Қазақстанның оқу-ағарту жүйесі



Дата08.06.2018
өлшемі67,5 Kb.
#41814
Қазақстанның оқу-ағарту жүйесі
Оқу-ағарту жүйесi. Қазақстан жерiнде, әсiресе, оның отырықшы аудандарында орта ғ-лардың ерте кезеңiнде-ақ (7 — 8 ғ.) көптеген мектептер (мұсылманша бастауыш оқу орны) мен медреселер, дiни бiлiм беретiн ортадан жоғары оқу орындары жұмыс iстей бастаған. Ертедегi Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркiстан, Отырар, т.б. қ-лардағы медреселер саны 84-ке жеткен. Оларда 5 мыңға жуық шәкiрт бiлiм алған. Ауылдық мектептер кең-байтақ өлкенiң түкпiр-түкпiрiне орналасқан. онда молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналды. Балалар қыс, күз айларында ғана (жылына 4, не 6 ай) оқыған. Оқу мерзiмi 4 жыл, оқуға жетi жастан бастап қабылданған, кейбiр ауылдық жерде 7 — 9 жастағы балалар бiрге оқи берген. Оқу ақысы заттай төленген, жыл аяғында емтихан тапсыру, мектеп бiтiргенi үшiн балаға ресми куәлiк беру тәртiбi сақталмаған.
Сауат ашу жолы араб әрiптерi мен сөздерiн жаттауды, әсiресе құранның араб тiлiндегi мәтiнiн жатқа бiлудi мақсат еттi. Қалалардағы медреселерде ислам дiнiн уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерiнiң молдаларын, казиларды, дiндар сопылар мен шариғат заңдарын түсiндiретiн жоғары лауазымды дiн қызметшiлерiн даярлаған. Ол мұсылманшылық рәсiмдерiн таратушы оқу орны ғана емес, iрi мәдениет орталығы ретiнде де қызмет атқарды. Белгiлi ақындар, тiптi ағартушы-демократ ретiнде танылған қазақ зиялыларының бiразы осындай медреселердi тамамдаған. Мыс., орта ғ-дағы Отырар медресесiнде қазақ жерiнiң ұлы перзентi, Шығыс Аристотелi, екiншi ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби бiлiм алды. Берiректе Уфадағы “Ғалия” медресесiнде Т.Жомартбаев, М.Сералин, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Семейдегi Ахмет Риза медресесiнде Абай Құнанбаев оқыды. Бұл оқу орындарында дiн жолын уағыздайтын пәндерден басқа заңтану, тарих, логика, риторика, география, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. зайырлы пәндер оқытылған. Медреселердiң жанында кiтапханалар болды. Оқу мерзiмi шәкiрттiң алғырлығына, үлгерiм қабiлетiне байланысты болған. Оқуды тамамдаған шәкiрттерге ресми құжат табыс етiлдi. Киiз үйлерде оқытатын мұсылман мектептерi ауылдармен бiрге көшiп-қонып жүрген. Бай саудагерлердiң қаржыларына салынған қала медреселерi ғана арнаулы үйлерге орналасты. Бұл мектептерде оқу жоспары, бағдарламалары және тұрақты сабақ кестелерi болған жоқ.
Қазақстанның Ресейге қарап, оған империяның орт. аудандарындағыдай әкiмш. жүйе енгiзiле бастауына байланысты, жергiлiктi басқару буындарында iстейтiн шенеунiктер мен тiлмаштар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-тузем мектептерiн ашу қажеттiгi туды. Осы мақсатта Омбыда 1789 ж. “Азиялық училище” ашылды. Бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды. 1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгiр хан қазақ балалары үшiн орыс мектеп-пансионатын ашты. 1825 ж. Орынбордағы татар мектебi негiзiнде Неплюев кадет уч-щесi (ол 1844 ж. кадет корпусы болып аталды), 1846 ж. Сiбiр қазақ-орыс әскери уч-щесi негiзiнде Омбы кадет корпусы iрге көтердi. Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бiтiрдi. 1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшiн жетi жылдық мектеп ашылды. Осы мектептiң түлегi қазақтың демократ-ағартушы педагогi Ы.Алтынсариннiң басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебi және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерiнiң (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистiк идеяларын басшылыққа алып, өзi ашқан мектептердiң оқу жүйесiне енгiздi. Оның “Қазақ хрестоматиясы” (1879) мен “Қазақтарға орыс тiлiн үйретудiң бастауыш құралы” (1880) атты оқулықтары осы идеяға негiзделген шынайы демокр. бағыттағы еңбектер едi. Ы.Алтынсарин жаттамалы, мағынасыз дiни оқуға қарсы болды. Өзi ашқан қазақ-орыс мектептерiнде басқа ғылымдармен бiрге дiн тарихын да оқыта отырып, “Мұсылмандық шарттары” атты оқулығын жазды. Онда дiннiң имандылыққа, адамгершiлiкке тәрбиелеу шарттарын оқушыларға түсiндiру мақсатын көздедi. 1879 — 89 ж. Торғай обл. халық ағарту уч-щелерiнiң инспекторы қызметiнде жүрiп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерiнде екi сыныптық орыс-қазақ мектептерiн, 1888 ж. Орскiде мұғалiмдер мектебiн ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдiсiне қарсы күрестi. Мектептерде ана тiлiне қоса орыс тiлiн, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткiзудi қуаттады. Алтынсарин патша үкiметi жүргiзiп келген бұратана халықтарды орыстандыру — шоқындырып, тiлiнен, дiнiнен бездiру сияқты миссионерлiк саясатқа қарсылық бiлдiрiп бақты.
19 ғасырдың 2-жартысында қазақ мектептерi қандай болуы керек деген мәселе күн тәртiбiне қойыла бастады. Ол жөнiнде бiр-бiрiне қарама-қарсы екi көзқарастағы топтар пайда болды. Бiрi — бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетiнен қол үздiрiп, бiрте-бiрте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екiншiсi — орыс халқының прогресшiл озық мәдениет үлгiлерiн игеру арқылы өз елiн өркениеттi елдердiң деңгейiне көтерудi көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар едi. Абай “Дүниенiң кiлтi өнер-бiлiмде”, “Дүние де өзi, мал да өзi, ғылымға көңiл бөлсеңiз”, — деп жастарға жар салды. А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тiлiнде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бiр топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесiнiң төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту iсi дұрыс жолға қойылсын, ол үшiн ауыл мектептерiнде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тiлiнде жүргiзiлсiн” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тiлiнде тұңғыш әлiппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жетi рет қайта басылып, 1925 жылға дейiн қазақ мектептерiнiң негiзгi оқу құралы ретiнде пайдаланылып келген.
1920 ж. қазанда Қазақ АКСР-нiң ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды. 1921 ж. ақпанның 18-iнде Бүкiлқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бiрыңғай мектеп жүйесiн құру, кәсiптiк-тех. бiлiм беру, саяси тәрбие iсi, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды. 1922 — 23 ж. ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Олардың iшiнде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты. 1920 — 30 ж. республика мектептерiнiң оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-i күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жеттi (оның 1231-i қазақ мектебi), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жеттi (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлi де өз дәрежесiнде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары едi. 1928 ж. ҚазОАК-нiң 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерiнiң саны аз едi. Мыс., 1927 — 28 ж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбi 7 жылдық мектептi бiтiрiсiмен техникумдар мен ФЗО-ларға кетiп жатты. 1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тiлi болып келген араб әлiпбиiнен латыншаға көшуi оқу-ағарту iсiнiң дамуына үлкен соққы болып тидi. Араб әлiпбиiмен шыққан мәдени бай мұралардың көбi отқа өртелдi. 1940 ж. латын әлiпбиiнен кириллицаға көшу елдегi ағарту iсiн тағы көп жылға шегерiп тастады.
1937 ж. қазақ бастауыш мектептерiнiң саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жеттi. 1940 — 41 оқу жылында жалпы бiлiм беретiн мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары едi. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалiм кадрларының сапасы жақсарды. Мыс., 1940 ж. жалпы бiлiм беретiн мектептерде 44597 мұғалiм қызмет еттi, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдерi едi.
1945 — 60 ж. мектептердiң, оларда оқитындардың саны күрт өсе бастады. 1960 ж. жалпы бiлiм беретiн 10363 мектеп жұмыс iстедi, онда 1 млн. 814 мыңнан астам оқушы бiлiм алды. 1954 ж. тың игеру науқаны кезiнде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. 1960 ж. республика бюджетiнен оқу-ағарту iсiне 2 миллиард сомға таяу қаржы жұмсалды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесi мықтап қолға алынды. Бұл iспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, I.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгiлi ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орт. Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептерi жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептерiне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебi жабылды, қазақ тiлiндегi газет, журнал, кiтап таралымы құлдырап кеттi. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерiнде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептерi пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкiметi орыс тiлiн 1-сыныптан бастап оқыту жөнiнде қаулы алды. Бұл қазақ тiлiнiң рөлiн төмендетiп жiбердi.
1960 - 70 ж. арасында оқу мазмұнына iрi өзгерiстер енгiзiлдi. Мектептердi 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшiру iсi 1962 — 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық бiлiм берудi iске асыру заңы оқудың сапасына керi әсер еттi, талап төмендеп кеттi. Оқушылардың бiлiмге ынтасы кемiдi. Орыс тiлiн оқытуға ерекше көңiл бөлiнiп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орыс тiлiнде жүргiзiлгендiктен қазақ мектептерiндегi оқушылардың саны кеми түстi.
1980 - 90 ж. елiмiзде халыққа жаппай орта бiлiм беру саласында бiраз жұмыс жүргiзiлдi. Соның бiрi 6 жастан бастап оқыту болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегi шағын мектептер мәселесiн шешу, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта бiлiм беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелерiне ерекше көңiл бөлiндi. Мектептегi оқу iсi мемл. бiлiм стандартынан туындайтын жаңа талаптарға сай келетiндей етiп ұйымдастыруды, көп қаржы жұмсауды және ғыл.-зерттеу жұмысын жүргiзудi қажет етедi. Оның бiрiншi кезеңi 1994 — 97 ж., жалпы бiлiм беретiн мектептердi толық бiлiм стандартына көшiру iсiн аяқтау 2001 — 02 жылдарды қамтыды. Жалпы бiлiм беретiн базалық мектептердегi оқу жүйесi — 11 жылдық. Белгiлi бiр бiлiм салаларына икемi бар балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер ашу, оқуды тегiн оқытумен қатар жекелеген ақылы мектептер ашу iсi де жүргiзiлдi.
Қазақстанда тұңғыш мұғалiмдер семинариясы 1883 ж. Ы.Алтынсариннiң басшылығымен Орск қ-нда ашылды. Ыбырай енгiзген оқу-ағарту iсiндегi бiр жаңалық — қазақ жастарына арналған тұңғыш кәсiптiк мамандық беретiн уч-щелердiң ашылуы болды. 1886 ж. Торғайда қолөнер уч-щесi, 1888 ж. Торғай мен Ырғызда қыздар пансионаттары, ал 1889 ж. Қостанайда а. ш. уч-щесi ашылды. Бұдан кейiн 1890 ж. Қарабұлақта, 1893 ж. Қостанайда, 1896 ж. Ақтөбеде қыздар уч-щесi iске қосылды. Бұл оқу орындарында қолөнерi мен а. ш. шеберханалары жұмыс iстедi. Алтынсариннiң кәсiптiк бiлiм беру жөнiндегi ой-пiкiрi кеңiнен қолдау тауып, 1902 ж. Семейде мұғалiмдер семинариясы ашылып, Орт. Қазақстан өлкесiндегi (Семей, Өскемен, Қарағанды, Ақмола) мектептерге мұғалiмдер даярлау iсi қолға алынды. Онда қазақтың аса көрнектi қоғам және ғылым қайраткерлерi Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов, М.Ақынжанов, О.Жәутiков, Ә.Сембаев, тұңғыш генерал Ш.Қабылбаев, Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықов, Кеңес Одағының Батырлары: Iзғұтты Айтықов, В.А. Шулятников, Б.Бунтовских, Соц. Еңбек Ерлерi: Ж.Шәйжүнiсов, М.А. Носова, Д.М. Парлей, т.б. оқыды. Кейiн мұғалiмдер семинариясы Ташкент, Омбы, Орал, Ақтөбе, Алматы, Ақмола қ-ларында ашылды. 1883 — 1920 ж. аралығында оны 300-дей қазақ балалары бiтiрiп шықты. 1941 ж. КСРО-да 1 млн-ға жуық оқушысы бар арнаулы орта бiлiм беретiн 3773 оқу орны жұмыс iстедi. Ал 1957 — 58 оқу жылдарында техникумдар мен уч-щелерде, арнаулы мектептерде 2 млн. оқушы болды. 1940 — 41 оқу жылында арнаулы орта бiлiм беретiн 118 мектепте 30 мың оқушы оқыды. 1969 — 70 оқу жылында бұл мектептердiң саны 186-ға жетiп, 43610 оқушысы болды. 2-дүниежүз. соғыстан кейiнгi жылдары арнайы орта бiлiмдi мамандарды неғұрлым қысқа мерзiмде даярлау қажеттiгiне байланысты бұл оқу орындарына 9 сыныпты бiтiргендер ғана емес, орта мектептi бiтiрген жастар да қабылданатын болды. Олар 1,5 — 2 жыл iшiнде арнайы мамандықты игерiп, өндiрiске жолдама алды.
Арнаулы орта бiлiм беру саласында оқушыларды еңбекке баулу және кәсiптiк бағдар беру жүйесi негiзiнен орнығып, тиiмдi түрлерi мен әдiстерi белгiлендi. Жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулудың және кәсiптiк бағдарлаудың ұйымдық нысандары мен мазмұнында елеулi өзгерiстер болды. КОКП ОК мен КСРО Мин. Кеңесiнiң “Жалпы бiлiм беретiн мектептерде оқушыларға бiлiм беру, тәрбиелеу мен оларды еңбекке баулуды одан әрi жетiлдiру туралы” қаулысы жастарды материалдық өндiрiс саласында еңбек етуге даярлау және болашақ мамандықты дұрыс таңдау iсiндегi жаңа бiр маңызды кезең болып, еңбекке баулуды ғыл. негiзде жүйелi жүргiзу және оқушыларға кәсiптiк бағдар беру негiзiнен орындалды. Мектептер кәсiптiк-тех. уч-щелермен тығыз байланыс жасап тұрды. Мектеп реформасын жүзеге асыру бағытында бiрлескен кешендi шаралар белгiлендi. Жоғары сынып оқушыларына кәсiптiк бағдар берумен қатар электронды-есептеуiш микропроцессорлы техникамен қоса металлургия өндiрiсiн, автоматика, телемеханика негiздерiн оқыту қолға алынды. Ауыл мектептерiндегi оқушылар мал ш-нда жұмыс iстеуге үйрендi. Оқушылардың өндiрiстiк бригадалары, дала қостары өмiрге келдi. Олар экон. жағынан тиiмдi болып, кезiнде елдiң азық-түлiк бағдарламасына елеулi үлес қосты.
1991 ж. жаңа үлгiдегi мектептер мен арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындары: лицей, гимназия, кәсiптiк-тех. мектептер, колледждер өмiрге келдi. 2003 ж. республикада — 108 гимназия, 63 лицей, 289 лицейлiк және гимназиялық сыныптары бар мектептер, дарынды балаларға арналған 30 мектеп жұмыс iстедi. Сондай-ақ, 312 кәсiптiк-тех. мектепте 89 мыңнан астам оқушы, 382 колледжде 207 мыңнан астам студент оқыды. 1995 ж. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, онда жалпыға бiрдей мiндеттi әрi тегiн орта бiлiм беру бағыты жарияланды. ҚР “Бiлiм беру туралы” жаңа Заңында да (1999 ж. 7 маусымда қабылданған) бұрынғыдай жалпы бiлiм беретiн мектептiң бастауыш (1 — 4-сыныптар), негiзгi (5 — 9-сыныптар) және жоғары (10 — 12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекiтiлдi. Орта (толық) бiлiм алудың түрлi жолдары айқындалды. Орта бiлiм жалпы бiлiм беретiн (күндiзгi, кешкi) және кәсiптiк мектептер (лицейлер) мен колледждерде берiлетiн болды. Мұнда оқушы кәсiби мамандық алумен қатар оқуын мектеп бағдарламасы бойынша аяқтайды. “Бiлiм беру туралы” Заңға сәйкес бұрынғы нормативтiк құқықтық негiз жаңартылып, мемл. “Бiлiм” бағдарламасы жасалуда. Бұл бағдарлама бiлiм беру жүйесiн реформалауды қазiргi экон., әлеум. және саяси жағдайға сәйкестендiредi.
1990 — 99 ж. ҚР бiлiм саласына қатысты оннан астам мемл. бағдарламалар қабылданды. Олар: “Дарын” мемлекеттiк бағдарламасы. Дарынды балалардың шығарм. дамуын қолдау мақсатын көздейдi. Осы бағдарлама шеңберiнде 1997 ж. республиканың сегiз облысында дарынды балалар үшiн арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар респ. “Дарын” ғыл.-практик. орт. құрылды. 1996 жылдың соңында шет елдерде тұратын отандастарды қолдау мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Оның шеңберiне тарихи отанына оралған оралмандарды оқыту мен қайта оқыту кiредi. 1997 ж. Орта бiлiм жүйесiн ақпараттандырудың мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты — республика мектептерiн мультимедиялық компьютерлiк сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлiк оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, бiлiм берудi басқару жүйесiн ақпараттандыру. “Жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердi дайындау және басып шығару туралы” кешендi бағдарлама жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн жаңа үлгiдегi оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдар жасауды мақсат етедi. Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы тiлдердi оқытудың түпнұсқа бағдарламалары мен жаңа технологиясын дайындауды, қазақ тiлiн оқытуды тиiмдi жүргiзуге байланысты оқулықтар, аудиокөру, компьютерлiк бағдарламалар шығаруды көздейдi. Экологиялық бiлiм беру бағдарламасы респ. бiлiм беру және басқа құрылымдарында үздiксiз экол. бiлiм берудi дамыту мен үйлестiрудi мақсат еткен. ҚР-да 1998 — 2000 ж. кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жөнiндегi кешендi бағдарлама, т.б. бағдарламалар бар.
1919 — 20 ж. Орынборда, Ордада, Семейде ағарту ин-ттары, 1920 ж. қарашада Түркiстан мемл. ун-тi (кейiннен Орта Азия ун-тi) ашылды. Бұл ун-т Орта Азия мен Қазақстан үшiн кадр даярлаудың негiзгi орталығына айналды. Оның жанында қазақ жастарын оқытатын арнаулы бөлiмдер болды. 1920 ж. Ордада, Бөкей халық ағарту iсi бөлiмшесiнде Бөкей ағарту ин-ты ашылды. 1921 ж. Орынборда (кейiн Қызылордаға көшiрiлдi) және Верныйда Қазақ халық ағарту ин-ттары ашылды. Бұл жылдары Ресей мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер саны жыл сайын өсiп отырды. 1926 ж. 2 шiлдеде Ташкенттегi Қазақ ағарту ин-ты пед. ин-т деп аталды.
Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны — Қазақ пед. ин-ты 1928 ж. Алматы қаласында ашылды. Бұдан кейiн Алматыда 1929 ж. Алматы малдәрiгерлiк ин-ты, 1930 ж. Қазақ а. ш. ин-ты, 1931 ж. Қазақ мед. ин-ты, 1932 ж. Орал пед. ин-ты ашылды. 1932 ж. республиканың 6 жоғары оқу орынында 2 мың студент оқыды, олардың 40,5%-ы қазақ жастары едi. 1934 ж. Қазақ мемл. ун-тi және Тау-кен-металлургия ин-ты ашылды. 1941 ж. республиканың халық ш-нда жұмыс iстейтiн кәсiби мамандардың (52,3 мың адам) жоғары бiлiмдiсi 16,8 мың адам, яғни 32,2% болды. 1940/41 оқу жылы республиканың 20 оқу орнында 10419 студент оқыды. 1950 — 60 ж. Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Ақмола (қазiргi Астана) қ-ларында педагогика, Орал мен Ақмолада а. ш., Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмолада медицина ин-ттары, Алматыда — Алматы халық ш. ин-ты (қазiргi Қазақ экономика ун-тi), Қарағандыда политех. және кооп., Павлодарда индустр., Өскеменде құрылыс-жол, Ақмолада инж.жол-құрылыс, Таразда гидромелиоративтiк-құрылыс және технол. ин-ттар ашылды. 1972 ж. Қарағанды мемл. ун-тi, Арқалық, Талдықорған пед. ин-ттары ашылды. 1986/87 оқу жылында Қазақстанның 55 жоғары оқу орынында 274 мың студент оқыды. 2000/2001 оқу жылында елдегi 47 мемл. жоғары оқу орыдарындағы студенттер саны 267 447 болды.
Жоғары деңгейдегi мамандар даярлау, бiлiм беру, ғылым мен мәдениеттi дамытуда үлкен жұмыстар атқарып отырған сегiз мемл. жоғары оқу орнына 2001 ж. 5 шiлдеде ҚР Президентiнiң Жарлығымен ерекше мәртебе берiлдi. Олар: Әл-Фараби атынд. Қазақ ұлттық ун-тi; Л.Н.Гумилев атынд. Еуразия ұлттық ун-тi; Қазақ ұлттық агр. ун-тi; Қ.И. Сәтбаев атынд. Қазақ ұлттық тех. ун-тi; С.Ж. Аспандияров атынд. Қазақ ұлттық мед. ун-тi; Т.Қ. Жүргенов атынд. Қазақ ұлттық өнер академиясы; Құрманғазы атынд. Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ ұлттық музыка академиясы.
Бұлармен қатар республикада 35 мемл. жоғары оқу орны бар. Олар: Ақмола мемл. мед. академиясы, Ақмола агр. ун-тi, Ақтау мемл. ун-тi, Ақтөбе мемл. ун-тi, Алматы технол. ун-тi, Атырау мұнай және газ ин-ты, Атырау ун-тi, Арқалық мемл. пед. ин-ты, Шығ. Қазақстан мемл. ун-тi, Шығ. Қазақстан мемл. тех. ун-тi, Жезқазған ун-тi, Жетiсу мемл. ун-тi, Бат. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Бат. Қазақстан мемл. ун-тi, Қазақ көлiк және коммуникация академиясы, Қазақ мемл. спорт және туризм академиясы, Қазақ мемл. заң академиясы, Қазақ мемл. қыздар пед. ин-ты, Қазақ халықар. қатынастар және әлем тiлдерi ун-тi, Қарағанды мемл. мед. академиясы, Қарағанды мемл. тех. ун-тi, Қарағанды мемл. ун-тi, Қарағанды металлургия ин-ты, Көкшетау мемл. ун-тi, Қостанай мемл. ун-тi, Қызылорда мемл. ун-тi, Халықар. қазақ-түрiк ун-тi, Павлодар мемл. ун-тi, Рудный индустр иялық ин-ты, Солт. Қазақстан мемл. ун-тi, Семей мемл. медицина академиясы, Семей мемл. ун-тi, Тараз мемл. ун-тi, Оңт. Қазақстан мемл. мед. академиясы, Оңт. Қазақстан мемл. ун-тi. ҚР Қорғаныс мин-нiң әскери оқу орындары Қазақстанның Қарулы Күштерi үшiн командалық, инж.-тех. және арнаулы мамандықтар бойынша кадрлар даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру мақсатын көздейдi.
Қазақстан Республикасы әскери оқу орындарына: ҚР Қарулы Күштерiнiң Әскери академиясы, Ақтөбе жоғары әскери авиац. уч-щесi, Азаматтық авиация академиясы жанындағы әскери ф-т, ҚР Қорғаныс мин-нiң кадет корпусы, “Жас ұлан” респ. мектебi, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардағы офицерлер құрамын даярлау және қайта даярлау курстары жатады. Алғашқы мемл. емес жоғары оқу орындары Қазақстанның тәуелсiздiгi жарияланғаннан кейiн ғана пайда болды.
Өзiнiң он жылдық дамуы барысында жоғары кәсiби бiлiм берудiң мемл. емес секторы жалпы бiлiм беру жүйесiнде елеулi рөл атқара бастады. 2001 жылдың басында елде жоғары кәсiби бiлiмдi мамандар даярлауға мемл. лицензия алған 121 мемл. емес жоғары оқу орны болды.

Қазақстан Республикасы, денсаулық сақтау ісі
Денсаулық сақтау iсi. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар ҚР Конституциясына, “Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау туралы” Заңға, “Халық денсаулығы” атты мемл. бағдарламаға сәйкес жүргiзiледi. ҚР азаматтарының денсаулығын қорғау тұрғысындағы мемл. саясат мына принциптерге негiзделген: мемл. денсаулық сақтау мекемелерi көрсететiн дәрiгерлiк-санитарлық, дәрiгерлiк-әлеум., дәрi-дәрмектiк көмектiң мемл. кепiлдiгiн қамтамасыз ету; олардың орындалуын қадағалаудағы жауапкершiлiгi; денсаулығынан айырылған азаматтардың әлеум. қорғалуы, кепiлденген дәрiгерлiк жәрдем шеңберiне сәйкес дәрiгерлiк жәрдем алудың әлеум. әдiлеттiгi және теңдiгi.
Республикадағы барлық мамандық бойынша дәрiгер саны 50,6 мың немесе әрбiр 10 мың тұрғынға 33,9 дәрiгерден келедi. Орта буын медицина қызметкерлерiнiң саны 104,4 мың адамды құрайды (10 мың тұрғынға 74,1). Жоғары бiлiмдi медицина кадрларын мамандандырылған 6 жоғары оқу орындары даярлайды. Барлық облыс орталықтары мен iрi қалаларда орта буынды медицина қызметкерлерi даярланады.
Қазақстанда тұрғындарға емдеу-профилактик. қызмет денсаулық сақтау iсiнiң аумақтар бойынша тарамдалған нысандары арқылы жүзеге асырылады. Халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсететiн мекемелер саны 1999 ж. 3057, әйелдер консультациялары, балалар емханалары мен жеке амбулатория саны 1738 болды. Тұрғындарға стоматол. көмек көрсететiн мекемелер саны көбейе түстi. 1990 ж. республикада 88 жеке стоматол. емхана жұмыс iстесе, қазiр олар 3 есе көбейiп, қазiргi уақыттағы саны 243-ке жеттi. Сондай-ақ, халыққа стоматол. қызметтi 1042 стоматол. кабинеттер де көрсетедi.
20 ғасырдың 90-жылдары жекеменшiк медицина кең етек жая бастады. Iрi кәсiпорындар мен мекемелерде, ауылдық елдi мекендерде санитарлық, дәрiгерлiк, фельдш.-акушерлiк пунктер жұмыс iстейдi. Республикада (негiзiнен, облыс орталықтары мен Астана, Алматы қ-нда) әр түрлi ауру-сырқаттарды емдейтiн iрi мамандандырылған медицина орталықтары бар. Соңғы жылдары, Қызылорда мен Жезқазған қ-ларында, елiмiздiң экол. қолайсыз аймақтарының тұрғындарына көмек көрсететiн iрi, қазiргi заманғы жаңа құралдармен жабдықталған мед. орталықтар iске қосылды. 1990 ж. Қазақстанда 440 санаторий мен басқа да емдеу-сауықтыру мекемелерi жұмыс iстедi. Оларда 64 мың орын болды. Қаз.энциклоп. 5 том
Қаз.энциклоп. 5 том

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет