Орындаған: Көлбай Маржан
Қабылдаған: Кәкен Қамзин
Қазіргі редакция жұмысының эволюциясына сараптама
Кез-келген істе бастысы – адамдар, адамның мүмкіндіктері, әлеуеті, жұмыс істеуге деген ниеті, әлденені үйренуге деген құлшынысы, бір-бірімен қарым-қатынасы. Әсіресе, медиа қызметкерлерінің арасындағы өзара жеке және кәсіби қарым-қатынастың маңызы зор. Қазіргі редакция жұмысының жақсы дамуы үшін жасалатын жұмыстарды талқыласам:
Қызметкерлеріңіздің қолынан келетін істердің тізімін жасаңыз. Оны өзіңіз жасасаңыз да, үздіктерді араластырып, тіпті бүкіл қызметкерлер штатын қатыстыра отырып әзірлесеңіз де болады. Сіздің мақсатыңыз – штаттағы әр адам ортақ іске қандай үлес қоса алатынын анықтау және соны мойындай алу болуы керек. Кім бағдарлама жаза алады? Сұхбат алуда алдына жан салмайтын кім? Әлеуметтік медианың майын ішкен қызметкер бар ма? Шет тілдерін кім біледі? Араларыңызда оқырмандарыңызды түстеп танитын адам бар ма? Қазіргі таңда редакторлар қайнайтын қазанда жеке қызметкердің дағдылары мен машықтары байқалмай, еленбей қалып жатады. Соның нәтижесінде, ұжымдағы адамдардың қарымы мен қабілеті лайықты бағаланбай қалады. Сөйтіп, қазіргі жағдай, стратегия белгілі бір дағдыларды, яғни цифрлік дағдыларды – меңгеруге келіп тірелгенде, ол дағдыларды меңгермегендер назардан тыс қалады. Сөйте тұра, кейбір қызметкерлер әлеуметтік желіде жұмыс істеуге машықтануы керек, енді біреулері – сұхбат алуда тәжірибе жинауы тиіс. Оның бәрін кім үйретеді?
Шын мәнінде үйрететін орта қалыптастыру әркімнің қолынан келетін істі бағалай білуден басталады.
Сол дағдыларды қалай пайдалануға болатынын зерттеңіз. Көрінеу дүниелерден де кеңірек көруге тырысыңыз. Айталық, бір қызметкердің дағдылары мен машықтарын мақалалар мен іс-шараларды медиада ілгерілетуде қалай қолдануға болатынын білесіз. Ендігі жерде, сол қызметкер тілшілерге краудсорсинг жүргізудің тиімді тәсілдерін табуына көмектессін.
Ол сіздің қауымдастықта жақсы талқыланатын тақырыптарды әлеуметтік желілерді қолдана отырып тауып беруге, сол арқылы қоғамда көп пікір тудыратын тақырыптағы сюжеттер әзірлеуге көмектесе ала ма? Бәлкім, осы қызметкер әлеуметтік желілерді пайдаланып, тілшілер жаңалық іздеу кезінде ақылдасып отыра алатын эксперттер тауып беруге көмектесе алатын шығар?
Ал оқырмандарыңыз қауымының тарихын бес саусағындай білетін визуал журналист ше? Ол сіздер қазір жария етіп отырған тақырыптар бойынша маңызды контекст тудыра алатын бұрынғы оқиғалар туралы ақпарат жинасын. Не болмаса, оның қолындағы тарихи суреттер жинақтары тарихи тақырыптағы жаңа сайттың бастамасы болатын шығар. Қауымның өткен тарихы туралы ақпарат іздеп жүрген тілшілерге көмектесе алатын шығар.
Қызметкерлердің осыған дейін атқарған ролдерімен шектелмеңіз. Әр адамның сізге беймәлім қыры, сіз білмейтін қабілеті бар. Сол қабілетін сіз басқарып отырған іске пайда әкелердей қалай жұмсай алатынын ойланыңыз.
Менторлықты қолдаңыз немесе ментор тағайындаңыз. Қызметкерлер өз бетімен табысып кетуі мүмкін. Қызметкерлер сіздің көмегіңізбен қасындағылардың қайсынан не үйренуге болатынын білсін. Өзі білмейтін, істей алмайтын дүниені үйрете алатын әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатсын. Өзіңіз немесе үздік қызметкерлердің кейбірі өзгелерге әлдене үйрететіндей ментор бола алса, ондай қарым-қатынасты қолдап отырыңыз.
Ал олар өз бетімен бір-бірін тауып, тіл табысып кетпесе, ментор тағайындаңыз. Қызметкердің жасы, қызметі деген қатып қалған қағидаларға қарсы тұру тәсілдерін іздеңіз. Жақында ғана колледж бітірген қызметкер өзі сияқты жас түлекке немесе ардагер қызметкерге ментор бола алады, бәрі оның қолынан не келетініне және әріптесіне не үйрете алатынына байланысты.
Командалық жобаларға кім қатысып жүргенін байқаңыз. Оларды араластырып жіберіңіз. Қызметкерлерді бір-бірімен таныстырып, табыстырып жіберу үшін ортақ атқарылатын жұмыс тауып беруден артық тәсіл жоқ. Сонымен қатар, бір ғана қызметкерлерді барлық жобаға қатыстыра бермей, әдетте бірге жұмыс істемейтін, ортақ жұмысты атқарып көрмеген адамдарды қосыңыз.
Өзіңіз жасаған қызметкерлердің дағдылары тізімін пайдаланып, түрлі қабілеті бар адамдардың басын қосыңыз. Айталық, салмақты сұрақ қоятын тілшіні араластырып, жобаға қаталдық қосыңыз. Деректермен жұмыс істейтін үздік журналист “үлкен идеялар” генераторы бола алатын қызметкрмен бірлесіп, керемет жобалар бастауы мүмкін.
Әрине, әр адам қандай дағдыны меңгеріп, қандай қабілетін дамытқысы келетінін өзі шешеді. Өзіне қолайлы ортадан шыққысы келетіні, келмейтіні туралы шешімді әркім өзі қабылдайды. Әріптестерімен жаңаша байланыс орнату-орнатпау ниеті де өз қолында.
Достарыңызбен бөлісу: |