Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі
(Қаржы полициясы) төрағасы
Р.Т. Түсіпбеков мырзаға
Көшірме:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрі А.Б.Сәрінжіповке
Ұлыбритания Білім беру министрлігіне
Кембридж университетінің ректорына
Ұлтынан безген, ар-намысынан аттаған алаяқ
Астана қаласында тұратын, жоғары оқуларын бітірген Хасенов Надир Хабикешұлы мен Хаметов Диас Сайлаубекұлы айдың күннің аманында қайдағы бір алаяқтарға алданып қалғанын қайтерсің. Енді мән-жайды тиісті орындарға арызданып, шағымданып жазып, жеткізіп жатса да, олардың мұңдарына әлі құлақ асып, тиісті шаралар қолданатын ешкім көрінбейді.
Қазіргі заманда қашанда шетелдегі оқу орындарында оқып келуді армандамайтын жастарымыз жоқ десе де болады. Олар қанша жерден қарызданып, қауғаланса да, әйтеуір өз болашақтарын шетелдік біліммен, шетелдік өмірмен байланыстырғысы келетінін бүгінде жасыра алмаймыз.
Мән-жайды басынан бастайық.
Надир Хасенов пен Диас Хаметов 2013 жылдың ақпан айында шетелдерде білім алуды аспандатып жарнамалаған Астанадағы LSBF мектебінің өкілдігіне келіп, жөн сұрайды. Бұл өкілдіктің жетекшісі Чокан Турарович Лаумулин деген азамат екенін біледі. Өкілдік қызметкерлері жастардың алдынан тік тұрып, үлгілі қызмет көрсетеді. Олар білім алғысы келетін жастарға Англияның Манчестер қаласында стипендиясы қоса берілетін MSc Finance and Investment бағдарламасы бойынша оқи алатындары туралы тамаша ұсыныс айтады. Бұл бағдарлама бойынша оқу жылына 4 рет болады екен. Мұндай ұсынысты қуана қабыл алған Надир мен Диас келісе кетеді де 2014 жылдың қаңтар айынан бастап оқып келуді белгілейді. Енді ол үшін бағдарлама бойынша орынды иемденіп, стипендияны алуға тезірек алдын ала қам жасап, белгілеу қажеттігін ескертеді. Сондықтан «баратын болсаңдар қазірден бастап жедел түрде кірісіңдер» деп аппликациялық форма құжаттарын беріп, рәсімдейді. Сосын тез арада 2000 GBР (фунт стерлинг) (3000 доллар) көлеміндегі ақшаны депозитке аудару қажеттігін айтады. Әйтпесе, стипендиядан құр қалып, оны басқа біреулер алып кетуі мүмкін екен. Бұлай істемесе, бұл бағдарламаның жалпы құны 4500 GBР тұрады, уақыт өте тығыз дейді.
Мұндай мүмкіндікті қолдан шығарғысы келмеген жастар аталған ақшаны жинаудың қамына кіріседі. Дайын ақша кімде болсын. Екеуі де барлық ағайын жақын туыстарынан, тамыр-таныстарынан қарызға әупірімдеп аталған ақшаны жинайды. Жиналған ақшаны бірден 2013 жылдың наурыз айының басында айтылған есеп шотқа аударады да жібереді. Осы өкілдіктің менеджері Анар деген қыз енді бұл ақшаға алаң болмай, мақсаттың орындалатынына сендіреді. Ол тапсыруға міндетті IELTS тестін кейіннен тапсыруға болатынын айтады, содан кейін Англияға баруға мүмкіндік алып, LSBF мемлекеттік британдық үлгідегі дипломына қол жеткізесіңдер дейді. Жастар мәз болып, Ұлыбританиядан осынша арзан ақшаға оқу оқитын, стипендиясын алатын, оның бәрі ақталатын мұндай мүмкіндікке қолдары жеткендей қуанышпен қала береді.
Арада біршама уақыт өткенмен әлгі өкілдіктен хабар болмаған соң жиі барып, мазалап мән-жайды сұрай бастайды. Өкілдіктің берген жауаптары сұйыла береді. Білім алғысы келген жастар да күмәнданып, қарап қалмай бұлардың іс-қимылы жайлы ақпараттарды жинастыра бастайды. Осында жиі келіп мазаланып жүрген өздері сияқты біраз жастармен кездесіп, мән-жайға қаныға түседі.
Сөйтсе бұл мектептің шетелдерде білім алуға жіберетіндей, мемлекеттік үлгідегі дипломдарды беретіндей ешбір құқығы жоқ болып шыққан. Алдаусыратып өздері басып берген сертификат сияқты қағазды тапсырып құтылады екен. Тіпті сорақысын айтсақ, мұндай оқу курсының Манчестердегі кампусында жоқ екендігіне көз жеткізген. Сонымен аталған оқу орны жауапкершіліктен қашқақтап, басқаша сайрап, алдап-сулап уақытты созғысы келгенмен жалған істері әшкере болып қалды. Олардың Манчестермен ешбір байланысының жоқ екендігі әбден белгілі болды. Енді жастар төлеген қомақты ақшаларын қайтар десе тіпті міз бақпаған. Болмаған соң республикалық, Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке алаяқтардың үстінен арыз да жазылды. Бірақ олардың да әлі нақты шара қолданып, айналысар түрі көрінбейді. Жыл болса аяқталып келеді, ал жастардың есепшотқа аударған 2000 GBР қаржысы қайтарылар түрі жоқ.
Астанадағы LSBF мектебі өкілдігінің менеджері Жанна Мусинаның жауабы бойынша депозиттік салған ақшаның 9 айдан кейін ғана қайтарылу-қайтарылмауы қарастырылуы мүмкін дейді. Яғни, қаржыны қайтару жөніндегі комиссия әлі қарамаған да көрінеді. Сонда оқуға деп жастар салған ақша сол сәтінде есепшотқа түседі де қайтаруға келгенде мәселе 9 айдан кейін ғана қарастырылатын болып па?
Сөйтсек, алданып жүрген бұл жастар ғана емес екен, Чокан Лаумулин алдаған осындай көптеген студенттер жан-жақтан арыз-шағымданып, шу көтеріп жатқаны барша жұртқа белгілі болып жатыр. Тіпті сонау Ұлыбританияның өзінде ағылшындық газеттер Қазақстаннан шыққан Чокан Лаумулин деген алаяқтың көптеген жастарды алдап, айдалада қалдырғаны жөнінде жазып тастапты. Алданған жастар Англияда қарсылық шеруін жасап Чокан Лаумулин деген қудың құрығына түскендігін, соған тиісті шара қолдануын жариялаған. Бұл туралы мына сайттардан оқып, білуге болады:
http://www.timeshighereducation.co.uk/421018.article ;
http://www.lsbf.org.uk/faculty/academie-management.html ;
http://m.vk.com/event50156886 ;
http://m.youtube.com/watch?v=3uaALJuju94 .
Сонда талайды сан соқтырып, зар жылатып жүрген Чокан Лаумулин деген алаяқ кім өзі?
Шетелдегі студенттердің арасында, әсіресе Кембридж университетіндегі кейбір жастар арасында ол туралы, тіпті өте келеңсіз әңгімелер қозғалуда. Олардың айтуы бойынша Чокан Лаумулин Ұлыбританияда бірер фирмаларды ашып қазақ үкіметі «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмсаған ақшаларын жымқырумен шұғылдануды кәсіп қылған екен. Және де ол университетке түсірген студенттердің білімі (ағылшын тілін білу деңгейі) қажетті межеден төмен болған. Әлбетте, бұлардың бәрі жай сөз, айтылған сыбыстар ғана. Бірақ, жел болмаса қамыс басы қимылдамайтынын есте ұстаған жөн. Сондықтан Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) басшылығына осы мәселені қатал тексеруін сұраймыз. Чокан Лаумулин фирмалары баршаға аян, еш жасырын емес, аттары осындай: «My Cambridge Advice Ltd.», «Cambridge Equations Ltd.» және «Student Advice Centre Ltd.» Қазақстан тарапынан қандай және кімнен бұл фирмаларға қаражат түскен? Қажет болған жағдайда Лаумулинмен жұмыс істескен сол тұстағы Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлерін және университеттерге түскен балалардың тізімін анықтап алуға болады. Оның еш қиындығы жоқ. Бәрін сұрастырып шындық анықталуы тиіс.
(Қосымшада Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жазылған бірінші орысша хатымызды тіркедік).
Чокан Лаумулин, шыққан тегі қазақстандық, тұратын жері: Лондон. Жақсы көретіні: Италия, оның мәдениеті мен тамағы. Ана тілі: орыс. Өзінше тарихшы ма, әлде саясаттанушы болғысы келе ме, басқа тақырыпқа барар шамасы жоқ-ау сірә, өзінің әліне қарамай, қазақ тарихы мен Қазақстан саясаты туралы қайдағы бірдеңелерді қаужайлап, ұлт тағдырымен ойнағысы келіп жүрген пенде сияқты.
Ия, Шоқан да емес, Чоқан да емес, шын аты ма, әлде лақап аты ма кім білсін мұндайларды, мақтанышпен жар салып өзін Чокан Лаумулин деп жүр ғой. Соңғы жылдарда елден гөрі көбірек Лондонда тұратын, қымыздан гөрі көбірек виски-миски ұрттайтын, жылқы етінің орнына семіз “ақ қойдың” етін сылқытатын азамат.
Өзінің тегін білмейтін, өз жатырынан өзі жиіркенген пендесымақ ол қайда жүрсе де қазақты адам емес, ақымақ санап, жиі мақалалар беретіні бар.
Рас, оның мақалаларында тіпті өзінше қазақты менсінбеушілік, тілін қорлаушылық, халықты бір-біріне айдап салушылық, тарихты бұрмалаушылық сияқты сорақы теріс пиғылдарымен қатар ел болашағына болжам жасағысы келетін сығандық сәуегейлігімен көрінгісі келетін адамсымақ ретінде өзін жарнамалап жүр.
Орысша «Литер», «Закон.кз», «Тенгриньюс» сайттарында Чоканның ондаған мақалалары мен сұхбаттары шыққан. Сарапшы ма, сәуегей ме, «даналық» ойлары елді дүрліктіріп, өзі сияқты ниеттес пиғылдағыларға майдай жағуда.
Бір ғана Республикалық «Литер» газетінде атын айғайлатып, «Что есть казах?», яғни «Қазақ деген немене?» немесе «Қазақ болу үшін қандай болу керек?» деген кекесінді мақаласымақ жазып өзін-өзі мазақ етіп, өзіне-өзі көрінбей жасырынып жүрген жанға ұқсайды. Енді сол мақаласына назар аударайық.
Мақаласының бірінші сөйлемінен бастап-ақ автор қазақ халқы тарихи даму барысында «өз бірегейлігі мен (идентичность) ана тілін талай өзгертсе да, төл құндылықтарын жоғалтқан жоқ» деп бастайды... Қайталап айтайық: «тілін талай өзгертсе де». Сонда тілін өзгерте беруге болады екен де, басқа тілде сайрап, өз ұлттық құндылығын сақтауға болады екен. Мұны екіге екі қосса төрт болады дегендей, ешбір дау туғызбайтын мәселе сықылды баяндай бастайды оқымыстымыз.
Енді былай деп көлгірсиді: «Қазіргі нағыз қазақ пен шала қазақтардың арасына сырттан жаңа бейтаныс тілде сайрайтын қазақтар елімізге лап қойса, сонда тіл дауының қайта өршіп кету қаупі бар» («Существует размежевание на нагыз- и шала- казахов, а идущие дебаты по языковому вопросу грозят оживиться явлением казахов из других стран, говорящих на новых для степи языках»)...
Ал, керек болса! Сырттан «бейтаныс жаңа тілде сайрайтын» қазақтар – ол бүгін елге оралуға тыйым салынған оралмандарымыз ғой.
Сонда олар бүгінгі қазақтар арасына бейтаныс, яғни бөтен, бөгде, жат тілді ала келеді екен. Қалай қорқады? Шеттегі қазақ бауырларымыз сонда дала қазағы тілінде сөйлейді екен. Бүгінгі саяси терминологиямызға сәйкестендіріп айтсақ, оралмандар ретінде Құрманғазы, Төле би, Әйтеке би, Таңжарық, Қажығұмар Шабданұлы, Төлеген Айбергеновтың (жатқан жерлері де шетел жері боп саналады ғой) тілін меңзеп отыр батырымыз.
Ашығын айтсақ, автор «нағыз қазақ пен шала қазақтан» тұратын Қазақстанның тілі кәдуілгі қазақ тілі емес екенін мұрты қимылдамай баяндап тұр ғой, сірә... Байғұстың «нағыз қазағы» да тіл білмейтін мәңгүрт болғаны ғой онда... Ал, біздің ұғымымыздағы нағыз, яғни толыққанды қазақтар, бұл «дананың» ойынша сол сырттан «бейтаныс тілде сайрайтын» қазақтарға жатқызылып кеткенге ұқсайды... Яғни бір қорқынышты құбыжықтар олар... Онысы дұрыс екен. Біздер қазақ емеспіз, қажет болса, адам құрлы да емеспіз, және қазіргі дамыған Қазақстанда бізге орын жоқ! Орын табылса – қауіп төнеді-міс...
Себебі анық. Оны мына авторымыз жасырмайды да. Бүгінде бізге келетін осы қауіптен қорғанудың бір қасиеті – «өзінің жері мен руын жоғары қою” екен (“святая вера в превосходящие качества своего рода или региона”). Ал, ағайын, енді түсіндің бе кемістігіңді? Тіліңді білсең, шығу тегің мен жеріңді ерекше сүйсең – сенен бетер қатер жоқ!
Онда қазақ кім болды? Қандай қасиеттер қазаққа тән? Автор-аптыр ойын әрі қарай саптайды: ол, әлбетте, бәрімізге ортақ қасиет тәтті етіміз де емес («помимо общей страсти к бешбармаку») және де халықтың ана тілі емес, әрине («это не язык»).
Сонда оның пікірінше не екен?
Міне жауабы: қазақ еліндегі қай ұлттың өкілі ретінде болсын, олар өздерін қалай санаса да, бізге маңыздысы, осы жерді мыңдаған жылдар бойы олардың бізге сақтап бергені – дейді безгелдек Чокан мырза (“какой бы идентичности ни придерживались на протяжении тысячелетий, тем не менее смогли сохранить эту землю для нас»).
Міне шын ойы! Қазақтар әр тарихи кезеңде ұлтын да, тілін де сыртқы киім іспеттес ауыстыра берген екен! Сонда атын жойған, тілін сатқан, ділін жоғалтқан елдің жерінен де, ерінен де, бәрінен де жұрдай боларын автордың ұқпай тұрғаны таңғалдырады. Дұрысын айтсақ, таңғалатын ештеңесі де жоқ. Өйткені, түйсігі де, ақылы да, ойының есіл-дертінде «қара орман» аңқып тұрғаны анадайдан көзге ұрып тұр.
Оның ойынша, жалпы елімізде бір де бір сүйсінерлік қасиет жоқ екен. «Саудаға еш икемі болып көрмеген екен» қазақтың («не были предки сильны и в торговле»).
Ал, қазақ зиялыларымыздың ерекше шабыттанып, парасат биігіне көтерілген кезеңі автор ойынша қай кез деп ойлайсыз? Дұрыс жауабын ешқашан дәл таба алмайсыз, ағайын. Өйткені, солай ойлау үшін керең де, мылқау да болу жеткіліксіз. Оны сөзбе сөз келтірейік: «Ұлтымыздың кенеттен бір біріне арыздануды доғарған тұсы – 1938 жылдан кейін» («после 1938 года, когда нация неожиданно перестала писать доносы друг на друга»)…
Қалың жұртымыздың жартысынан көбісінің қырылған кезі, зиялыларымызды тұтасымен түгін қалдырмай өлтірілген заман…
Автор ұялмастан, сол 1938 жылдан кейін қазақ ұлты аяқ астынан «өзінің бірлігін сезіпті» дейді: «нация ... ощутила свое единство»…
Ойын әрі қарай тәптіштеп ашпаса да, автор ойы әбден түсінікті және қазақ ұлтының кіммен, қай елмен өзінің ажырамас бірлігін «сезгенін» де білеміз…
Мақала соңында Чокан сұқ бармағын шошайтып жамағатқа былай деп ескертеді: ұмытпаңдар, бүгінгі Қазақстан “моноұлттық” (дараұлттық) бір елдің елі емес, одан құдай сақтасын. Сондықтан, қазақтар, сендер жаныңыздағы «көрші туыс халықтарға тарихи өш алушылық пен өре кемістігіңізді көрсете қоймаңдар» деп қояды (“родственные нам народы ждут не «понтов», обид, исторических претензий и демонстраций комплексов»).
Қай қазақ оларға қандай қысастық көрсетіпті?
Қысқасы, бүгінгі қазақ қандай болып шықты түбінде.
Біріншіден, тілі қазақша емес екені түсінікті. Қазақшадан және сол тілде сөйлейтін адамдардан, әсіресе, орысша мүлде хабарсыз оралмандардан (олар Қазақстанның негізгі қауіп-қатері ғой!) құдай сақтасын елімізді. Біз білмейтін тілде сөйлеп басымызды қатырады олар. Құдайға шүкір, біздің ниеттес үкіметіміз осы бағытты мықтап ұстап, бірер жылға шекараны олардан мықтап жауып тастады.
Екіншіден, бұрынырақта да қазақ жеріндегі ел тілін де, ұлттық ділін де талай жоғалта берген екен. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тіліңді білмесең де, ата-бабаларыңды ұмытсаң да, шүкір алла деп жүру керек.
Үшіншіден, бұл топырақ сенікі деп ойлаушы болма, қазақ. Ол кеше халқыңды қойдай қырған елдердікі. Соны ұмытпа. Және қырғанын, жойғанын, жеріңді тарылтқанын біле тұра, оны ұмытпадым деп ауыз ашушы болма, реңжіте көрме кешегі келімсектерді – бүгінгі ең жақын қара орман бауырларыңды. Олардың тілінде өмір сүріп, олардың мәдениетінен сусындап, оларға құшақ жайып, ал өз қара көз бауырларыңа есігіңді мүлде жауып тастап, шекараңды бекітіп тастап жүре бер, қазағым.
Сонда ғана сен нағыз қазақ боласың!
Чокан мырзаның басқа мақалаларында айтқан ойлары да қазақтың құлағына жетсе жарылған бомбадай әсер етері анық. Бірақ орыстілді БАҚ пен қазақтілді БАҚ бізде екі бөлек – саясаты да, аты да, заты да бөлек мемлекет қой. «Айқын» мен «Литер», «Егемен» мен «Казправдалар» бұған жақсы дәлел.
«Не хлебом единым» деген мақаласында (тек қана шетел музыкасынан рахаттанатын автор) қазақ әндері туралы: «Қазақ әніне қарап еліміз туралы пікір қалыптастырмаған жөн» дейді.
«Споры вокруг сталинизма» деген мақаласында «...қазақ ашаршылықта қырылмаса бүгін саны 40 млн шамасында болу мүмкін болар еді деген сөздер далбаса, өйткені, еш зұлмат жетпеген бізге ұқсас Моңғолияда халқының азын, көбеймеген санын көріп отырмыз» деп бір түйеді автор.
Сонда бұл «білімпазымыз», «жиырмасыншы ғасырдың басындағы дүркін-дүркін үйіріп әкеліп соққан қолдан жасалған ашаршылық болмағанда, қазақтың саны 45-50 миллионды құрайтын еді» деген елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзін жоққа шығарғысы келгені ме, жалпы тайға таңба басқандай анық тарихи деректерге қарсы шыққан түрі ме, әлде, елді қойдай домалатқан дұшпан мүддесін қорғағысы келгені ме? – оны бір құдай біледі.
Не де болса, бәрін кешіруге болатын еді. Бірақ жалпақ жұрт бір ауыздан сайлаған қазақтың бірінші президентінің ел тағдырына, ұлт мүддесіне байланысты кемелді сөзін осылай төмендетуге кім рұқсат берді Чокан Лаумулинге?
Жалпы осындай Сталиндік қатал саясат болмаса, екінші дүние жүзілік соғыста жеңіске жету екіталай болар еді деп те қояды.
Жарықтығың айта келе, «Керек болса, қырғынды бастаған Сталин оны кейін өзі де тоқтата білді. Ал, Қазақстандағы репрессияны ұйымдастырған, керек болса, қазақтың өзі...» (бұл да сол мақалада).
Міне осы сияқты мақалалары өте көп. Айтқан ақиқаты айтқан емес, бөскен, оттаған сөздері өте-мөте көп. Сенбесіңіздер ғаламторды шарлап көріңіздер. Шынын айтсақ, осынша уақытты да сарп етіп, қағазды босқа жұмсамауға да болар еді, осы сықылды данасымақтарды сынаймын деп. Өйткені, олардың ой-өрістері сыннан төмен деңгейде екені естіген жұртқа мәлім. Пәс, надан, мәңгүрттік, құлдық сана сынды қажет етпес.
Қаупі оларда емес. Мұның қауіпі бұл үрдіс жалпы сипат ала бастағанында, үкіметіміздің оған құлақ аса бастағандай болғанында (оралман жағдайы), «жаман үйде қонақ билейтіндей» бөгде елдердің саясаты ұлттық орыстілді ақпараттық кеңістігімізде қылаң беріп, жаппай жариялай бастауында болып отыр.
Енді осындай «саясатсымақ сайқымазағына» қоса оның «алаяқтығын» қоссақ, Чокан Турарович Лаумулинді «қандай қазақ» екендігін анық көруге болады.
Бүгін алдын алмасақ, ертең кеш бола ма деген қауіп жоқ емес бәрімізде.
Байжан Алтай
Астана қаласы
Достарыңызбен бөлісу: |