Иран еліне саяхат



Дата10.03.2017
өлшемі39,31 Kb.
#11203
ИРАН ЕЛІНЕ САЯХАТ

19 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Иран Ислам Республикасының Мәдениет және ислами байланыстар орталығы мен Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Мәдени Өкілдігінің шақыруымен Иранға оқытушылардың білім жетілдіру курсына барып, 100 сағат көлемінде дәріс тыңдап, сонымен қатар, Иран елінің 3 қаласын аралау мүмкіндігіне ие болдым.

Бұл сапардың басты шығынын яғни ақысыз сабақ алу, ақысыз қонақүйде тұру, 3 уақыт тамақтану, көлікпен қамтамасыз ету, 30 доллардың көлемінде кітап алуға қаржы беру секілді шығындарды шақырушы Иран тарапы мойнына алды. Тек жол шығынын өзім көтердім. Бұл тұста ирандықтардың өз тілін дамытуға деген ыстық ықыластарын байқауға болады. Әр бір оқытушыға шамамен 6000 доллар көлеміндще шығын шығарып, атаулы курсты ұйымдастырды. Ирандықтардың бойында кез келген нәрсеге үлкен жауапкершілікпен, құлшыныспен, ыждаһаттылықпен қарайтын тамаша қасиет бар. Олар бұл білім жетілдіру курсын тек қана құр сабақ түрінде ғана емес, сондай-ақ Иранды аралау сапары ретінде де ұйымдастырған екен..

Жалпы курс Иранның Ғазвин қаласында болып өтті. Бұл қала Техраннан 2 сағат қашықтықта, яғни солтүстік шығыста таулы аймақта орналасқан Иранның әдемі қалаларының бірі. Курс барысында Техран қаласына 3 рет, Исфаһан қаласында 1 рет болдық. Исфахан қаласы - елдің оңтүстік шығысында орналасқан тарихы жәдігерлерге толы қала. Ел ішінде «Исфаһан несфе джаһан» сөздер бар, яғни мағынасы «Исфаһан әлемнің жартысы» дегенді білдіреді. Исфаһан қаласында 2 күн болдық. Ол жерде мынадай тарихи сәулет жәдігерлеріне «Cи-о се пөл» яғни (33 терезелі көпір), «Мейдан-э имам» (имам алаңы), «Зайанде руд» («таусылмас, сарқылмас өзенге»), «Менарее джонбан», («қозғалатын мұнараға»), армян шіркеуі, зороастрлардың от ғибадатханасы, «Чэл сотун» (қырық бағана) және басқа да әдемі жерлеріне бардық, тамаша көріністерді суретке түсірдік.

Бұл курсқа 14 елден 33 оқытушы, доктор, профессор қатысты. Бұл курстағы басты алған нәтижелі істеріміз парсы тілі оқытушыларының сабақ беру әдіс-тәсілдерімен алмасу, шетелдік ұстаздардың білім жүйесімен танысу, парсы тілінің оқытылуының қыр-сырларын ұғыну болды.

Жалпы бұл менің Иран ислам Республикасына үшінші сапарым, әр барған сапарым сайын бұл берекелі, жұмбақ мекенге ғашық, тәнті болып ораламын, осы жолғы сапарым сондай тамаша өтті.

Жалпы Иран туралы бірер сөз айта кетсек, дүние жүзіндегі ислам шариғатымен жүретін бірден-бір мемлекеттердің бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда көп айтылып жүретін хиджап - бұл елде әдеттегі киім үлгісі. Десе де біз секілді шетелдіктерге бұл ешқандай қиындық туғызбады.

Жалпы Иран халқы көпұлтты мемлекет. Мемлекеттік тілі – парсы тілі. Негізі халқы - парсылар, әзірбайжандық түріктер, күрділер, белудждар, талыштар. Жалпы халқының саны шамамен 75 милллионды құрайды. Астанасы -Техран қаласы. Тек осы қалада 15 миллион халық тұрады. Халықтың 70%-і қалаларда қоныстанған.

Ислам мемлекеті болғандықтан, демалыс күні – жұма күні. Яғни, бейсенбі күні түстен кейін ешқандай адамды жұмыс орнынан таба алмайсыз. Егерде шұғыл жұмысыңыз болса, сенбі күні жұмысқа шығып, шеше аласыз, Бұл мәліметтерді оқырмандарға танымдық мақсатта айтып отырмыз. Ал оқытушыларға арналған курсқа келетін болсақ, күнделікті тұру уақытымыз 06.30 болса, таңғы ас 07.00 де бөлмемізге әкелінді. Тамақ ішіп болған соң төменде күтіп тұрған автобусқа жайғасып, сабаққа барып жүрдік. Сабағымыз 08.30 да басталып, 12.00 де аяқталатын. Арасында 15 минуттық 3 үзіліс болып, үзілісте қызыл шәй тәтті –мәттімен ұсынылатын. Сабақтар бірінен бірі өткен қызықты болды.Оқытушыларымыз өз елдерін сүйетін, өз тілдерін құрметтейтін нағыз патриоттар болды. Орта ғасырлық классик ақын Моулавидің шығармашылығына арналған бір сабақ есімде мәңгі қалды. Пәннің жүргізушісі Ұстаз Шахбази болды. Пән атауларында жалпылама атау болмады, мысалы бұл сабақ «Моулави тану» деп аталды, яғни бұл сабақ тек осы ақынның шығармашылығы мен өмір жолымен танысуға арналды . Мына өлең жолдары бұд ақынның терең ойлы, сезімтал екендігін дәлелдей түседі. Өлең өмірден күйген адамның сезіміне арналған немесе оқытушының айтуы бойынша бұл өлеңді әркім өзінше тәпсір жасайды.

Сухтам о сухтам о сухтам,

Та равеше ешғе ту ра амухтам,

Хасел-е омрам се сохан биш нист,

Хам будам, похте шодам о сухтам.

Мағынасы, сенің махаббаттыңның сырын түсіну жолында сан мың рет күйдім, және бар өмірім 3 сөзден, 3 түйіннен тұратынын түсіндім,

Шикі едім, пістім, жетілдім, және күйдім.

Түсінген адамға аталған осы төрт жол ғана парсы поэзиясының қандай құдіретті екенін дәлелдейді.



Иран оқытушылары мен курстың ұйымдастырушыларының парсы тілін әлемге тарату жолындағы іс-шаралары қызықтырады да, қызғандырады.Осындай тамаша курсты ұйымдастырып отырған «Ислами және мәдени байланыстарды арттыру ұйымына», Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Мәдени өкілдігі басшыларына және ирандықтардың жасап отырған іс-шарасына аса зор көңіл бөліп, Иранға іссапарға баруыма мүмкіндік туғызған университет басшыларына, шығыстану факультетінің, арабтану және ирантану кафедрасының басшылығы мен әріптестеріме үлкен құрмет пен алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл секілді іс-шаралар екі ел арасындағы әріптестік, достық, бауырластық қатынастарды ұлғайта бермек. Біздер оқытушылар екі ел арасында мәдени көпір бол беруге тырысамыз және ел мен елді байланыстыратын, тәуелсіз Отанымыздың гүлденуіне қызмет ететін білімді, жан-жақты білімді мамандар дайындауымыз үшін өзіміздің де кәсіби деңгейімізді көтеріп отыруымыз қажет. Сондықтан, осындай білім жетілдіру курстарына оқытушыларды ұдайы жіберіп отыру аса пайдалы болар еді деп ойлаймыз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, шығыстану факультеті, арабтану және ирантану кафедрасының парсы тілі пәнінің аға оқытушысы Қасабекова Еңлік

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет