«БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ»
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасының мазмұны жаңартылды.
Еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттады. Үштаған – бір-бірінен бастау алатын және өзара тығыз байланысты ұғымдар, ел ішінде заң мен тәртіпті қатаң сақтауды қамтамасыз етуді саясатымыздың тұғырлы қағидатына айналдыратын мықты демократиялық институттары мен дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекетті құрудың шарты және еліміздің жаңғыруы мен әрі қарай дамуының стратегиялық бағдарын айқындайды. Бұл «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының басты идеясына айналды.
Бағдарламаның мақсаты:
қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру.
Бағдарламаның міндеттері:
Рухани-адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу:
отанға, өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу; адалдық, әділдік, мейірімділік, ар-ұят пен қамқорлық, қайырымдылық және басқа да адамдық қасиеттерді дамыту; табиғатқа және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу.
Азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді дамыту:
елінің жетістіктері үшін мақтаныш сезімін ұялату; отбасы, қоғам және мемлекет алдындағы өз міндеттеріне саналы көзқарас қалыптастыру;
өз құқығы мен бостандығы, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға дайын болуға баулу; әлеуметтік маңызы бар қызметке белсенді қатысуға тәрбиелеу.
Достарыңызбен бөлісу: |