Гистогенез және органогенез (морфогенез) Гистогенез - ұлпалардың түзілу процесі, органогенез – мүшелердің қалыптасуы. Ұрық материалдарының үш эмбрионалдық жапырақшаға жіктелуі барлық ұлпалар мен мүшелерге бастама болады. Морфогенездің бастапқы механизмі детерминация және дифференциация.
Ұрықтық жапырақшалардың түзілу кезеңінде, оның клеткалық құрамында айырмашылықтар байқала бастайды. Алғашқы біртекті материалда айырмашылықтар туғызатын процесті жіктелу, немесе дифференцировка дейді. Барлық көп клеткалылардың әрбір ұрықтық жапырақшаларының тағдыры бірдей болады.
Эктодермадан – нерв жүйесінің ұлпалары жетіледі, терінің үстіңгі қабаты – эпидермис және оның туындылары (тырнақ, шаш, май және тері бездері, тіс эмалі, көру, есту, сезу мүшесінің қабылдау клеткалары) дамиды.
Эктодерма даму процесі кезінде нерв түтігі, ганглиялық пластинка, плакодалар (эктодерманың калындауы), терінің эктодермасы және ұрықтан тыс эктодерма сияқты эмбриондық бастамаларды береді. Осы эмбриондық бастамалардан мына ұлпалар мен органдар пайда болады: нерв түтігінен ми мен жұлынның макроглиясы мен нейрондар, көздің тор қабығы. Ганглиялық пластинкадан дене және вегетативтік нерв жүйесінің ганглияларының макроглиясы мен нейрондар, нервтердің макроглиясы, бүйрек үсті бездердің жұмсақ қабаты, эктомезенхима т. б. пайда болады. Плакодалардан бастың кейбір ганглияларының макроглиясы мен нейрондары, тепе-тендік, есіту органдары мен көз жанары дамиды. Тері эктодермасы тері эпидермасының және оның туындыларының, ауыз қуысы кіреберісінің, қынаптың, тік ішектің кілегейлі қабықшасының эпителийін, тіс эмалының бастамасын береді. Ұрықтан тыс эктодермадан амнионның, хорионның, кіндік бауының эпителийі, ал бауырымен жорғалаушылар мен құстардың серозалық қабықшасының эпителийі пайда болады.
Энтодермадан – тыныс алу, зәр шығару, жыныс, ас қорыту мүшелерінің ішін астарлап жатқан эпителий ұлпалары, бауыр, ұйқы, қалқанша без және асқорыту бездері түзіледі. Энтодермадан ішек пен сары уыз энтодермалары түзіледі. Ішек энтодермасынан асқорыту жолы мен бездердің эпителийі және тыныс алу органдарының эпителийі дамиды. Сары уыз энтодермасынан сарыуыз қапшығының эпителийі жіктеледі.
Мезодерма. Жүйке түтігінің екі жақ бүйірінде орналасқан мезодерма сегменттерге бөлшектеніп, сомиттер дамиды. Сомиттер – склеротом, миотом, дерматом болып жіктеледі. Ішек түтігінің екі жақ бүйірінде орналасқан мезодерма бөлігі бүтін пластинка түзеп, екіге жіктеледі:
1. нефрогонотом (сомиттің аяғы)
2. спланхнотом (екі қабаттан тұрады, оның арасы қуыс – оны екінші реттік қуыс немесе целом деп атайды).
Склеротомнан – шеміршек, сүйек және дәнекер ұлпалар, миотомнан – қаңқа бұлшық еттері, дерматомнан – терінің дәнекер ұлпалары дамиды.
Нефрогонотомнан – жыныс бездері мен зәр шығару мүшелері, спланхнотомнан – ішкі мүшелердің дәнекер ұлпалары, ішектің, тыныс алу, зәр шығару мен жыныс жүйелерінің тегіс бұлшық еттері, қан тамырлары, жүрек пайда болады.
Даму процесі кезінде мезодермадан хорданың бастамасы, сомиттер, дерматом, миотом, склеротом және мезенхима дамиды. Сонымен бірге, мезодерма нефротомды, Вольф каналын, Мюллер каналын, спланхнотомды, ұрықтан тыс мезодерманы кұрайды. Дерматомнан терінің дәнекер ұлпалық негізі, миотомнан көлденең салалы бұлшық ет, ал склеротомнан шеміршек пен сүйек ұлпалары дамиды. Нефрогонотомнан бүйрек пен зәр шығару-жолдарының эпителийі, ал Вольф каналынан шәует шығарушы жолдардың эпителийі пайда болады. Мюллер каналы жұмыртқа өзегі мен жатырдың эпителийін, қынаптың алғашқы эпителийлік жабыңдысын түзеді. Спланхнотомнан целомдық эпителий, немесе мезотелий, бүйрек үсті бездердің қабық қабаты, жүрек еті және жыныс бездерінің фолликулалық эпителийі дамиды. Спланхнотомнан бөлінген мезенхимадан қан мен дәнекер ұлпасының клеткалары, ми тамырлары, ішкі қуыс органдардың ұлпалары мен тамырлары пайда болады.
Органогенез антенаталдық дамудың соңында аяқталады. Бірақ, бірқатар мүшелердің толық жетіліп күрделенуі постнаталдық кезеңде де жүреді.