Қастек Баянбаев
Қастек Баянбаев (1923)
Балалар ақыны болу үлкен бақыт, себебі бала өзінің сәби кезінде оқыған жырларды көкірек сарайында кіршіксіз, саф таза күйінде сақтайды, ақын өлеңі сәби жүрегінде ескірмес сурет болып қалады. Сондай ақындардың бірі – Баянбай Қастек.
1936 жылы 15 қарашада Талдықорған облысының Талдыбұлақ елді мекенінде дүниеге келген ақын әдебиетке ерте араласты. Университеттің журналистика факультетін бітіріп еңбек жолын аудандық газеттен бастаған ол республикалық баспаларда бас редакторлық қызметтер атқарды. 1962 жылы жарық көрген «Арғымақ» атты кітабынан бастап, соңғы кезде жарық көрген «Құс сүті», «Жол», «Жүз жыл жаз» атты таңдамаларына дейінгі аралықта ондаған кітап шығарып, балалар тәрбиесіне белсене араласты. Ол «Тәтті сабақ» пен «Солақай қарттың» авторы. Оның туындылары балаларға арналған оқулықтардан ойып орын алды.
Қ.Баянбаев Бельгия ақыны Э.Верхарн және бұрынғы кеңестік дәуірдің С.Данилов, З.Александрова, И.Токмакова, А.Барто, С.Михалков, А.Исаакян сияқты талантты, белгілі ақындарын қазақша сөйлетті. Екі томдық «Орыс ақындары антологиясының» белсенді аудармашысы болды. Өз шығармалары да поляк, болгар және жақын шет ел тілдеріне аударылды.
1975 жылы «Әсем әлем» атты таңдамалы өлеңдер кітабымен жүрген жолын сараптап, кемелдену үстінде шығармашылық есеп берді. Ақын жырларын одақ оқырмандары да оқып үлгерді. 1979 жылы «Детская литература» баспасынан «Қолшатыр көтерген он батыр» өлеңдер кітабы жарық көрді. Бұлардың бәрі де балғын оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
Қ.Баянбаев балалар поэзиясына кездейсоқ келмегені анық. Мектеп қабырғасынан жаза бастады. Мектепте ұстаздық еткен ақын марқұм Төлеужан Исмайылов әдеби бағдар беріп, шығармаларына пікір айтты. Одан кейінгі өнерпаздық мектептері «Балдырған», «Пионер» журналдары, «Қазақстан пионері» газеті болғанын атап айтуға тиіспіз. Осы күні танымал балалар ақындарының көпшілігі осы баспасөздер арқылы қалыптасты.
Ақын ірі тақырыпты қозғап үлкен сезімді оятарда сәби жүрегіне сәтті творчестволық тәсіл – сырласу арқылы жол шегеді. Жайма – шуақ әңгімелеседі. «Әке сөзі» өлеңінде де осы жібек қасиет бар.
Өлеңнің қысқаша поэтикалық сюжеті мынадай: Әкенің «кім боласың» деген сұрағына бала «Танкист болам» деп жауап қайтарады. Қастек Баянбаев кейіпкерін «білгені осы, сезінгені осы» деп жарты жолда қалдырмайды, қиялын алысқа шарықтатады.
Ақын шығармашылығындағы көсем туралы жырлар өзінің қарапайым, ұғынықты, қысқа лирикалық - әңгімелік табиғатымен әсерлі. Қай – қайсысында да ұлы адамның жанды, бейнелі образы бар. Мысалы, «Ильич пен аңшы» өлеңінде көсем орманда кездескен түлкіні атпайды, бұған таң қалған аңшыға былай дейді:
-Көзі қимайды атуға,
Әдемі екен!
Атпадым!
Міне, бұдан балалар Лениннің табиғат сұлулығын
қастерлейтінін ұғынады. Табиғатты сүю өнеріне тәрбиелейді.
Қастек шығармашылығында тақпақ жанрының орны елеулі. Тақпақтары тез ұғылып, жылдам жатталады. Жинақы, мағыналы. Қ.Баянбаев ертегілері миниатюралы, қысқа. Бұған кішкентай оқырманның талғам – талабын, көңілін, балауса қабылдау тегілерінің бірі – «Көзәйнек киген көжек».
Кішкентай балаларға – кішкентай көжектер туралы. Ертегінің айтары ұғымды. Бір өжет, бір қорқақ көжектің басынан кешкен күлкілі де қызықты оқиғалары айтылады. Ертегі бір қиял кені. «Акула мен аққайрақ» атты ертегісінде автордың сәби жүрегіне ізгілік нұрын себуге құштар екенін тағы байқайсың. Алты құлаш акула мен жарты құлаш аққайраңның достығын жырлаумен ертегі өзінің көркемдік шешімін тапқан.
Ал «Үш тышқанның ұрлығындағы» тышқандардың тірлігіне қараңыз. Ұрлап әкелген жұмыртқаларын жарып жібергенде ішінен үрпек бас балапан шыға келеді. Тышқандар тұра жан – жаққа қашады. Тапқырлық. Бала көңіліне керегі де осы. Күрделі ештеңе жоқ, әдемі қиял, әсерлі сурет.
Ақын ертегілерінің композиялық құрылысы текше – текше етіп жиналған, сандықтар тәрізді. Әр сандықтың аузында құлып, құлыпты ашсаң болды, көз жауын алған дүниеге көзіңді суарасың. Ертегілері қарапайым қиялымен, көркем – бақытты шешімімен көңілге жақын.
Мектеп жасына дейінгі сәбилер, бастауыш сынып оқушылары поэзияның ұсақ жанрларына әуес, іздеп жүріп оқиды. Ұсақ жанр шығармалары олардың қабілетімен үндеседі, тілін де, көңілін де сөйлетеді.
Ақын шығармашылығын таразылай келе айтарымыз: ол қазақ балалар поэзиясына ақылды, сабырлы, салмақты лирикалық кейіпкерлер алып келді. Олардың психологиясына, жан – дүниесіне сезімдік ересектік, азаматтық биліктік тән. Орынсыз артық сөз, артық бояудан аулақ. Айтар ойын қиындатпай дәл жеткізді.
Шығармалары
Жүз жыл жаз: Таңдамалы шығармалары: Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертектер, дастандар/ Қ. Баянбай, Сурет. Қ. Егізбаев.
Той: Өлеңдер мен ертегілер
Құс сүті: Таңдамалы шығармалары
Кемпірқосақ: Таңдамалы шығармалары
Адамға хат: Өлеңдер
Ақ, шағала: Өлеңдер кітабы
Алау: Өлеңдер
Әсем әлем: Таңдамалы дастандар, ертегілер, өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар
Бір қоржын жаз: Өлеңдер, ертектер, жұмбақтар, жаңылтпаштар
Жол: Өлеңдер мен дастандар
Қол шатыр көтерген он батыр: Тақпақтар, өлеңдер, ертектер, жұмбақтар, жаңылтпаштар
Балаларға базарлық: Балаларға арналған өлеңдер жинағы
Қыр қырандары: Очерктер жинағы/ Қ. Баянбаев, С. Ләмбеков.- Алматы: Қайнар, 1970.- 95 бет.
Солақай қарт: Төменгі және орта класс оқушыларына арналған
Тәтті сабақ: Өлеңдер мен ертегілер
Той: Өлеңдер, ертектер, дастандар, жұмбақтар
Шапағатты шақ: Өлеңдер
Достарыңызбен бөлісу: |