Дара буын, ерекше тұлға-Салихитдин Айтбаев
Алаштың анасы атанған-Сыр елінің қасиетті топырағы, талай тарланды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Қазақтың мәртебесін арттырған шешен-билер, елін-жерін қорғаған хас батырлар мен күй мен жырдың алып сүлейлерін тудырған Сыр топырағы қазаққа кенжелеу келген-бейнелеу өнерінде әлемдік деңгейге көтерілген бір топ талантты ұл мен қызды сыйлады.
2019 жылы Қызылордада 13-25 маусым аралығында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қылқалам шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Аға ұрпақ өнері - жастарға аманат» атауымен қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумы өтті.
Бұл шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында жүзеге асырылды. Көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың есімі берілу салтанатына орай өткізілген шараға қатысқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев симпозиум қатысушыларын құттықтап, оларға алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аймақ басшысы көркемсурет галереясы Салихитдин Айтбаевтың есімімен аталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, облыс әкіміосы салтанатты шараға арнайы келген суретші Салихитдин Айтбаевтың жұбайы Ләззат Қожабекованы құттықтады.
Салихитдин Айтбаев Қызылорда қаласында 1938 жылы дүниеге келген. Ол оқыған Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, Үкі Әжиев пен Молдахмет Кенбаев сияқты әйгілі корифейлер, мұғалімдері болған
Салихитдин Айтбаевтың ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы дара буынға жататын ерекше тұлға екенін атап өткен жөн. Бұл уақыт, сол кездегі бүкіл кеңестік кеңістікте, оның ішінде біздің республикада да бейнелеу өнері дамуының сапалы жаңа кезеңі болды.
Бұл кезең елуінші жылдардың соңында жас суретшілер шығармашылығының қарқынды өсуімен және олардың бүкілодақтық және халықаралық деңгейде таныла бастауымен айқындалады. Жас суретшілер аға буын қылқалам шеберлерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, өз заманының жаңа көркемдік талаптарына орай, өзіндік жаңа стиль жасап шығарды. Қазақстан қылқалам шеберлерінің туындыларының мағынасы бірте-бірте күрделілік пен тереңдікке, реңктері қанықтыққа ие болды. Бұл жаңа көркем стиль - ұлттық философиялық идеяның негізінде жаңа көркемдік тілдің тез қалыптасуына, нәтижесінде қазақ бейнелеу өнерінің жалпы жаңа өрлеуіне әкелді.
Салихитдин Айтбаев - шығармасы сол кездегі өзгеріске ұшыраған негізгі ағымдарды бойына сіңірген суретші. Айтбаевтың туындылары формаларының шарттылығымен, түстерінің қарқындылығымен, силуэттерінің анықтығымен, композициялық құрылымының қарапайымдылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді. Оның кескіндемесінің көркемдік қасиетіне ХХ ғасырдағы әйгілі мексикалық Альфаро Сикейрос, француздық Сезанның жұмыстарындағы пейзажды түс пен жарықтың ерекше формалары арқылы беруін және дәстүрлі қолөнердің көркемдік стилін терең зерттеу әсер етті.
Ол өзінің шығармашылығында әсіресе сипаттаудан, бұлдыр әрі жеңіл ойдан арылып, суретшінің ішкі жан дүниесіне ену жолын ашты, заманауи өнердің тәжірибесін қолданып, оны ұлттық тамырларымен байланыстырып социалистік шындықты көшіруден бас тартып, өз әлемін жасады. Кескіндеменің пластикалық мүмкіндіктерін байытып, жазудың жеке мәнерін күшейтті.
Айтбаев 1966 жылы КСРО жас суретшілерінің Бүкілодақтық көрмесінде қойылған «Бақыт» картинасымен кеңінен танымал болды. Бұл туындысы республикалық кескіндемедегі төңкеріс ретінде қабылданды. Суретші тосын композициялық шешім қолданған: алдыңғы планда орналасқан екі жас шопанның үлкен бейнелерінің перспективасы төменнен жоғары қарай алынған, бұл олардың фигураларына асқақтық және монументалдылық ерекшеліктерге ие болуға мүмкін етеді.
Олардың мықты, статикалық фигуралары даланың сары жұмсақ төбелерінің жонында орналасқан. Картина фонында бейбіт жайылған қызыл қоңыр жылқылар - эпикалық пейзаждың тұрақты бөлігі сияқты, алыстағы көгілдір шыңдардан тыныштық пен ұлылық есіп тұрғандай. Айтбаев өз кейіпкерлерін туған жерімен рухани байланысын сезінетін жас қазақтардың, сұлулығы мен күшінің сенімді символы ретінде көрсеткен.
Суреттегі адамдар мен табиғат бір -бірімен үйлесімді түрде тұтасады. Айналадағы кең дала кеңістігі көшпелі дүниетаным үшін қалыпты нәрсе ретінде қабылданады
«Бақыт» картинасында жаңа стильге тән принциптер, яғни дәстүрлі сәндік қолданбалы өнер тәжірибесіне жүгінуді көрсетті. Айтбаевтың шығармалары үлкен модульді және жергілікті түсті жазықтықтардың динамикалық қатар өмір сүруі бар қазақ оюларының құрылымына негізделген. Олардың шығармашылығында мексиканың монументалды кескіндемесіне деген құмарлық маңызды рөл атқарды. Олар қазір әлемге айқын белгілерді көрсету үшін, қоспасыз дара түстерден тұратын дақтар қолданады.
Бұл «жылымық» деп аталатын уақыт болды, шығармашылық адамдар бостандықтың дәмін алды, нәтижесінде Қазақстанда талантты суретшілердің тұтас қатары пайда болды - Салихитдин Айтбаев, Евгений Сидоркин, Борис Пак, Гүлфайруз Исмаилова, Исатай Исабаев, Сахи Романов және басқалар ...
Айтбаевтың көрмеге қойылған суреттерінің арасында портреттер, пейзаждар, және ол әсіресе жақсы көретін жанр қарапайым адамдардың өмірінен көріністер бар.
С.Айтбаев 1994 жылы қайғылы түрде қайтыс болды. Оның бұл өмірден кетуі шығармашылық жанкүйерлері, достары және отбасы үшін ауыр қайғы болды. «Ол өзінің қажымас құмарлығымен Қазақстандағы жаңа және мәңгілік кескіндеме өнерін құрды және қылқаламының қарқынды қозғалысымен 60 -жылдарда революцияға шақырды, оның «Бақыты» тұтас ұрпаққа өнер әлеміне ашылған терезеге айналды. Ол біздің әлемді байланыстырушы дәуір жібін иірді,» - деп атап өтті ол қайтыс болғаннан кейін достары М.Әуезов, Б.Қарақұлов, С.Санбаев, О.Сүлейменов, Б.Тайжанов және басқа да қоғам және шығармашылық қайраткерлері.
Достарыңызбен бөлісу: |