Бекітілген қазақстан Республикасының мәдени саясатының



бет1/7
Дата08.02.2022
өлшемі97,3 Kb.
#122039
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
7. 8.09.2017 =F5 F8O kaz



Жоба

Қазақстан Республикасы


Президентінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 939 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Президентінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 939 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының мәдени саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
МАЗМҰНЫ

1. Кіріспе


2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың жалпы пайымы
2.1. Ағымдағы ахуалды талдау
2.2. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме
3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары
3.1. Мақсаты мен міндеттері
3.2. Жалпы тәсілдер
3.3. Негізгі қағидаттар
4. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының басым бағыттары
4.1. Ұлттың мәдени жадын сақтау
4.2. Мәдениет саласындағы басқару жүйесін жетілдіру
4.3. Өнер саласының бірыңғай білім беру кеңістігі
4.4. Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу
4.5. Ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдану
4.6. Қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту
Шығармашылық кластерлер
Музейлер ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде
Әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі
Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет
Театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері
Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту
Мәдени-туристік кластерлер
«Астана - Еуразия жүрегі» кластері
«Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері
«Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы» кластері
«Алтай маржаны» кластері
«Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері
«Каспий қақпасы» кластері
5. Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар
6. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
«Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды»
Н.Ә. Назарбаев
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы Мемлекет басшысы ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін рухани жаңғырту және «Рухани жаңғыру» ұлттық сананы жаңарту, сондай-ақ «Мәңгілік ел» патриоттық акті ұлттық идеясы болып табылады.
Бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлемнің көптеген халықтары мен мемлекеттерінің негізгі даму басымдықтарының қатарына жатады. Мәдениеттің даму деңгейі, жалпыұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды өлшем шарттарының бірі болып табылады.
Табысты мемлекеттің мәдени саясаты жасампаз құндылық бағдарларын қалыптастыру негізінде қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады және қоғам мен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің барлық маңызды аспектілерін дамытудың сапалы өлшемі болып табылады.
Мәдениет саласындағы жетістіктер ведомстволардың, мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистиканың сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінгі күні мәдениет - тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы. Осында ұлттық-мәдени тамырлары, тарихи тәжірибесі, үздік дәстүрлері, сондай-ақ ұлттың ұлттық кодын сақтау базалық тірек болып қалады.
Заманауи көзқараспен мәдениет рөлін түсіну жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру қажеттілігін негіздейді, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, мемлекеттің революциялық емес, эволюциялық дамуы оның маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мәдениеттің рөлін ұғынуға деген қазіргі заманғы көзқарас тұлғаның, бизнестің және тұтас мемлекеттің табысы аспектілерінің бірі ретінде қоғамның шығармашылық белсенділікке деген көзқарасы өзгеріп жататын жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру қажеттілігін негіздейді. Бұл талап, ең алдымен, Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына тез арада кіруіне жәрдемдесетін қазіргі заманғы, әлемдік стандарттарға негізделген мәдениет инфрақұрылымын және саласын ұйымдастыру мен басқарудың тиімді моделін құру маңызды басымдық болып табылады.
Мәдени саясат тұжырымдамасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің озық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Атап айтқанда, жұмыспен қамту және кірістер деңгейінің көрсеткіштері бойынша мәдениет және өнер саласын күшейтуге бағытталған. Мұндай жағдайларда мәдениет саласы экономика ресурстарының біріне, бизнес-бастамалар үшін тартымды инвестициялық салаға айналып келеді, бұл атап айтқанда: кино индустриясы, анимация, цирк өнері, музей, концерт пен театр қызметтері және т.б. сияқты өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдарын экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

2. Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың


жалпы пайымы
2.1. Ағымдағы ахуалды талдау
Саланың тарихи қалыптасқан және тәуелсіздік жылдары қарқынды дамыған инфрақұрылымы қазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуы үшін негізгі тұғырнама қызметін атқарады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2017 жылғы 1 қаңтарға елімізде 4,1 мың кітапханалар, шамамен 3,2 мың мәдени-демалыс ұйымдары, 238 музей, 64 театр, 94 кинотеатр, 39 концерттік ұйым, 132 мәдениет және демалыс саябағы, 8 хайуанаттар бағы және 4 цирк жұмыс істейді.
Инфрақұрылымның даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие. Мәселен, соңғы жылдарда музейлердің, клуб үлгісіндегі мекемелердің және кино қоюды іске асыратын ұйымдардың саны 13%-ға артты; театрлар саны 16,4%-ға өсті; кітапханалар саны 4,6%-ға көбейді. Саланы жүйелі мемлекеттік қолдау тұрақты қаржыландырумен айқындалады.
Елімізде өзінің сәулеті бойынша бірегей «Қазақстан» орталық концерт залы, Орталық Азиядағы ең ауқымды «Астана Опера» опера және балет театры, «AstanaBallet» театры, елімізде мәдени мұраның маңызды құндылықтары жинақталатын аса ірі орын болуға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды.
Сала инфрақұрылымы жылына орта есеппен 90,5 миллионнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша, халықтың көрсетілетін мәдениет қызметтеріне қанағаттану деңгейі 66-70,3 % құрайды.
Қазіргі бағыттардың, жанрлар мен стильдердің барлығы дерлік өз даму бастауын классикалық, халықтық және бұқаралық мәдениеттен алды. Қазақстандық музыка, бейнелеу, кино және театр өнері әртүрлі халықаралық өнер фестивальдарында, көрмелерде, форумдарда, биеннале мен конкурстарда лайықты ұсынылды. Қазақстандық үздік өнер шеберлерінің әлем өнерінің ең беделді алаңдарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар.
Еліміздің театр алаңдарында жыл сайын 38 мыңнан астам спектакль қойылады, олардың 400-і - отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің жаңа қойылымдары, «Тәуелсіздік толғауы» шығармашылық конкурстарының шығармалары.
Отандық киноиндустриясы белсенді дамуда. «Қазақфильм» АҚ киностудиясында түрлі жанрлар мен форматтардағы фильмдерді түсіруге мүмкіндік беретін киноөндірісінің қазіргі заманғы толық технологиялық тізбегі қамтамасыз етілген. Кинобазаның өндірістік қуаты жыл сайын 100-ден аса фильмді құрайды. Қазақстандық картиналар халықаралық кинокөрсетілімдер мен фестивальдарға қатысуда. Соңғы үш жылда «Қазақфильм» АҚ 200-ден астам картинасы әлемнің 48 елінде 150 кинофестивальдер мен халықаралық көрсетілімдердің қатысушылары болды және 100-ден астам жүлделерге ие. Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында 26 кинокартина таныстырылған, оның ішінде 9 көркем, 9 деректі, 7 дебютті және 1 толықметражды анимациялық фильм. Барлық суреттер халықаралық нарық прокатына бағдарланған. 2016 жылы Ресейде «28 панфиловшылар» қазақстандық-ресейлік картинасы үздік фильмдер қатарына енді. «Елбасы жолы» - «Жұлдыздар тоғысқанда» киноэпопеясының жалғасы Ресейде, Қытайда, Францияда, Гонконгта, Грецияда тұсаукесері өтті. Қытайда креативті индустрия және мәдениет көрмесінде «Инновациялық жоба» атты номинациясы бойынша жоғары марапатына «Под вечным оком неба» ғылыми-танымал фильмі ие болды, итальян және қытайлық әріптестермен бірлесіп жасалған «Марко Поло» деректі киносының көрінісі Қытайда және Италияда өткізілді. 2017 жылы реж. А. Сатаевтың «Дорога к матери», реж. С. Нырымбетовтың «Аманат» картинасы және т.б. бірқатар беделді халықаралық марапаттарға ие болды. «Құнанбай» картинасы Қазақстанның әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлықтың бірінші иегері болды. «Алмас Қылыш» картинасы 2017 жылғы отандық прокаттың көшбасшыларының біріне айналды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың негізгі зияткерлік ресурсы болуға бағытталған ҚазҰЭК - Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Электрондық каталогтың көлемі 30 мың библиографиялық жазбаны құрайды. Қашықтықтан пайдаланушылардың сұратуы бойынша кітаптардың е-көшірмелерін жасауға жыл сайын орта есеппен 3 мың тапсырыс қабылданып, өңделеді.
Шетелде қазақстандық мәдениетті танымал ету шеңберінде соңғы бірнеше жыл бойы Мәдениет күндері форматындағы іс-шаралармен ТМД-ның барлық дерлік елдері, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдері қамтылып келеді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында іс-шаралар кешені жүзеге асырылып, нәтижесінде тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштері ашылды, маңызды тарихи-мәдени объектілер консервацияланды, реставрацияланды және реконструкцияланды, елдің мәдени мұрасын зерделеудің тұтас жүйесі үшін база құрылды.
«Қазақтың дәстүрлі мың күйі», «Қазақтың дәстүрлі мың әні» және «Батырлар жыры» бірегей жобаларының шеңберінде халық шығармашылығының ең үздік үлгілері жүйелендірілді.
Қазақстан халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша мәдениет саласындағы мынадай конвенцияларға қатысушы болып табылады: 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция, 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны (МеММ) қорғау туралы конвенция, 1954 жылғы Қарулы қақтығыстар болған жағдайда мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенция, 1954 жылғы Еуропа мәдени конвенциясы, 1970 жылғы Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенция, 1928 жылғы Халықаралық көрмелер туралы конвенция.
ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне мәдениет ескерткіштері - Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, сондай-ақ «Сарыарқа - Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғи мұра объектісі енгізілді. Жібек жолының Жетісу бөлігінің қазақстандық сегіз объектісі: Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақтөбе «Степнинское», Өрнек, Құлан, Қостөбе, «Ақыртас» археологиялық кешені «Жібек жолы: Чанань-Тянь-Шань дәлізі маршруттарының желісі» атты сериялық трансұлттық номинацияның құрамында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне кірді.
Тұтастай алғанда, саланың әлеуеті мейлінше жоғары, мұны көрсетілетін мәдени қызметтерді тұтынудың тұрақты өсу серпіні айғақтап отыр. Тек соңғы он жылда ғана театрларға бару көрсеткіші 1,3 есе артты, кітапханалардың тұрақты оқырмандарының саны 18 %-ға өсті, кинотеатрлардың көрермендер саны
2,3 есе ұлғайды.
Алайда, жалпы сала көрсеткіштері қарқынды өскенімен, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен беделі бұрынғысынша төмен күйінде қалып отыр. Сала қызметкерлерінің орташа айлық еңбекақысы республикадағы қызметтің барлық салалары бойынша осыған ұқсас көрсеткіштің 61-72 %-ын құрайды. Қызметтің көрсетілген түрі бойынша еңбекақы қоры елдегі жалпы еңбекақы қорының 1,3%-ын құрайды. мәдениет саласындағы жаңа жұмыс орындарын ашу серпіні саланың жұмыспен қамтудың орташа республикалық көрсеткішінен артта қалғанын көрсетіп отыр.
Саланың түйінді проблемалары
Ағымдағы ахуалды талдаудың негізінде саланың мынадай проблемаларын бөліп көрсетуге болады:
1) атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайтын шешімдерде тиімді үйлестірудің жетіспеушілігі, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының, әсіресе ауылдағы мәдениет ұйымдарының желісін дамытуда сақталып келе жатқан теңсіздік;
2) мәдениет мекемелері желісін дамыту қажеттілігі мен бюджеттің оларды күтіп-ұстау жөніндегі мүмкіндіктері арасында сәйкессіздік бар;
3) жастар мен балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жүйелі тәсіл толық қолданылмайды;
4) өнердің қазіргі заманғы бағыттары мен оның жаңа ағымдары тиісті даму мен қолдау таппай келеді;
5) ұлттық рухани құндылықтар мен бағдарларды жарқын көркемдік образдарда бейнелейтін заманауи өнер туындыларының жетіспеушілігі;
6) ғылыми тәсіл және өнер теориясы мен практикасының өзара байланысы жеткілікті айқындалмаған: көркемөнер білімін беру, өнертану, музей ісі, археология, реставрациялау, туризм, кино, театр шашыраңқы орналасқан және өзара келістірілмеген;
7) музейлер мен музей-қорықтар ғылыми-зерттеу қызметін дамыту әлеуетін жеткілікті пайдаланбайды;
8) меценаттық, демеушілік және волонтерлік институттары дамымаған, мәдениет саласында мемлекеттік-жекеше әріптестіктің әлеуеті мардымсыз пайдаланылады;
9) бос уақыт мәдениеті мен мәдени сервисті дамытудың жүйелі тәсілін іске асыру жөніндегі практикалық қадамдар жеткілікті пысықталмаған.
Мәдениет саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық база заманауи инновациялық және ықпалдасушылық процестердің талаптарына толыққанды сәйкес келмейді, өңірлердің, моноқалалар мен шалғайдағы ауылдардың қажеттіліктерін ескермейді.
Елімізде қолданыстағы шығармашылық білім беру жүйесінің музыка, балет, орындаушылық, бейнелеу өнері бойынша кадрлар даярлаудағы көрсеткіштері жоғары болғанымен, кино, анимация, сурет өнері, мүсін, графика, дизайн, декоративті-қолданбалы өнер, музей, реставрация, кітапхана ісі саласындағы мамандар тапшылығының спектрін түгел қамтымайды. Көркемөнер білімі оқытудың барлық деңгейлерінде шығармашыл мамандарды даярлауды жүйелі қайта құру талап етеді.
Кадр тапшылығы «креативті» жаңа таптың - белсенді және бұқаралық әлеуметтік топтың пайда болуы мен дамуын тежеп отыр, мәселен, АҚШ-та оның үлесі қазірдің өзінде халықтың 30%-ынан асады.
Өнердің, музейтанудың және мәдениеттанудың барлық салаларында ғылымды дамыту жеке назар аударуды талап етеді. Бүгінде музей ісі, тарих, археология, этнография, реставрациялау, өнертану және мәдениеттану саласында ғылыми зерттеулерді жүргізудің үйлестірілген саясаты жоқтың қасы. Ғылыми және практикалық нәтижелерге, артефактілерге, тарихи-мәдени объектілерге тиісті түсінік берілмейді және оны құндылықтарды мұраға алу мен мәдени бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы процестеріне ықпалдастырылмаған.
Жастар мәдениетін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын және көркемдік-эстетикалық білім беруді қолдау жүйесін дамытуға тиісінше көңіл бөлінбейді. Осы жағдай қоғамның, әсіресе жастардың шетелдік мәдени құндылықтар мен идеалдарына жаппай бағдарлануына себеп болды, бұл құндылықтар мен мәдени иммунитеттің орнықты шкаласын қалыптастыруға теріс әсер етеді.
Эстетикалық талғамға, адамгершілікке тәрбиелеуге, отандық мәдениетке деген қызығушылық пен құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған балаларға арналған түрлі мәдени өнімдерді (оның ішінде анимациялық) шығару стратегиясы жоқ.
Қазақстан мәдениеті мен өнерінің көптеген салаларының әріптестігі мен бәсекелестігі шарттарында әлемдік мәдени процеспен ықпалдасу әлеуеті толыққанды іске асырылмаған. Танымал имидждік жобаларды іске асыру - халықаралық конкурстар мен фестивальдарды өткізу, туристік трансұлттық маршруттар мен кластерлерді дамыту әлемдегі қазақстандық мәдениеттің мәртебесін нығайтуға ықпал ете алады және ықпал етуге тиіс.
Зор мүмкіндіктер бола тұра, мәдениет және өнер саласындағы креативті индустриялар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың нашар дамуы саланы дамытудың инновациялық тәсілін қалыптастыруға және мәдениет өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне кең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Мәдени саясаттың модельдері
Мәдени саясат саласында әртүрлі жолдар мен тәсілдер бар және әрбір дамыған мемлекет қазіргі тарихи-мәдени тәжірибесіне, объективті саяси және экономикалық артықшылықтарға негізделетін өзінің бірегей стратегиясын басшылыққа алады.
Мәдени саясаттың модельдері мынадай негізгі басымдықтарға бағдарланған: қолда бар мәдени құндылықтарды қорғау, мәдени шығармашылықты қолдау және ілгерілету, мәдени өмірді (ортаны) дамыту. Басқару (жоспарлау), қаржыландыру және заңнамалық қамтамасыз ету қазіргі заманғы дамыған және дамушы елдердің мәдени саясатының негізгі аспектілері болып табылады.
Басқару модельдері:
1) басым саясат - мемлекеттің күш-жігері құндылықтардың берік жүйесін құруға, жалпыұлттық және әлемдік маңызы бар имидждік жобаларды, шығармашылық ұйымдарды, ұжымдар мен тұлғаларды қолдауға бағдарланған;
2) қолжетімділік саясаты - мемлекеттің негізгі күш-жігері элитарлық мәдениет пен өнерді ілгерілетуге, халықтың қалың жігінің арасында талғам мен жоғары эстетикалық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған;
3) мәдени өзін-өзі көрсете білу саясаты - классикалық мәдени иерархия және эстетикалық санаттардың айқын болмауы, басты рөлді мәдени өзін-өзі сәйкестендіру мен өзін-өзі көрсетуге деген (этностық, әлеуметтік, кәсіптік және т.б.) кез келген ұмтылыс атқарады.
Мәдениет саласындағы кез келген басқару моделінің негізін елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құруға мемлекеттің жоғары дәрежеде қатысу қағидаты айқындайды.
Сонымен бірге, әлемдік практикада мәдениет саласын дамытудың айқын және әмбебап стандарттары мен оның табыстылығының критерийлері қалыптаспаған. Әрбір ел өзінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін және стратегиялық перспективаларының пайымын ескере отырып, мәдени саясаттың міндеттері мен құралдары жиынтығын айқындайды.
Дамыған елдердің мәдени саясатының заманауи бағытын сипаттайтын бірқатар жалпы әлемдік үрдістер бар, олардың ішіндегі ең маңыздылары:
1) шығармашылыққа жәрдемдесу және шығармашылық бостандық генерациясы;
2) мәдени мұраның сақталуын, ұлттық мәдениет пен тілдің қорғалуын қамтамасыз ету;
3) халықтың барлық жіктерінің мәдени өмірге қатысуына тең мүмкіндіктер жасау;
4) жастардың, әсіресе балалардың шығармашылық жетілуі үшін жағдайлар жасау;
5) қоғамның мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуын ықпалдастыру және басқалары болып табылады.
Ұсынылған басқару модельдерінің әлемдік үздік практикаларының оң элементтерінің синтезі Қазақстан үшін маңызды. Мәдениет саласындағы серпінді дамып келе жатқан процестердегі мемлекет, қоғам және тұлға мүдделерінің теңгерімін ұстап тұру орнықты және табысты мемлекеттің мәдени саясатының неғұрлым оңтайлы қағидаты болып табылады.
Қаржыландыру модельдері
АҚШ: мәдениетті мемлекеттік қолдаудың мықты идеологиялық негізі бар және «шабыт беретін мемлекет» ретінде белгілі. Қаржыландыруды гранттар, қорлар мен демеушілер қамтамасыз етеді. Мәдениет миссиясы америкалық құндылықтар жүйесі мен өмір салтын жаһандық ауқымдарда жылжытуды, АҚШ-тың дүние жүзіндегі демократияның, адам құқықтары мен бостандығының қорғаушысы ретіндегі ерекше имиджін қалыптастыруды қамтиды.
Ресей: «2013-2020 жылдарға арналған мәдениет пен туризмді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қолданылады, оның негізгі мақсаты - тұлға мен мемлекеттің рухани-адамгершілік дамуы, елдің біртұтас мәдени кеңістігі мен көпұлтты халықтың рухани бірлігін нығайту. Негізгі қаржыландыру көзі - федералдық бюджет. Тікелей қаржыландыру Ресейде бұқаралық мәдениет ұйымдарының орта есеппен 80%-ға дейінгі кірісін қамтамасыз етеді. Жеке қайырмалдықтар, демеушілер мен меценаттар үшін салықтық жеңілдіктер пайда бойынша салық салынатын базаны мәдениет пен өнерді дамытуға жасалған қайырмалдықтар шамасына азайтудан көрініс табады. Бұл жағдайларда салық салынатын пайда кәсіпорындар үшін 5%-ға дейін, ал банктер үшін - 3%-ға дейін азайтылады. Ресейдің мәдени саясаты мәдениет пен оның әлеуметтік рөлінің ұлттық ұғымына негізделген.
Қытай: мәдени саясаттың екі бағыты бар - мемлекет тарапынан қаржыландырылатын және бақыланатын дәстүрлі бағыт: идеология, көрсетілетін әлеуметтік мәдени қызметтер, шығармашылық, ғылыми зерттеулер, мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ еркін бәсекелестік жағдайында мәдениет өнімдерін өндіретін мәдениет индустриясы. Мемлекеттік қаржыландыру инвестициялардың мемлекеттік емес нысандарымен үйлеседі: мәдениет саласындағы инвестициялауды көтермелеу, қаржы қорларын кеңейту, серпінді және жоғары технологиялық жобаларға мемлекеттік кредит беру және т.б. Үкімет мәдениетті дамыту қорын құру мен мәдениет саласындағы коммерциялық кәсіпорындар арқылы мәдени индустрия саласын қалыптастырудың тиімді тетігін жасады.
Ұлыбритания және Канада: мемлекет ұлттық мәдениетті қолдау бойынша негізгі қаржылық ауыртпалықты өзіне алады, бұл ретте оны бөлуге қатыспайды – «қол созу» қағидаты. Бұл функцияны тәуелсіз әкімшілік органдар жүзеге асырады, олар өз кезегінде қаржы қаражатын арнайы комитеттер мен сарапшылар топтарына береді. Корпоративтік демеушілік мәдениетті қаржыландырудың мемлекет күш-жігеріне барабар маңызды тетігін білдіреді.
Германия: бюджеттік қаржыландыруды негізінен өңірлік және жергілікті биліктер жүзеге асырады, экономикалық еркіндіктің үстем мәні мойындалады. Мәдениет саласындағы саясат мемлекеттік қаржыландырумен қатар гранттық қолдау жүйесінің тетіктері дамыған жекеше және қоғамдық қаржыландыруды қамтиды.
Франция: мәдениетті қаржыландыруды орталық, өңірлік және жергілікті билік органдары мен біршама дәрежеде жекеше сектор жүзеге асырады. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алады. Мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Швеция, Норвегия, Дания мәдениет саласында орталық деңгейдегі мықты әкімшіліктің болуына негізделген, ол мәдени саясаттың барлық қатысушыларының қызметінде, атап айтқанда өңірлік және жергілікті қоғамдастықтарда үйлестіруші рөлін атқарады.
Аустрия: Аустрияда мәдениет ұйымдарын мемлекеттік субсидиялау 75%-дан бастап 100%-ға дейін құрайды. Франциядағы сияқты Аустрияда да мемлекеттік қаржыландыру негізгі үш: федералдық, өңірлік, муниципалдық деңгейде жүзеге асырылады.
Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур: мәдени саясаттың шығыс азиялық нұсқасы әлеуметтік жауапкершілікті, әлеуметтік ұйымшылдықты қалыптастыру, қалаларды жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау арқылы мәдениеттің әлеуметтік тартымды рөлін қайта жаңартуға сайып келеді. Мәдениет институттарына, шығармашылық индустрияларға, туризм көлемін ұлғайту мақсатында экономикалық бағдарланған жобаларды қолдауға зор мән беріледі.
Әлемдік тәжірибені талдау мәдениет саласында мемлекеттің мүдделілігі мен сауатты құрылған саясат әлеуметтік тұрақтылыққа, құндылықтар жүйесі мен оның сабақтастығын қалыптастыруға, отансүйгіштік пен ұлттық сәйкестікке ықпал ететінін, саланың инновациялық дамуы мен орнықты экономикалық өсуді ынталандыратынын көрсетті.
Әлемдік үздік практикаларды ескерсек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдердің үлгісі бойынша мәдениет саласындағы демеушілік пен меценаттықты қолдаудың пәрменді құқықтық тетіктерін құру Қазақстан үшін әсіресе өзекті.
Қазіргі заманғы әлемдік тәжірибе икемді кластерлік құрылымдардың жоғары табыстылығын көрсетіп отыр. Серпінді бағыттарға дәлдеп шоғырлану жалпы саланы дамыту бағдарларын белгілеуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы бар жобалар мен коммерциялық емес салаларды - әсіресе Ресей, Қытай, Франция, Аустрия және т.б. үлгісі бойынша классикалық және академиялық өнерді мемлекеттік қаржыландыруды сақтап қалу да маңызды. Орталық органдар ұлттық деңгейдегі жобаларды іске асыру бойынша міндеттемелерді өздеріне алатын және мәдениет істері жөніндегі кеңестер жұмыс істейтін Францияның тәжірибесі оңтайлы болып табылады.

2.2. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді


тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме
Соңғы онжылдықтарда біздің елімізде және әлемде болған өзгерістердің серпіні мен сипаты мәдени саланы қолдау мен дамытудың тәсілдері мен әдістерін қайта қарауды қажет етеді.
Жаһандану дәуірі әріптестік пен диалог арқылы индустрияландырудан кейінгі қоғамға қарай қозғалуды қамтамасыз ететін жедел әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыртудың аса маңызды факторы ретінде мәдениетті қоса алғанда, көптеген институттарды трансформациялауға ықпал етті.
Мәдени саясат жалпыұлттық бірлікті және қоғамдық сананы жаңғыртуды қалыптастырудың неғұрлым тиімді құралдарының бірі болып табылады. Ол қоғамда мәдени өмір процестерін мемлекеттік қолдау және азаматтарды мәдениет құралдарымен тәрбиелеу арқылы жүзеге асырылады.
Мәдени саясаттың жаңа моделін қалыптастырудың аса маңызды шарты қоғам мен мемлекеттің экономика, саясат және сана - үш базалық салаларының жаңғырту контекстінде мүдделерін біріктіру болып табылады. Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһанданудың сын-қатерлері мен қауіптерінен қорғауды ғана емес, әлемдік мәдени кеңістікте өзінің мәдени тауашасын жасауды да қажет етеді.

3. Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары


3.1. Мақсаты мен міндеттері
Мақсаттары: рухани жаңғырту және ұлттық сананы жаңарту, елдің біртұтас мәдени кеңістігін дамыту, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ділі мен рухани жағынан биік болуын қалыптастыру, экономиканың сәтті дамуына, туристік тартымдылығын арттыру және елдің халықаралық жағымды имиджін қалыптастыруға әсер ететін қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту және танымал ету.
Міндеттері:
1) азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, қазақстандық жаңа отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін және жалпыға ортақ еңбек қоғамның жасампаздық негіздерін қалыптастыру;


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет