ҮЙ ІШІНЕН ҮЙ ТІКСЕ ЖЫЛЫ БОЛАДЫ
Отбасы күніне арналған мақалалар кейіпкерлерінің легін жұрындық Кубатаевтармен жалғастырамыз. Бұл отбасының Марат пен Берік атты қос ұлы шаңыраққа бір үйдің қыздарын келін етіп түсірген.
Әңгімені әріден бастасақ...
Бұл әулеттің ақсақалы Жақсылық Кубатаев өмірлік серігі Сәуле екеуі 11 баланы өмірге әкелген өнегелі отбасы иелері. 6 ұл мен 5 қыз тәрбиелеген көпбалалы ата-ана балаларының да бойына отбасы құндылығын сіңіріп өсірген. Сол балалардың арасындағы Мараты мен Берігі де бүгінде әке мен анананың дегеніне ден қойып, өз шаңырақтарының іргесін берік ұстап отыр. Олардың таныстықтары негзінде сонау бала кезден бастау алады. Себебі сол уақытта олардың барлығы бір ауылдың ұл-қыздары еді. Бақыттарын алыстан іздемеген олар қазіргі таңда босағалары берік әрі терезелері тең ұрпақтары жалғасқан отбасы.
«Ең алғашқы махаббат басталады партадан» демекші, Маратпен Светлана бір ауылда өсіп, бір мектепте, бір партада білім алған сыныптастар.
-Біз 1985 жылы отау құрдық. Ол кезде жасым 22-де еді. Жолдасым тракторист болды, ал мен мектеп пен балабақшада жұмыс жасадым. Бүгінде 3 баланы жеткізіп, қазір 9 немеренің қызығын қызықтап отырған ата-әже атанып отырған жайымыз бар, - дейді Светлана.
38 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп отырған отбасы бүгінде көпке үлгі. 1997 жылы Ізімбетке қоныс ып, отағасы 25 жыл теміржол саласында еңбек етуде, бейнеттің зейнетін көретін күн де жақындапты. Ал отанасы 2021 жылы «Теміржол-су» мекемесінен зейнетке шыққан екен.
-Отбасында күйеу мен әйелдің ғана емес, ене мен келіннің де қарым-қатынасы дұрыс болғаны жөн. Себебі, жігітке ең жақын осы екі жан тіл табысса, шаңырақ шайқалмасы анық. Тағы айтарым, балалар сенің сөзіңнен көрі ісіңнен үлгі алады. Сондықтан ісіңмен үлгі болу керек. Сондай-ақ еңбекқор болған дұрыс. Әр адамның өзінің сүйікті ісі болса, көңілін соған бөлсе, артық ауыз әңгіме, өсек-аяңға уақыты болмайды. Мақсаты бар адам соған жетуді ойлайды. Ал отбасында тек сыйластық, махаббат, ауызбірлік бірінші орында болуы қажет, – дейді Светлана Кубатаева.
Бүгінде бұл отбасының балалары өз алдына жеке мамандық игеріп, таңдаған саласында еңбек етуде. Әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, ата-ана, әулет атына кір кілтірмей, қызмет қылуда.
Ал Марат Кубатаевтың інісі Берік болса туған жеңгесінің сіңлісін жар етіп алған. Бірақ әдеттегідей үлкендер емес, кішілер олардан бір жыл бұрын отау құрыпты. Жан жары Гүлнәр екеуі Берік әскерден келген 1983 жылы танысып, таныстықтары махаббатқа ұласып, бір жылдан кейін шаңырақ көтереді.
-Ол кезде жасым 18-де еді. Тұрмысқа шыққаннан кейін бірден мал бағуға кеттік. Енеміз ол кезде шопан болатын. Ол уақыттары комсомол бригадалары болды ғой, енем сол бригадада наставник еді. Шаңырақ көтерген жылдан бастап 2007 жылға дейін мал бақтық. Сол жылы Жұрын ауылына қоныс аудардық. Қазір отағасы мал шаруашылығында, мен мектепте күзет қызметіндемін. 6 баламыз бар. Бәрін аяққа тұрғызып, оқуларын оқытып, бүгінде әрқайсысы әр салада қызмет етуде. Ең үлкен қызым Ботагөз Қандыағаш қаласында тұрады, отбасылы, - деді Гүлнар Кубатаева.
Балаларынан тараған 4 немеренің тәтті қылығын қызықтап отырған бұл отбасында қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері керемет сақталған. Ұл-қыздарының барлығы да сол ата-баба салған ізбен үйленді, ұзатылды. Үйдің үлкендері қазақылықтың қаймағын бұзбай, немерелеріне жеткізуге тырысып келеді.
-Отбасы құндылығы – шаңырақ көтерген екі жастың сыйластығы, балаларының өнегелі тәрбиесі, адамгершілік қасиеті деп білемін. Ата-енеміз еңбекпен өнген жандар болғасын, балаларын да соған баулыды. Біз де артымыздан ерген ұл-қыздарымызға сол жолды көрсетудеміз. Өмірден көрген-түйгендерімізді үйретуден жалыққан емеспіз.
Әрине, адамның жақсысын асырып, жаманын жасырып отыратын да отбасы. Сондықтан елімізде осындай бақытты, тату-тәтті, өнегелі отбасылар көбейе берсін, - дейді кейіпкерлеріміз.
Айгерим Манасбаева
Достарыңызбен бөлісу: |