1.Топырақ эрозиясы туралы түсінік.Эрозия (латынша –erosia-бұзылу) деп, топырақтың су мен жел әсерінен бұзылуын айтады. Топырақ сумен шайылса онда су эрозиясы, ал желмен ұшырылса, онда-жел эрозиясы немесе дефляция дамиды. Топырақты тиімді пайдалану және эрозиядан сақтау-егіншіліктің басты міндеті.
Су эрозиясы көлденең немесе беткі және тік немесе жыралық болып екі түрге бөлінеді. Сондай-ақ ағын сулар түрлеріне қарай еріген, жаңбыр немесе суару арқылы келетін сулар себеп болған эрозия түрлерін бөледі.
Беткі эрозия топырақтың үстіңгі қабатының жаңбыр немесе еріген қар суларымен шайылуына байланысты. Соның салдарынан топырақтың беткі қабаты біраз бөлігінен айрылады, ал шайылған топырақ массасы жіңішке су ағымы мен ылғалға қарай тасымалданады. Егістік бетінде орылған кішігірім су аймағының арналары жыл сайын топырақты жыртқанда тегістеліп отырады. Сөйтіп, беткі эрозияға шалдыққан топырақтың үстіңгі қабаты бірте-бірте жұқарып, шайылған кескінді түріне көшеді.