Дене шынықтыру мұғалімі мен жаттықтырушысының педагогикалық-психологиялық дайындығы. Болашақ дене шынықтыру мұғалімінің оқушылардың әр жас кезеңіндегі ерекшеліктері туралы теориялық білімдерінің жеткілікті болуының міндеттілігі бастауыш сынып оқушыларының дене қуатының ерекшеліктерін, оның ішінде жыныстық ерекшеліктерді есепке алу іскерлігі мен дағдысын жоғары деңгейде меңгеруін талап ететіні әдістемелік тұрғыдан негізделді.
Осындай дене шынықтыру мұғалімдері мен болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің оқушыларға дене шынықтыруын беруге кәсіби дайындығын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған анықтаушы эксперименттік бақылауға Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институтының, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының практикант-білімгерлері және жұмыс өтілінің мерзімі әртүрлі 28 дене шынықтыру мұғалімдері мен оқытушылары қатыстырылды. Дене шынықтыру мұғалімдерінің педагогикалық өтілі 5 жылдан 15 және одан да көп жылдарды құрады. 16 мұғалімнің өтілі 15 жылдан жоғары және қалғандарының жұмыс өтілі 5-10 жылдар аралығын қамтыды.
Дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби педагогикалық қызметке даярлығын алдын-ала тестілеу бойынша педагогикалық еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын мұғалімдердің кәсіби қызметке дайындығын орташа, ал еңбек өтілі 15-25 жылдарға жақындайтын мұғалімдердің кәсіби қызметке дайындық көрсеткіші жоғары деңгейге жақындайтындығы айқындалды. Яғни, еңбек өтілі аз дене шынықтыру мұғалімдерінің басым көпшілігінің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығы орташа, тіпті төмен нәтиже көрсетті.
Біздің болашақ дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру нобайын (моделін) жүзеге асырудың тиімділігін диагностикалау жұмыстары психологиялық-педагогикалық әдістемелер арқылы жүргізілді. Диагностикалау барысында оқу үрдісінің ұйымдастырылуы мен нәтижелілігі, сол сияқты анықтаушы және қалыптастырушы эксперимент кезеңдерінде болашақ дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығын қалыптастыру динамикасын анықтауға мүмкіндік беретін тест кешендері қолданылды.
Оның ішінде, кәсіби қызметке білімдік (когнитивті) дайындығының қалыптасуын диагностикалау мақсатында «Дене шынықтыру мен спорт педагогикасы», «Дене шынықтыру мен спорт психологиясы», «Дене шынықтыру мен спорттың теориясы және әдістемесі» пәндерінен білімгерлердің қалдық білімдерін тексеруге арналған тест тапсырмалары әзірленді. Сол сияқты болашақ маманның дайындығының құндылықтық (аксиологиялық) құраушысының қалыптасу деңгейін диагностикалау үшін В.В.Бойконың эмпатиялық қабілеттер әдістемесі пайдаланылды (А қосымшасы). Бұл әдістеме бойынша болашақ маманның өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында кезде-сетін нақты қарым-қатынастарға қатысты сезімдік толқу, жанашырлық таныту қабілеттері бағаланады. Соның негізінде болашақ маман оқушымен немесе өзімен байланыста, әрекеттес болған партнермен дұрыс қатынас жасауға басты назар аударады. Бұл жағдай мұғалім мен оқушының арасында сенім қатынасына негізделген байланысты қамтамасыз етеді деп саналады.
Болашақ мұғалімнің кәсіби педагогикалық қызметке дайындығында шешуші міндет атқаратын әрекеттік құраушыны диагностикалауға ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл мақсатта біз, болашақ мұғалімнің физикалық қасиеттерін диагностикалау үшін Гарвард степ-тестін пайдаландық (Б қосымшасы). Сол арқылы болашақ дене шынықтыру мұғалімінің техникалық-тактикалық іскерліктерін анықтауға мүмкіндік беретін жылдамдық, төзімділік, ептілік, серпімділік секілді физикалық сапаларының даму деңгейлерін анықтауға болады. Е.Ф.Бажина, Е.А.Голынкина, А.М.Эткиндалардың ұсынған субьек-тивті бақылау деңгейіндегі тест-сұрақнама (Д қосымшасы) мен жеке тұлғаның кәсіптік бағыттылығын айқындайтын тестер( И қосымшасы) бізге болашақ дене шынықтыру маманының бойында жалпыпедагогикалық және кәсіби іскерліктердің қалыптасу деңгейлерін айқындауға мүмкіндік берді.
Білімгерлерді дене шынықтыру бойынша кәсіби қызметке даярлауда оларда рефлексияның қалыптасуын диагностикалау аса маңызды. Рефлексия білімгердің өзін-өзі бағалай алуына, құбылыс пен оқиғаны тұтас көре білуіне, пайымдау арқылы өз бетінше әрекеттерді жобалай алу қабілетін анықтай алуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз жеке тұлғаның (біздің зерттеуімізде дене шынықтыру мамандығының білімгері) өзін-өзі бағалау қабілетін анықтауға арналған Б.А.Сосновскийдің әдістемесін және И.О.Мотковтың тестісін пайдаландық (Ж қосымшасы). Аталған әдістемелерді падалану барысында білімгерлердің тұлғалық өсуінің өзіндік бағалау деңгейі және тұлғаның даралық сапаларының күтілетін нәтижеге сәйкес келу дәрежесі зерттелінеді. Яғни, тұлғаның түрлі қарым-қатынас жағдайында өзін-өзі бағалаудың шындыққа жақындығын айқындауға мүмкіндік береді. Мысалы, Б.А.Сосновскийдің әдістемесінде 5-балдық шкалаға сай жеке тұлғаның жауаптары құндылық дәрежелері бойынша деңгейленеді және зерттелінушінің өзі туралы артық немесе көтеріңкі баға беретінін, тіпті өзін-өзі сынай алмайтынын, өз пікірін өзгертуге қиналатынын анықтауға болады. Бұл болашақ маманның кәсіби педагогикалық қызметке дайындығын немесе сәйкес әрекет жасау алу мүмкіндігін айқындауға көмек береді.
Біз зерттеуімізде болашақ дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби қызметке даярлығын қалыптастыру құрылымында дайындықтың білімдік (когнитивті) және әрекеттік құраушыларының жетекші қызмет атқаратынын айқында-дық. Дене шынықтыру мамандарының кәсіби қызметке дайындауда тек әрекеттік құрылымның ғана кәсіби дене шынықтыру іскерлігі мен дағдыларын жоғары деңгейде, ал жалпыпедагогикалық іскерліктер мен дағдылардың төменгі деңгейде қалыптасуына мүмкіндік жасайтынын көрдік.
Зерттеу барысында жүргізілген тест нәтижелері жұмыс істеуші дене шынықтыру мұғалімдері мен білімгерлердің теориялық білімдерінің жеткілікті дәрежеде жоғары екендігін көрсетті, өйткені білімгерлер педагогика, психология, дене шынықтырунің теориясы мен әдістемесі пәндері бойынша жеткілікті білімді. Оның ішінде, педагогикалық еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын мұғалімдер мен практикант-білімгерлердің теориялық білім-дерінің деңгейі жоғары екендігі анықталынды.
Педагогикалық еңбек өтілі 15 жылдан жоғары мұғалімдердің білім деңгейі төмен нәтиже көрсетті, өйткені бұл педагогтар жаңа инновациялық педагогикалық технологиялар және ақпараттық педагогикалық технологиялар бойынша қиналатындықтарын байқатты. Сонымен, зерттеу нәтижелері бойынша біз мынадай қорытынды жасадық: мұғалімдердің еңбек өтілі көтерілген сайын олардың теориялық білімдері төмендейді, яғни кәсіби қызметке дайындығының білімдік (когнитивтік) құраушысына аз көңіл бөлінеді.
Керісінше, құндылықтық (аксиологиялық) дайындығын диагностикалау дене шынықтыру мұғалімдерінің өз мамандықтарына деген жауапкершіліктері мен сезімдік-құнды қарым-қатынасының олардың жұмыс өтілінің артуына байланысты жоғарылайтындығы айқындалды. Бұл мәселеде эмпатияға бейімділік айқындаушы қызмет атқарады, өйткені эмпатия мұғалімнің оқушыға қатысты мінез-құлық стратегиясын таңдауға және ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Эмпатияға бейімділік мұғалімдердің оқушыға көмек беруге үнемі дайындығынан, олардың проблемаларын шешуге жанашырлық таны-туынан, оқушы әрекеттерін қолдауға қатты көңіл бөлетіндіктерінен байқалады. Мұғалім жеке тұлға ретінде өзінің даралық ерекшеліктерін терең түсініп, басқа адамдардың да ерекшеліктерін дұрыс қабылдай алатын сезімтал болып қалыптасады. Сондықтан, эмпатияның дамуы дене шынықтыру мұғалімінің тұлғалық өсуі мен кәсіби қызметке дайындығының жетекші белгілерінің бірі болуы тиіс.
Жұмыс өтілі 15 жылдан жоғары дене шынықтыру мұғалімдерінің эмпатияға бейімділік деңгейі 38,8 балды құраса, жұмыс өтілі 5 жылға дейінгі мұғалімдер мен білімгерлердің эмпатияға қабілеттілігі 20,2 балдан аспады. Білімгерлер эмпатияға қатысты қарым-қатынас түрін ынтымақтастық (7,5 балл) және компромисс (7,0 балл) деп санай-тындықтарын байқатты.
Біз зерттеу жұмысымыздың 1.2 параграфында маманның кәсіби қызметке дайындығының аса маңызды көрсеткіштерінің бірі мұғалімнің өзінің педагогикалық қызметін талдай алу іскерлігі екендігін айтқанбыз. Онда мұғалім өзінің әрекеті мен қылықтарын бағалай алуы міндетті деп айтылған еді. Зерттеу нәтижесінде жұмыс өтілі 15 жылдан жоғары мұғалім-дердің өз қызметін талдауға қабілеттігінің (рефлексия) жұмыс өтілі 5 жылға дейінгі мұғалімдерде және практикант-білімгерлерден жоғары екендігі, білімгерлердің өз қызметінің нәтижесін талдауға қабілеттігінің өте төмен екендігін анықтадық. Диагностикалау жұмысының бұл бөлігінде рефлексиялық қабілеттің жоғары деңгейі мұғалімнің өзінің қызметін бағалай алуы мен тұрақты мінез-құлық пен сезімталдық таныта алуы болып саналды.
Практикант-білімгерлерде мұндай тұрақтылық болмағанымен, олардың көңіл күйлерінің жоғарылығы оқу үрдісінде қолайлы атмосфера туғызып, сабақты нәтижелі өткізуге жағдай жасай алатындығын көрсетті.
Мұғалімдердің кәсіби қызметке даярлығының жоғарыда қарастырылған құрылымдық мазмұндарынан әрекеттік құрылымға ерекше назар аударған жөн. Өйткені, мұғалімнің кәсіби қызметке даярлығын көрсететін іскерліктер мен дағдылары оның әрекеттік жұмыс мазмұнымен тікелей байланысты. Зерттеу нәтижесі бойынша жұмыс өтілі 15 жылдан жоғары мұғалімдер, сол сияқты жас мамандар да кәсіби педагогикалық іскерліктерді меңгергендері анықталынды. Бұл әрекеттік құрылымның қалыптасқанын көрсетеді. Алайда, дене шынықтыру мұғалімінің қызметінің әрекеттік құрылымында жоғары көрсеткіш ретінде олардың техникалық-тактикалық іскерліктерді меңгеруі алынатынын естен шығармауымыз керек. Зерттеуге алынған барлық дене шынықтыру мұғалімдері дене жаттығуларын орындау техникасы мен тактикасын жеткілікті деңгейде меңгерген және дене жаттығуларын оқыту әдістемесін жақсы біледі. Бірақ, мұғалімдердің басым көпшілігі оқу үрдісін жобалауда қиналатындықтары, өздерінің шығармашылық потенциалын жеткілікті қолдана алмайтыны, әсіресе жұмыс өтілі 5 жылға дейінгі мұғалімдердің қарым-қатынас іскерліктерінің төмен екендіктері анықталды.
Сонымен бірге, мектеп мұғалімдерімен қатар 2 курсты аяқтаған білімгерлердің кәсіби қызметке даярлық деңгейін диагностикалау жұмыстары жүргізілді (И қосымшасы). Бұл анықтаушы эксперимент бақылау және эксперимент топтарында өтілді. Екі топта да білімгерлердің басым көпшілігі кәсіби педагогикалық қызметке дайындықтың төменгі деңгейін көрсетті. Бақылау тобы білімгерлерінің 53,6% және эксперимент тобының 52,6% жоғары білім деңгейін (даярлықтың когнитивті құрылымы) және әрекеттік құрылымға қатысты 45,3% (бақылау тобы) және 46,8% (эксперимент тобы) нәтиже көрсете алды. Әрекеттік құрылымның қалыптасу көрсеткіштерінің артуы білімгерлерде дене шынықтырунің техникалық-тактикалық іскерліктерінің жоғары деңгейде қалыптасуымен байланысты болды. Өйткені 1-2 курстың оқу процесіне енгізілген спорттық мамандықтар пәндері спорттық жаттығуларды қарқынды өткізуге жағдай жасады және бұл әрекеттік құрылымның қалыптасу деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Алайда, білімгерлердің жалпыпедагогикалық және мамандану пәндері бойынша іскерліктері мен дағдылары төмен деңгейде қалып қойғаны анықталынды.
Сол сияқты, болашақ дене шынықтыру мұғалімінің дайындығының құндылықтық (аксиологиялық) құрылымы екі топта да (бақылау тобы - 11,6%, эксп. тобы - 10,8%), ал рефлексивті құрылымы екі топта да (бақ.тобы - 3,1%, эксп. тобы - 4,2%) төмен нәтижелер көрсетті. Бұл кезеңде оқу үрдісінде академиялық типті оқу қызметінің формалары ұйымдастырылып, оқытуда теориялық бағыттылық басымдық көрсетті.