Бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптарына арналған «Шахмат негіздері» курсы бойынша вариативтік сағаттың оқу бағдарламасы



бет1/6
Дата13.10.2024
өлшемі59,01 Kb.
#206306
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6
Байланысты:
шахмат


Бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптарына арналған «Шахмат негіздері» курсы бойынша вариативтік сағаттың оқу бағдарламасы
Түсінік хат
1.1. Өзектілігі: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 22 маусымда шахматтан Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының мүшелерімен және шахмат федерациясының өкілдерімен кездесуде шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу жөніндегі ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспарын» (бұдан әрі – Жоспар) бекітті. Жоспар білім беруде шахматты дамытуды, оның ішінде вариативтік компонент сағаттары есебінен жалпы білім беретін мектептердің 1-4 сынып білім алушыларына шахматты оқытуды көздейді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде шахматтың пайдасын атап өтті: «Шахмат – бұл ақыл мен коммуникативтік дағдыларды шыңдауға мүмкіндік беретін бірегей спорт түрі». Қазіргі уақытта адамзат төртінші өнеркәсіптік революция дәуірін бастан кешіруде. Ол қарқынды ақпарат ағынымен, жаңа технологиялық әзірлемелермен және цифрлық трансформациямен сипатталады. Осыған байланысты ХХІ ғасырда сын тұрғысынан ойлау, шығармашылық ойлау, мәселелерді шеше білу, ақыл-ой әрекеті, жоспарлау және басымдықтарды анықтау, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс істей білу, жұмыс жады, икемділік, уақытты басқару дағдысы, эмоционалды интеллект сияқты дағдыларға баса назар аударылады. Мектеп білім алушыларында бұл дағдыларды қалыптастыру үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға сәтті бейімделуге және дамуға әкеледі. Білім алушыларды дамытудың ең қуатты білім беру құралдарының бірі - шахмат болып табылады. 1.2. Көптеген ғалымдар өздерінің педагогикалық зерттеулерінде шахмат ойынының оң әсерін дәлелдеген. Шахмат көптеген білім беру артықшылықтарын ұсынады. Ол балалардың аналитикалық және логикалық ойлауының бірнеше деңгейін дамытады. Шахматтың білім берудегі пайдасы бүкіл әлем бойынша жүргізілген көптеген зерттеулерде жақсы рәсімделген. Шахмат интеллектуалды дамуға ықпал етеді және оқу үлгерімін жақсартады. Сондай-ақ шахмат балаларға шешім қабылдау дағдысын дамытуға көмектеседі, оларға өз таңдауларына жауапкершілікпен қарауға және сол шешімдерінің салдарын түсінуге үйретеді. Педагогика ғылымдарының докторы В.Князева шахмат ойынының бірегейлігіне келесідей сипаттама береді: «Шахмат қиял мен аналитикалық ойлауды дамытады. Ойлау мен зейіннің ерекше формалары, зейінді ауыстыру және оны басқару, маңызды ақпаратты бөліп көрсету, шешімді таңдау (оның салдарына көз жеткізе алу мүмкіндігімен бірге), шығармашылық қарым-қатынас және оқшаулану қабілеті, сонымен қатар шығармашылықтың дербестігі мен оның белсенді сипатын және уақыт сезімін қалыптастыру, өз іс-әрекетіне жауапкершілік, мақсаттылық, табандылық, шыдамдылық, сыртқы және ішкі сөйлеуге, математикалық және басқа да арнайы қабілеттерге қарқынды әсер етеді, эстетикалық талғамды тәрбиелейді 3 және т.б. [1]. И.М.Линдердің пікірінше, шахмат баланың психикасына әсер етіп, ақыл-ой дарындылығының ерекше формасының көрінуіне ықпал етеді. [2] Оның ойынша, шахмат ойыны ақыл-ой қабілеттері мен шығармашылық ойлауды дамытуға тиімді ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұлғаның жағымды қасиеттерін мақсатты түрде қалыптастырудың тиімді құралы болып табылады. Шахмат баладан жағдайды талдауды, қарсыласының қимылдарын болжауды және қолда бар ақпарат негізінде саналы шешім қабылдауды талап етеді. Бұл сыни ойлауды дамытады және өз әрекетінің нұсқалары мен салдарын бағалау қабілетін дамытады. 1894 жылы француз психологі А.Бине мақала жариялап, онда шахматтың сыни ойлауды дамытуға ықпал ететінін атап көрсетті [3]. А.Биненің зерттеуі шахматтағы табыс тек жүріс нұсқаларын есептеу қабілетіне ғана емес, сонымен қатар шешім қабылдау және жағдайды адекватты бағалау кезінде позициялардың мағыналық мазмұнын пайдалана білуге байланысты деген қорытындыға келді. Бұл тұжырымда шахматшыларда механикалық есте сақтау емес, ұғыну мен түсінуге негізделген сыни ойлау басым екенін атап көрсетті. Алан Даттон және оның әріптестері жүргізген «The Effects of Chess Instruction on the Mathematics Achievement of Southern, Rural, Black Secondary Students» (1997) атты зерттеу, шахматтан сабақ алған балалардың математикадан үлгерімі артып, сыни ойлауы дамығанын айқындады. А.Я.Богоявленская, А.И.Алифиров, И.В.Михайлова мен М.Ю.Гутеневаның зерттеулері шахмат ойыны сыни және стратегиялық ойлауды дамытуға ықпал ететінін, сонымен қатар логикалық ойлауды жетілдіретінін растайды. Бұл тұжырымды Вершинин М.А., Зарецкий В.К. және Алексеев Н.Г. те қолдады. Сондай-ақ шахмат балаларды икемді ойлауға, қалыптас тысшешімдерді табуға және талдау мен болжау негізінде шешім қабылдауға үйретеді, шығармашылық ойлаудың айтарлықтай дамуына ықпал етеді. Шахматтан тұңғыш әлем чемпионы В.Стейниц өз еңбектерінде шахмат ойынының адамның шығармашылық ойлауына оң әсерін атап өткен [4]. Кәсіби шахматшы ретінде ол шахмат ойынының нәтижесі толығымен ғылыми және логикалық қағидаларға негізделгенін баса айтты. Ол интеллекттердің бәсекелестігі шахмат ойынының нәтижесін анықтаушы фактор болып табылатынын және шахмат ойынындағы комбинациялардың шексіз алуандығы логикалық және бейнелі ойлауды дамытуға мол мүмкіндіктер беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ шахмат ойыны сыни және шығармашылық ойлауды дамытуға ықпал ететіні анықталды. Доктор Р.Фергюсонның (1979-1983) төрт жылдық зерттеуі аясында АҚШ-тағы Брэдфорд өңіріндегі мектептің 7-9 сынып білім алушыларының ой-өрісіне шахматтың әсері туралы аналитикалық зерттеу жүргізілді [5]. 1986 жылы Германияда жүргізілген зерттеулерде шахмат ойынын жүйелі және мақсатты түрде оқыту білім алушылардың өзіндік ерекшелігі мен ойлау жылдамдығын дамытуға, сонымен қатар шығармашылық идеялардың саны мен дәйектілігін арттыруға ықпал ететіні расталды. Бір қызығы, мұндай оң әсер алты ай бойы тұрақты шахмат сабағын жүргізгеннен кейін де байқалды [6]. 2017 жылы үнді ғалымдарының зерттеуі «Шахматты жүйелі оқыту балалардың қалыптан тыс және шығармашылық ойлау қабілетін дамытады» [7] деген қорытындыға келді. Түркиядағы Чукурова университетінде жүргізілген зерттеулер шахмат ойнаған балалардың шығармашылық ойлауы мен өздерінің және 4 басқалардың психикалық күйлерін түсіну және тану дағдыларын дамытудағы айтарлықтай жоғары көрсеткіштерге ие болғанынатап өтті [8]. Шығармашылық ойлауды дамыту үшін шахмат ойынының пайдалылығын дәлелдейтін мысал ретінде интеллектуалды және шығармашылық элита өкілдерінің арасында шахматшылардың айтарлықтай санын кездестіруге болады: «Шахмат ойыны сан қырлы. Көптеген атақты музыканттар, суретшілер, жазушылар шахмат әуесқойлары болғаны кездейсоқ емес. Дегенмен, шахматшылардың көпшілігі ғалымдардың арасында» [9]. Шахмат ойынында ойыншылар шешілуі керек түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болады. Шахмат стратегиялық жоспарлауды, балама қадамдарды талдауды және тәуекелдер мен пайданы бағалау негізінде шешім қабылдауды талап етеді. Бұл қиын жағдайларда мәселені шешу және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Дебора Перри және оның әріптестері жүргізген «The Effects of Chess Instruction on the Mathematical Problem-Solving Abilities of Students with Learning Disabilities» (2003) зерттеуі математикалық есептерді шешуде үлгерімі төмен білім алушылардың қабілетіне шахмат жаттығуларының әсерін зерттеді. Зерттеу нәтижелері оқуда қиындықтары бар білім алушылардың математикалық дағдылары мен есептерді шешу дағдыларының айтарлықтай жақсарғанын көрсетті. «The Effects of Chess on Cognitive and Noncognitive Outcomes in Elementary Schoolchildren» (2011) зерттеуінде ғалымдар Роберт Фернандес пен Михаил Шведовский балалардың шахматты оқыту бағдарламасына қатысуы олардың мәселені шешу, логикалық ойлау және математикалық қабілеттерін дамыту дағдыларын айтарлықтай жақсартуға әкелетінін айқындады. Шахматтағы негізгі дағдылардың бірі - тақтаны елестету және ойдағы әртүрлі нұсқаларды қарастыру. Ойыншы фигуралардың позицияларын көріп, ықтимал жүрістерді және олардың салдарын елестете білуі тиіс. Бұл ақыл-ой әрекеті, бейнелі ойлау және ақыл-ойдағы ақпаратты өңдеу қабілеттерін жаттықтырады. А.А.Алехин шахмат ойнау кіші мектеп жасындағы шахматшы балалардың ақыл-ойда әрекет ету қабілетінің дамуына кедергі болатын қорқыныштарды жеңуге көмектесетінін көрсетті, атап айтқанда қателік жасаудан қорқу және басқалардың реакциясынан қорқу [10]. 2003 жылдың аяғынан бастап Саткин ауданында балаларды шахмат ойынына тарту мақсатында «Шахматты жалпыға бірдей оқыту» бастамасы қолға алынды. 2004 жылдан бастап Саткин ауданында «Жалпы даму үшін шахмат» жобасы басталды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – балалардың шахматтың үздік ойыншысы болуға көмектесу ғана емес, олардың есте сақтау, стратегиялық ойлау, зейінді шоғырландыру және басқа да дағдыларын дамытуға көмектесетін шахмат сабақтарын ұйымдастыру. Саткин ауданының зерттеушілер тобы шахматтың мектеп білім алушыларының танымдық дамуына оң әсері туралы айтарлықтай эмпирикалық деректер жинауға мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізді. Нәтижелер шахмат жобасы аясында шахматпен айналысқан білім алушылардың өз іс-әрекетін ақыл-ойда жоспарлау қабілетінің жоғары деңгейде дамығанын көрсетті. Шахматпен айналысатын топтар арасындағы айырмашылық (негізгі топ және «Шахматты жалпыға бірдей оқыту» топ) шамалы болды, ал шахматпен айналыспайтын білім алушылар тобымен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылықтар айқындалды. Бұл шахматтың мектеп білім алушыларының 5 танымдық дамуына жалпы оң әсерін көрсетеді. Сондай-ақ динамикалық зерттеу шахмат жобасына қатысқан балалардың басқа топтармен салыстырғанда танымдық процестерінің тұрақты дамуын көрсетті[11]. Сондай-ақ Н.И.Пустовалова, Д.В.Лазаренко, Я.А.Пономарев, Н.А.Пастернак, А.З.Зак және басқа да зерттеушілер жүргізген зерттеулерде шахматтың ақыл-ойда әрекет ету қабілетін дамытуға ықпал ететінін анықталды. Сондай-ақ шахмат балаларды жоспарлауға және басымдықдылықтарды анықтауға үйретеді. Шахмат ойнаған кезде мүмкін болатын нұсқалар мен ықтимал салдарды ескере отырып, әрбір жүрісті мұқият қарастыру керек. Шахматпен айналысатын балалар жоспарлауды, логикалық тізбектерді құруды және нұсқаларды талдауды үйренеді, бұл олардың жүйелі ойлау және болжау қабілетін дамытуға ықпал етеді. М.Ю.Гутеневтің пікірінше, шахмат ойыны стратегиялық ойлау дағдыларын дамытуға, мүмкін болатын нәтижелер мен өз іс-әрекетінің салдарын болжай білуге, сонымен қатар әрекет жасауда объективті және субъективті факторларды біріктіру дағдыларын дамытуға ықпал етеді [12]. Шахматтан екінші әлем чемпионы Эм. Ласкер шахмат ойынының адамның ой-өрісін дамытуға және оның дербестігіне оң әсерін тигізетініне үлкен мән берген. Оның пікірінше, шахмат ойынын үйрету дербес ойлау қабілетін дамытуға қызмет етуі керек [13]. Қазіргі шахматта компьютерлік бағдарламалар мен онлайн-ресурстар кеңінен қолданылады. Балалар ойындарды талдау, дағдыларын жетілдіру және жаңа әдістерді үйрену үшін шахмат бағдарламаларын үйреніп, пайдалана алады. Мұндай бағдарламалармен жұмыс істеу, бағдарламалық жасақтаманың интерфейстері мен функцияларын пайдалана отырып, компьютерлік дағдыларды дамытады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ойыншылармен шахмат ойнауға болатын көптеген онлайн платформалар бар. Мұндай платформалар арқылы басқа ойыншылармен өзара әрекеттесу виртуалды ортада қарым-қатынас пен ынтымақтастық дағдыларын дамытады. Шахматты үнемі ойнау зейінді шоғырландыру қабілетінің дамуына ықпал етеді, және ойын кезінде де, күнделікті өмірде де ақпаратты есте сақтау (жұмыс жады) және жылдам өңдеу қабілетін жақсартады. Венесуэладан келген 4000 студенттің қатысуымен Роберт Фергюсон жүргізген бір зерттеуде шахматты үйренудің небәрі 4 айында IQ көрсеткіштерінің айтарлықтай артқаны анық дәлелденді [14]. Жаңа Англияның медициналық журналында жарияланған зерттеу шахмат және басқа үстел ойындарын ойнау арқылы ақыл-ойын жаттықтырған 75 жастан асқан адамдарда мұндай ойындармен айналыспайтын құрдастарымен салыстырғанда, деменцияның даму ықтималдығы айтарлықтай төмендейтінін айқындады. Исландиядағы ұлттық денсаулық институтының «Chess Improves Academic Performance» (2014) зерттеуі шахматты оқыту білім алушылардың оқу үлгеріміне оң әсер тигізетінін көрсетті. Венесуэлада, АҚШ-та және басқа елдерде шахматты оқытудың пайдасын сенімді дәлелдейтін тәжірибелер жүргізілді. Венесуэлада жастар арасында шахматты кеңінен насихаттауға бағытталған бір қызықты тәжірибеде мүмкіндіктері, білім алушылардың білім деңгейі және әлеуметтік ортасы бірдей екі мектеп таңдалды. Жалғыз ерекшелік, бір мектеп оқу бағдарламасына шахматты енгізсе, екінші мектеп әдеттегі оқу бағдарламасын 6 пайдалануды жалғастырды. Тәжірибе нәтижесі керемет болды: шахмат ойыны енгізілген бірінші мектеп білім алушылары екінші мектептегі құрдастарымен салыстырғанда тек шахматтан ғана емес, басқа пәндерден де айтарлықтай жоғары білім деңгейін көрсетті. Осыған ұқсас тәжірибе кейінірек АҚШ-та жүргізілді және оның нәтижелері де әсерлі болды [15]. Шахмат ойыны ойлаудың икемділігін талап етеді және ойыншыларды қалыптан тыс ойлауға ынталандырады. Шахмат көптеген ықтимал жүрістер мен комбинацияларды ұсынады. Ойыншылар партияны дамытудың әртүрлі нұсқалары мен балама жолдарын қарастыруға дайын болуы керек. Шахмат ойыны кезінде ойыншылар тақтада өзгеретін жағдайға да тап болады. Олар икемділік танытуға және жаңа жағдайларға бейімделуге дайын болуы керек. Ойыншылар өз стратегиясын өзгерте алады, позицияларды бағалайды және қайта бағалайды, жаңа жолдарды таба алады. Шахмат текетіресінде екі қарсылас та туындыгер ретінде әрекет етеді, ал шынайы шедевр екі жақтың бірлескен күш-жігерімен ғана жасалады. Әрбір партия бірегей және жеңімпаз тек қарсыластың ерекше жүрістерінің арқасында оны жеңіске жетелеген әдемі идеяны, жоспарды немесе комбинацияны көрсете алады [16]. Шахмат өзінің табиғатына байланысты уақытты тиімді басқару және ресурстарды ұтымды бөлу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Шахматта әр ойыншыға шешім қабылдауға шектеулі уақыт беріледі. Әдетте шахмат сағаты қолданылады, ол әр ойыншының уақытын қадағалайды. Бұл ойыншыдан қолда бар уақытты тиімді пайдалануды, тез шешім қабылдауды және бір жүріске көп уақытты босқа жұмсамауды талап етеді. Сондай-ақ шахмат балаларға эмоцияларын басқаруға үйретеді, өйткені ойын шиеленіс пен стрессті тудыруы мүмкін. Ойыншылар сәтсіз жүрістерде немесе қиын жағдайларда да сабырлы және ақылы айқын болуы керек. Бұл дағды балалар әртүрлі қиындықтар мен қысымдарға тап болатын қазіргі заманда барған сайын маңызды бола түсуде. Жалпы алғанда, шахмат ойыны қызықты ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның дамуы үшін пайдалы, адамға өз ресурстарын басқаруда және негізделген шешімдер қабылдауда, сенімді және құзыретті болуға көмектеседі. Эм.Ласкер шахмат жеке тұлғаның дамуында маңызды рөл атқарады деп есептеді: «Шахматтың рухани бастауы бар. Ол адам тәжірибесінің бүкіл ауқымын қамтиды, шығармашылық үшін кеңістік береді, адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына, дарындылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан оны тек спорт жағынан қарастыру мүмкін емес» [17]. 1.3. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында атақты неміс гроссмейстері З.Тарраш мектептерде шахматты оқытуды енгізу идеясын ұсынды. «Шахматқа шолу» журналында (1903) Нюрнбергтің әйгілі дәрігері және мектеп гигиенасы туралы мақалалардың авторы доктор З.Тарраш шахматты оқытуды орта мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынғаны айтылған. [18] З.Тарраш шахматты мектеп курсына қосу идеясын ұсынғанымен, бұл бағытта практикалық қадамдар жасалмады. Тек 50 жылдан кейін Германия Федеративтік Республикасы мен Германия Демократиялық Республикасында осыған байланысты елеулі шаралар қолға алынды. Г.Клаус шахматтың тәрбиелік мәні зор екенін айтты. Оның тәрбиелік 7 қасиеттері КСРО-да ерекше бағаланды. Шахматты мектеп оқу жоспарларына енгізу туралы идеялар Кеңес Одағы кезінде өте танымал болды [19]. Көрнекті кеңес педагогі В.А.Сухомлинскийдің айтуынша, шахмат балаларда ойлау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. «Қуаныш мектебі» еңбегінде ол шахмат ақыл-ой және есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін таптырмас ойын екенін атап көрсетті. Ол шахмат ойыны интеллектуалдық тәрбие ерекше орын алатын және жұмыстың ерекше формалары мен әдістерін қажет ететін бастауыш мектептің психикалық мәдениетінің бір бөлігіне айналуы керек деп есептеді [20]. Шахматты зерттеуге бағытталған педагогика және психология бойынша көптеген диссертацияларда Вершинин М.А., Князева В.В., Кучумова Е.А., Тарасова О.В. сияқты т.б. зерттеушілердің тұжырымдары мен ұсыныстары бар. Олар шахмат сабағын мектеп кестесіне енгізуді ұсынады. Шахматты бастауыш мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысты С.П.Абрамов, В.Л.Барский, В.В.Сметана, Е.В.Коган, Е.Р.Маскаева, А.И.Алифиров, М.Г.Бихине, В.К. Зарецкий және басқа ғалымдар мен зерттеушілер айтты. Шахматтың дамуға әсері әсіресе шамамен 7-12 жас аралығындағы балаларда айқын байқалады. Неліктен дәл осы жаста? Бұл сұраққа жауап беру үшін, ойлауды дамытумен байланысты психологиялық зерттеулерге жүгінейік. Әдетте, шамамен 5 жаста пайда болатын ана тілі белгілерінің кең жүйесін игергеннен кейін, өте маңызды процесс - іс-әрекеттердің практикалық деңгейден тіл және оның белгілерімен жұмыс істеу арқылы жүзеге асырылатын формалды деңгейге аудару басталады. Тіл белгілері объектілермен бірге іс-әрекеттерді және объектілердің өзін белгілеп қана қоймай, сонымен бірге оларды алмастыра отырып, барлық әрекеттерді қамти бастайды. Белгілерге бағытталған нақты әрекеттер пайда болады. Әртүрлі психологиялық мектептер бұл әрекеттерді түрліше атайды. Мысалы, көрнекті швейцариялық психолог Жан Пиаже ұсынған пропозициялық операциялар жүйесінде әдетте вербалды деңгейде логикалық түрлендіру қабілеті 12 жасқа дейін толық қалыптасып бекітіледі. Шығармашылық психологиясының көрнекті маманы Яков Пономарев «ақыл-ойдағы іс-әрекеттер» терминін қолданады, сол арқылы бұл әрекеттердің орындалатын орнын атап көрсетеді. Бұл жаста жалпы интеллектуалдық қабілет – ақыл-ойда әрекет ету қабілеті қалыптасады. Бұл физикалық әрекет пен айтылымнан бұрын басталады: былайша айтқанда, өзінің нақты жүзеге асуына дейін «ойнатылады». Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, шахмат балалардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға оң әсер етеді. Шахматшылар көбінесе жоғары интеллектке ие деген жалпы қабылданған сенім негізсіз емес. Мектептің оқу бағдарламасына шахматты енгізуді жақтаушылар, барлық білім алушыларды табысқа жету кепілдігімен оқытуды қамтамасыз ететін әртүрлі әдістерді ұсынады. Лев Выготскийдің оқыту - дамудан озық болуы керек деген қағидасына сүйене отырып, сонымен қатар балалардың қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып, балаларға шахматтың негіздерін әдістемелік тұрғыдан сауатты оқыту, олардың психикалық дамуының тиімді құралы болып табылады. Шахмат ойынының негіздерін меңгеру процесі балалардың кеңістіктік ойлауын дамытуға, аналитикалық және синтетикалық әрекеттерін қалыптастыруға, есте сақтауға, салыстыруға, жалпылауға, өз әрекеттерінің нәтижесін болжауға үйретуге ықпал етеді. 8 2. Мектептің білім беру процесіне шахматты енгізудің шетелдік тәжірибесін зерттеу Шахмат әлемнің көптеген елдерінде мектептің білім беру үдерісіне әртүрлі вариацияларда, соның ішінде мектеп пәні ретінде (Армения, Грузия), сондай-ақ таңдау курсы ретінде (Австрия, Ұлыбритания, Израиль, Польша, Түркия, Испания, АҚШ және т.б.) енгізілді [21]. 2011 жылдан бастап шахмат 2-4 сыныпқа дейін бағдарламаның міндетті пәні ретінде дами бастаған жетекші ел - Армения болып табылады [22]. Шахмат аптасына 2 сағаттан оқытылады. Грузияда 2022 жылдан бастап Білім және ғылым министрі Михаил Чхенкелидің шешімімен бірінші сынып білім алушылары шахматты міндетті пән ретінде, екінші және үшінші сыныптарда таңдау пәні ретінде оқи бастады [23]. 2012 жылы Еуропалық Одақ (ЕО) Парламенті «Мектептегі шахмат» (CIS-Chess in School) бағдарламасын ЕО елдеріндегі білім беру бағдарламаларының бірі ретінде дамытуға бағытталған декларация қабылдады. Осы декларация аясында көптеген жобалар іске қосылды. Мысалы, 2018 жылы бюджеті 52 мың еуроны құрайтын екі жылдық «Black and White Sport: Chess» жобасы бастау алды. Шахмат Италия, Испания, Латвия және Португалиядағы бастауыш мектептерде міндетті пән ретінде мектеп бағдарламасына эксперименталды түрде енгізілді [24]. Ресей Федерациясында шахматты мектеп бағдарламасына енгізу бойынша Қалмақия Республикасы тұңғыш жол салушы болды. 1995 жылы маусымда Қалмақия Республикасы Президентінің «Шахмат қозғалысын мемлекеттік қолдау туралы» №29 Жарлығы шықты. 2000 жылы бұл жоба Саха Республикасында іске қосылды. 2016 жылы шахматты бастауыш сыныптарға енгізу бойынша пилоттық жоба Мәскеуде іске қосылды, жобаға 100-ден астам мектеп қосылды. Шахмат оқу бағдарламасына енгізілген тағы бір аймақтың мысалы ретінде Калуга облысындағы мектептерді келтіруге болады. Мұнда мектеп білім алушылары аптасына бір сағатты шахмат сабағына бөледі [25]. 2005 жылы Түркияның оқу-ағарту министрлігі мектептерде шахмат ойынын үйретуді білім алушылардың таңдауы бойынша факультативті пән ретінде бағдарламаға енгізуге рұқсат беру туралы шешім қабылдады [26]. АҚШ-та шахмат сыни ойлауды дамыту және оқу үлгерімін жақсарту құралы ретінде кеңінен танылды. Кейбір штаттарда, мысалы, Техас пен Нью-Йоркте шахмат көптеген мектептердің оқу бағдарламаларына енгізілді [27]. Үндістанда шахматтың ұзақ тарихы бар және білім беру жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Гуджарат штатында 2008 жылдан бастап шахмат білім беру бағдарламаларына енгізіліп, мектеп білім алушылары арасында жарыстар өткізіліп келеді [28]. Испания шахматты мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесіне қосумен танымал. Испанияның әртүрлі аймақтарында шахмат орта мектептің оқу бағдарламаларына енгізілді [29]. Қытай шахматтың сыни ойлау мен интеллектуалдық қабілетін дамытудағы маңыздылығын мойындайды. FIDE есебіне сәйкес Қытайда шамамен 5 000 000 9 бала шахмат секциялары мен шахмат мектептеріне қатысады [30]. 2016 жылы 4-10 жас аралығындағы балаларға шахматты үйрету бойынша халықаралық гроссмейстер Юдит Полгардың «Chess Palace» бағдарламасы іске қосылды [31]. 3. Қазақстан Республикасында шахматты енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру тәжірибесі 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстан Республикасында «Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры» жеке қоры және «Қазақстандық Шахмат Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен «Мектептегі шахмат» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде «Шахмат» пәнін енгізуге жағдай жасауға бағытталды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдымен республиканың 18 мектебінде (Алматы қаласында 4 мектеп, Қызылорда қаласында 4 мектеп және Павлодар облысында 10 қалалық және ауылдық мектептер) пилоттық жоба жүзеге асырылды. Әуелі пилоттық мектептердің мұғалімдері оқытылды. Содан кейін сынақтар өткізілген соң оң пікірлер түсіп, басқа аймақтардың қызығушылығы артуына байланысты, жоба ауқымды бола бастады. Осылайша, жоба аясында Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының мектептері қамтылды. Шахматтың балаларға әсерін бағалау үшін зерттеу жүргізілді. Осы мақсатта 2-сынып параллелінен 2 эксперименттік (шахмат оқытылатын) және 2 бақылау (шахмат оқытылмайтын) сыныбы таңдалды. Шахмат оқытылып, оқытылмаған пилоттық сыныптарда 25 психолог 6-9 жас аралығындағы 1852 білім алушылардың 122 параметрін өлшеген. Шахмат ойнағандар арасында интеллект, шығармашылық және сөздік-логикалық ойлау деңгейінің жоғарылағаны, алаңдаушылық деңгейінің төмендегені анықталды. [32]. «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасын іске асыру әртүрлі аймақтардағы бастауыш мектептерде және әртүрлі мектептерде оқу материалдарымен, құрал-жабдықтармен, инвентарлармен толық қамтамасыз етіліп, аталғандардың көмегінсіз «Шахмат» пәнін енгізуді тексеруге мүмкіндік берді. 4. Глоссарий Ақыл-ой әрекеті – бұл физикалық әрекеттерді нақты орындамай, ақыл-ойда орын алатын әрекеттерді ойша жоспарлау және модельдеу процесі; Білім сапасы – білім беру үдерісіне әр түрлі қатысушылардың үміттерін қанағаттандыру дәрежесі - басқаша айтқанда, мақсат пен нәтиженің арақатынасы, мақсатқа жету өлшемі; Дебют – шахмат ойынында 10-15 қадамнан тұратын жүрістер. Әдетте күшін жинақтап, фигураларын шабуыл жасауға ыңғайлы орналастырудан басталады; 10 Жоспарлау және басымдықтарды анықтау – мақсатқа жету үшін қадамдарды және оларды қандай ретпен орындау керектігі туралы шешім қабылдаудың маңызды дағдылары; Жұмыс жады – ақпаратты ақыл-ойда қысқа уақыт ішінде сақтау және өңдеу қабілеті; Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс істей білу – ақпаратты қабылдау, өңдеу, беру және алмасу үшін заманауи цифрлық құралдарды, бағдарламалық жасақтаманы және интернет ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі; Икемділік – бұл дағды балаларға жаңа жағдайларға, күнделікті тәртіптің өзгеруіне немесе өзгермелі болжамдарға бейімделуге мүмкіндік береді; Кері байланыс – белгілі бір оқиға немесе əрекетке жауап беру, үн қату, пікір білдіру; Қалыптастырушы бағалау – оқу үдерісін дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін, білім алушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етіп, үздіксіз жүргізілетін бағалаудың түрі; Мат — қарсы ойыншы шабуыл жасаған сәтте, патшаны алып кетуге, жолын жабуға немесе шабуылдаушы фигураны жеп қойып, шахтан қорғануға болмайтын, ұтылған жақтың патшасы қарсы жақтың шабуылына тап болған, шахмат партиясының соңғы жағдайы; Мәселелерді шеше білу дағдылары – проблемалық жағдаяттарды талдау, оларды шешу жолдарын логикалық және шығармашылық тәсіл арқылы табу және бағалау қабілеті; Миттельшпиль – дебюттен кейін басталатын шахмат ойынының ортасы. Негізгі жүрістермен байқалатын тұс; Ойлау дағдыларының деңгейлері – әрбір деңгейі ойлау дағдыларын анықтауды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттарының иерархиялық өзара байланыстағы жүйесі; Оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білім алуға деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті; Пат – тартыста қарсы жақтың бірінің шах берілмей тұрған патшасын жүретін бос шаршы болмай қалады және сол патша өрісінде фигуралар мен пешкалардың жүретін мүмкіндіктері қалмаған жағдай; Сын тұрғыдан ойлау – ақпаратты, идеяларды және дәлелдерді талдау, бағалау және сыни бағалау процесі. Ол дәлелдер мен логикалық аргументтер негізінде белсенді және саналы түрде ойлау, талдау, пайымдау және қорытынды жасау; 11 Рокировка – патша екі шаршы арқылы тура жағына қарай жүріс жасап, тураны секіріп өтіп жанына тұру қабілеті; Уақытты басқару дағдысы – бұл дағды балаларда қанша уақыт бар екенін, оны күн ішінде қалай бөлуге болатынын және мақсаттарына жету үшін оны қалай бөлу керектігін бағалауға көмектеседі; ФИДЕ – шахматшылардың дүниежүзілік бірлестігі; Цугцванг – шахматтағы позиция, онда ойыншының кез-келген қозғалысы оның позициясының нашарлауына әкеледі; Шах – патшаға шабуыл жасау; Шахмат – өнер, ғылым және спорт элементтерін біріктіретін 64 ұяшықты тақтадағы шахмат фигуралары бар үстелдік логикалық ойын; Шахмат этюді – белгіленген жүрістерден кейін жеңіске жету және тең түсу есептелінген шахмат позициясы; Шығармашылық ойлау – жаңа және біртума идеялардың, тәсілдер мен шешімдердің туындау қабілеті, сонымен қатар байланыстар мен мүмкіндіктерді көре білу қабілеті; Эмоциялық интеллект – өз эмоцияларын басқару және оларды реттеу, бұл әртүрлі жағдайларға бейімделу үшін өте маңызды; Эндшпиль – шахмат партиясының соңғы бөлігі; 5. Жалпы ережелер 5.1. «Шахмат негіздері» курсы бойынша вариативтік сағаттың оқу бағдарламасы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) және «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы« Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарға арналған бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №8170 болып тіркелген) сәйкес әзірленген. 5.2. Аталған оқу бағдарламасы бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарларына сәйкес вариативтік сағатта шахмат негіздерін оқытуға ұсынылады. 12 5.3. «Шахмат негіздері» курсы бойынша вариативтік сағаттың оқу бағдарламасын оқудың мақсаты - шахмат ойынының негізгі қағидаттарын түсіну және дағдыларын жетілдіру, шахмат сабағына белсенділік пен қызығушылық танытуға ынталандыру, сондай-ақ 21 ғасырда талап етілетін дағдыларды дамыту болып табылады. 5.4. Аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді: Бағдарламаның міндеттері Күтілетін нәтижелер жұмыс жадының дамуына және позициялар мен жүріс нұсқаларын есте сақтау арқылы ақпаратты сақтау және басқару қабілетіне ықпал ету шахмат тақтасында әртүрлі позицияларды көрсетеді және жүріс нұсқаларын ұсынады білім алушыларда фигуралардың физикалық қозғалыссыз ақыл-ойда әрекет ету қабілетін қалыптастыру ойдағы әрекеттер тізбегін жоспарлауды көрсету арқылы ойын жағдайын болжайды өз жүрістері мен әрекеттерін алдын ала болжау, сондай-ақ басымдықтар мен стратегияларды анықтау қабілетін дамытуға ықпал ету маңыздылығы мен жеделдігіне негізделген шешімдер қабылдайды және өз әрекеттерінің ықтимал салдарын талдайды білім алушыларда жағдаяттарды талдау, мақсат қою және әрекеттерді жоспарлау дағдыларын қалыптастыру шахмат тақтасында мәселелерді шешудің әртүрлі әдістерін меңгереді заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын игеруге ықпал ету, шахмат дағдыларын жетілдіру және шахмат қауымдастығында байланыс мүмкіндіктерін кеңейту ойындарды талдап, тактика мен стратегияны үйренеді және басқа шахматшылармен қарым-қатынас жасау үшін компьютерлік бағдарламалар мен онлайн ресурстарды пайдаланады өзгермелі ойын жағдайларында икемді және бейімделгіш болу қабілетін дамыту стратегиясын тез өзгертуді, жағдайды талдауды және жаңа ақпарат негізінде шешім қабылдауды үйренеді талдау, бағалау және қолда бар деректер негізінде дәйекті шешім қабылдай алу қабілетін дамытуға ықпал ету шахмат тақтасындағы әртүрлі позицияларды талдау және олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалайды шығармашылық ойлауды және қалыптан тыс шешімдерді таба білу қабілетін ынталандыру жаңа тәсілдерді әзірлейді, күтпеген қимылдар мен жоспарларды, сондай-ақ 13 ойында табысқа жету үшін инновациялық тәсілдерді қолданады шектеулі уақыт жағдайында уақытты жоспарлау, ресурстарды бөлу және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал ету шектеулі уақытта ресурстарды бөледі және шешім қабылдай алады білім алушыларға эмоционалды интеллект, эмоцияны бақылау және стресстік жағдайларда шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектесу мәселелерді шешу кезінде сабырлылық және зейіндік танытады 5.5. «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасының айрықша ерекшелігі оның пәндік білім мен дағдыларды қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар 21 ғасырдың дағдыларын дамытуға бағытталуы болып табылады. Бағдарлама балаларға заманауи ақпараттық қоғамда қажетті дағдылардың кең ауқымын дамытуға бірегей мүмкіндік береді. 6. Бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптарына арналған «Шахмат негіздері» курсының мазмұнын ұйымдастыру 6.1. «Шахмат негіздері» курсы бойынша оқу жүктемесінің көлемі: ●1-сыныпта аптасына 1 сағаттан; ●2-сыныпта аптасына 1 сағаттан; ●3-сыныпта аптасына 1 сағаттан; ●4-сыныпта аптасына 1 сағаттан. 6.2. «Шахмат негіздері» курсын оқытуға қойылатын талап - шахмат құрал-жабдықтарының болуы, ақпараттық жүйелер мен интернетке қолжетімділік болып табылады. «Шахмат негіздері» курсы бойынша сабақты тиімді өткізуге қажетті құрал-жабдықтар тізімі: шахмат тақталары, шахмат фигуралары, шахмат сағаттары, демонстрациялық тақта, ноутбук, интерактивті панель. 6.3. Курстың негізгі мазмұны келесі бөлімдерді қамтиды: «Шахмат ойыны», «Шахмат математикасы», «Шахмат есептері мен жаттығулары». Әр бөлім сын тұрғысынан ойлау, шығармашылық ойлау, мәселелерді шеше білу, ақыл-ой әрекеті, жоспарлау және басымдықтарды белгілеу, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс істей білу, жұмыс жады, икемділік, уақытты басқару дағдысы, эмоционалды интеллект сияқты негізгі дағдыларды дамытуға бағытталған бөлімшелерден тұрады. 6.4. Оқу мақсаттарының жүйесі 14 Оқу бағдарламасында оқу мақсаттары кодтық белгімен белгіленген. Кодтық белгідегі бірінші сан - сыныпты, екінші және үшінші сан - бөлім мен бөлімшенің ретін, төртінші сан - оқу мақсатының реттік нөмірін көрсетеді. Мысалы, 1.2.1.1 кодында: «1» – сынып, «2.1» – бөлім мен бөлімше, «1» – оқу мақсатының реттік нөмірі. Әр сыныпқа бөлім бойынша берілген оқыту мақсаттары жүйесі

Шахмат үйірмесінің күнтізбелік –тақырыптық жоспары


Апталық жүктеме аптасына 1 сағат/34 сағат
2 сынып





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет