Баймұрат батырдың Өмірі мен қызметі жәнібек Исмурзин, М.Өтемісов атындағы Батыс



Дата08.06.2018
өлшемі42,36 Kb.
#41998
БАЙМҰРАТ БАТЫРДЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ
Жәнібек Исмурзин,

М.Өтемісов атындағы Батыс

Қазақстан мемлекеттік

унивесритетінің аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде еліміздің тәуелсіз тарихы жаңаша жазылу үстінде. Бұрынғы тұжырымдар қайта қаралып, тың деректер ғылыми айналымға тартылуда, соны көзқарастар мен батыл ұсыныстар жасалуда. Соның ішінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар қызметі төл тарихымызға қалам тартқан зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде белгілі дәрежеде көрініс тауып, олардың еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан қорғап, оны кейінгі ұрпағына мирас ету жолындағы жанкешті қимылдары жан-жақты сараланып, кеңінен насихатталуда. Өйткені, қазақ батырлары арқылы ұлтымыздың өзіне тән рухы, абырой намысы, ар ожданы мен асқақ жігері, күш қуаты мен бітім болмысы танылады. Дегенмен, қатпары қалың қазақ тарихындағы баһадүр бабалардың барлығы бірдей толық танылды дей алмаймыз. Әріге бармай-ақ, Отан тарихында орны оқшау болып табылатын XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ батырларын айтсақ та жеткілікті.

Міне, осындай батырлар қатарында Баймұрат Байбөріұлы да бар.

Баймұрат батыр есімі халық арасында Байұлы бірлестігіндегі Жаппас пен Алтын руының ұраны ретінде белгілі. Ал ұран – әулет-атаны, ру-тайпаны, ел-жұртты аса маңызды іс пен әрекетке жұмылдыру үшін, сол жолда жұртшылықты жігерлендіріп, олардың рухын көтеру үшін жар сала айтылатын дабыл сөз. Қазақтың дәстүрлі қоғамында, негізінен ру-тайпаның бастау тегінде тұрған тарихи адамдар, ел-жұрттың басына түскен сындарлы кезеңдерде ақыл-қайратымен танылған әйгілі тұлғалар мен атамекен атаулары ұранға шығатын болған. Яғни, ұран шақырғанда тарихи адамдардың, әйгілі тұлғалардың есімдері немесе атамекендері аталған. Сондықтан да ешқашан ұсақ-түйек тірлікке бола ұран шақырылмаған [1, 659 б.].

«Қазақ халқының, - деп жазды Құрбанғали Халид, - «ұран» дейтін сөздері бар. Бұл «орнат» деген сөзден алынған. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. Бұл тайпалар көмек шақыру орнына, я аллаһ, әуелде болған пәленше бабамыз сияқты біздің бағымызды үстем ет деп жалбарынып өздерінің атақты батыр, ел бастаған зиялы адамдарының атын атап, айқайлап шақырады. Әр рудың өзіне тән ұраны болады» [2, 72 б.]. Сөйтіп, ұранға шығу кез келген жұмыр басты пенденің пешенесіне бұйыра бермеген.



Баймұрат батырдың Жаппастың ұранына шыққандығын ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілері И.Ф.Бларамберг, П.Небольсин, Л.Мейер, Н.И.Гродеков, Н.А.Аристов өз еңбектерінде нақты жазып қалдырса, кейін Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Х.Маданов секілді қазақтың көрнекті ғалымдары да қуаттады.

Баймұраттың тарих сахнасына көтеріліп, саяси белсенділігімен көзге түсуі XVIII ғасырдың бірінші жартысына сәйкес келеді. Бұл кезең ел егемендігін сақтап қалу жолында халқымыздың сыртқы жауларға қарсы күресімен ерекшеленеді. Соның ішінде елімізге шығыста жоңғарлар, батыста Еділ қалмақтары айрықша қауіп төндірді. Міне, осы қалмаққа қарсы соғыста Баймұратпен замандас қазақтың қаншама айбоз ұлдары ерен ерліктерімен көзге түсіп, баһадүр болмысымен танылды. Себебі, қазақ ру-тайпаларының ұранына шыққан батырлардың біразы Баймұратпен бір дәуірде өмір сүрген үзеңгілес тұлғалар. Олар ұлт тағдыры таразыға тартылған сын сағаттағы талай қанкешу шайқастар мен ел ертеңі сарапқа салынған келелі кеңестерге бірге қатысқан. Сол кезден жеткен жазба деректер Байбақтының ұранына шыққан Дәуқара, Алашаға ұран болған Байбарақ, Ысықтың ұраны Бәйтерек, Шектінің ұранына айналған Бақтыбай батырлардың Баймұратпен бірге маңызды ел істеріне араласқанын айғақтайды. Олардың ұранға шығуын халық жадындағы аңыз-әңгімелер қалмаққа қарсы күреспен байланыстырады. Сондықтан Баймұрат батырдың да Жаппасқа ұран болуы осы қалмаққа қарсы күреспен байланысты емес пе деген ой келеді. Бұл орайда Ш.Уәлихановтың XVIII ғасырды ерлік дәуірі деп бағалауы тегін емес. Алайда кешегі кеңестік кезеңдегі солақай саясат қазақ батырларының ерен ерліктерін еске түсіріп, сайын даланың сайыпқыран ұлдарын кеңінен дәріптеуге жол бермеді. Өйткені батырлар тарихын зерттеп, насихаттау халқымыздың ерлік һәм жауынгерлік рухын оятып, ел есіне егемендікті түсірер еді. Олай болса, қазақ тарихында өзіндік ізін қалдырып, қоғамдық-саяси өмірде көзге түскен Баймұрат тұлғасын танып білу уақыт талабы. Ол үшін алдымен батырдың ата-тегі мен өскен ортасына, өмір сүрген заманына үңілу қажет.

Баймұрат батырдың шыққан тегі Жаппастың Қалқаман тармағынан. Шежіре бойынша Жаппас – Тәнке – Қалқаман – Есенбай – Әжім – Байбөрі – Баймұрат болып жіктеледі.



Әз Тәукенің билігі кезінде дүние есігін ашқан бала Баймұраттың жастық шағы сол тұстағы қатаң да қатал жаугершілік заманға сай қалыптасып жетілді. Ел іргесіне зобалаң салған қалмақ шапқынышылығын көріп өскен бала батыр жастайынан құба қалмаққа қарсы күресте көзге түсіп, ерлігімен таныла бастаған. Ол жоңғарға қарсы соғыста халықтың күшін біріктіріп, жұдырықша жұмылдыруды көздеген 1710 жылғы Қарақұм жиынына, Тәукеден кейін ел тізгінін ұстаған Қайып хан тұсындағы қазақ-қалмақ шайқастарына да қатысқан болуы керек. Шәкәрім айтқандай халқымыздың үштен екісін құрбан еткен «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да тыс қала алмады. Яғни ел басына күн туған сын сәтінде халқының қамал, қорғаны бола білді.

Ел аузынан жеткен әңгімелерге сүйенсек, Баймұрат Байбөріұлы қазақ батырлары сапында Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастарында атойлап атқа қонып, жоңғарға қарсы қазақ қолын басқарған. Мұның барлығы Баймұрат батырды Жаппас руының старшыны дәрежесіне жеткізді. Бұл оны қалың қазағымен қатар өзіне сүйеу әрі тіреу болып, артынан ерген рулы жұртының тағдырына жауапты қылды. Ол әсіресе тілмәш А.И.Тевкелевтің қазақ даласына келген сәтінде анық көрініс тапты. Орыс елшісінің Әбілқайыр хан ордасына келіп, қазақ-орыс қарым-қатынасы ашық талқыға түскен тұста игі-жақсылардың ой-пікірі екіге жарылды. 1731 жылы 10 қазанда өткен кеңесте А.И.Тевкелевтің келуіне қарсы шыққан қазақ старшындары Әбілқайыр ханды өздерінің келісімінсіз жалғыз өзің орыс бодандығын сұрадың деп айыптаған. Олар ежелден ханның старшындар кеңесінен тыс ештеңе істей алмайтынын еске салған. Ашуға булыққан старшындар өздерінің ханға елшілерді Ресеймен бейбіт келісімге жіберуге кеңес бергенін айтып, ал бодандықта болуды қаламайтынын ашық білдірген. Тіпті қазақ әскерін қарауға келіп, содан соң соғысуға келе ме деп қауіптенген старшындар орыс елшісін тірідей жібермеу керек деп шешкен. Жаны қысылған А.И.Тевкелев Ресей империясының құдіретін айтумен өзін аман алып қалуға ұмтылды. Ресейдің қазақтардан ешқандай қауіп көрмейтінін, оған ешқандай мұқтаждық жоқтығын, ал қазақтарға Ресей бодандары қалмақ, башқұрт, Сібір қалалары мен Жайық казактарының үлкен қауіп төндіріп, әрдайым талан-таражға салатынын айтып қорқытпақ болды. Сөзінің соңын «егер қазақ старшындары бодандықты қабылдауды қаламаса, онда одан бас тартып, өзін босатып жіберуді сұраумен» тәмамдаған. Сол кезде қалың жұрт ішінен суырылып сөз бастаған Бөкенбай батыр өзінің Әбілқайыр ханмен бірге орыс бодандығына өтуді қалайтынын, сол үшін ант беретінін айтады. Содан соң Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр, оның күйеу баласы Есет батыр, інісі Құдайназар батыр және атақты старшындардан 27 адам ант берген [3, с. 53-54]. Атақты старшындардың аты-жөні келтірілген осы тізімде Алшын-Жаппас старшыны Байсурал бектің, Алшын-Алтын старшыны Бұқа бидің есімдері келтірілген. Бір қызығы ант берген атақты старшындар ішінде Алшын-Төртқара Әйтеке би де бар [4, 216 б.]. Мұның өзі әйгілі Әйтеке би тарихындағы ақтаңдақтарды анықтау бағытындағы ізденістерге жаңадан жол салары анық. Себебі, осыған дейінгі еңбектерде Әйтеке би бұдан біраз жыл бұрын бақилық болды делініп жүр.

А.И.Тевкелевтің айтуына қарағанда, қазақ старшындарының басым бөлігі ант қабылдамай, оған қарсылық танытты. Оларға қолдау білдірген Баймұрат батырдың көп ұзамай орыс елшісіне деген көзқарасы белгілі болды. 1731 жылы 22 қазан күні кешкі сағат 6-ның шамасында Әбілқайыр ханның бір қызметшісі тілмәш А.И.Тевкелевке сол түні Жаппас старшыны Баймұраттың қалың қолмен хан мен орыс елшісіне шабуыл жасап, әсіресе оның арбалы керуенінің тас-талқанын шығарып, өзін өлтіруді көздейді деген ханның сөзін жеткізеді. Бұған Әбілқайыр ханның А.И.Тевкелев үшін Баймұраттың екі адамын қарауылда ұстауы себеп болды. Өйткені орыс елшісінің келуіне қарсы қазақтар күн сайын түн ішінде 5-6 жылқыдан айдап алып отырған. Осылайша тілмәш жылқыларына көз тіккен жаппастың екі жігітін Әбілқайыр хан ұстап алып, ұрып-соғып, кісенде ұстаған. Бұл ел ішінде беделі зор Баймұрат батырдың ашуын туғызып, оның арты хан мен орыс елшісіне соққы беруге алып келді. Көп кешікпей Әбілқайырдың өзі ақылдасу үшін А.И.Тевкелевке жеткен. Жаны қысылып, зәресі ұшқан тілмәш ханнан хабар жіберу үшін Бөкенбай батырдың ұлысы шалғайда ма деп сұрайды. Оған үш күндей уақыт керектігін айтып, хабаршы жөнелткенімен өте қашықтағы батырдың келіп үлгермейтінін тілге тиек еткенмен тілмаш ханды хабаршы жіберуге мәжбүр етті. Сол күні кешкі сағат 9-дың шамасында Баймұрат старшын бастаған қалың қол хан мен А.И.Тевкелевке шабуылды бастайды. Әбілқайыр хан тілмәш тобымен қосылып үлгере алмаған. Ал Баймұрат батыр орыс елшісіне соққы беруге ұмтылған. Өзіне төнгелі тұрған қауіпті көрген тілмәш бүкіл геодезистерін, дворяндарын, атты казактарын, солдаттарын, башқұрттарын, яғни өз адамдарының бәрін шақырып алып, ұлы мәртебелі императордың адал боданы ретінде оның бұйрығын орындай отырып, батыл қимылдауға, сол арқылы Ресей империясына атақ-даңқын қалдыратыны жайлы ақыл-кеңесін айтып, қазақтар қолына тірідей берілмеуге шақырды. Баймұрат батыр түн ортасына дейін А.И.Тевкелев пен ханға ауыр соққы беріп, одан әрі мүмкін емес болған соң, тұтқындағы екі адамын қайтаруды сұраған. Осыдан соң Әбілқайыр хан Баймұратқа екі жігітін қайтарған. Сол сәтте-ақ батыр кері қайтқан. Тек кетерінде елшінің 15 жылқысын айдап кеткен [3, с. 55].

Сонымен өзіне сенім артқан халқы үшін хан мен А.И.Тевкелевке қарсы шығуының өзі Баймұрат бойындағы батырлық болмысты, сын сағатында елі үшін жауап беруге дайын тұлға екенін көрсетеді. Бұл арада Баймұрат пен Әбілқайырдың арасында орын алған шиеленісті жәйтті айтулы азаматтар арасындағы жеке бастың мүддесі тұрғысындағы араздық дей алмаймыз. Заманында елдің егемендігі мен жердің тұтастығын қорғау жолында сыртқы жауға қарсы күресте тізе қосып, бірлесе қимылдаған қос қайраткердің сол тұстағы саяси көзқарастарындағы алшақтықты орыс елшісі келген кездегі қазақ-орыс қатынасының талқыға түскен сәтінен іздегеніміз жөн. Өйткені, ел ішіндегі пікірдің екіге жарылып, қарсы тараптар екі ұдай күй кешіп, А.И.Тевкелев жылқылары үшін екі жігітінің хан қолына түсіп, қорланып жатқан тұста үн-түнсіз, бұғып қалу Баймұрат секілді баһадүрдің болмысына еш жараспас еді. Оның қол жинап, атқа қонуына әкелген себептің бірі осы еді. Баймұратпен бірге Шектінің Сырлыбай, Бәби, Бәтжан, Жантума, Есмәмбет, Өтеғұл, Байжан, Малыбай деген белгілі билері мен Өтеп, Ақша, Сартай секілді батырлары да орыс елшісінің келуіне қарсылық білдірді. Әсіресе Бәби бидің Байқара деген бауырының тілмәш тобындағы башқұрт қолынан оққа ұшуы ара-жікті одан сайын ушықтырды. Шектінің ұранына шыққан Бақтыбай батыр да орыс елшісіне қарсы еді. Ол 1732 жылы наурызда түрікменге аттанған Батыр сұлтаннан 150 қолмен бөлініп, полковник Гарбер бастаған орыс керуенін 12 күн бойына қоршауға алды. Бұл жөнінде А.И.Тевкелев «29 наурыз күні Бақтыбай керуеннен тартып алған тауарларымен маған жақын маңнан өте қуанышты көңіл күймен: «жақын арада Тевкелевтің де көзін жоямыз» дегенді айтып, өтіп кетті» деп жазады [3, с. 68-70]. Қалай десекте, орыс елшісінің жазбалары сол тұстағы ел игілерінің орыс бодандығына деген көзқарастарын барынша аша түседі.

Міне, осы сәттегі шиеленіс хан мен батыр арасына сына қаққандай көрінгенімен Баймұрат кейін Әбілқайыр жанынан табыла білді. Оған бұрынғы ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің қазақ даласындағы сапары барысында жазған күнделік жазбасы дәлел. Әбілқайыр ханмен бірге жүрген суретші 1736 жылы 23 маусым күнгі жолжазбасында «Осы жерде бізге Баймұратбай батыр есімді бір қарт кісі (орыс тілінде «немолодой уже человек» делінген – Ж.И.) келіп, мемлекеттік кеңесші әмір беретін болса, Орынборға 1000 қой айдайтынын сеніммен айдататынын нық сеніммен айтты» делінген [5, 22 б.]. Күнделікке алғы сөз жазған тарихшы К.Есмағамбетов аталмыш тұлғаны «Баймұрат батыр – Кіші жүздің Жаппас (Байұлы) руының старшыны. Әбілқайыр ханның Ресей бодандығын қабылдау саясатына қарсы болды. 1731 жылы 22 қазанда А.И.Тевкелев елшілігіне шабуыл жасады. Кейін бұл бағытынан айнып, Әбілқайырмен бітісу жолдарын іздестірді» деп анықтаған-ды [5, 89 б.].

Кіші жүз қазақтарының сол тұстағы орыс бодандары қалмақ, башқұрт бағытындағы белсенді іс-қимылдары Орынбор басшысы В.Н.Татищевті Әбілқайыр ханнан қайтадан екінші рет ант алуға мәжбүрледі. Әбілқайыр мен В.Н.Татищев кездесуі 1738 жылы тамыздың басында Орынборда өтті. Қазақ-орыс қатынасы қаралған келіссөзде Әбілқайыр хан, Нұралы, Ералы сұлтандар, Кіші жүз бен Орта жүздің белгілі деген 56 би, батыр, старшындары ант қабылдады. Адалдыққа сенім білдірген ел ағалары арасынан Алшын Жаппас руынан Өтетілеу Қасқаұлы мен Тоқбай Байбөріұлын көре аламыз [6, с. 44-45]. Беделді би, батырлармен бірге Әбілқайыр саясатына қолдау көрсеткен Тоқбай Байбөріұлы Баймұраттың бірге туған бауыры болуы керек. Орынбор кездесуіне батырдың өзі келмеген секілді. Бара қалған жағдайда орыс кеңсесі тілмаштарының ол жайлы жазбай кетуі мүмкін емес. Ал Өтетілеу Қасқаұлы Баймұрат батырға Қалқаманнан барып қосылатын аталас ағайыны, әрі Шақшақ Жәнібек, Тама Есет батырлардан кейін орыстан тархан атағын алған сол дәуірдегі белгілі тұлғалардың бірі. Өтетілеу биді атақты Әбілқайырдың өзі құрметтеп өткен.

Сол тұста жоңғар билеушісі де қазақ даласына өз үстемдігін жүргізуге ұмтылды. 1742 жылы қаңтардың басында Хиуа иелігіне қарасты Әмударияға жақын жерде қыстаған Әбілқайыр ханға жоңғар елшілері Қашқа мен Баранг нойондар арнайы келіп, Қалдан Церен атынан қазақтардан аманат талап етіп, Әбілқайырдан ұлы Айшуақ сұлтанды жас жұбайымен және ең беделді деген старшындардың балаларынан аманат сұраған. Оған қоса әрбір жүз түтіннен бір қарсақ төлеуді, өзі белгілеген жерде көшіп-қонуды бұйырып, егерде мұны орындамаса соғыс ашамын деп қаһарын төккен. Міне, осы қонтайшы талап еткен танымал тоғыз старшынның балалары арасында Баймұрат бидің Өте деген ұлы болған. Сөйтіп, Қалдан Цереннің төртқара Қаратоқа, шөмекей Жайылған, шекті Мойнақ, алаша Бәйсеу билермен бірге Баймұрат баласын сұрауының өзі батырдың ел ішіндегі абырой-беделінен хабар береді. Осы хатты кейін Әбілқайыр хан қалмақ тілінен қазақшаға аударып, Орынборға жөнелткен. П.И.Рычков болса оны толық қарап шығудың мүмкін еместігін, өйткені хаттың көп жерінің қиылғанын алға тартады [7, с. 16].

Орынбор басшылығына И.И.Неплюевтің келуімен Әбілқайыр ханның жаңа губернатормен арадағы қатынасы шиеленісіп, ол ашық жауласушылыққа ұласты. Бұл қатынасты реттеу үшін А.И.Тевкелев 1748 жылы жазда Орск бекінісінде Әбілқайыр ханмен келіссөздер жүргізеді. 29 шілдеде Әбілқайыр хан атынан А.И.Тевкелевке келген атақты старшындар арасында Байұлыдан Жаппас Өтетілеу мен Алаша Бабатай би бар еді. Олар Әбілқайыр ханның аманаттағы баласы Қожахметті Айшуақ сұлтанмен алмастырып, оның жанына күшті рулардағы атақты старшындардың балаларын дайындағанын жеткізеді. Әбілқайыр хан өз хатында «Орта жүз үшін Жәнібек тархан жауап берсе, ал байұлы руының ісін менің ұлым Нұралы сұлтан жанындағы старшындар Бәйсеу би мен Өтетілеу би аяқтайды және бүкіл жетіру ісін Есет батыр мен Төлебай би бітіре алады, сол үшін мен оларға өзімнің мөрімді жібердім» деген [8, 226-228 пп.].

Дегенмен, осы тұста ел ішіндегі саяси жағдай шиеленісіп, оның арты Әбілқайырдың өліміне әкелді. Көп ұзамай Кіші жүзде қалыптасқан жағдайды реттеу мен жаңа хан сайлау мәселесі күн тәртібіне көтерілді. Елге жаңа хан сайлау барысында осы кезге дейін Нұралы сұлтанды қолдап келген Байұлы рулары белсенділік танытып, оған Баймұрат батыр да араласты. Содан 1748 жылы 21 қыркүйекте Нұралымен бірге Ақкете Алтай, Алаша Бәйсеу би, Жаппас Баймұрат, Шекті Бақтыбай, Ысық Бәйтерек аталық, Көбек мырза, Керейіттегі Қосым қожа, Масқар Жәдік би секілді Алшынның атақты би, батырлары бастаған 400-дей кісі Бопай ханымға жеткен [9, 196 п.; 3, с. 428]. Көп ұзамай 2 қазанда Қайыңды өзенінің жағалауында өткен Халық кеңесіне Кіші жүз бен Орта жүзден 1000-нан аса адам қатысып, Нұралыны хан сайлады. Кеңеске қатысқан Шекті Бақтыбай, Ысық Бәйтерек батырлар да Баймұрат секілді өз руларының ұранына айналған тұлғалар. Ал Алаша руының ұранына Бәйсеу бидің туған немере інісі Байбарақ батыр шыққан еді. Кейін осы батырлар 1749 жылы шілде айында Орынборда Нұралыны хандық таққа бекіткен патша грамотасына ие болу салтанатына қатысты. Ұлықтау рәсіміне Кіші жүзден 1000-нан астам адам келген. Нұралы хан жанындағы тұлғалар ішінен И.Неплюев атақты старшындар қатарында 18 азаматты, яғни Жетірудан – Тама Есет тарханды, Табын Төлебай биді, Тама Құттымбет биді, Жағалбайлы Отарбай мырзаны, Керейіт Жарылғап батырды, Табын Жарболды биді, Әлім Шөменнен – Қаракесек Қожанай биді, Кете Алтай биді, Шөмекей Кедей биді, Ожырай Жанбай биді, Төртқара Жомарт биді, Қаратамыр Боз биді, Байұлыдан – Алаша Бәйсеу биді, Жаппас Өтетілеу биді, Алтыбас Бабатай биді, Масқар Құттығай биді, Ысық Жапалақ биді, Байбақты Мәмбет биді ерекше атап өтеді. Нұралы ханның айтуынша «олар бүкіл Кіші жүзді ұстап тұра алатын жағдайда, егер олар адал, сенімді болса, онда барлық бұйрықтарды солар арқылы орындауға болады» [10, 34-35 пп.]. Осы сапар барысында Нұралы ханның араласуымен жаппас Өтетілеу Қасқаұлына тархан атағы берілді.

Орынбор кездесуінен соң Нұралы ханның 1749 жылы 3 тамызда әкесі Әбілқайырға берген асына Әлімұлынан – Шекті, Төртқара, Қаракесек, Қарасақал, Шөмекей, Қаратемір, Кете, Байұлыдан – Алаша, Ысық, Адай, Жетірудан – Тама, Табын руларының танымал тұлғалары қатысты. Олардың арасынан Баймұрат есімі кездеспеді [11, 245-246 пп.]. Соған қарағанда батыр асқа келе алмаған сыңайлы. Себебі, астағы кеңесте қаралған мәселелердің бәрін тәптіштеп қағаз бетіне түсіріп, әр рудың би, батырын шұқшия тізіп алған капитан А.Яковлев назарынан тыс қалмас еді.

Ел игілері оңтүстіктегі іргелес аймақтармен арадағы қатынасқа да ерекше мән беріп, оны реттеуге де атсалысты. 1750 жылы қаңтарда Кіші жүзден Айшуақ сұлтан пен Өтетілеу тархан 3000 қолды, Орта жүзден Жәнібек тархан 3000 қолды бастап түрікмендер мен аралдықтар маңындағы қарақалпақтарға соққы беру үшін Хиуаға аттанады. Содан қарақалпақты талқандап, біразын тұтқынға алып, одан әрі Хиуа төңірегінде көшіп-қонған садыр түрікмендеріне баруды ниет еткен. Өйткені түрікмендер саудаға барған қазақтарды талап-тонайтын. Оның үстіне қазақ жасағының ішінде Айшуақ сұлтанмен бірге болған Батыр сұлтан қазақтар кеткен соң садыр түрікмендері Хиуа тағындағы өзінің ұлы Қайып ханның көзін жоюы мүмкін деп қауіптеніп, оны алып кетуді қалаған деген әңгіме тараған [12, 75 п.].

Алайда Батырдың ұлы Қайып ханның Хиуадағы билігіне дәл осы кезде соншалықты қауіп-қатер төнетіндей жағдай жоқ еді. Көп ұзамай Қайып ханның өзі көктемде Хиуадан Ресейге елшілік аттандырады. Елшілік әкесі Батыр сұлтанның иелігі арқылы жүрген. Осыған орай Батыр сұлтан Хиуа елшілігін Орынборға жеткізуді Баймұрат бастаған беделді батырларына сеніп тапсырады. Батыр сұлтан губернатор И.И.Неплюевке жазған хатында «Қайып хан атынан жіберілген елшілер мұнда аман-сау жетті. Мен оларға өз адамдарым Баймұрат, Киікбай, Баят, Құлназар батырларды және Алшынбайды қосып, сізге жібердім. Менің адамдарымды кідіртпей кері қайтаруды өтінемін, өйткені олар арқылы елшінің сізге аман-есен барғанын білер едім. Егерде сіз екі халықтың пайдасы үшін менің сізбен достық қатынасымызға рақым етсеңіз, мен Орынбордан Хиуаға, Хиуадан Орынборға баратын керуендердің аман-есен жетуін өз міндетіме аламын» деп хабарлады [13, 15 п.]. Және хат соңындағы екі мөрінде Батыр өзін хан атаған. Елшілік Орынборға 1750 жылы 24 сәуірде жетіп, Батырдың хатын орыс әкімшілігіне Киікбай батыр табыс еткен. Бұл жөнінде губернатор И.И.Неплюев 9 мамырда Сыртқы істер коллегиясына жазған мәлімдемесінде егжей-тегжейлі тоқталып өтеді.

Осыдан кейінгі мұрағат құжаттары арасында Баймұрат Байбөріұлына қатысты мәліметтер кездеспегенімен 1762 жылы 19 желтоқсандағы Орынбор губерниялық кеңсесінің жазбасына батырдың Байтүгел деген баласы туралы дерек түскен. Онда әр жылдары қазақ даласында тұтқынға түскен Еділ торғауыттары сөз болады. Олар Орта жүздің Найман руындағы Медет би, Естемес, Сартбай, Кіші жүздің Алшын руындағы Күшік Базарұлы, Алшын Жаппас руындағы Бодан Сейітқұлұлы, Байтүгел Баймұратұлы және Табын руындағы Нәдір, Қайдабол деген қазақтар қолынан қолайлы сәтте қашып шыққан. Байтүгелдің қолында Бату Тугус Доржипов атты қалмақ болған. Бұл қалмақтар шоқынып, христиан дінін қабылдап, содан соң казак-орыстар арасындағы шоқынды қалмақ туыстарының арасына қалуға ықылас танытқан [14, 638 п.]. Байтүгел қолындағы қалмақ тұтқынының өзі оның әкесі Баймұрат секілді құба қалмаққа қарсы күресте ерлік көрсеткенін айғақтайды. Өйткені шайқас барысында қолға түскен олжаны бөлісуде алдымен батырдың сол ұрыста көрсеткен ерлігі ескерілетін. Ал келесі 1763 жылдың күзінде аманат мәселесі бойынша Орынборда өткен кездесуге Жаппас руынан Тілеке батыр Өтетілеуұлы, Мәмбетқұл Өмірзақұлы және Шерубай Итемгенұлы қатысқан [15, 421 п.].

Баймұрат батырдың өмірінің соңына келер болсақ, бүгінде барлық зерттеушілер 1771 жылғы Христофор Барданестің қазақ даласындағы сапары нәтижесінде жазып қалдырған еңбегіне иек артады. Онда «Бұрматбай мен Ақсақалбарбы көлдері арасында Баймұрат деген кішкене өзен бар. Бірнеше жыл бұрын мұнда ауқатты қазақ көшіп-қонған және ол қалмақтар буруттар деп атайтын қырғыздар қолынан қаза тапқан. Олар оның бүкіл мал-мүлкін алып кеткен. Бұл қазақ Баймұрат деп аталған, осыдан соң өзен соның атына ие болған» деп жазылған [7, с. 110]. Осы деректен соң тарихшы И.В.Ерофеева: «Баймұрат – Батыс Қазақстанда ағып жатқан өзен. Жанайшоқы тауының солтүстік-батысындағы Талды және Қоғалыжар өзендері тоғысында пайда болып, оңтүстікте Үлкенкөл көліне құяды (Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы, Қостанай облысының Жанкелді ауданы). Антропоним немесе геноойконим XVIII ғасырдың ортасында өзінің руластарымен осы өзен аңғарында көшіп-қонған нақты жеке адамның есіміне байланысты пайда болды. Бұл адам Баймұрат есімді Кіші жүздің қандай да бір бай қазағы еді, ол тянь-шань қырғыздарымен арадағы бір қақтығыста қаза тапты. Осы жайылым жердің қожайынының өлімінен кейін Баймұраттың ағайындары өздерінің бұрын мекен еткен территориясында орналасқан өзенді Баймұрат деп атады» [16, с. 71-72] деген тұжырымға келді. Жалпы Баймұрат өзеніне қатысты әр жылдары жарық көрген тарихи еңбектерде біраз мәлімет бар. Мәселен, поручик Яковлевтің 1851-1852 жылғы топографиялық жазбасында Жаман Ақкөлдің батысынан оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде жатқан Ащы Алакөл көлінің көктемде оңтүстік жақтан Баймұрат жырасы (сайы) арқылы келіп құятын қар суымен толатыны көрсетілген [17, с. 243]. Ал 1870 жылы Перовск уезінің Кеңтүп болысына қарасты 11 ауылдағы 1644 түтін жаппастар мен 432 түтіннен тұратын қожалар қыстаудағы қоныстарынан жазғы жайлауларына көшу кезінде Арыс, Мөлдір, Жыланшық, Тұрған арқылы өтіп, Баймұрат, Қарақа, Мамыт, Бестөбе деген мекендерге келіп орналасқан [18, с. 111-112]. Кеңтүп болысы бірыңғай жаппастан құралған. Сондай-ақ бұл ру Царская, Константиновск, Сумұрын, Шаған болыстарында басымдыққа ие болған [19, с. 20]. Царская болысы қазақтары көші-қон жолында Алабасқа құятын Баймұрат өзекке келіп, Баймұраттан Қызылжар, Құрақбай, Бозінген, Бес бидайық, Уәли тойпақ мекендері арқылы көшетін. Кері қайтарда Баймұратта ұзағырақ тоқтаған [20, с. 200]. Сонымен жоғарыдағы өзен, жыра, сай, өзек, мекендердің барлығы жаппас ұранына шыққан Баймұрат есімімен аталған қонысқа қатысты еді. Оның үстіне жаппастар Қостанай уезіндегі Бестөбе болысының басым бөлігін құраған. Олар мұнда Сырдария облысындағы өздерінің бұрынғы жазғы орындарынан 1740 жылдардың соңында келген. Бұған Қостанай уезінде жылқы өсіруге қолайлы жағдайдың, яғни жылқы үшін жем-шөптің жақсырақ болуы қоныс аударуға басты себеп болған [21, с. 32].

Шежіре бойынша Баймұраттан Байтүгел, Қара, Өтек, Баяу, Малбасар, Алаң және Болат деген балалары тарайды. Олар да әкелері секілді елдің саяси өміріне араласты. Әке бойындағы батырлық қасиет, әсіресе Байтүгел, Қара және Алаң атты ұлдарына дарыған. Полковник Бентамның 1789 жылы 15 желтоқсанда князь Г.А.Потемкинге жолдаған мәлімдемесінде қазақтың хан, сұлтан, би, батыр, старшындары және руларының саны мен мекендеген қоныстары жайлы құнды құжаттар келтірілген. Қазақ даласынан жиналған мол мәліметтер ішінде Сырдария бойында, Қарақұмда, яғни Әулие Петр бекінісіне қарсы шептен 20 күндік жерде мекен еткен 3000 түтін жаппасты Өтетілеу, Тілеке, Шүкірәлі, Сума, Жарылғап, Байтүгел, Қара, Күнту, Жабағы, Арал, Арыстанбай, Тоқымбет батырлар басқарады делінген [22, 44 п.]. Полковник жазбасында Байтүгел батыр, Қара батыр деп анық көрсетілген. Мұның өзі олардың батырлық болмысын дәлелдейді. Бірақ Бентам руларды тарату барысында кейбір жаңсақтыққа жол берген. Оған жаппас пен алашаны әлімге, таз бен таманы шөменге, шеркеш пен адайды, алтынды жетіруға жатқызуын айта аламыз.

Қалай десекте, бұл дерек Баймұраттың ұлдары Байтүгел мен Қараның әке жолын жалғастырып батыр атанып, старшын ретінде ел билегенін білдіреді. Осы Қара батырдан Тоғызақ, одан Әлмембет, Әлмембеттен Көкір батыр дүниеге келген. Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра бойында Көкір батырдың атындағы Көкір сайы, Көкір жары және Баймұраттың тағы бір шөбересі Махамбет атымен аталатын мекендердің барлығы батыр ұрпақтарының қоныс еткен жерлері болып табылады.

Ел ішінде сақталған әңгімелер бойынша Баймұрат батырдың баласы Байтүгел қиян-кескі күрес кезінде жауға қарсы «Баймұрат» деп ұрандап шауып, жаудың шебін бұзып, жеңіске жеткен, осыдан соң Жаппастың ұраны «Баймұрат» болсын деген пәтуаға келген. Сол секілді Баймұраттың қалмақ қызынан туған Алаң атты кенже баласы да жауға шапқанда «Баймұрат» деп ұрандаған, содан кейін бүкіл жаппас пен алтын елінің ұраны «Баймұрат» болған дейді.

Халық жады батырдың «Алаң» деп аталу себебін былай түсіндіреді. Бірде Баймұрат батыр жорықта жүріп тұтқынға түскен бір қызды көреді. Ол қалмақтың ханының қызы еді. Содан Баймұрат батыр қыздың қасына келіп: «Атыма мінгес», – дейді. Сонда қалмақтың қызы: «Жаппас Баймұрат батыр және де тағы да басқа батырлардың аттарын атап, олар болмаса мен мінбеймін!» – деген екен. Біраздан кейін Баймұрат батыр екенін біліп, оған тұрмысқа шығады. Қалмақтың қызы жүкті болғанда, Баймұрат батыр оны тастап кетеді. Тек айтқаны: «Балам өскен соң қазақтарға қайта апарып қосарсың», – дейді. Осыдан бастап әйелі алаңдап күтіп жүрген соң, туылған баланың атын Алаң деп қояды. Ал Алаң батырдың тікелей ұрпағы Р.Н.Ілиясовтың айтуынша, «Баймұрат батыр қалмақтың қызын алып кетеді, онда қалмақ қызы жүкті болған соң еліне қашқысы келеді. Өзінің бұл ниеттерін байқаған Баймұрат батырға қалмақ қызы: «Мен елімде туып, баламды қазақтарға қарсы қойып өсіргім келген» деген ойын айтады. Баймұрат батыр қалмақ әйелінің алаңдап күтіп жүрген соң, туылған баланың атын Алаң деп қояды және оны бәйбішесіне беріп, нағашысын найман деп өсіреді». Алаң батыр болып өседі [24].

Алаң батырдың бейіті қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданының Мыңшоқы деген жерінде.

Баймұрат батырдың есімі кейін Жаппас руының бір тармағына айналды. 1840 жылдары жаппастар Кіші жүздің Шығыс бөлігіне қарасты 43-48 дистанциясы аумағында қоныстанған. Соның ішінде Есенбай, Еламан бөлімдері құрметті би Қашқынбай Нұрбайұлының билігідегі 44 дистанцияға қараған. Есенбайдан тарайтын Баймұрат бөлімін Біржан Жанкүшікұлы, Алдияр мен Жәдікбайды Сәңкі Қапанұлы, Таңатар мен Төбетті Пірәлі Есенгелдіұлы, Құдайберген мен Күшікті Мырзабек Құлманұлы, Өтен бөлімін Маңкүшік Төленұлы басқарған [25, 13 п.]. Бұдан XVIII ғасырдағы белгілі тұлғалардың енді өз руларының бөліміне айналғанын көре аламыз. Есенбайдан тараған Алдияр, Жәдікбай, Өтендер Баймұраттың бірге туған бауырлары еді. 1898 жылы Перовск уезінің Царская болысындағы №5 әкімшілік ауылда Алмас Қадыр, №6 ауылда Нұрабай Көшікбай, №6 ауылда Оразбай Шағабай, Асылбек Қадыр ақсақалдар басқарған Баймұрат бөлімінен тарайтын шаңырақтар көшіп-қонған. Торғай уезіндегі Тосым болысына қарасты №7 ауылдағы Баймұраттың 3 шаңырағын Малтай Қабыл ақсақал басқарған [26, с. 170, 172, 188]. Сөйтіп, сол кездің өзінде-ақ Баймұрат жаппастың үлкен бір бөліміне айналып үлгерген.

Қорыта айтқанда, Баймұрат батыр ел басына күн туған қиын-қыстау заманда халқына қорған бола білген біртуар тұлға. Оған ел жадында сақталып, бүгінге жеткен фольклорлық мұраларымыз бен мұрағаттағы жазба деректер толық куә. Батырдың қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау жолындағы ерлік істері ұрпаққа үлгі әрі өнеге болмақ. Оның үстіне Баймұраттың Алаң деген ұлынан тарайтын тікелей ұрпағы Нағи Ілиясовтың Ұлы Отан соғысына қатысып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болуының өзі кездейсоқтық емес еді.

Бүгінде батыр ұрпақтары Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында (Қостанай облысымен шекаралас) бабалары жатқан жерге ескертіш белгі орнатты. 2015 жылы Қызылорда қаласында Баймұрат батырға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, деректі фильм түсірілді. Осындай тағылымы мол іс-шаралармен қатар тұлға тарихын әлі де болса дәйекті деректер негізінде зерттеп, батыр есімін ауыл, мектеп, көше атауларына беріп, кеңінен ұлықтау қажет. Оның өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық ұялатып, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.

2. Халид Қ. Тауарих хамса: (Бес тарих) / Ауд. Б.Төтенаев, А.Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б.

3. Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1961. – 744 с.

4. Нәсенов Б. Әбілхайыр хан. XVI бөлім ­– XXI кітап. І тарауы. Мәскеу архивтері сөйлейді, Санк-Петербургтің кітапханасы сайрайды. – Алматы-Новосибирск, 2011. – 832 б.



5. Кэстль Д. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. – Алматы: Атамұра, 1996. – 96 б.

6. Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. – Оренбург: Типо-лит. П.Н.Жаринова, 1898. – 358 с.

7. История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографические описания казахских земель. XVІІІ век / Сост. И.В.Ерофеева. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Т. IV. – 368 с. + 8 с. вкл.

8. РИССМ. 122-қ., 122/1-т., 1748, 3-іс.

9. ОрОММ. 3-қ., 1-т., 18-іс.

10. ОрОММ. 3-қ., 1-т., 22-іс.

11. РИССМ. 122-қ., 122/1-т., 1749, 4-іс.

12. РИССМ. 122-қ., 122/1-т., 1750, 3-іс.

13. РИССМ. 125-қ., 125/1-т., 1749-1752, 1-іс.

14. ОрОММ. 3-қ., 1-т., 65-іс.

15. ОрОММ. 3-қ., 1-т., 69-іс.

16. Краткий энциклопедический словарь исторических топонимов Казахстана / Сост. И.В. Ерофеева. – Алматы, 2014. – 528 с., 54 ил.

17. История Казахстана в документах и материалах: Альманах. Вып. 2. – Астана: ТОО «Общество инвалидов – Чернобылец», 2012. – 438 с. + 18 c. вкл.

18. Материалы статистики для Туркестанского края: Ежегодник / Под ред. Н.А.Маева. Вып. 1. – Петербург, 1872. – 240 с.

19. Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т. 1. Юридический быт. – Ташкент: Типо-лит. С.И.Лахтина, 1889. – 205 с.

20. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Т.V. Тургайская область. Кустанайский уезд / Примечания к таблицам статистических сведений о в кочевывающих в Кустанайских уезд киргизах. – Воронеж: Типо-Лит. В.И.Исаева, 1903. – С. 198-203.

22. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Т.V. Тургайская область. Кустанайский уезд / Очерк хозяйственного быта киргизов по данным Кустанайского и др. уездов. – Воронеж: Типо-Лит. В.И.Исаева, 1903. – С. 1-154.

23. РМКАМ. 10-қ., 3-т., 585-іс.

24. Ахметбек Б. Баймұрат батыр және оның ұрпақтары // http://e-history. kz/kz/publications/view/1720



25. ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 4182-іс.

26. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Т.V. Тургайская область. Кустанайский уезд / Таблицы статистических сведений о в кочевывающих в Кустанайских уезд киргизах, о местах в кочевок и времени пребывания на них. – Воронеж: Типо-Лит. В.И.Исаева, 1903. – С. 163-189.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет