 жылдары Халық депутаттары Қызылорда қалалық Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. 1978-1994 жылдары 5 дүркін Қызылорда қалалық Кеңестің, 1992-1994 жылдары Қызылорда облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды. 1994 жылдан зейнетке шыққанға дейін Қызылорда облыстық қарттар үйінің директоры жұмысын атқарды.
Мұқан Сағынбайұлының ел алдындағы еңбегі бағаланып, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, облыстық Кеңестің Грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1990 жылдың 14 желтоқсанында Облыстық Халық депутаттары Кеңесі тарапынан «Еңбек ардагері» төсбелгісі тарту етілді. Қазақстан компартиясының Орталық комитеті, Қазақ ССР жоғарғы Советінің Президиумы, Қазақ ССР Министрлер Советі, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 60 жылдығы құрметіне Мұқан Сағынбайұлына омырауға тағатын ескерткіш белгісін және көптеген марапаттаулар табыстаған. Ардақты азамат 2011 жылдың 24 наурызында 69 жасқа келген шағында қайтыс болды.
Қыпшақбай Бексейітов
1914 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. Ол өзінің бар саналы ғұмырын Отанға, халыққа адал қызмет атқаруға арнап, журналистика мен партия жұмысын қатар атқарып, аудан, облыс, қала партия ұйымдарында идеология саласында басшылық жұмыстар атқарды. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін аға лейтенант Қ.Бексейітов партиялық ұйымдастырушылық жұмыстардың бел ортасында болды. Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталған. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде идеологиялық майданның бел ортасында басшылық қызмет атқарды. Қызылорда облысының Арал, Жалағаш, Қызылорда қаласында идеология саласына басшылық жасап, партия кадрларын тәрбиелеп шықты. 1942-1943 жылдары №291 атқыштар полкінің, 1943-1944 жылдары №367 атқыштар полкінің батальон парторгы, 1947-1949 жылдары Арал аудандық партия комитетінің хатшысы, 1949-1951 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайланды.
1953-1960 жылдары облыстық, қалалық партия комитеттерінде жауапты қызмет атқарған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасымен, т.б. бірнеше медальдармен марапатталған. 1980 жылғы Социалистік жарыстардың жеңімпазы атанған.
Аждар Исабеков
Тереңөзек ауданы Жаңа арық колхозында дүниеге келген. Ол еңбек жолын Ташкент қаласындағы К.Е. Ворошилов атындағы «Ташсельмаш» зауытында 1933 жылы жөңдеуші болудан бастады. Білім алып 1938 жылдың маусымында әскер қатарына шақырылып, Украинаның Новгород Волынск және Кобель қалаларында полк мектебінде оқыды. Киев айрықша әскери округінің № 45 СД айрықша байланыс батальонында взвод командирінің көмекшісі болды. 1940 жылы оны Васильков қаласындағы әскери білімді жетілдіру мақсатында төменгі шенді офицерлер даярлайтын оқу орнына жібереді. 1941 жылы сол жерден Ұлы Отан соғысына шақырылады. Ол 1941- 1945 жылдар аралығында 3- ші Украина майданымен Батыс майданында болып, байланыс батальонның взвод командирі ретінде талай ұрысқа қатысып, екі рет жараланған. Аждар Исабеков қосқан үлесі зор сонау 1941-1945 жылғы сұрапыл соғыстағы көрсеткен ерен ерлігі мен еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі Отан Соғысы ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», Жеңіске 30, 40 жыл медальдарымен марапатталған. Майданда Херсон және Берислав қалаларын азат еткені үшін, Одесса қаласын азат еткені үшін И.Сталиннің өзінен екі рет алғыс хаттар алған. Елге оралғаннан кейін Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кадр бөлімінің меңгерушісі, Жалағаш аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы, Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы, «Главрис совхозстрой» және Қазақ ССР Су шаруашылығы министрлігінің саласында түрлі жауапты қызметтерді атқарды. «Қызылордаплатинстрой» тресінің құрылыс комитетінің төрағасы, трест бастығының орынбасары т.б. жоғары лауазымдарды атқарған. «1973, 1978 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы». 1977 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 1986 жылы мамыр айының 27-ші жұлдызында 71 жасында облыстық және аудандық Кеңестің депутаты, Ұлы Отан соғысының ардагері Исабеков Аждар дүниеден озды.
Ержігіт Бозғұлов
Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын машина–эксковатор станциясында бригадир, шебер және станция прорабы қызметтерін атқарды. 1961-1962 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің ауыл шаруышылығы бөлімінде нұсқаушы, облыстық су-құрылыс басқармасында бас инженер, «Қызылордаплотинастрой» басқармасының облыстық жайылымды игеру және суландыру басқармасының бастығы, №2 құрылыс-монтаж тресінің басқарушысы, Қызылорда құрылыс-өндірістік мелиорация бірлестігінің бастығы, орынбасары, бас инженері, бірінші орынбасары, болып жемісті еңбек етті. Ержігіт Бозғұлов көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан Компартиясы 14 сьезінің делегаты болып сайланды. Ел алдында ерен еңбегі үшін «Октябрь Революциясы» екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталып, «Қазақстан ССР-інің еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағын алды. Есімі Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылды. 1992 жылдан республикаға айрықша еңбек сіңірген зейнеткер атанды. 2008 жылы еліміздің тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әділбек Қайруллаев
Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы совхозда дүниеге келген. Мектептің 7 сыныбын бітірісімен әкесі Хайруллаға көмекші шопан болып келеді. 10 жылдықты сырттай оқып бітірген ол 1956 жылы 18 жасында аға шопан болады. Мал шаруашылығына байланысты ғылыми кітаптарды жинап, білімін үнемі жетілдіріп отырады. 1964 жылы елімізде қой шаруашылығын өркендетуге байланысты мақсатталған мемлекеттік бағдарлама аясында Қызылдың қиясынан ашылған «Жаңақала» кеңшарына өзінің отбасымен қой бағуға ауысады. Әке тәжірибесі, үздіксіз ізденіс алғашқы жылдардың өзінде-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізудің кепілі болады. Озат шопан мал басын қатал сынына, түрлі аурудан аман сақтауда, одан алынатын жүн, ет өнімдерінің сапасын жақсартып, нәтижесінде жыл сайын әр аналықтан алынған төлдің өсуін, әр қойдан 3 келіден жүн және жүз аналықтан 130-140 төл алуды дәстүрге айналдырып, елімізде қой шаруашылығын өркендетуге өзінің сүбелі үлесін қоса білді. Осындай еселі еңбегі Үкімет тарапынан еленіп, даңқты шопан 1963, 1966, 1967, 1968, 1971, 1985, 1988 жылдары Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің, ВЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен және бүкілодақтық социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ВДНХ-ның қола медалімен марапатталды. Әділбек Қайруллаевтың есімі Қазақ ССР мен Қазақ ЛКСМ-ның Құрмет Алтын Кітабына жазылды. 1966 жылы даңқты шопан Әділбек Қайруллаев ел алдындағы елеулі еңбегі үшін КСРО-ның Жоғары наградасы Еңбек ері атағы беріліп, омырауына «Алтын жұлдыз» тағылды. Содан кейінгі жылдары ол «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, ал 1970 жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалімен наградталды. 2000 жылы ауданның «Ғасыр шопаны» атағына ие болды.
Шолпан Бәкірова
Талдықорған облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. 1941 жылы 17 жасында сұрапыл соғыстың алғашқы жылындағы қиын-қыстау өмірге араласып, өзінің туған жеріндегі колхоз-совхоз көркемөнерпаздар театрында алғашқы еңбек жолын бастады. Кейіннен театр Талдықорған қаласына, одан әрі 1960 жылы Қызылордаға келіп орын тебеді. 1960 жылы Қызылорда қаласына театрмен бірге қоныс аударып, облыста алғаш құрылған қазақ драма театрында үлкен абыроймен жемісті еңбек атқарды. 1955-1965 жылдар аралығында халқының өзіне білдірген сенімінің нәтижесінде Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1966 жылы өнердегі жетістіктері үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі», 1975 жылы «Қазақ ССР-інің Халық әртісі» атақтары берілді. Сыр елінің театр сахнасында 40 жыл талмай еңбек етіп, бүгінде халық санасында жатталып қалған көптеген образдарды сомдады. Ш.Бәкірованың есімі Қазақ ССР-інің энциклопедиясына және Қызылорда қаласының энциклопедиясына енгізілген.
Жарылқасын Үмбетов
1927 Жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, СОКП орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебін бітірді. 1949 жылы Жаңақорған аудандық халық ағарту бөлімінде мектеп ісінің инспекторы, 1950-1955 жылдары облыстық мұғалімдер үйінің директоры, Сырдария ауданындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, С.Орджоникидзе атындағы орта мектептің директоры, Сырдария аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы, 1956 жылы Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің аппаратында жауапты жұмыста, кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің секретары, 1966-1971 жылдары Ленинск қалалық советі атқару комитетінің төрағасы болып, 1971 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққанға дейін 16 жыл бойы облыстық мәдениет басқармасының басшысы, 1987-1989 жылдары тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау облыстық қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Қандай қызмет атқарса да, шалғайдағы ауыл мектебінен облыс деңгейіндегі басқарма басшысында жан-жақты білгір, білікті, тәжірибелі ұйымдастырушы, беделді басшы екендігін көрсетті. Облыстық мәдениет саласын басқарған жылдары талай айтулы шаралардың ұйытқысы болып, облыс мәдениетін дамытуға үлес қосты. облыстағы кітапханалар мен клубтардың саны өсіп, аудандық музейлер, облыстық филармония ашылды. Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық драма театрының ғимаратын жобалау, құрылысын салу, жабдықтау жұмыстарына орасан зор тер төкті. Еңбегі еленіп, «Халықтар Достығы», «Құрмет Белгісі» Ордендерімен, КСРО Медальдарымен марапатталған. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Компартиясы облыстық, қалалық комитеттерінің бірнеше дүркін мүшесі, облыстық, қалалық Кеңестің депутаты болып сайланды.
Айқынбай Дүйсеков
Шиелі ауданы, Жуантөбе ауылдық кеңесінің «Ақтоған» елді мекенінде 1932 жылы дүниеге келген.
1954 жылы Алматы ауылшаруашылығы институтының гидромелиорация факультетін бітірген соң, Сырдария суландыру жүйесі басқармасында қызмет атқарды.
1962-1964 жылдары Батыс Қазақстан өлкесі су шаруашылығы басқармасында бас инженер, 1967-1978 жылдары облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің меңгерушісі, 1978-1988 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызметтер атқарды. А.Дүйсековтің тікелей басшылығымен, белсене араласуымен Н.Бекежанов атындағы театр, бірнеше ауданда типтік жобамен ауруханалар, Шіркейлі, Келінтөбе, Әйтек каналдарының, Бесарық су қоймасында, Сол және Оң жағалық массивтерін игеру, Қазалы плотинасы т.б. күрделі құрылыстары салынды.
Осындай зор еңбегі үшін А.Дүйсеков Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «За трудовую доблесть», «Ерекше еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Байқоңырдың әскери құрылысының 35 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «1975 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталды. Республикаға ерекше Еңбегі сіңген зейнеткер атағын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |