Бір суреттің сыры: Сұлтанбекке серік болған Ескендір Созақтың Жаныс ата ауылында Тілеу деген кісінің ұрпақтары туралы әңгіме күні бүгінге дейін айтылады. Тілеу өткір тілді би, ауыл ағасы, тонның жағасы болған қадірменді кісі екен. Тілеудің үшінші баласы қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Ісмет Кеңесбаевтың әкесі ұзын бойлы, сұлу кісі болған. Молдадан оқып, хат таныған. Құс салып, тазы жүгірткен шебер саятшы, аңшы екен. Домбыраны да жақсы тартқан. Созақтың әйгілі күйшісі Сүгірмен замандас, жерлес, жақын жолдас болыпты.
Кеңесбай 1937 жылы ауылда 80 жасқа келіп қайтыс болады. Осы әулеттен би де, болыс та, ірі-ірі ғалымдар да шыққан. Олардың біразы жазықсыз жаламен ұсталып, 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол азаматтардың қай-қайсысы да «ұлтшыл», «халық жауы» деген жаламен ұсталып жазаланғандықтан, кезінде олар туралы айтылмады, жазылмады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында тұлғалар туралы да тереңірек, толығырақ жазуға мүмкіндік туып отыр.
Тілеу әулетінен қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі қазақтан шыққан алғашқы заңгер Ескендір Ерімбетұлы еді. Ескендір 1904 жылы наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жаныс ата ауылында дүниеге келген. 1917 жылға дейін ауыл мектебінде оқиды. 1917 жылы әкесі оны Түркістан қаласындағы интернатқа апарып орналастырады. Бұл жерде 1920 жылға дейін білімін жалғастырады. Бұдан соң 1922 жылға дейін Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтында оқиды. 1923-25 жылдар аралығында Ташкент университетінің заң факультетінде дәріс алады.
Оқуын бітірген соң Шымкент, Қызылорда губерниялық сотында прокурор болып істейді. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» («Мөлдір махаббат») романындағы басты кейіпкердің бірі Бүркіттің прототипі Сұлтанбек Әбуов екені оқырман қауымға кеңінен таныс. 1928 жылы 29 сәуірде Мұстафаны өлтірген Сұлтанбекке қатысты Қызылорданың жазғы клубында өткен ашық сот процесіне сот ағасы Ескендір Ерімбетұлы болған. Ол туралы «Еңбекші қазақ» газетінде (29 сәуір, 1928 жыл) жазылған. Міне, осындағы сот ағасы болып отырған Ерімбетұлы Ескендір Ісмет Кеңесбаевтың ағасы.
Астана Алматыға ауысқан соң 1930-1932 жылдар аралығында Алматы губерниялық және қалалық прокуроры болды.
1932 жылдың шілдесінен 1933 жылдың қазан айына дейін Мәскеудегі сот және прокуратура ісі бойынша басшы қызметкерлер дайындайтын жоғары курста оқиды, сонымен қатар бұл аралықта РСФСР Жоғарғы Сотының мүшесі болды. Бұл 1 жылдық курс болғанымен, бағдарламасы жоғары оқу орнына жатқан болу керек. Ескендір атамыздың қайтыс боларынан 8 ай бұрын, 1952 жылы 22 сәуірде өз қолымен жазылған өмірбаяны Ташкент архивінде сақталған. Сол өмірбаянда: «Образование юридическое-высшее. Окончил высшие курсы руководящих работников суда и прокуратуры г. Москва в 1933 г.» деп жазылған.
Мәскеудегі заң қызметкерлерін дайындайтын жоғары курсты тәмамдаған соң Алматыға оралып, бұрынғы прокурорлық жұмысына қайта кіріседі. «Қызмет бабында қателіктер жіберді» деген сияқты әртүрлі желеумен 1937 жылы тамыз айында партия қатарынан шығарылады, ал осы жылдың желтоқсанында қызметінен де алынады. «Кеңес өкіметіне карсы ұйымдастырылған ұлттық ұйымдармен байланысы бар» деген күдікпен НКВД органдары бақылауға алады. «Тықыр таянғанын сезген болуы керек, осы кезде ол ебін тауып біраз уақыт Мәскеуге кетіп қалады. Ол жақта да аңдымады дейсің бе, 1938 жылы Ташкентке өтеді. «Аңдыған жау алмай қоймайды». Ташкент қаласындағы бір танысының үйінде отырғанда ұстайды да, ешқандай дәлелсіз 3 жылға соттайды», дейді қызы Мағрипа апай.
Ескендір 3 жыл мерзімін өтеп, 1941 жылы 18 сәуір күні үйіне қайта оралады. «Бір жыл жеке камерада ұсталды. Ұрып-соққан болу керек, келгенде бір құлағы естімейтін еді. Жүрегі де нашарлаған, 37-ден аман калғанына шүкіршілік еттік, дейді Мағрипа апай. – Өкініштісі сол, – әкем ақталғанын өзі көре алмай арманда кетті. «Халық жауының балалары» атанған біз де әкеміз ақталғанға дейін еңсемізді көтере алмай жүрдік емес пе? Көрген құқайымыз да аз емес. 1937 жыл. Әкем себепсіз жұмыстан алынып, ізденбекші болып Мәскеуде жүрген кезі болатын. Біреу есік қақса, үрейленіп отырамыз. Бір күні шешеміз шашымызды ретке келтірмек болып, шаштаразға алып кетті. Қайтып келсек, қара киім киген біреулер заттарымызды сыртқа шығарып жатыр екен. Ол кезде Красина көшесіндегі 43-үйде тұратынбыз. Верандасы бар 4 бөлмелі жеке үй еді. 1935 жылы әйгілі Сұлтанбек Қожанов отбасымен Алматыға келгенде, сол үйде күткен едік. Кейін бұзылып, орнына «Отырар» қонақ үйі салынды», деп аяқтады әңгімесін.
Ескендір 1941 жылы 13 тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1943 жылдың 15 маусымына дейін қызмет етеді. Әскери борышын өтеп келгеннен кейінгі кезеңде оған өз мамандығы бойынша жұмыс бермейді. Бір жылдай Ащысай және Мырғалымсай руднигінде директордың орынбасары болып жүреді де, 1944 жылдың қыркүйегінен бастап ауыл шаруашылығы саласына жіберіледі. Содан осы салада әртүрлі кішігірім қызметтер атқара жүріп, 1952 жылы желтоқсан айының 26-сы күні жүрек ауруынан Шымкент қаласында қайтыс болды. Сүйегі Арыс өзенінің бойындағы Темірлан ауылында жатыр.
Ескендірдің бес баласы болған. Үлкені Қасымбек 1925 жылы туған. Ашғабадтағы әскери мектепті бітіріп, офицер атағын алған. Взвод командирі қызметін атқара жүріп, 1943 жылы Беларусь майданында шейіт болады. Кіші баласы – Ұлықбек милиция полковнигі, Шымкентте. 1927 жылы туған қызы Мағрипа апай қазір Алматыда тұрады. Құдай қаласа, биылғы желтоқсан айында 90 жасқа толады. Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын институттың қазақ жастарына орыс тілін оқыту факультетін бітіріп, мектепте ұстаздық етті.
Мағрипа апайдың үйіне бір барғанымда ол кісі шкафтағы альбом арасынан 8 адам түскен бір суретті алдыма әкеліп қойды. Екінші қатарда түрегеп тұрған үшеудің ортасындағы мұртты жігіттің Сұлтанбек Қожанов екенін бірден таныдым да, калғандарын айыра алмадым. Апай сурет тарихына байланысты былай деді: «Сұлтанбек Қожанов пен менің әкем жерлес болғандықтан ба, әлде рухани жақындықтан ба екен, әйтеуір, бір-бірімен араласып, жақын қарым-қатынаста болды. 1935 жылы Қазақстанның 15 жылдығы тойланды. Тойға Сұлтанбек Қожанов Ташкенттен өз машинасымен келді. Бала-шағаларын да ала келіпті.
Мұнда келген соң ол кісіні менің әкем алып жүрді. Отбасымен бірге үйде де күттік. Мына сурет сонда түсірілген. Тұрғандар: сол жақтан бірінші – әкем Ескендір, ортада – Сұлтанбек Қожанов, касында тұрған шофері Полищук, отырғандар: сол жақтан бірінші Сұлтанбектің зайыбы Күләнда, екінші – қызы Зиба. Ортадағы – ұлы Арыстан. Ғылым кандидаты еді. Марқұм болып кетті. Одан кейін отырған Күләнданың туыс апайы. Ал ең шетте отырған Күләнданың әпкесі Ләтипа апай. Белгілі кинорежиссер Сұлтан Қожықовтың анасы. Әкем Өзбекстанда ұсталып, сонда сотталған ғой. 1959 жылы «ақталды» деп Өзбекстан Жоғарғы сотының төрағасы У.Ибрагимов қол қойған анықтама қағазын алдық. Бір папка етіп тігілген ісін де қарап шықтым. Түгел оқуға дәтім жетпеді. Өйткені жапқан жалаларының бәрі – жалған. Қойған сұрақтарының біразы Сұлтанбек Қожановпен арадағы қарым-катынасына байланысты болып келеді. Ісінен ешқандай кінә таба алмаған ғой, сондықтан амалсыздан баптарын көрсетпей, еңбекпен түзеу лагеріне 3 жылға соттапты».
Сұлтанбектің қызы Зиба Ташкенттегі мединститутта оқыған. Институттан 4 рет шығарылған. 8 жыл оқып, Алматыда бітірді. Қуғындаудан қашып, Мәскеуге кеткен екен. Сонда тұрып қалады. Бұл күнде марқұм Мағрипа апай екеуі дос, сыйлас, сырлас, мұңдас болған. Әкесінің 100 жылдық мерейтойына қатысу үшін 1994 жылы Алматыға келген. Сол жолы Мағрипа апайдың үйінде екі күн қонақ болыпты. Мына суретті сол жолы алып келген екен. Бір данасын Мағрипа апайға қалдырып, екінші данасын Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанда ашылған әкесінің мұражайына тапсырмақ болып алып кеткен екен.
Ескендір ағамыздың өнерге де, өлеңге де жақын жүргендігі байқалады. 1952 жылы 20 желтоқсанда әскерде қызмет етіп жүрген баласы Алтайдың мезгілсіз қайтыс болғаны туралы хабар алады да, анық-қанығын білу үшін Орынборға өзі суыт жүріп кетеді. Бірақ жерлеуіне үлгере алмайды. Баланы жер қойнауына беріп қойған екен. Қабірін сүйіп қоштасып, 23 желтоқсанда кері қайтады. Жолда келе жатып, ішкі шерін, мұң-зарын араб әліпбиімен маржандай етіп қағаз бетіне түсіріпті. «Арман» деген өлеңі бауырларымен бақұлдасу түрінде жазылған.
Дұшпан күліп, дос жылар қайғы түсті,
Ешкімге кез қылмасын мұндай істі.
Тағдырға тән берумен жүреміз де,
Дерт-қайғы тұс-тұсынан қонған күшті,
– дейді. ‒ Не болғанын, қалай болғанын айтуға да мұршасы келмеді. Келе құлады. Сол күні түнде, 26 желтоқсанда жүрегі соғуын мәңгі тоқтатты. Жолда жазған мына өлеңдерін де бертінде анамыздың сандығының түбінен алдық, – деді қызы Мағрипа апай мұңлы үнмен. Міне, осылай Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов сынды тағы басқа да зиялылармен үзеңгілес жүрген атпал азамат Ескендір Ерімбетұлы ердің жасы елуге де жете алмай, көз жұмды, арманда кетті. Туған жерге қызмет еткен азаматтардың өмірі жас ұрпаққа өшпес өнеге. Тұлғаларды дәріптеу – рухани жаңғырудың бір саласы. Бұл іс зиялы қауымды, бізді қуантады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында көшелердің біріне арманда кеткен Ескендір сынды асыл ағамыздың есімі берілсе деген ұсыныс білдіргіміз келеді.
Әжібай КЕРІМҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты,