«Бөбегім менің-өлеңім менің»



Дата24.11.2016
өлшемі106,54 Kb.
#2456
Орталық қалалық кітапхана

Қызмет көрсету бөлімі

поэзия кеші:
«Бөбегім менің-өлеңім менің»
(Мәриям Хакімжанованың

110 жылдығына арналған)


Дайындаған:

ҚКБ кітапханашылары

Карекина К.Б.

Касенова Е.А



Екібастұз 2016 ж.

Мақсаты: Мариям Хакімжанованың шығармашылығымен, қайраткерлік жолдарымен таныстыра отырып жасұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: «Бөбегім менің-өлеңім менің» атты кітап көрмесін ұйымдастыру, портретін, қанатты сөздерін ілу. Слайд және электронды кітап көрмесін көрсету.

Мариям Хакімжанова
1-жүргізуші:

Жердің беті тарам-тарам жол екен,

Қызығы да, қиыны да мол екен.

Біреу келіп, біреу жылап барады,

Өмір деген отты өткел сол екен.

Армысыздар жыр сүйер қауым! Көкірегіне құс ұя салған, қазақтың ақын қызы Мария Хакімжанованың 110 жылдық мерей тойына арналған «Бөбегім менің-өлеңім менің» атты поэзия кешіне хош келдіңіздер.

Саналы ғұмырында бар деп тасымаған, жоқ деп жасымаған ақын нендей қиындық кешсе де тәубесінен жаңылған емес. "Бақыт деген бар ма екен жер бетінде, жаратты екен жекелеп оны кімге» деп сауал қойғанымен, «бақыт-байлық мен үшін осы өлеңім, өмір-жасың ұзақ боп, артымда қал! Керегі жоқ бақыттың өзіме дәл, маған деген бақ болса бөліп-ақ ал» деп, өлеңнен өзгеге пәлендей мән бермейтінін байқатады.
2-жүргізуші:

Осыдан тура жүз он жыл бұрын, яғни 1906 жылдың қа­раша айында Қостанай өңірінің Мезгіл деген қай­ың­ды тоғайының бауырын­да­ғы Хакімжан мен Төле­ге­ннің отбасында Едірес, Ахметжан дейтін ұлдарынан кейін асы­ға күткен қыздары дү­ниеге келді. Жерге шыр етіп түс­кен­де, әкесінің жанға өлше­ген жақсы айғыры мерт бол­ды. “Қызым құ­нын алып туды”, деді әкесі. Өзінен кіші Мә­­рзия атты сіңлісі төрт жа­сында қай­тыс болды. Екі аға және Мұхамеджан, Жақия есімді інілерінің ортасында Мәриям бұлаңдап өсті. Алғашқы ұстазы Сұлтанғазы Ахметовтен жеті жасынан сауатын ашып, бабасы Ыбырай Алтын­сарин негізін салған “орысша, қазақша оқытатын ауылнайлық школа” деп атайтын мектепте оқыды. 15 жасында Тобыл өзені бойындағы Ботпаншық өткелінің Нысанбай ауылына келін боп түсті.



Сіздердің назарларыңызға «Жарқын бейне» телебағдарламадан қысқаша үзінді ұсынамыз. №1, жалғасы
2-жүргізуші:

1929 жылы Алматыға оны бүкіл ел боп шығарып салды. Қарт ата-ана, абы­сын-ажын, бала-шаға қимай қоштасып, үй-ішіндегілер Мәриямның қолдарының балшыққа сұлбасын түсіріп, қатырып, сан­дыққа салып қойды. “Сені сағын­ғанда, саусақтарыңның ізін ұстап, мау­қы­мызды басамыз”, деді.



Алғашқы туындысы туралы бейнеролик сіздердің назарларыңызға. №2
Өлең: «Қайран елім!» 13 б. №2том
1-жүргізуші:

1934 жылы КСРО Жазушылар одағына мүше боп қабылданды. Мәскеу қала­сында өткен жазушылардың 1 съезіне де­легат боп қатысты. 1935 жылы “Же­ңе­шем өлеңдері” кітабы жарық көрді. Мұның бәрі қазақтың классик жазу­шы­сы Бейімбет Майлиннің тікелей ықпал етуімен жүзеге асып жатты. Бұл кезеңде жеке басының тағдыры да мамыражай қалыптасып, Серғали Бермұхамедов сынды музыкалық сан алуан аспап­тар­дың құлағында ойнайтын шебер орын­даушы, заң саласы қызметі мен сал-серілік қасиетті қатар ұстаған жігіттің сұлтанымен тұрмыс құрған еді. “21 жа­сым­да өлідей, 31 жасымда тірілей жесір қалдым, екі рет күйеуге шыққанымда, он жыл да бірге тұрмаппын”, дейтін. 1937 жылы Серғали “халық жауы” деген жаламен ұсталып кетті.



1937 жылдың Мариям Хакімжанованың өміріне айтарлықтай әсер еткендігі, сіздерге бейнеролик арқылы көрсетеміз. № 3, 4
Келесі ..... орындауында «Ақ тілек» өлеңі. 322 бет. №2том
2-жүгізуші:

Содан кейінгі өмірі өксумен өтті, тұрмыстың тау­қы­метін тартты, бірақ қалайда намысқа тырысып, ар-ожданын әрқашан биік ұстады. Ақыны, ғалымы, қайраткері бар, сөз салып, сезімдерін білдірген бір де біреуінің етегінен ұстамады. “Неғып бос жүре бергенсіз, әлгілердің біреуіне шықсаңыз, бала-шағаңыз да, өзіңіз де еш қиындық көрмес едіңіз ғой”, – деп қалжыңдайтынбыз. Біздің пендешілік ойымызға о кісі асқақтай әрі мысқылдай жымия қарайтын еді. Мәриям апамның өнбойынан ескен тазалық, әділдік, шуақ­тың аржағында анау-мынау баса көктей алмайтындай сұс, айбар жататын. Әр жылдары шыққан “Ана ма­хаббаты”, “Жыр асуы”, “Бөбегім менің – өлеңім менің”, “Ана көктемі”, “Гүл туралы аңыз”, “Намыс”, “Өткелдер” және басқа да жыр жинақтарын қалың оқырман жылы қабылдап, ақын ретінде ғана емес, халық ауыз әдебиетін жинап-зерттеуші, атақты Мұрын жырау, Жам­был, Омар Шипин, Нұрпейіс Байғанин, Абдолла Жұмағалиев, Мұқан Төлебаев, Тайыр Жароков және басқа да тұлғалар ту­ралы жазған аса құнды естелік, мақа­ла­ларымен тарихтан өз орнын ойып ал­ды. Бүгінгі таңда Мәриям Хакімжанова есімі тұтастай ұғымға, ұлттық мақ­танышқа айналды.


Алдарыңызға ......... «Ана жыры» өлеңімен шақырамыз. 148 бет.

 1-жүргізуші.

“Білемін бұлбұл сайрамас. Жоғалса үні көмейден... Санасыз алдын ойламас. Артықпын елден демеймін. Көкірегім кең, қол қысқа, қанатымды қалай сер­мейін? Еркін шырқап кетпедім, Еркін­дікке бір жетпедім”, – деп 1953 жылы жазған жыр шумағынан ақынның бүкіл тра­гедиялық болмысын айқын аң­ғарасың. Мәриям іштей тұншығып-булы­ғып өткен ақын. Өз замандас­тарын­дай партияны, мавзолейді, көсем­дер­ді, жұмысшы табын жырлауға мәжбүр бол­ды. Бұл мезгілде жазылған мына бір өлеңіне назар аударайықшы:
  Оқу залының кітапханашысы Касенова Еркеназдың орындауында

«Үкім шықты» өленің ұсынамыз

 

Кенет сөйлеп радио қоя берді,



Ызғарлы үні жарғандай қара жерді.

Үкім шықты тыңдаңдар-тыңдаңдар деп,

Айдаһардай айбаттанып дүрілдеді.

 

Одан әрі тізімді оқып сақылдады,



Ел-жұрт бар деп, арсыз үн тартынбады.

Қазақтың боздақтарын қамап алып,

Қойға шапқан қасқырдай алқымдады.

 

Туған жылын, аттарын атап жатты,



Бір-біріне қосақтап, матап жатты.

Көзімде жас, кеудемді қайғы керіп,

Шабақталып, жүрегім, қанға батты...

 

Қайталап қақылдады сағат сайын,



Халықты қара түнек, басты уайым.

Жазаның ең ауырын атағанда,

Аспаннан сынып түсті күн мен айым...

 

Он жеті, қыршын жандар оққа ұшты,



Төгіліп ыстық қаны жерді құшты.

Не үшін өлгендерін білмей кетті,

Қайысып, қара жер де дір-дір етті!

 

Көр де жоқ, кебін де жоқ, қалды жайрап,



Басқа емес, өз отаны оққа байлап.

Күн күрсініп, аспанда ай тұтылса,

Ойран болып тулады теңіз қайнап.

 

Мұз бүркеніп, қар жамылып таулар тұрды,



Ешбір адам ұқпады жұмбақ сырды.

Төре-қара деген жоқ топырлатып,

Қолға түскен боздақтың бәрін қырды.

 

Талай ару зарланып жесір қалды,



Шырылдатып қаңғыртты балаларды.

Ата-аналар аһ ұрып аңырап жатса,

Мал-мүлкін олжалап талап алды.

 

Соның бірі болдым да, қала бердім,



Өтірік емес, бәрін де көзбен көрдім.

Қайғының қара тонын арқау етіп,

О халқым! өксіп жүріп өлең өрдім.
2-жүргізуші

Туған ұлтының тілегін жырлап өткен ақын “бар қазақтың көкірегіне кіріп, солардың жүрегінде жүретінін” біліп кетті. Бұған дәлел көп, соның бірі – көзі тірі­сін­де оған арналған өлеңдердің, игі тілектердің том-том боп жиналғаны. Іні-сіңлі әріптестерінің оған жыр арна­мағаны кем де кем. Ал, жандары қысылып, әлде­не­ге алаңдап мазасызданғанда, іздейтіні де Мәриям апа болатын. Мұңдарын шағып, сырын төккен хаттар, ақыл-кеңес сұрап соғылатын телефон қоңыраулары, әйтпесе арнайы іздеп келіп, өздерін қинаған түйт­кілдің шешімін сұрап, риза боп кететін­дерін жақындары, бала-шағасы жақсы білетін. “Ешбір жанға “мазаладың” деп көрмеген адаммын, – дейді бір оқырман хатына жауабында. – Көптің бабын табам деген кісіге жақсы атақ та, тыныш өмір де, рахат тұрмыс та болмайтынына көзім әбден жетті”. Осындай ерекшелігін жоғары бағалаған тілектерді тыңдайық.


Слайд
Біз есейіп үлгірмеген кезде сіз шаш­пау­ыңызды тепкен қол жетпейтін бұлт едіңіз. Ал, жігіт болғанымызда, біз үшін аспан­дағы айдан алыс, атақты ақын бол­дыңыз. Енді міне, біз балаларға ата болған­да сіз бізге ардақты апа болып отырсыз, сөй­тіп жеткізбей-ақ алға сермеп бара жатыр­сыз. Бізге бұл қатты ұнайды.

Сіздің өмірбаяныңызбен танысқан сайын ғажайып таңқалатын, мақтан ететін қадір-қасиетіңізге табынам, қызығып та, қызғанып та қараймын.



Ишанбай Қарағұлов,медицина ғылымдарының докторы.
 

Мәриямның кішкене аласа үйінен дәм татпаған, шабыт алмаған, оған өзінің мархабатты анасындай көріп еркелемеген қазіргі орта буындағы ақын-жазушылар кем болар-ау. Осы Қуандықты, Ғафуды сол Мәриямның аласа үйі жыр ұясындай биікке ұшырған секілді болады да тұрады маған.



Сырбай Мәуленов.

 

Мәриям ақын поэзиясына қосқан үлесімен ғана емес, өзінің азаматтық адалдығы, еңбектегі табандылығы, анаға жарасар байсалды мінезімен де бүкіл қазақ қыздарына үлгі де, өнеге де бола алады.



Қайнекей Жармағамбетов.

 

Қайғырдың – саспадың, Қуандың — таспадың, Қызғана білмедің қызығын басқаның. Шықпаса бүгінгі бастаған дастаның, Күні ертең тағы да қайтадан бастадың. Бал салған арадай түзеттің ұяңды, Қай Ана өзіңдей тәтті бал жия алды?! Мен бүгін мақтаныш етемін, Мәкетай, Ой тапқыш қалам мен күй тартқыш сияңды.



Әбділда Тәжібаев.

 

Мәкең ол — өз халқының баласы да, Мәкең ол – жастарымыздың анасы да, Мәкең ол – ағалардың ағасы да, Мәкең ол – даналардың данасы да!



Сейітжан Омаров.

 

Ең әсем ана жайлы өлең сенсің, Тастаған тарих өзі бір-ақ жазып.



Ғафу Қайырбеков.

 

Ол сөйлесе жүзіңді нұрландырып, Жан дүниең қалады бір жаңғырып. Жалғыз жұлдыз секілді ол таңда туған, Мың жұлдыздың ішінде тұрған күліп.



Сағи Жиенбаев.
Мариям Хакімжанова соғыс жылдарынан кейінгі еңбектерін келесі бейнероликтер арқылы танысуларыңызғаь болады. № 5,6,7
1-жүргізуші:

Сол сүйікті Айдарының туған күнін кейіннен өзінің де туған күні етіп таңдап белгілегені тегін болмаса керек десек, бүгінде, өзі 110-ге, Айдар Хакім­жанов 60-ге толып отыр. Әлпештеп өсірген немересі Айгүл Хакімжанова дарынды суретші, қылқалам шебері. Сүйікті немересі Айдарынан шөбере сүйіп, есімін Серғазы деп қойғанын немересі келіп есіткенде, ерекше толғанып, қуанышында шек жоқ еді. Шөбересі 40 күннен асар-аспастан Мариям Хакімжанова дүниеден озды.


2-жүргізуші:

Келесі сіздердің назарларыңызға электронды кітап көрмесін ұсынамыз.


  1. Хакімжанова Мариям. «Шығармалары» (І-том) Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006-328 бет.

Тұңғыш рет топтастырылып жарық көргелі отырған үш томдық шығармалар жинағының бірінші кітабына ақынның отызыншы жылдардан бастап жазған өлеңдері берілді. Бұрын еш жерде жарияланбаған дүниелері де тұңғыш рет ұсынылып отыр.


  1. Хакімжанова Мариям. «Шығармалары» (ІІ-том) Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006-328 бет.

Қазақтың көрнекті ақыны Мәриям Хакімжанованың бұл екінші томына әр кезеңде жазылған толғаулары, поэмалары, балаларға арналған өлең, жоқтау және жұбату жырлары жинақталған.


  1. Хакімжанова Мариям. Шығармалары (ІІІ-том). Естеліктер, мақалалар:-Алматы: Жазушы, 2006.-368 бет.

Биыл туғанына жүз он жыл толатын қазақтың белгілі ақын қызы Мәриям Хакімжанованың үш томдық шығармалар жинағының бұл кітабына негізінен әр кезеңде жазылған естеліктері енді. Бүгінгі ұрпақ үшін Жамбыл, Мұрын жырау, Сәбит, Ғабит, Иса, Қасым, Тайыр сынды алыптардың өмір жолы аса қызықты болары анық. Ұлттық мақтанышымызға айналған ірі тұлғалар кешкен тағдыр кім-кімді де бейжай қалдырмаса керек.


  1. Құлжанова Нәзипа. Шығармалары: (мақалалар, очерктер, педагогикалық ой-пайымдар, аудармалар).-Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2014.-384 бет.

Көрнекті педагог-оқымысты, журналист-көсемсөзші, жазушы әрі аудармашы Нәзипа Құлжанованың мұрасы сан қырлылығымен тәнті етеді. Бұл жинаққа қазақтың қайраткер қызының қаламынан туған түрлі туындылары іріктеліп берілді. Бұл кітапта Мәриям Хакімжанованың «Естен кетпес егіз бейне» атты, Нәзипа Құлжанова туралы тарихи дерек жазғаны бар. Ол 328 беттен басталып, 341 беттен аяқталады.


  1. Қайырбеков Ғафу. Алыс та жақын жағалау. (Екінші кітап)-Алматы: «Білім» баспасы, 2006.-192 бет.

Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғафу Қайырбековтың бұл кітабына ірі ақын-жазушылар мен өз замандастары туралы бұрын жарияланбаған ой-толғамдары, олардың шығармаларына жазған пікірлері топтастырылған. Мариям Хакімжанова жайлы жазғандары 183-187 бет аралықтарын қамтиды.


  1. Тұлпар жырдың дүбірі (Ғафу Қайырбеков туралы естеліктер) Алматы: «Білім», 2007.-256 бет.

Бұл кітапқа көркемдік бояуы мол, азаматтық үні зор, әрі нәзік лирик,т әрі табиғаттың тамаша суреткері Ғафу Қайырбековтың өмір жолы, творчествосы туралы бірге жүрген ақын-жазушыларының, жора-жолдас, туыстарының естеліктері мен толғаныстары енген. Мәриям Хакімжанова Ғафу Қайырбековтың 50 жасқа толуына орай «Тойға арналған сөз» атты құттықтауы осы кітапқа жазылған екен. Оны 12-13 беттен оқысаңыз болады.


  1. Фариза Оңғарсынова: Толық шығармалар жинағы / Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2016.

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың бұл он екі томдық толық шығармалар жинағы-тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған рухани құндылығымыз. Ақын-өз заманының ар-ожданы десек, әлемдік мәні зор, поэтикалық әсері әрқашан мөлдір Фариза Оңғарсынова жырларының өз оқырманына берері мол.

Бұл он бірінші томға қаламгерлердің ол туралы жазған жүрекжарды мақалалары және Фариза Оңғарсынованың әр жылдарда жазған естеліктері мен еңбектері енген. Мәриям Хакімжанованың «Азаматтық әуендер айшығы» деп жазған жүрекжарды шығармасы 9-12 беттерден оқуыңызға болады.


1-жүргізуші:

Мәриям Хакімжанова туралы жыр да, сыр да таусылмайды. Шүкір, ұрпағы өсіп-өнді. Темірхан Хакімжанов техника ғылымдарының докторы, Гүлжиһан Қасымжанова белгілі тележурналист, Данияр Әбілғазин беделді басшы, білгір маман. “Айдарым туғаннан кейін көзім ашылды”, дейтін немересі де биология ғылымдарының кандидаты, зерделі ғалым.



Осымен Мәриям Хакімжанованың 110 жылдығына арналған поэзиялық кеш өз мәресіне жетті. Алтын уқыттарыңызды бөліп келгендеріңізге рахмет. Сау-саламат болыңыздар!
Каталог: upload -> iblock
iblock -> Сабақтың тақырыбы: «Әліппенің атасы»
iblock -> М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат
iblock -> Өзі де, сөзі де бөлек дара тұлға Ауызша журнал: Талғампаз өнер иесі
iblock -> №4 қалалық кітапхана Құрастырған
iblock -> Аты-жөні Марапаттау кезіндегі қызметі
iblock -> Абай Құнанбаев- қазақ жазба әдебиетінің
iblock -> Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Мақсаты
iblock -> Составитель: библиограф цгб
iblock -> Сабақтың тақырыбы: Шортанбай Қанайұлы
iblock -> Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет