ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ҚЫТАЙ ТІЛІ ЖАЙЫНДА
Сабырданқызы Г. – аға оқытушы
(Алматы қ., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті)
Андатпа. Әлемдік өркениетке ілесе біздің елімізде де түрлі шет тілдеріне деген қажеттілік туа бастады. Соның ішінде қытай тілі де бар. Бүгінгі таңда қытай тілін үйренушілердің қатары күннен-күнге артып келеді. Олардың кейбіреулері қытай тілін үйрену арқылы бес мың жылдық қытай мәдениетін игеруді мақсат етсе, енді біреулері қытайдың сауда-экономикасын, саясатын және әлемдік қарым-қатынастарын зерттеуді мақсаттайды. Осындай жағдайда көптеген тіл үйренушілер аз уақыт жұмсап көп нәрсе үйреніп, тез жетістіктерге жетуді қалайды. Міне осы мақсатқа жету үшін не істеу керек?
Түйін сөздер: Қытай тілі, тіл дыбыстары, грамматика, иерогилиф, тілдік ерекшелік.
Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы ежелгі көрші ел. Яғни қазақ халқы мен қытай халқының бір-біріне ықпалдастығы өте ертеден қалыптасқан. Сонау Үйсін мемлекетінің тұсынан бастап, бүгінге дейін бұл екі ел арасындағы байланыс еш үзілген емес, мұның дәлелі бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай жазбаларында осыдан үш жарым мың жыл бұрынғы Үйсін Қағандығы туралы барлық деректер жазулы тұр. Міне, осы деректерге сүйене отырып, Үйсін хандығының өзіндік мәдениеті бар, қорғанысы бекем, төңірегіндегі елдерге ықпалды ел болғандығын білдік. Қытай жазбаларында «жиырма төрт тарих» деген бар. Бұл сол үйсін хандығы негіз еткен жалпы түркі дүниесінің қытайға жасаған жиырма төрт түрлі ықпалы. Яғни, қытай қытай болғалы бергі тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, музыкасы, әдебиеті, әскери тактикасы тағы сол сияқты жиырма төрт түрлі тарихы жалпы түркі әлемімен тығыз байланыста екендігін өте ашық жазып қалдырған. Мұндай үлкен тарихтың жазылып қалуына біріншіден қытай халқының ежелден бергі күнделік жазу дәстүрі болса, екіншіден түріктердің шабуылынан қорғану үшін болған. Міне, осы тарихқа қарап, біз өзіміздің кім екенімізді және қандай ел болғанымызды білдік. Нағына келгенде, біздің тарихымыз тереңде. Өкінерлігі – біздің негізгі тарихымыз басқа елдің тілінде жазылған. Сондықтан да біздің бүгінгі өскелен ұрпақ ата-бабамыздың басып өткен жолын біліп, бағасына жетіп, даңқын асқақтату үшін сол тарихымыз жазылып қалған елдің тілін біліп, жазуын меңгеру өте қажет болыр отыр.
Біздің еліміздегі кейбір жоғары оқу орындарында қытай тілінде «Шығыстану», «Аударма ісі», «Қытай филологиясы» бағыттарындағы мамандықтар ашылған. Біздің университетімізде қытай тілі «Шет тілі: екі шет тілі» бағыты бойынша екінші шет тілі ретінде жүргізіледі. Біздің осы пәнді оқытудағы жетекші мақсатымыз – қытай тілін үйренуді жаңадан бастаушылар үшін қытай тіліндегі дыбыс, сөз тіркестері, грамматика, қытай иероглифтерімен танысу сияқты қытай тіл білімінің негізгі факторлары арқылы қытай тілінің негізін қалыптастыру, дәрісханадағы оқу-жаттығулар арқылы студенттердің тыңлау, сөйлеу, оқу, жазу қабілетін жетілдіру. Сөйтіп олардың қоғамдық қарым-қатынаста қытай тілін қолдану қабілеттерін арттыруға баулу.
Қытай тілін оқыту процесы – жаңа сөздермен танысу, мәтін, грамматика, кейбір тұрақты сөздер мен ерекше қолданыстағы сөздердің мағынасы жағынан түсініктеме беру және жаттығу жасау сияқтылардан тұрады. Осының ішінде мәтінді оқыту ең маңызды орын алады. Оның себебі үйренген жаңа сөздер мен грамматикалық түйіндерді тек мәтінде ғана сәулелендіре көрсетміз. Сондықтан сабақ кезінде үйренушілердің санасын мәтінді тыңдауға, оқуға, айтуға шоғырландыру керек. Бірте-бірте қарапайымдылықтан күрделілікке қарай сөйлемнің құрылымы, сөздердің мағынасы және сөздердің қолданылу тәсілі сынды үш жақты бірлестіре отырып, оқу-оқыту процесін жүргізу керек. Сол арқылы үйренушілердің білімін тереңдетіп тілді қолдану аясын арттыруға болады.
Қытай тілінгі грамматикалық түйіндерді жақсы үйрену тілді жақсы үйренудің негізгі шарты. Грамматика – тілдің құрлымдық ерекшелігі. Грамматика жоқ жерде тіл туралы сөз айтуға болмайды. Сондықтан сөздерді грамматикалық жүйеге түсіріп, сөйлем құрау арқылы ғана өз ойыңды жеткізуге, қарым-қатынас жасауға болады. Грамматиканы жақсы үйрену арқылы тілді талдауға және дұрыс қолдануға болады. Яғни біздің грамматиканы жақсы үйрентуіміз – тілдің құрылымдық ерекшеліктерін танымдық жақтан дәл, анық түсіндіру болмақ. Біз тілдің нақты ерекшеліктерінен пайдалана отырып, үйренушілердің тілді тез әрі жақсы үйренуіне әрі дұрыс талдау жасау қабілетін арттыруымызға болады. Қытай тілі грамматикасын жақсы үйрену аударма қызметін де жақсы істеудің негізгі шарты.
Ендеше қытай тілін қалай үйрену керек? Мұндағы басты нәрсе үйретушінің біліктілігімен үйренушінің ізденісінің сәйкесуі. Мен өзім оқытушы ретінде қытай тілін үйретуде төмендегідей үш түрлі жолын ұсынар едім:
Дұрыс дыбыстау немесе алфавитті білу.
Дұрыс жазу немесе иероглфтерді таңбалау
Ана тілінің яғни қазақ тілінің грамматикасын жақсы білу.
Көп адамдар қытай тілінде алфавит жоқ деп қарайды. Олай емес. Дүниеде алфавитсіз тіл болмайды. Әр ұлт өзінің ұлттық ерекшелігіне қарай, сол алфавитті немесе дыбысты дыбыстауларында өзіндік өзгешелік болады. Мысалы, қытай халқы «р» дыбысын дыбыстағанда тіл бұралып, жартылай дыбысталады. Қазақ, орыс халықтарында бұл дыбыс еш қиындықсыз «р...р» күйінде толық шығады. Міне, осы сияқты мысалдарды түрлі ұлттардың дыбыстау ерекшеліктерінен кездестіруге болады.
Қытай тілінде сөздер буын арқылы жасалады. Ал буын шыңму мен иүңму дан құралады. Қытай тілінде 21 шыңму (дауыссыз дыбыс), 6 иүңму (дауысты дыбыс) бар. Олар мыналар:
b, p, m, f, d, t, n, l, z, c, s, zh, ch, sh, r, j, q, x, g, k, h
Бұл шыңмулар ешқашан өзгермейді, тұрақты болады Ал, иүңмулар мыналар:
a, o, e, u, u, i
Бұлар жалаң иүңмулар. Жалаң иүңмулар бір-бірімен өзара қосрлана келіп, (екеуі немесе үшеуі) қосар иүңмулар ды қалыптастырады.
Мысалы:
ao, ai, ei, ui, iao, uai
Мұрын дыбыстарымен бірігіп келіп мұрын иүңмуін жасайды.
Мысалы:
an, ang, ong, eng, in, ian
Жалпы дауыстылардың немесе иүңмулардын саны 38. міне отыз сегіз иүңмулар кез-келген шыңмулар мен бірігіп белгілі бір буын құрайды. Мысалы, «һ» шыңмуы мен қосарланған «aо» иүңмуы бірігіп келіп, бір буын қалыптастырады да «好haо» (жақсы) деген бір буынды сөз жасайды.
Осылайша, кез-келген шыңму кез-келген иүңмумен біріге келіп қытай тіліндегі буынды қалыптастырады. Қытай тіліндегі бір буын бір сөз болады, әрі бір иероглиф болады.
Кейде қосарланып келеді де бір сөз жасайды.
Жалпы қытай тілінде төрт жүзден аса буын бар. Бұл қытай тілінде төрт жүз ғана сөз немесе иероглиф бар дегендік емес. Керісінше төрт мың, тіпті одан да көп. Басқаша айтқанда, айтылуы (дыбысталуы) бірдей бір буынды сөзден бірнешеуі келе береді. Мысалы: «ma» деген бір буынды сөзден дыбыстау ырғағына, таңбалануына қарай төрт сөзді айтуға болады. Олар мыналар:
马ma
妈ma
骂ma
麻ma
Бұл бір буынды, бір дыбысталудағы сөздердің қазақша мағыналары мүлде басқа-басқа сөздер болып табылады. Мысалы, олар: ат, кендір, янаттау, сұрау сөйлемнің соңындағы жалғаулық. Сияқты.
Міне сондықтан да, қытай тілін үйренуші ең әуелі қытай фонетикасын, шыңмулар мен иүңмуларды әрі осы шыңмулар мен иүңмулардан жасалған кез-келген сөзді (буынды) өз ырғағында дұрыс дыбыстай алуы шарт. Өйтпегенде қытай тіліндегі дыбысталуы бірдей, мағынасы басқа-басқа сөздерді бір-бірімен шатастырып, ұғымдық жақтан мүлде қателік болады.
Бұл қытай тілін үйренудегі ең негізгі шарт.
Ендігі мәселе, қытай тілін үйренуде дұрыс жаза білу болмақ.
Әр ұлттың жазу мәдениеті, жазу тарихы болады. Қытай халқының жазу тарихы ұзақ, өзіндік жазу мәдениеті бар. Олар да дүниедегі көптеген ұлттар сияқты алғашқы жазуларын тасқа, сүйекке, ағашқа жазған.
Қытай жазуы бейнелі жазу болып табылады. Ең әуелі айналадағы заттардың пішініне сәйкес суретін сызған. Мысалы, күн деген сөзді жазу үшін дөңгелек сызып, дәл ортасына бір нүкте қойған ( ). Келе-келе бұл таңба немесе иероглиф өзгеріп, бүгінгі күнде «日ri» деген иероглиф таңбаланып, қазақша күн болып қалыптасты.
Қытай иероглифтерінің қалыптасуы ең әуелі жоғарыдағы формула жақтан жасалуымен бір уақытта мазмұндық жақтан да қалыптасқан. Мысалы, қытай елі әуелі егіншілікпен айналысқан ел. Соған байланысты егіс алқаптары көп болған. Демек егіс алқаптарына еңбек күш те қажет болған. Әрине ол еңбек күш ер-азаматтардың болуын талап ететін еді. Сондықтан ер деген сөз (иероглиф) таңбалануы керек болған. Осындағы ер деген сөз қытай тілінде «男nan» деп айтылады да, жазылуы егістік (қытай тілінде «田tian») және күш (қытай тілінде «力li») деген екі сөздің (иероглифтің) қосындысынан құралады. Яғни «男nan» деп жазылады.
Міне, бұл қытай иероглифтерінің қалыптасу барысы болса, енді осы иероглиф болып қалыптасқан, белгілі формада жазылған әрбір қытай иероглифтерінің өзіндік жазылу тәртібі бар.
Жалпы қытай иероглиферін жазула төмендегідей 7 түрлі жазылу тәртібі бар. Мұны қытай тілінде «笔顺bishun» дейді.
Алдымен көлденең, сосын тік
2. Солдан оңға қарай
3. Жоғарыдан төмен қарай
4. Алдымен оңға қиғаш, сосын солға қиғаш
5. Сырттан ішке қарайды
6. Алдымен ішке кіріп, сосын есікті жабу
7. Алдымен ортасы, сосын екі жағы
Әбір әріптерді осы тәртіптер бойынша жазу керек.
Бұдан өзге әрбір әріп үлкен-кішілігіне қарай айтылуы да, жазылуы да бөлек-бөлек сызықтардан құралады. Бұл сызықтарды қытай тілінде «笔画bihua» дейді. Әрбір «笔画bihua» өзіне тән бағыттық сызу тәртібі болады. Бір сызықтың орнына басқа бір сызықты сызуға мүлде болмайды. Онда жазған иероглиф сөзіңіз басқа иероглифке өзгеріп кетуі әбден мүмкін.
Мысалы «牛» қазақшасы сиыр деген сөзбен «午» қазақшасы түс мезгілі деген сөздің жазылуы өте жақын, бір ғана сызықтың айырмасы арқылы парықталып тұрады. Сондықтан, қытай иероглифтерін жазған кезде «bihua» мен «bishun» баса назар аудару керек.
Қытай тілін үйренушінің тағы бір білуге тиісті ісі ол өзінің ана тілінің грамматикасын жақсы білуі керек. Ол дегендік өз тілінің грамматикасын анық білмей тұрып өзге тілді меңгеру мүмкін емес дегендік еді. Тіл маманы үшін тіпті де сын.
Қазақ тіліндегі сөз таптарын, сөйлем мүшелерін дұрыс ажырата білу керек. Оның сөйлемдегі орнын да білуі тиіс.
Мысалы, қазақ тілінде зат есім сөйлемде көбінесе бастауыш қызметін атқарады десек, қытай тілінде де солай болады. Қазақ тілінде баяндауыш немесе етістік сөйлемнің соңында келсе, қытай тілінде сөйлемнің ортасында келеді.
Мысалы, қазақшада «мен үй тазаладым» 我打扫房子болса, қытай тілінде «мен тазаладым үй» түрінде келеді.
Міне, осы сияқты екі тілдегі ұқсастықтар мен ұқсамастықтарды салыстыра білу керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қытай тілі (жалпыға арналған) Үрімші, “Шыңжаң оқу-ағарту баспасы” 2011ж.
Толқын Қалибекұлы.
2. Қытай тіл оқулығы Үрімжі, «Шыңжаң халық баспасы» 2005ж аударған: Ә. Әлімғазыұлы, Қ. Ғабитханұлы
3. Қазіргі заман қытай тілі грамматикасы. Үрімші, “Шыңжаң оқу-ағарту баспасы” 1996ж.
4. «Қытай иерогилифтерін дұрыс жазуға жаттығу дәптері» Көлемі 48 бет, Халық оқу-ағарту баспасы.
5.«Сөйлеуге жаттығу кітабы» Көлемі 150 бет, Бижиң тіл университеті баспасы.
Достарыңызбен бөлісу: |