Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала» еңбегінде адам танымынан бастау алып, оның қызметімен (ісімен), рухани өмірімен жалғасатын құндылықтарды, білім түрлерін кеңінен талдаған. Ойшылдың ұғымынша қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан, жаратылыс құдіреті туралы адамзаттың дұрыс танымынан бастау алмақ. Барлық ғалам, адам баласы үшін бір ғана мән, бір ғана негіз бар, ол жаратушы. Әл-Фараби ілімінде жаратылыс ақиқат, ақиқат туралы дұрыс білім, адам баласының жаратылыс ақиқатын дұрыс ұғынуы. Қазақта, «жалғыздық бір Аллаға ғана жарасады» деген ұғым осыдан туса керек.
М.Қашғари
Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат ат түркте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.
Қожа Ахмет Ясауи
Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» – Қожа Ахмет Ясауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы.
Ахмет Ясауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін көптеген сол кезеңнін атақты М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдары жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді.