Арыстар алған асулар



Дата08.09.2017
өлшемі150 Kb.
#31882
Арыстар алған асулар
Ж.Смағұлов,

ф.ғ.д., профессор

Қазақстан, Қарағанды
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы ғылыми-зерттеу мақалалардағы әдеби-теориялық ой-пікірдің ізденістері мен іркілістерін саралағанда, бұл кезеңде әдеби-теориялық білімдер жүйесінің жоғары болғанын, күрделі теориялық мәселелерге қалам тарта алғанын көре отырып, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің тақыр жерде пайда болмағанын байқаймыз. Сыншылдық және әдеби мұра туралы ғылыми-зерттеушілік сипаттағы мақалалар жеке бір ақын-жазушыны, не болмаса белгілі бір көркем шығарманы сөз ету барысында әдеби-теориялық ой-пікірді жетілдіре түсті. Ұлттық әдебиет тарихын зерттеп тануға деген әдеби-тарихи ой-пікірдің құлшынысы, қалыптасу кезеңіне қадам басқан әдебиет сыны күрес үстінде сапалық та, сандық та жағынан көркейе бастаған қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін ғылыми сөз етуді күн тәртібіне шұғыл қойды.

Бұл салада, яғни жалпы өнер туралы, әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы ұлттық әдебиеттану ғылымында ең алғаш жазылған еңбек - А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926) болды. Үлкен білімдарлықпен, ғылыми терең дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасына кеңінен тарап үлгермеді де, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін көрсететін ғылыми мәні тәуелсіздікке дейін дұрыс бағаланбай келді. Ғалым Р. Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» десе, тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі - әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы ...Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады, – деп жазады [1]. Біздің ойымызша, «Әдебиет танытқыш» ғылыми зерттеу ретіндегі маңызы қалыптасқан әлемдік теориялық ұғым, түсініктерге қазақша балама тауып, нақты мысалдармен дәлелдеуінде ғана жатқан жоқ. Тұңғыш ғылыми зерттеу ретінде өз кезеңінде әдеби-теориялық білімдер жүйесінің қалыптасуына ерекше ықпал жасап қана қоймай, қазақ әдебиеттану ғылымының тууына негіз де бола алған еңбек екені айтылуда. «Әдебиет танытқыш» - жалпы көркем өнер, оның ішінде әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жолында ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге түсірген және әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуда терминдердің қазақша мағынасын тапқан автордың жан-қиярлық еңбегінің жемісі.

«Әдебиет танытқышты» сол кездегі және кейінгі жылдардағы әдебиет теориясы саласында жазылған еңбектермен салыстырып, әр теориялық ұғым-түсінікті автор қалай түсіндіргені мен әрбір терминнің қазақша баламасын көрсетіп жату өте көп орын алады және еңбектің ғылыми маңызын ашу үшін ол аса қажет те емес.

Еңбектегі өнертану, әдебиеттану, фольклортану салалары бойынша терминдер жүйесінің жасалуынан Ахаңның кемеңгер ғалымдығы танылады. Мұнда әдебиеттануға қатысты 327 термин қолданылған болса, оның 60-ы (18%) осы күнге дейін пайдаланылып жүр. 267-сі (80%) қазір қолданылмайды. Ғалымдар Ш. Жалмаханов пен Ж.Смағұловтар: «терминдердің жасалу жолына лингивистикалық тұрғыдан қарағанда, 67 термин дара тұлғада, 223 термин күрделі тұлғалы (2 сөзден 7 сөзге дейін) болып келеді. Белгілі бір сөз өнер құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстың адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік табиғатынан туындап жатқандықтан да (атау, терминдердің мағыналарына құбылысты телу емес) ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан»,- деп көрсетеді [2]. Сондықтан да жалпы әдебиет дегеннің болмысы мен бітімін толғаған сөз өнерінің - әліпбиі бола алған «А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» - қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болумен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды», - деп ғалым Т.Кәкішев өте дұрыс бағалайды [3].

«Әдебиет танытқышты», жалпы А.Байтұрсыновтың ғылыми мұрасын, оқып-үйрену, игеру және пайдалану үшін, ең алдымен, бұл еңбектегі әр атау, ұғым-түсінік, термин және категориялық мән-мағынаны, мазмұнын түбегейлі түсініп алу керек. Академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Ахаң терминдерін жапа-тармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, сөйтіп барып талдау керек», -дей келіп, бүгінгі теориялық деңгейден табыла қоймайтын кейбір атауларды оп-оңай формализмге, абстракционизмге, болмаса канон жасап қисық қисынға, қасаң қағидаға айналдырып алмау керектігін атап көрсетеді. Алайда «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай үш түрлі арнауды әрқайсысымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, мен де) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеу жасауға мәжбүр болдық», - деп З.Қабдолов айтқандай, кейінгі жазылған еңбектерде қолданылған теориялық терминдердің баламаларын былай қойғанның өзінде, алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізуге сұранып тұрғандары да баршылық [4]. Мысалы үшін, көсемсөздің қазіргі ғылыми термин ретінде қолданылып кеткеніндей, «нақыл сөз», «қанатты сөз» деп жүрген афоризмді ділмар сөз, эссені - заман хат деп А.Байтұрсынов берген атаулармен атасақ, ұтылмаймыз. Немесе «Шешен сөз» дегендегі оның саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошамет шешен сөз, білмір шешен сөз, уағыз шешен сөз деген түрлерінің атауларын орнын дәл тауып пайдалансақ, ұлттық таным-біліктен алыс жатқан жоқ. Шешен сөз очерк жанрының баламасына жақын келсе, ішкі түрлерге бөлуде де сәйкестік байқалады. Сонымен қатар Ахаң өз еңбегінде талданып отырылған жанрлық түрге байланысты мысал келтіргенде, «Ғұрып сөзінің нұсқаларын нұсқалықтың 120, 126-нші номерлерінін қара» немесе «Діндар дәуір әдебиет нұсқаларын нұсқалықтың 131, 165-ші номерлерінен қара» деп кетіп отырады. Яғни «Әдебиет танытқышқа» қосымша хрестоматиялық мәндегі жинақты да бастырып шығару ойында болған. Нұсқалықта алынған әдебиет нұсқаларының еңбекте көрсетілген реттік саны 275-ке келіп тоқтағанына қарасақ, оның көлемі де әжептәуір мол болғанын байқау қиын емес. Бұл - ахметтанушы ғалымдар тарапынан көңіл аударатын мәселе

А.Байтұрсынов қара сөз бен дарынды сөз жүйесін сөз ету барысында, әдебиеттің тегі мен түрі мәселесіне келгенде фольклор және әдебиет тарихына шолу жасап өтеді. Бұл турасында З.Қабдолов: «Мұның өзі бір қарағанда әдебиет туралы ғылымның екі саласын (тарихы мен теориясын) қосып, қойыртпақтап жібергендей көрінеді. Бірақ байыбына барыңқырасақ, ол мұнда да әдеби-теориялық ұғымдар қалыптастырып, өзінің «Әдебиет танытқышын» тағы да сөз өнерінің әсем әліппесінде айналдырады», - деген пікір білдіреді. Алайда автор фольклор туралы ой-толғағанда оны жанрлық тұрғыдан классификация жасаудың алғашқы жобасын жасап, ғылыми анықтамасын жазып шықты. М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» 1927 жылы, Х.Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» 1928 жылы шыққаны белгілі. Ендеше осы екі еңбектегі қазақ фольклорының жанрлық тұрғыда жүйеленуіне негіз болған да осы «Әдебиет танытқыш» екені даусыз. .Реті келгенде айта кетуге тура келеді. Жалпы алғанда кеңестік дәуірдегі фольклортану саласындағы еңбектерге Ахаңның «Әдебиет танытқышының» теориялық және әдіснамалық тұрғыдағы жетекшілік рөлі назардан тыс қалып келді. Ұлттық фольклор тарихын зерттеушілер тарапынан тарихи салыстырмалық сипатта тереңдете қарастырылса, бірталай жағдайдың беті ашылар еді.

Ал әдебиет тарихына келгенде, А.Байтұрсынов оны дәуірге бөлуде өзіндік көзқараспен қарайды. Жазба әдебиетті діндар дәуір және ділмар дәуір деп бөлгенімен, кейін оны сындар дәуір деп тармақтайды да, ол ұлы Абайдан басталады деп көрсетеді. 20-жылдардың бас кезінде жазба әдебиетті Абайға дейін және кейін деп бөлген көзқарас ғана бола алды. Р.Мәрсеков «Қазақ әдебиеті жайынан» («Қазақ», 1914, №112) мақаласында «жазудың қазақ арасына көбірек тараған заманындағы әдебиет» деп атаған дәуірді, М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің дәуірі» («Шолпан», 1923, №5) мақаласында «көшпелі дәуір әдебиеті» атаған кезеңді (Абайға дейінгі) сөз еткенде діни сарын мен шығыстық сюжетті желілерді жырлау басым болғанын атап көрсеткен болатын. Сондықтан да болар, А.Байтұрсынов бұл кезеңді «діндар дәуір» деп атап, оған қисса, хиқаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, термені жатқызады. Бәрін дұрыс демеген күннің өзінде қисса мен хиқаятты фольклорлық жанрға бірде енгізіп, бірде енгізбей келгеніміз, әдебиет теориясынан орын бермегеніміз рас қой.

Негізінен А.Байтұрсыновтың «Жазба әдебиеттің өзі екіге бөлінеді: діндар дәуір, ділмәр дәуір. Діндар діншіл деген мағынада, ділмар-тілшең деген мағынадағы сөздер. Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб, парсы, әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған», - деген пікірі аса нақты емес [5]. Әрине, бүгінгі таңдағы өсіп-өркендеген көзқарас тұрғысынан алып қарағанда. Жоғарыда айтқанымыздай, діндар дәуір деп қай кезеңді айтып отырғаны белгілі болғанмен, ділмар дәуір деп атағаны қай кезең екенін нақтыламаған және анықтама да бермеген. «Орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соны еліктеуден пайда болып отыр» деуіне қарағанда, 1910 жылдардан бергі әдебиетті айтып отырған секілді көрінеді. Оны анықтауды мақсат тұтпай әдебиеттің тегі мен түрін сөз етуге орай сындар дәуірін әліптеп кетеді. Оны түсіндіргенде, орыс әдебиетін қоспай «Европа әдебиетімен танысқаннан кейін қазақ ақындары сөздің асыл болатын сырын біле бастады. Қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады», - деп тағы да ескертеді. Бұл біздің 1910 жылдан бергі әдебиетті айтып отыр ма деген пікіріміздің негізсіз екенін дәлелдейді. Олай болса, А.Байтұрсынов жазба әдебиетті хронологиялық жолмен дәуірлеп отырмаған болып шығады.

Анықтап қарасақ, А.Байтұрсынов ұлт әдебиеті тарихын дәуірге бөлу негізіне көркемдік әдісті алып отыр. Еңбекте әдеби ағым мен көркемдік әдіс туралы нақты әдеби-теориялық пайымдаулардың жоқтығы белгілі. Ендеше бұл үш дәуірді көркемдік әдіске орай талдап көрелік. Орыстың атақты теоретик әдебиетшісі Г.Н.Поспелов романтизмді әдеби дамудың сатысы ретінде қарастыру барысында, әуелде ол діни-моральдық (религиозно-моралистический) сипатта көрінгенін айтады. «Франциядағы әлеуметтік-саяси төңкерістердің нәтижесінде алдыңғы қатарлы деп есептелетін еуропа әдебиеті в негізінен романтикалық сипатты қабылдады. 1870 жылдары танылып, алғашқы ағылшын романтиктері саналатын Бордсворт и Колридж секілді «өзен-көлдер мектебін» қалыптастырған ақындар өз идеалдарын тарихи өтке дәуірден іздеді. Белгілі бір мәселеде олар сентименталистердің көзқарасын жалғастырды. ал романтикалық пафос діни-моральдық ұмтылыстарынан туындады. Кейде ол мистицизмге дейін ұласып, шынайы өмірмен байланыстырылды. Бұл діни-моральдық ағылшын романтизмі еді. Ал Байрона и Шеллидің азаматтық романтизмі ғасыр басындағы ағылшын әдебиетіндегі прогрессивтік бағыт болып саналады», - деп жазады [6]. Оны дәлелдеу үшін әр елдің әдебиетіндегі діни-моральдық және азаматтық романтизмнің пайда болуын атап-атап көрсетеді. Мысалы, «1820 жылдары Лимартин өз лирикасы арқылы француз романтизмнің діни-моральдық бағытын жасады. Франциядағы азаматтық романтизмнің ірі өкілі - Виктор Гюго», «Германияда алғашқыда діни-моральдық романтизм Новалиса и Гофмана. шығармашылықтары арқылы танылды. Германияда азаматтық романтизм не анық идеалға, не күшті таланттарға ие бола алмады», - деп нақтыласа, орыс әдебиетіне келгенде «Россияда алғашқыда діни-моральдық романтизм Жуковсийдің айқын шығармашылығы арқасында дамыдыкого», - деп жазады. Бұларды М.Горький: «Керек десе француз әдебиетінде лаулап өскен романтизмнің жалпы бағыты бірдей емес, бір жағы мистикаға ұрынған нағыз реакцияшыл болса, екінші жағы, өсіп әдебиет әлемінде ірі өзгеріс жасаған романтизм», - деп екіге жіктеп тастағаннан кейін, кеңестік дәуірдегі әдебиеттану ғылымында «революцияшыл романтизм», «реакцияшыл романтизм» деген атаулар пайда болды [7]. Оны бізде 20 жылдардың орта кезінде әдеби ағым мен көркемдік ағым туралы болған айтысқа байланысты жарияланған елуге тарта сын-зерттеу мақалалардың айтар өзегіне айнаған мәселелерден анық байқауға болады. Егер «социалистік реализм» атауының 1932 жылы Жазушылар одағының құрылуына байланысты өткен 1 сьезден бастап қана қолдана басталғанын ескеретін болсақ, «Әдебиет танытқыштың» ұлттық әдебиеттануда ғана емес, көршілес түркі тілдес халықтар әдебиеттануында да әдеби теориялық ұғым-түсініктердің бастау алуына негіз бола алған жетекшілік мәнін жоққа шығаруға болмас.

Бұл тұрғыдан келгенде, «Әдебиет танытқыштағы» діндар дәуір деп отырғаны - діни-моральдық романтизм, маркстік-лениндік әдіснама бойынша айтсақ, реакцияшыл кертартпа романтизм болып шығады. Ал ділмар дәуір - азаматтық романтизм, яғни кеңес дәуірінше атасақ, революцияшыл романтизм. Сындар дәуір - сыншыл реализм атауының баламасы екені анық. Бұдан шығатын қорытынды: А.Байтұрсынов әдебиет тарихын тарихи кезеңдерге бөліп отырған жоқ, әдеби дамудың заңдылығына орай көркемдік әдіс тұрғысынан дәуірлеп отыр. Олай болса, Абайға дейінгі ақын-жыраулар, әнші ақындар шығармашылығы реализммен дамып келді де, сыншыл реализмге ауысты деген пікір туындайды. Абай қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін қалады дегенде оның аспаннан түспегенін, әдеби дамудың тарихи сабақтастығы бойынша қалыптасқанын ғылыми негіздеу қажет-ақ. «...Осы сыншыл реализм туралы сонау 20-жылдары А.Байтұрсыновтың «сындар дәуір» деп атағанын ұмытпайық. Сындар дәуірге деген ойлардың бәрі де профессионалдық әдебиеттің көркемдік әдісіне, алған бағытына құйылатын таным-білік екені даусыз» , - деген Т.Кәкішев пікірінде зор шындық жатыр [3]. Рас «Әдебиет танытқышта» әдеби ағымдар мен көркем образ, тақырып және идея, сюжет және компазиция туралы әдеби-теориялық тұрғыдағы жүйелі баяндалған тараулар жоқ. Бұлардың қамтылмауы кемшілік болып табылмайды. Себебі, әдеби-теориялық ой-пікір оларды сөз етуді енді ғана қолға ала бастаған еді. Сонымен қатар әдебиет туралы ғылымның тууы - әдебиет тарихынан не теориясынан белгілі бір терең мәні бар еңбектің жазылуымен жүзеге аспақ емес. Ол - зерттеушілік ой-пікірдің қайшылықтарға толы кезеңдерінен тұратын ұзаққа созылатын үрдіс. Бұған қоса әр кезеңде туындаған әдеби-теориялық білімдер жиынтығы мен сыншылдық таным-білік тудыратын көркем әдебиет те қажет.

Қорыта келгенде, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің ғасырлар бойғы ғылыми бағыттағы ізденістерінің нәтижесі ретінде «Әдебиет танытқыш» дүниеге келді де, әдебиет туралы ұлттық ғылымның туа бастағанын дәлелдеп берді. Ол әдебиеттану ғылымының туып-даму жолындағы әдеби-теориялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз және басшы болуға тиіс еді. Амал не, А.Байтұрсыновтың қазақ зиялыларына төнген алғашқы саяси зұлматтың құрбандығына айналуынан бастап, жетпіс жыл бойы еңбекті ғылыми айналымнан шығарып тастадық. Әйтсе де әдебиет теориясынан кейінде жазылған еңбектерге негіз болумен қатар, танымдық ізденістерде табан тірер басты қайнар көз болып қала берді. Біз бүгінде «Әдебиет танытқыштың» түркі тілдес халықтар ішінде кездеспеген құбылыс екенін мақтана айтуға тиістіміз.

Алайда қазақ әдебиетіндегі «ұлтшылдық-алашордашылдықтың қалдығын жою», «большевиктік өзара сында қырағылықты күшейту» туралы ауық-ауық айтылып қалып отырылған ұлтшылдыққа қарсы көзқарас 1937 жылдың орта шенінен бастап, «халық жауларын» әшкерелеу науқанына ұласты. Әдебиет сыны әшкерелегіш, қаралағыш мақалалармен көрініп, саясаттың сойыл соғарына айналды. Жеке адамға табынушылық әдеби дамуға да әсер етіп, Сталин басқарған социалистік қоғамның жетістіктерін мадақтау өріс алды. Ал әдеби-теориялық ой-пікірдің көркем әдебиет туралы ғылыми ізденістері дағдарысқа ұшырады. Ғылыми-зерттеушілік жұмыстар әдебиет тарихы мен теориясының мәселелерінен гөрі орыс жазушылары мен әдебиеттерін, Жамбылды және басқа халық ақындарының шығармашылығын марапаттауға ауып кетті. Өзінің қалыптасу жолында талай қиын-қыстауды бастан кешіріп келе жатқан әдебиет сыны мен ғылымының тарихында іркілістер мен бұралаңдарға ұшыраған бұл да бір кезеңі болды. Бұл ұлттық әдебиеттану ғылымының туу кезеңінде айрықша еңбек етіп келген әдебиетші-сыншы кадрларды екінші рет әдеби, ғылыми ортадан аластап тастады. Олардың әдеби және ғылыми мұрасын 1950-жылдардың орта кезіне дейін зерттеу және пайдалану мүмкіндігінен айырылған ұлттық әдебиеттану ғылымы ғасырларға созылған ұзақ жолында өте ауыр жағдайға тап келді. Бірақ сарабдал сыншы-әдебиетшілердің 1920-30-жылдардағы әдебиет теориясы бағытындағы қажырлы ізденістерінің жемісі ретінде танылып, ұлттық әдебиеттану ғылымының туу кезеңінің аяқталғанының куәсі ретінде Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) жарыққа шықты. Бұл жерде ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің шын мәнінде ұшқырлық танытқанын, дәуір талабынан табылуға ұмтылғанын атап айту керек. Шынын айтсақ, ол да болса Ахаңның «Әдебиет танытқышының» арқасында. Кейбір деректерге қарағанда, Қ.Жұмалиевтің оқулығы 1932 жылы жазылса да алты жыл бойы әр түрлі себептермен жарық көрмеген. Орыс әдебиеттану ғылымында маркстік-лениндік эстетикаға негізделген Л.Тимофеевтің «Теория литературы» (1934), И.Виноградовтың «Әдебиет теориясы» (1936), «Борьба за стиль» (1937), Г.Поспеловтің «Теория литературы» (1940) аталатын еңбектері енді ғана жарық көрген еді. Партия мен кеңестік идеология ғылым, өнер, әдебиеттегі «буржуазиялық», «ұлтшылдық» көзқарастарға аяусыз күрес жүргізе отырып, маркстік-лениндік әдіснаманы қоғамдық ғылымдарға, оның ішінде әдебиеттану ғылымына, оның сыншылдық, әдеби-тарихи, әдеби-теориялық ой-пікіріне мықтап орнықтырды.

Қазақстанда «халық жауларын» әшкерелеу науқаны ерекше қарқынмен жүрді. Ол ұлттық әдебиеттану ғылымының туғандығын дәлелдеп берген, келешектегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыт-бағдарын біршама анықтаған оқулықтар мен оқу құралдарын, зерттеу мақалаларды, ғылыми еңбектерді түгелге жуық пайдаланудан шығарып тастады. Ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің қалыптасуына еңбек сіңірген, шығармашылық кескін-келбетін айқындап енді жасақтала бастаған сыншы әдебиетші кадрлары тағы да саясаттың құрбандығына айналды. Бірақ, партияның көркем өнер мен ғылым саласындағы саясаты мен идеологиясы оған қараған жоқ. Дүниетанымдық көзқарасы социалистік қоғам рухында тәрбиеленіп, әдебиетке енді ғана араласа бастаған жас күштердің алдына орасан зор міндеттер қойды. Олардың бірі орта және жоғарғы мектепті маркстік-әдіснаманы басшылыққа ала отырып жазылған оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету міндеті болды. Міне, сондықтан Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайыловтың әдебиет теориясының күрделі мәселелеріне бара алған еңбектерін сөз еткен уақытта, зерттеу нысанасына алып отырған саланы жан-жақты қарастыруға мүмкіндік бермеген уақыт пен заман талабын есте ұстау керек.

Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мектепке арналған оқулық жасау мақсатында жазылып 1938, 1940, 1941, 1942 жылдары бірнеше рет басылып шықты. Негізінен орыс әдебиеттану ғылымындағы теориялық еңбектерді, әсіресе И.Виноградовтың «Әдебиет теориясын» басшылыққа алғандықтан да аудармалық сипаты басым болды. Автордың өзі «Кітаптың кейбір бөлімдері, жеке әдебиет мәселелері Тимофеев, Виноградов кітаптарынан, жаңа әдебиет энциклопедиясынан тура алынып отырылды. 1937-38 оқу жылында жоғарғы дәрежелі педагогикалық мектептерге арнап жасалған әдебиет теориясының программасына сүйеніп жазылды»,- деп атап жазғандай, орыс әдебиеттану ғылымындағы зерттеулерді басшылыққа алды (8). Бұл еңбектер жазылған кезде 30-жылдары жазылып пайдалануда болған оқулық, оқу құралдарының барлығы «халық жауларының» еңбектері ретінде қолдануға тыйым салынған еді. Сондықтан 30-жылдардың соңы, 40-жылдардың басында жазылған оқулықтар мен хрестоматиялардың мектептерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігін атқарған тарихи мән-маңызы да өте зор болды.

Қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық ой-пікірінің өскелең ізденісін танытқан Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) Е.Ысмайылов жазған «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» негізделген ұлттық әдеби-теориялық ой-пікір арнасының тарихи және ғылыми заңды жалғасы болып табылады. Авторлар тек орыстың теориялық еңбектерін ғана пайдаланумен шектелген жоқ, ұлттық танымдағы құнарлы ой-пікір сабақтастығын қиыннан қиыстыра білді. Оны академик З.Қабдоловтың: «Ақаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ кеуде бола ма? Қайтейік, болды деп келдік. Мәселен, айшықтаудың (фигураның) арнау деген түрі бар. Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында арнау деген бірақ түр: шауып шықса, бұған шешендік сұрау қосылып қана ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ақаң осының үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жырлай арнау) тауып қосып, құлпыртып әкетеді. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ақаң екенін кезінде ашып айта алмай Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық» , - деген пікірі нақты дәлелдей түседі. Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмайылов «Әдебиет танытқыштағы» ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірге сүйене отырып, онда қарастырыла қоймаған теориялық ұғым-түсініктерді қамтып, дамытып әкетті. Сол арқылы қызыл империяның теориялық бағыттағы зерттеу еңбектерді пайдалануға тыйым салуынан туған іркілістің орнын толтырып, соны ізденістерге жол салды. Теориялық ой-пікірдің белгілі бір дәрежеде жалпылық сипаты мен ортақтығын есте ұстай отырып айтар болсақ, бұл еңбектер «Әдебиет танытқыштағы» теориялық мәндегі ұлттық ұғым-түсініктердің желісін үзбей бізге жетуіне, ғылыми қолданыстан шығып қалмауына, жаңа қадамдардың жалғаса беруіне алтын көпір болды. Ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірде әдеби ағым мен көркемдік әдіс, стиль, тақырып, идея, әдебиеттің тегі мен түрі ұғым-түсініктерді бүкіл әлемдік теориялық ой-көзқараспен байланыстыра қарап, нақты мысалдармен дәлелдейді.

Шынын айтар болсақ, ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығы (1961-67) шыққан кейін, дауы мен машақаты көп және әдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы қағидаларына сай саясатқа апармай қоймайтын ұлт әдебиеті тарихы мәселелерін зерттеуден гөрі әдебиет теориясына қарай бой ұрғаны да жалған емес. «Сондықтан А.Байтұрсынов еңбегінде негізі қаланған қазақ өлеңінің құрылысы Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов еңбектерінде ғылыми жалғасын тауып тереңдете зерттелінді. Олар өлең сөздің теориясына тән жаңа атаулар енгізді және оны теориялық ой-пікірде орнықтырды. Ол кейін бұлардың еңбектерінің кеңестік дәуірдегі заңды жалғасы болып табылатын З.Қабдолов, М.Дүйсенов, З.Ахметов, М.Базарбаев т.б. өлең сөздің ғылыми теориясы саласындағы күрделі зерттеулеріне ұласты» [9].



Бұл жерде ұлттық өлең сөз теориясының асқан білгірі Зәки Ахметовтің ғылыми зерттеулерінің ұлттық әдебиеттануда алар орны ерекше. Өзінің сонау 1950 жылдардың басында жазған «Абай және Лермонтов» атты мақаласынан бастап, бүкіл ғұмырын қазақ өлеңінің ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік ерекшелігі мен құрлысын зерттеуге арнады. Ол өзінің «Казахское стихосложение» (1964) аталатын еңбегінен бастап ұлттық өлеңнің поэтикалық проблемасымен кешенді мақсатта айналысты. «О языке казахской поэзии» (1970), «Өлең сөздің теориясы» (1973) сияқты монументальды еңбектері арқылы қазіргі ұлттық әдебиеттануда жеке ілім саласы болып отырған өлең сөз теориясының мерейін өсірді.

Қорыта келгенде, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» басталып, іргесі қаланған әдеби-теориялық ой-пікір саяси-идеологиялық қыспаққа ұшырай отырғанмен де өзіне сара жол тауып, әдебиет туралы ұлттық ғылымда «Әдебиет теориясы» аталатын үлкен саланы қалыптастырды. Сол арқылы осы ғылымның қалыптасу кезеңіндегі соны ізденістеріне жол ашты, әдеби-теориялық талдау жасаудағы білім негіздерін кемелдендірді. Маркстік-лениндік әдіснаманы басшылыққа алу көп жағдайда сезілсе де, әлі де болса бұрынғы ұлттық сипаттағы үрдісінен де қол үзебеуге ұмтылды. Оның басты себебі ірге тасы А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» қаланғандықтан десек, артық айтқандық емес

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет