Жалпылама қолданылатын сөздер мен терминдер (Общеупотребляемые слова и термины)
Бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне түсінікті ортақ сөздерді жалпылама қолданылатын сөздер дейміз. Жалпылама лексика адам баласының күнделікті тіршілігіне қажетті заттар мен құбылыстарды, әрекеттерді т.б. ұғымдарды атайды. Мысалы, су (вода); ауа (воздух), жер (земля), күн (солнце), ел (страна), ақыл (ум), қала (город), көше (улица), көрші (сосед), отыр (сядь, садись), тұр (вставай), бер (дай), сөйле (говори). Жалпылама қолданылатын сөздер тура мағынасында жұмсалады. Термин сөздер – ғылым, техника, өндіріс т.б. саласындағы ұғымдар мен зат атауларын білдіретін сөздер. Қазақ тіліндегі термин сөздер 2 түрлі жолмен жасалған. 1. Баламасы бар термин сөздер: 1) жергілікті және көне сөздерден жасалған термин сөздер: универсал – әмбебап, устав – жарғы, комплекс – кешен, администратор – әкім, т.б. 2) тілімізде бар сөздерді біріктіру арқылы жасалған термин сөздер: семья – отбасы, музей – мұражай, герб – елтаңба, гимн – әнұран, паспорт – төлқұжат т.б.
2. Қазақша баламасы жоқ интернационалдық термин сөздер: коэффициент, синус, куб, азон, аммиак, карта, материк, глобус, синтаксис, диалект, антоним, дисфемизм т.б. Терминдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, бір мағыналы болып келеді. Терминдердің мағынасы әрқашан тұрақты болады. Терминдердің жасалу жолдары: 1. Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір терминдер орыс, араб, еуропа тілдерінде қалыптасқан үлгісінде жұмсалады: квадрат, синоним, эпос, поэзия т.б. 2. Қазақ тілінен балама табу арқылы: кеден – таможня, әмбебап – универсал, кешен – комплекс, хаттама – протокол, ғарыш – космос. 3. Сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалады. а) Сөздерді біріктіру арқылы жаңа термин жасалады: әнұран – гимн, төлқұжат – паспорт, әуежай – аэропорт, елтаңба – герб т.б. ә) Қысқарту тәсілі негізінде жасалады: БАҚ (Бұқаралық ақпарат құралы) – СМИ (Средства массовой информации), ЖОО (Жоғары оқу орны) – ВУЗ (Высшее учебное заведение), ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тест) – ЕНТ(Единый национальный тест), БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) – ООН (Организация Объединенных Наций) т.б. Ғылымдар саласы бойынша терминдер. 1) Лингвистикалық терминдер: фразеология, фонетика, лексика, морфология, синтаксис, стилистика, метафора, идиома, метонимия т.б. 2) Әдеби-өнер терминдері: проза, комедия, драма, опера, сатира, поэзия, эпос, консерватория, либретто, дирижер т.б. 3) Математика терминдері: алгебрa, аксиома, теорема, коэффициент т.б. 4) Физика терминдері: атом, оптика, механика, энергия, ампер т.б. 5) География терминдері: глобус, циклон, меридиан, экватор, Азия, Африка, масштаб, тайфун, карта т.б.
1-тапсырма Жалпылама қолданылатын сөздерді бір бөлек, термин сөздерді бір бөлек бағаналарға бөліп жазыңыз. Термин сөздердің қандай тәсілмен жасалғанын анықтаңыз және аударыңыз.
Ақпарат, аудармашы, ауа, әуежай, әмбебап, әнұран, бағдаршам, бейнебаян, БАҚ, билік, БҰҰ, ғарыш, ермексаз, елтаңба, ел, жазушы, ЖОО, жер, кеден, қала, күн, көше, кешен, мұражай, ресми, су, теледидар, төлқұжат, тікұшақ, ҰБТ, халық, хаттама.
2-тапсырма. Тілімізге енген араб-парсы сөздерін үш сала бойынша бөліп жазыңыз және аударыңыз.
Үлгі: 1. Ғылым, мәдениетке, әлеуметтік өмірге байланысты: мәдениет.
2. Үй тұрмысы мен шаруашылыққа, саудаға байланысты: жиһаз.
3. Дінге байланысты: рамазан.
Керекті сөздер: тарих, парақ, құран, имам, сарай, мақта, бағбан, дұшпан, халва, әдебиет, шариғат, мүфти, шарап, медресе, дарбаза, ораза, дұға, емтихан, тәржіме, зембіл, құрбан, мектеп, бұқара, қабілет, құдірет, мешіт, мағлұмат, әулие, сәлем, ғылым.
6-тапсырма. Мәтіннен термин сөздерді теріп жазыңыз және мәтінге ат қойыңыз. Университет негізін 1992 жылы Рахман Алшанов, Қуаныш Тазабеков, Орақ Әлиев сынды белгілі экономист-ғалымдар қалады. Жаңа нарықтық механизмдер әлі қалыптасып болмаған жас мемлекетімізге жаңаша ойлап, шешім қабылдайтын, жаңа форматта жұмыс істей алатын білікті кадрлар қажет болғандығы белгілі. Осы бағытта Тұран университеті инновациялық типтегі бірінші жоғарғы оқу орны болып, өсіп келе жатқан жаңа нарықтық экономика үшін жаңа мамандар дайындай бастады. Өйткені нарықтық экономикаға көшкен сол жылдары елімізде аудитор, маркетолог сынды қажетті мамандар жоқтың қасы болды. Сондай-ақ, туризм саласының мамандарын даярлауды да алғашқылардың бірі болып бастады.
Өзінің даму тарихында «Тұран» оқытудың толық циклын – лицей – колледж – бакалавриат – магистратура-докторантура PhD – диссертациялық кеңес құрамы мен «вертикальді» оқыту жүйесін қамтамасыз етіп отыр. Оқыту жүйесінде білім беру мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ халықаралық құқық және туризм салаларында ағылшын тілі кеңінен оқытылады. Соңғы жылдары қытай тіліне де сұраныс артуда. (Ботагөз Әбдірейқызы).
Достарыңызбен бөлісу: |