"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз? 2019 жылы қазақ халқы үш бәйтеректің бірі, ақын және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойын атап өтті Балалық шағы мен еңбек жолы Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған адам болған.
Ақынның өзі туған жылын былай деп еске алады:
"Менің жылымды "жылқы" дейді, онысы 1894 жыл болатын. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнді, сағатыңды қайдан табарсың. Анамды аз білемін, төрт жасымда жетім қалдым. Әліпбиден әкем өзі оқытты. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді". 1912 жылы күзде Қарағаштағы "Мамания" мектебіне қабылданып, төрт жарым ай оқиды. Бірақ түрлі себепке байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады.
Ілияс өзі жайлы жазып қалдырған құнды деректе бала кезінде "сөзге үйірлеу, құйма құлақтау" болғанын айтады.
"Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң, өлең, кітап оқығыш болдым. Қыз Жібек, хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым", - деп жазған еді Жансүгіров.
Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Осы уақыт аралығынжа "Ақ жол" газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен "Жас Алаш" газетін шығаруға атсалысады.
1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған.
Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. Алайда олардың бірі басылса, енді бірі басылған жоқ.
1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі.