«Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі № 169- VI Заңы
Осы Заң балалардың өз жасына сәйкес келетін ақпаратты алу және тарату құқықтарын іске асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға бағытталады.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық өнім – бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобына арналған өзге де аудио-бейне және (немесе) баспа өнімі;
2) ақпараттық өнімді тарату – ақпараттық өнімді сату, оған жазылу, жеткізу, үлестіру, көрсету, прокаттау және (немесе) жалға беру жөніндегі қызмет;
3) ақпараттық өнімді таратушы (бұдан әрі – таратушы) – ақпараттық өнімді оның меншік иесімен, ақпараттық өнімді шығарушымен жасалған шарт бойынша немесе өзге де заңды негіздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) ақпараттық өнімді шығарушы – ақпараттық өнім жасауды және (немесе) дайындауды материалдық-техникалық және (немесе) ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) балаларға арналған ақпараттық өнім – бағыты, тақырыбы, мазмұны және безендірілуі бойынша жас санатына сәйкес келетін ақпараттық өнім;
6) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау – балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатында жүргізілетін құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық және басқа да шаралар жиынтығы;
7) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) балалардың ақпаратқа қол жеткізуі – балаларға арналған ақпараттық өнімді балалардың еркін алу және тарату құқығы;
9) балалардың ақпараттық қауiпсiздiгі – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету;
10) жас санаты – осы Заңда айқындалған тәртіппен ақпараттық өнімге берілетін санат;
11) жас санаты белгісі – жас санатын графикалық және (немесе) мәтіндік белгілеу;
12) жас сыныптамасы – ақпараттық өнімге жас санатын беру процесі;
13) натуралистік сипаттау және (немесе) бейнелеу – адамның назарын бейнелеу (сипаттау) объектісінің бөлшектеріне, анатомиялық ерекшеліктеріне және (немесе) физиологиялық не техникалық процестеріне аударатын, адамды, жануарды, затты, оқиғаны, құбылысты, әрекетті (әрекетсіздікті) және олардың салдарын сипаттау және (немесе) бейнелеу;
14) нормативтік емес лексика бар ақпарат – былапыт, тұрпайы, бейәдеп сөздер, сөз орамдары мен тіркестер бар ақпарат.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші:
1) ғылыми, ғылыми-әдістемелік, оқу, оқу-әдістемелік, статистикалық ақпаратты қамтитын;
2) Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасына сәйкес мәдени құндылықтарға жатқызылатын ақпараттық өнімді таратуға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. БАЛАЛАРДЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ДАМУЫНА ЗАРДАБЫН ТИГІЗЕТІН АҚПАРАТТАН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ, МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАТЫСУ
4-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттары
Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясат:
1) психологиялық жас ерекшеліктерін, ақпараттық ортаның теріс ықпалына осалдығын ескере отырып, мемлекеттің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі;
2) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік шаралардың жүйелілігі мен кешенділігі;
3) балаларды тиісінше тәрбиелеу және толыққанды дамыту мақсатында тарихи және өзге де дәстүрлерді, қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарын ескеру;
4) Қазақстан Республикасының заңдарымен балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты еркін алу және тарату құқықтарын шектеуге жол беру қағидаттарына негізделеді.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары мен әдістемесін бекітеді;
5) жас санаты белгісіне қойылатын талаптарды бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы құзыреті
1. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) осы Заң талаптарының сақталуы тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өніміне мониторингті жүзеге асырады;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Байланыс және ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) телекоммуникация желілерінде Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Білім беру саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім кәмелетке толмағандарға таратылған кезде Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
6. Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) мыналарды:
бұқаралық ақпарат құралдарын, сондай-ақ телекоммуникация желілері арқылы таратылатын ақпаратты;
балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнімнің кәмелетке толмағандарға таратылуын қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
8-бап. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы қоғамдық бақылау мен қатысу
1. Осы Заң талаптарының сақталуына қоғамдық бақылауды жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар:
1) ақпараттық өнімнің таратылуына және балалардың ақпаратқа қол жеткізуіне мониторингті жүзеге асыруға, оның ішінде "қызу желілерді" құру және ұстау, балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпаратты, ақпараттық өнімді және тұлғалардың әрекеттерін мониторингтеу мен анықтаудың техникалық, аппараттық және өзге де нысандарын қолдану арқылы жүзеге асыруға;
2) осы Заңның бұзушылықтары туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға;
3) таратылатын ақпараттың мүмкіндіктері, әлеуеті, тәуекелі мен қатерлері туралы балалардың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған, сондай-ақ ата-аналарды кәмелетке толмаған адам ақпаратты алған және пайдаланған кезде оны бақылау дағдыларына үйрету жөніндегі іс-шаралар жүргізуге;
4) балалар мен ата-аналар арасында ақпараттық сауаттылыққа талдау жүргізуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
3-тарау. ЖАС СЫНЫПТАМАСЫ, ЖАС САНАТЫ ЖӘНЕ ЖАС САНАТЫ БЕЛГІСІ
9-бап. Жас сыныптамасы
1. Жас сыныптамасын:
1) Қазақстан Республикасында жасалған және (немесе) дайындалған ақпараттық өнімге – меншік иесі;
2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (жеткізілген) ақпараттық өнімге меншік иесі немесе таратушы Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық өнімнің таратылуы басталғанға дейін жүзеге асырады.
Осы тармақтың нормалары фильмдердің жас сыныптамасын жүзеге асыруға қолданылмайды.
2. Жас сыныптамасын жүзеге асыру кезінде:
1) ақпараттық өнімнің тақырыбы, жанры, мазмұны және көркемдік безендірілуі;
2) белгілі бір жас санатындағы балалардың ақпараттық өнімде қамтылған ақпаратты қабылдау ерекшеліктері;
3) баланың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізу ықтималдығы бағалауға жатады.
3. Жас сыныптамасы ақпараттық өнімге мынадай жас санаттары беріле отырып жүзеге асырылады:
1) "6 жасқа дейін" – алты жасқа толмаған балаларға арналған ақпараттық өнім;
2) "6 жастан бастап" – алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
3) "12 жастан бастап" – он екі жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
4) "14 жастан бастап" – он төрт жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
5) "16 жастан бастап" – он алты жасқа толған балаларға арналған ақпараттық өнім;
6) "18 жастан бастап" – балаларға тыйым салынған ақпаратты қамтитын ақпараттық өнім.
4. Фильмдердің жас сыныптамасы осы Заңның және "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.12.2019 № 289-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |